Әдебиет сабақтарында ата тек үлгісінде тәрбиелеу



Дата26.08.2017
өлшемі97,68 Kb.
#28975
Әдебиет сабақтарында ата тек үлгісінде тәрбиелеу

...бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық, биік талғампаздық, тәкаппарлық, тектілік,білімділік,биік талғам, ұлттық намыс қасиеттерін сіңіріп, қалыптастыруымыз керек.

Н.Ә.Назарбаев

Жоспар:


1.Этнопедагогика ғылымы – халық педагогикасының бір саласы.

2.Ұлттық тәлім-тәрбие мен әлемдік өркениет – жас өркеннің қос қанаты.

3.Тектілік - тәрбиелілік бастауы.

4.Көркем шығармалардағы тектілік көрінісі.

5.Сыныптан тыс уақытта және баспасөз беттеріндегі ата тек үлгісі.

6.Өнегелі өмірлер – ұрпақтар сабақтастығы.

Әрбір халықтың мәдени-рухани қазынасы өскелең буынға білім беріп,оларды тәрбиелеуде ұлттық мінез-құлық пен тілдің орасан зор тағылымдық маңызы болатынын заманында ғұламалар жақсы түсінген. Өскелең ұрпақ – туған жері мен халқының перзенті. Ол қайда жүрсе де, өз ұлтының жарқын болашағы әрі өкілі.

Жастарға ата-баба дәстүрлерінің озық үлгілері негізінде тәрбие беріп,олардың бойында ұлттық қадыр-қасиеттері мол,, намысы жоғары, туған елі мен халқын құрметтейтін, азаматтық борышын өтейтін тұлға етіп тәрбиелеу – қоғам дамуындағы ізгі мақсаттардың бірі. Ата-ана тәлімі мен өнегесіне ештеңе де теңесе алмайды.Халқымыз өз ұрпағын бесікте жатқак кезінен бастап-ақ өлең-жыр,ертегі,асыл сөздері арқылы тәрбиелеген. Дәрежеге емес,дәстүрге бағынған. Мәртебесін төрі деп білген,ізеттілігін келінінен таныған, татулығын абысынынан тапқан, қызын –арға, ұлын –нарға балаған,дарқандығын кең даламен өлшеген,өткірлігін қылышқа, намысын найзаға теңеген.

Жаңару заманы қоғамдық құбылысымыздағы ірі өзгерістермен бірге ұлттық сананы, халықтық сапалы қадір-қасиетімізді, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді жандандыру мен жаңартуымыз ға жол ашты. Халық дәстүрінің қағидасы бойынша, үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу,иманжүз ділік пен қонақжайлылық, бауырмалдық пен балажандылық, ақынжандылық пен сезімталдық, қайырымдылық сияқты асыл қағидаларымызды құрметтеу – игі іс болып есептеледі.

Қазіргі жастар арасында қылмысты істердің көбеюі барлық жұртшылықты,әсіресе ұстаздар қауымын алаңдатады. Мұның басты себептерінің бірі – әуел бастан-ақ халық педагогикасының бала тәрбиесіне енгізілмегені. «Тәрбие отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Шынайы отбасының қалыптасуы, әдептілік пен имандылық негізі ата тегіне,қаннан тараған тектілікке тікелей байланысты деп ойлаймын. Әр шәкірт бойындағы өнерге, білім-ғылымға т.б. қасиетке ұмтылысты тани біліп, оның ғайыптан пайда болмағанын, ата не ана жағынан тін тартып жатқанын аңғарту көпке жеткізеді. Өз отбасында, арғы ата-бабаларында дарынды,ғұлама адамдар болғанын біліп өскен жас өрен оған сөз келтірмеуге тырысса,соған тартқанын мақтаныш еткен жағдайда, өз ұясын, туған жерін,Отанын қадірлейтін ұлтжанды азамат қалыптасары сөзсіз.

