Әбділдә Тәжібаев


«Толағай» (Ерлік туралы аңыз)



бет2/2
Дата06.06.2023
өлшемі26,46 Kb.
#178354
1   2
Байланысты:
Әбділдә Тәжібаев

«Толағай» (Ерлік туралы аңыз)

Әбділдә Тәжібаевтың «Толағай» дастаны балаларды ерлікке, елін, жерін сүюге, жігерлілікке үндейтін шығарма. Шығарма халық аузындағы аңыз оқиғасына негізделіп жазылған. Дастанның тілі жеңіл, көркем, оқиғасы қызықты, мазмұны әсерлі, тәрбиелік маңызы да зор.





Ел аузында ертеректен,
Ертек болған қызық көптен.
Бір әңгіме есімде бар.
Айтып соны баяндайын,
Ерінбейін, аянбайын,
Тыңдау үшін кел, балалар!,

деп баяндау үлгісімен басталған дастан әрі қарай нақтыланған оқиғамен өрбиді. Ақын «500 жылдар шамасында, сонау Ертіс жағасында» деп оқиғаның өткен жері мен мезгілін анықтап көрсетеді. Әдетте кез келген халық ертегісі, аңыз, хикаяларында перзент күткен ата-ана, олардың іс-әрекеттері мен сыртқы сипаттары, ішкі жан дүниелері сипатталатын. Әбділдә Тәжібаевтың «Толағай» дастаны да бұл дәстүрден сырт қалмайды. Сондықтан келесі кезекте ақын «даңқы шыққан, жұрты сүйген, мерген” Саржан мен «ақ маралдай, ақша беті аймен тең» Айсұлу жайына тоқталады. Ел-жұртына сыйлы Саржан мен Айсұлудың перзент сүюлері бүкіл елдің қуанышы ретінде суреттелген. Осы бір көрініс дастанда:



Ай толды, күні жетті,
«Ұл туды»-лап ел шу етті,
Дүниеге бір бала келді.
Отыз күндік мерекені,
Естен кетпес берекені
Сол ауылға ала келді.
Ақ тілекті дос-жарлары,
Ат арытып жетті бәрі,
Қоймай адам көңілі жақын .
Ақсақалдар кол көтеріп,
Жас бөбекке бата беріп,
Толағай деп қойыпты атын,

деп сипатталады. Бұл шумақтардан «отыз күн тойлау, ақсақалдардың бата беруі, азан шақырып ат қою» тәрізді ұлттық салт-дәстүр нышандары көрініс береді.


Дүниеге жас нәрестенің келуімен басталған дастан оқиғасы ендігі жерде Толағай төңірегінде өрбиді.



Балғын бөбек жетті бірге,
Ілінбесін көз бен тілге,
Кереметтен туған жандай
Кере қарыс, ақша маңдай,
Күн нұрынан жаралғандай,
Көзі түскен таң қалғандай,

деп бейнелеу арқылы ақын оқушы назарын Толағайға аударады.


«Кере қарыс, ақша маңдай», «күн нұрынан жаралғандай», «туған айдай екі қасы», «ақ тістері – ақ меруерттей», «қос жұлдыздай қос жанары» деген эпитет, теңеулер баланың көркем бейнесін танытса, «қос бетінен тамып қаны», «тым ерекше тұлға пішін», «арқаласа он баланы, қайыспайды қабырғасы» деген сипаттаулар оның денсаулығының мықтылығын, күш-қайраты мол, ерекше жаратылған жан екендігін дәлелдей түседі. Сонымен бірге ақын «алып болар деді үлкендер, тірі болсын, туды бір ер, ер жетуін күтті халық» деп оқушыларды одан әрі қызықтыра түседі. Осы сәттен бастап балалар Толағай жасайтын әрекеттерді білгілері келіп, тағатсыздана күтетіндері анық. Әбділдә Тәжібаев оқушы қызығушылығын қанағаттандыру үшін әсірелеуді қолданады.
«Халық ер жетуін күткен» ер ретінде де, әрі дастанның басты қаһарманы болғандықтан да Толағайдың батырлар жырындағыдай, «жеті жаста садақ тартып, атқан оғы тасты уатуы, жай отынан кейін емес болуы, күндік жерге жеткізуі» заңды құбылыс болып көрінеді. Әкесі Саржанның өнегесін алып, тәрбиесін көрген Толағай да асқан мерген болып шығады. Мұны ақын



Еріп ескі мергендерге,


Әкесімен шықса бірге,
Аң аулауға кең даладан,
Құтылмайды қашқан құлан,
Жалғыз толғап тартуынан,
Жан құтқармас болды қыран,

деген жолдар арқылы дәлелдей түседі. Күш-қуаты мол, өзі мерген, ел аңсап күткен Толағай бала енді өзінің ерлігімен де көзге түсуі керек қой. Осындай оқиғаның біріне оқушы қауым айшылыққа созылған аңшылықта куә болады. Елсіз, малсыз көл қасында әкесі Саржанға Толағай ұйықтап жатқан кезде жолбарыс шабуыл жасайды. «Өлдім балам, Толағайжан» деген жаман дауысты естіп, атып тұрған бала «тырнақтарын арандатқан», «аждаһадай аузын ашқан» жолбарысты көреді. Бұл Толағайдың күш-қайраты, батылдығы сыналатын тұс. Сондықтан да ақын бұл кезді ерекше мән беріп, төгілтіп жырлайды.





Толағайды ашу қысты,
Келе қал деп болсаң күшті,
Құйрығынан алды барып.
Таяқ құрлы көрмей тіпті,
Жолбарысты дөңгелетті.
Ойнағандай шыр айналып.
Ұршықтайын үйіргенде,
Екпінінен соққан желге
Көк құрақтар қалды жатып.
Әлден кейін аспандатып,
Айдын көлге жіберді атып,
Күмп етті де кетті батып.

Осылайша Толағай алғашқы сыннан мүдірмей өтеді. Барлық аңыз, ертегі, батырлар жырындағыдай алып туған қайратты ер ел-жұрты үшін де күресуі керек емес пе? Сол себепті де ақын дастанның екінші бөлімін басына түскен ауыртпалықтан ел-жұртын құтқарып қалған Толағай әрекетіне құрған.


Құрғақшылыққа ұшырап, еңбегі еш кеткен халық басындағы қиындықты ақын:

Жаумай жауын жалғыз тамшы,
Ерте солды гүл-бәйшешек,
Еркін өспей, қурады шөп,
Етке тиді ауыр қамшы.
Еккен егін өнбей жерге,
Еткен еңбек ұшты желге,
Ел күйзелді ем таба алмай.
Жабырқаған жарлы қауым –
Жалбарынды тілеп жауын,
Көкжиектен көзін алмай,

деп бейнелеу арқылы Толағайдың болашақ іс-қимылына жол ашады. Ел басындағы қиыншылыққа жаны күйзеліп, қабырғасы қайысқан Толағай «қайтсем жауын жаудырамын, ел сусынын қандырамын, адал ақыл айтар кімдер» деп толғанады. Көп өтпей-ақ, «қарлы, шыңды тау жерінде, Тарбағатай өңірінде, үзілмейді жылда жаңбыр» деген анасының жауабын естіген бала Толағай жолға шығады. Сөйтіп, «кеудесімен бұлт бөгеген, бұлттан жаңбыр себелеген» асқар тауға да келіп жетеді.
Осы тұста Толағай ерен алыптығымен, күштілігімен көзге түседі.

Тарбағатай үйірінен
Көңілі сүйген бір шатқалды
Ұзақ ырғап, бөліп алды
Өркештенген түйінінен.
Басындағы қарын қоса,
Бауырындағы аңын қоса,
Шайқап бұлақ, көк орманды,
Күшпен әрең алды-дағы,
Келген ізбен қайта оралды.
Әрине, ақын Толағайды ерекше күш иесі, алып батыр етіп суреттеймін деп шындықтың шегінен шығып та кетпейді. «Арқалады ауыр тауды, жаншып бара жатыр жанды, маңдайдан тер көл боп ақты» деген жолдардан тау көтерудің ауыртпалығын, ерен алып болса да Толағайды ауыр салмақтың жанши түскенін көреміз. Әрі бұл көрініс елі үшін басын қатерге тіккен Толағайдың халқына деген асқан сүйіспеншілігін танытады. Одан әрі ақын «жеткенше дем алмайын деп, жарты жолда қалмайын деп, шаршаса да тоқтамапты» деп сипаттау арқылы Толағай ерлігін асыра, асқақтата түседі. Халқының қамын ойлап, ұзақ сапарға шығып, асқар тауды арқалаған Толағай әрекеті нәтижесіз болған жоқ. Талай уақыт бойы жаңбыр жаумай, қуаңшылыққа ұшыраған, егіні өнбей еңбегі еш болған жарлы қауымның арманы орындалды.