Кешегі кеңестік дәуірде менің құрдастарым мен аға-апаларымыз басқа елдің хандары мен батырларына, жұлдыздарына табынып өсті.Біздің ұрпағымыз жауһар мұраларымыздан көз жазып қала жаздады. Дер кезінде келген Тәуелсіздік бұлт арасынан шыққан Күндей жарқ етіп, барлық салаға да нұрын шашты. Бұрын күнделікті сабақ жоспарында «Халықтық тәрбие» бөлімі заман талабына сай міндетті енгізіліп, оқушы көптеген пайдалы нәтижелерге қол жеткізетін. Қазір мұнымен қатар «Пәнаралық байланыс» т.б. бөлімдері ақсап жатқан сыңайы бар. Әрине,халық педагогикасын қамтитын журналдар,кітаптар жеткілікті. Міне, соларды оқушы құлағына сіңіре беру,тәлім-тәрбиелік шараларда молынан қолдану дәл қазіргі таңда өте қажет. Қала мектептеріндегі оқушы өз отбасында халықтық тәрбиеге әбден қанығып өседі деп ойламаймын. Жас ата-ананың өздері біле бермейді, ойнайтын баласы –өзге ұлт өкілі. Сондықтан осы кемшіліктерді жою үшін әр облыс не аймақта этнопедагогикалық орталықтар құрылып, тиімді шаралар қолға алынуда. Бұл істе мектеп мұғалімдеріне,тіл-әдебиет мамандарына жүктелер міндет өте ауыр. Ұлттық тәлім-тәрбиені (этнопедагогика) іске асыратын ұлттық тіл (этнолингвистика) болып табылады.

Бүгінгі ғылым мен техника, өнер мен мәдениет кеңінен дамыған дәуірде таразының екі басы тең болғаны жөн. Ұлттық тәлім-тәрбие мен әлемдік өркениет әрбір жастың қос қанаты болған жағдайда ғана нағыз толыққанды Қазақ азаматы қалыптаспақ. Поэзия пайғамбары Абайдың «нәр алған қазынасы -үшеу» (М.Әуезов) болса, қазіргі жастардың тәлім алар қазынасы кемінде екеу болғаны дұрыс: бірі- халықтық тәлім-тәрбие, екіншісі –әлемдік қазына (түрлі халықтар мен ұлт өкілдерінің өнер-білімі, тәрбиесі т.б.).

Көркем әдеби шығарманы талдаған кезде, бас кейіпкердің барлық үлгілі жақтары,әке-шеше, ата-бабадан ауысқаны- отбасылық тәрбиенің жанды көрінісі екені оқушыға ұғындырылады. Данышпан ақын А.Құнанбаевтің өмір жолын өткенде, академик жазушы С.Мұқановтың «Жарқын жұлдыздар» зерттеу еңбегін пайдаланамын. «Абайдың ата тегі» атты 2-бөлімінде арғы аталарының өмір тарихымен таныстырады. ...Абайдың ұлы атасы Ырғызбай – 18-ғасырдың орта кезінде өмір сүрген Абылай ханның беделді биінің бірі болған. Ырғызбайдан Өскенбай,Өсер,Мыр затай, Жортар туады. Өскенбай Кеңгірбайдың ойынан шығып, елді жақсы бастаған адам, би болған. Сол себепті Тобықты елінде «Ісің адал болса, Өскенбайға бар, арам болса, Ералыға (Кеңгірбайдың баласы) бар» деген мәтел болған. Міне, осы баяндаулардан Абайдың ел қамқоры болуының сыры осы аталарынан жұққан, ата тектен тараған деген ұғым шығады. 8-сыныпта Абайдың «Әбдірахманға» деген топтама өлеңдері берілген. Бұл тақырыпты өткенде, ақынның ұлы Әбіш туралы жан-жақты мәлімет бере отырып, өлеңді мәнерлеп оқытамын.

Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да көп тұрмады.

Көрген-білген өкінді,

Мін тағар жан болмады – деп, өмірден ерте кеткен Әбішіне арнаған жоқтау өлеңдерінде өнегелі жастың талабы, инабаттылығы мен арлылығы т.б. жақсы қасиеттері баяндалған. Өлең жолдарын қара сөзге айналдыру арқылы Әбішке мінездеме беріледі. Бұл тапсырманы оқушылар қызыға орындап, нағыз қазақ жастарына лайықты мінез-құлықтарды анықтайды. Абайдай дана ғұламадан туған арда ұлдың ең жақсы мінезге ие болуы арғы қанында тектіліктің бар екенін, өнегелі тәлім-тәрбиеде жатқандығында екенін пайымдайды. Мінездеме бере отырып, өз отбасында, нағашы жұртында қандай өнегелі жандар болғаны жөнінде ізденіп,қорытындылайды. Ата-ана әңгімесінен не шежіре әңгімелер арқылы біліп жатса, марқайып, сол кісілер атағына кір келтірмеуге тырысады. 8-сынып оқушысы С. Гүлжанның жазған талдауын алайық.

Әбдірахманға мінездеме

Әбіш – ұлы ақын Абайдың ортаншы баласы. Ол кішкентай кезінен мейірімді, ақылды болған. Әкесінің атына кір келтірмеген, ұятқа қалдырмаған. Ойы үлкен адамның ойындай жоғары болған. Әрқашан үйренуге жалықпаған және тоймаған. Менің ойымша, Әбіштің қылықтары,ақылдылығы, ешкімнен көмегін аямауы – өте жақсы қасиеттер. Егер қазіргі мектеп оқушылары осындай болса, мен тіпті риза болар едім. Олардың көбі жалқау, еріншек болып келеді. «Кімнен кім туады?» деген сұраққа Майқы би былай деп жауап берген екен: Тұлпардан тұлпар туады,

Сұңқардан сұңқар туады,

Асылдан асыл туады,

Таздан жарқабақ туады,

Сараңнан бермес туады,

Соқырдан көрмес туады.

Жалқаудан масыл туады,

Масылдан мал бақпас туады,

Мылжыңнан езбе туады,

Қыдырмадан кезбе туады,-дегендей, Абайдан жақсы бала Әбіш туған деп аяқтайды оқушы мінездемесін. Қандай керемет тапқырлық, үлкен ізденімпаздық! Гүлжанның бұлайша терең талдай білуінің өзі кездейсоқтық емес. 9-сыныпта қалалық «Тегім- мақтанышым» атты еркін шығармалар сайысына қатысып, үлкен әжесі – Маңғыстауға белгілі сынықшы Кіпия ана, атасы – Оңайжан ағаның аудан басшыларының бірі болғанын мақтанышпен жазады. Осынау танымал әулеттің өкілі нің өнегелі жас болып өсетініне сендіреді. Міне, халықтық педагогиканың тереңдігі осында жатыр. Ұрпақтар жалғастығы деген осы!

8-сынып әдебиетіндегі Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» дастанының ой-түйіні – жеті атаға дейін жастардың отбасы құруына қарсылық, ұрпақтың, деннің саулығын түсіну, болашағымызды бүлдірмеу. «Алып анадан туады» - дегендей, атақты балуан Нұрмағанбет Баймырзаұлының анасы Қалампыр құдыққа мүйізймен кептеліп қалған өгізді бас жібінен тартып, өзі шығарады. Олай болса, қажыр-қайраттылық Балуан Шолаққа нағашы жағынан келген. С.Мұқановтың «Балуан Шолақ» хикаятынан үзінді әңгімені талдауда шәкірттеріміз нағашы әулеті туралы ой толғайды.

Қазіргі егемендігіміздің баянды болған кезінде, әрбір жастың өз тегін, белгілі адамдар есімін біліп өсуі көп жақсылықтарға бастайды. Бұрын мұндай мәселе тек отбасында үйретіліп, мектепте айтылу ыңғайсыз, рушылдық, ұлтшылдық деп танылып келді. Маңғыстау тарихы, әдебиеті тақырыптарын өткенде, қазақ батырлары, билері туралы айтылғанда, әрбір есімнің жанында қосарлы айқындауыштар айтылады: Жары Мәтжан би, Есен Сейіт би, Шоңай Алшын, Жары Шотан батыр т.б. Сондай-ақ, «Маңғыстаудың жеті кайкысына» байланысты іздену жұмыстары кезінде, әр өнерпаздың шығу тегі аталады. Өздерінің сондай өнер адамдарының ұрпағы екенін біліп, ата-аналарынан нақтылап түсінік алады. Мұнда тұрған өрескелдік жоқ. Бәрінің астарында осындай ортадан шыққан ел дүлдүлдері , батырлар мен билері – біздің ата-бабамыз, тәуелсіз Қазақ елінің негізін қалаушылары болып табылатыны, бүгінгі ұрпақтары осы ізгзлзктерді дамытуға тиіс екендігі айқын аңғарылады. Ауыл мектептерінде тегін, руын танып,құдандалы, ағайын-жекжат болуы - сыйласу көздері болса, қала жағдайында «танымасын сыйламастың» кебі осы мәселеден де туындап жатыр. «Шыққан тегің жаман болса, өз қылығың танытар» деген екен ғұлама ойшыл Жүсіп Баласағұн. Өмірдегі ұнамсыз мінез-құлықтар осындай отбасынан тәлім-тәрбие алған жастардан шығады. Мұндай мысалды көркем әдебиеттен жиі кездестіруге болады. Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» повесіндегі Күнікейдің шешесі – Шекер, Б.Майлиннің «Шұғаның белгісіндегі» Күлзипаның әкесі – Айнабай т.б.