Тау жақындап калды келіп,


Бұйраланған бұлт өңгеріп,
Таңданысты көрген адам.
Әлден кейін танылды анық.
«Толағай»-лап шулап халық,
Қуанбаған қалмады жан.
Құйды жаңбыр, сел боп ақты,
Күн күркіреп, шатырлатты,
Күйген жердің кірді жаны,
Шөлдегендер суға қанды,
Ауыл қайта ажарланды,
Тарқады елдің бір құмары.

Осылайша жаңбыр құйып, жер түрленіп, шөлдегендердің сусыны қанып, халық шаттыққа бөленеді. Бірақ бұл шаттық ұзаққа созылмады. Қуаныш соңы ауыр қазаға ұласты. Ел-жұрты «ер жетуін аңсай күткен» Толағайынан айырылды.


Талған дене, жанған өкпе,


Келген шыдап сонша көпке,
Ұзақты күн сыр бермеген.
Жетеріне жеткен кезде,
Күн еңкейіп шөккен кезде
Сүрінді алып әлденеден.
Кетті құлап, тұра алмады,
Қайта қару қыла алмады,
«Апа» деді жалғыз ғана.

Алайда Толағай тектен-текке өлген жоқ. Ол ел-жұрты үшін өзін құрбан етті. Бұл шындықты Әбділдә Тәжібаев «тау да басып шөге берді, апасы жас төге берді, Отаны үшін өлді бала» деп нақтылай түседі.


Толағай өліміне ата-анасы ғана емес, бүкіл ел-жұрты, тіпті табиғат та қайғырып, аза тұтады.

Кім қалды екен егілмеген,


Кім қалды екен төгілмеген.
Көз көргеннен Толағайды.
Күңіренді де анасындай,
Күн де батты шарасыздай,
Түн қап-қара шашын жайды, -

деген бейнелеулер Толағай өліміне күйініп, жаны күйзелген елдің бейнесін, әрі алып болған қайратты ерге деген халықтың сүйіспеншілігін де таныта алады.


Ақын баласына деген ана махаббатын «Айсұлудың күрсінгені, күрсінгенде алған демі, адам тұрсын тауға батты, кеуіп қалған қос шандырдан күйік сүті шапшып тыңнан – кілең аппақ тас боп қатты» деген әсірелеу, жандандыру арқылы кестелейді.
Дастан сюжетінің Толағайдың ауыр тауды арқалап, жеткізіп, елін қуанышқа бөлеп, бірақ өзі қаза болуымен шешімін табуы оқушы көңілін қобалжытып, жанын ауыртатыны сөзсіз. Өйткені, ақын Толағай баланың бейнесін әрі көркем, әрі қызықты етіп сомдай білген. Әбділдә Тәжібаев «балғын бөбек жетті бірге...», «үштен төртке жетті жасы...», «жеті жаста садақ тартты...» деп баланың өсіп-жетілу кезеңіндегі келбеті, сыртқы пішіні, іс-қимылына арнайы тоқталып, көркемдеп, нақтылап көрсетіп отырады. «Кере қарыс, ақша маңдай, күн нұрынан жаралғандай», «қос жұлдыздай қос жанары, қос бетінен тамып қаны, жалындайды жанған өрттей» деген портрет-суреттер мен «құтылмайды қашқан құлан, жалғыз толғап тартуынан, жан құтқармас болды қыран», «ұршықтайын үйіргенде, әлден кейін аспандатып, айдын көлге жіберді атып», «басындағы қарын қоса, шайқап бұлақ, көк орманды, күшпен әрең алды-дағы, арқасына салды-дағы, келген ізбен қайта оралды» деген сипаттаулар Толағайдың мерейін үстем етуге, оны қастерлеп, аялау сезіміне қызмет етеді. Сонымен бірге ақын Толағай баланың асқан ерлігін халықтың бағалап, ардақ тұтатындығын «алыпты жұрт ардақтайды, алып атын бір атайды, жылда жаңбыр жауған күні» деп жырлау арқылы дәлелдей түседі. Дастанды оқи отырып балалар ана махаббатына ғана емес, перзентіне деген әке сүйіспеншілігіне де тәнті болады.