Газет-журнал беттерінде танымал ақын-жазушылар ұрпақтарының естелігі «Әкесі жақсы қандай-ды...» айдарымен беріледі. Мектеп оқушысы баспасөз материалдарымен таныса отырып, кей жазушының баласы өз ана тілінде әке еңбектерін оқи алмайтынын біліп қынжылса, көбінің ата-ана ісін жалғастырған дарынды ұрпақ екеніне риза болады. Мысалы, Асқар Сүлейменовтің ұл-қызы Қаракөз бен Әлішер, Кеңшілік Мырзабековтің ұлы – Асқар, Төлеген Айбергеновтің қызы – Салтанат, Ескендір Хасанғалиевтің ұлы – Біржан, Асанәлі Әшімовтің өнерлі ұлы - Сағи т.с.с. Ұрпақтар сабақтастығы дегенде, өнегелі адамдар үлгісінде тәрбиелеу,олармен кездесу, сұхбаттасып, әңгімелерін тыңдату да шәкірт жүрегіне халықтық тәлім-тәрбие негіздерін егудің бірден-бір шынайы жолы болып табылады. Бұл ретте, біздің экономикалық лицейде өлкеміздің өнерлі ,белгілі адамдармен кездесу тұрақты жолға қойылған. Республикаға белгілі күйші Роза Айдарбаева, термеші Рухия Батыршиева, сәулетші ақын Сайын Назарбек, ақын апаларымыз Айсырға Қилыбаева мен Гүлжауһар Сейтжан, сазгер,күйші ақын Көмек Ыбыраевтармен кездесудің алар орны үлкен. 11-сынып оқушысы, «Менің Отаным - Қазақстан» шығармалар сайысының облыстық жүлдегері (2000 ж), «Дебат» пікірталас тобы жетекшісі Насухаұлы Әлқуат ақын С.Назарбек ағамен кездесуде жан-жақты өнер иесіне өз арнауын оқып берді.

Ақын ағаға арнау

Сізді көріп, Ағажан, Парызыңыз орындалып,

Сәулетші болғым келеді. Риза болды еліңіз.

Маңғыстаудың келбетін Мұралардың көзін ашқан

Таспен өргім келеді. Марғасқа да өзіңіз.


Абай сөзін тірілткен Бар болыңыз, Ағажан,

Ақын болғым келеді. Сіздей дарын көп болсын!

Қаламымен мұз жарған Жаңа ғасыр төрінде

Батыр болғым келеді. Табысыңыз мол болсын!


Мынау нарық заманда, Сізді, Аға, көргенде,

Жүргендер бар су болып. Жалын болғым келеді.

Мен сізді, Аға, көргенде, Адам атын ақтаған,

Жайнап кетем ну болып. Азамат болғым келеді.

Сыныптан тыс тәрбие, яғни білім ордаларында өткен «Әдепті бала», «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сайыстарында әр шәкірт өзін таныстыру бөлімінде шыққан тегі, ата-анасынан үйренген тәлімін айтады. «Тіл ұстарту» сабақтарында осы таныстыруды әр оқушының дайындап келуін, өзі туралы өлеңмен баяндауымен тапсырамын. Осындай сайыстардың бірінде інім Ғанидың жиеншарына дайындап берген «Таныстыруын» үлгіге аламын.

Өзін таныстыру

Сәлем берем баршаңа, Отбасында бір қызбын,

Көрермен қауым төзімді. Демеңіз бірақ еркесі.

Байқауға алғаш