Жалғыз ұлы – көз жанары,


Сұраса да берер жанын,
«Ұйықта, қозым», - деді Саржан.
Ұйқыдағы Толағайды,
Айналады, толғанады.
Көбелектей от айналған.
Немесе
Жолбарыстың естіп үнін,
Оятайын десе ұлын,
Аң батырын атқызбаққа;
Сабырсыз боп қызбайын деп,
Тәтті ұйқысын бұзбайын деп
Өзіне өзі салды тоқтау,

деген шумақтардан-ақ аңғаруға болады. Шығарманың композициясы шымыр да жинақы. Ақын дастанның сюжеттік өрбу кезеңдерін сақтай отырып, кейіпкер табиғатына терең үңіліп, халық арасына аңыз ретінде тараған оқиғаны жеңіл де бейнелі тілмен жырлай білген. Шығарманың сюжеттік өрбу кезеңдерінде бірізділік бар. Дастан экспозициясында дүниеге келген нәрестенің ата-анасын, қалың елді қуанышқа бөлегеніне куә болсақ, одан әрі баланың өсіп-жетілу кезеңі, оны көрген елдің таңырқауымен байланысып жатса, аңшылықта жүріп, жолбарыспен айқасуымен дамытылса, ұзақ сапарға шығып, ауыр тауды арқалап, жеткізуімен шарықтау шегіне жетсе, баланың қаза болуымен шешімін табады. Ақын Толағайдың дүниеге келуі мен қаза болуына дейінгі аралықта болған оқиға, көріністерді рет-ретімен тізбелеп, оқушының көз алдынан өткізе отырып, бірте-бірте дамытып жырлайды. Дастанның тілі де өте бай. Ақын «теңбіл шұбар алған мініп» метонимияны, «күңіренді де анасындай, күн де батты шарасыздай» теңеуді, «түн қап-қара шашын жайды» метафоралық тіркесті, «адам тұрсын тауға батты» жандандыруды т.б. көркемдік құралдарын шебер қолданады. Шығарма тақырыбы – ерлік, идеясы – елін, жерін сүю және оған қызмет ету.


Әбділдә Тәжібаев балаларға елді сүй, Отанды қорғап, қызмет ет деп жалаң үгіт-насихат айтпай-ақ, шығармадағы сипатталған оқиғалар мен Толағайдың жасаған іс-әрекеттері арқылы өз мақсатын айқын таныта алған. Дастанды оқыған кез-келген бала Толағайдай батыл да батыр болуды, ел үшін қызмет етуді армандамай қоймауы мүмкін емес. Шығарманың тәрбиелік мәні де осында.
Қазақ әдебиетінен шоқтығы биік туындыларымен өз орнын алған Әбділдә Тәжібаев «Костер жыры», «Ормандағы бала», «Толағай» тәрізді т.б. балалар оқуына лайық шығармалар жазған ақын. Ақынның мұндай шығармалары жас ұрпақтың саналы азамат болып өсуіне өз әсерін тигізетіні сөзсіз. Бұл туралы Сәрсенбі Дәуітов былай деген екен: «Біз Әбділдә Тәжібаев поэзиясынан сезім тереңдігін, ішкі ойдың бірін-бірі толықтырып жататын көп қырлылығын, адам баласына сыйлайтын ұлы мұратын тебірене айтуға тиіспіз. Сонымен қатар жас өспірімдердің нәзік сезімін сындырмау, олардың жігерін ұштауға әсер ету де ақын өлеңіне тән қасиеттің бірі. Жеткіншектердің адал да батыл, айбынды боп өсуіне автордың еңбегі аз емес.

Сен сонша шарықтадың,


Биіктен-биіктерге.
Тек сенше ұша алады,
Оттарда күйіп көрген,
Оттарды сүйіп көрген.

Биік пафоста жазылған бұл жырдың өзіндік ерекшелігі жетерлік. Мұндағы қайталаудың ойды әсірелеп беруге үлкен септігі тиіп тұр. Сондай-ақ, өлеңдегі екпіннің көтеріңкі берілуі де ерекше әсер етер. Ырғақ бұзылмай, бейне бір теңіз бетіндегі толқындай құдіреттілігі, айтайын деген ойдың шашау шықпай дәл және эмоциялық күшті сезіммен жетуі оқушыны қатты баурайды»(13).


Осылайша балғын оқырманын тебірентіп, асыл мұратқа жетелеп, сезім қылын шерткен Әбділдә Тәжібаев қазақ балалар поэзиясына өз үлесін қосқан ақын болып саналуға тиіс.






Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет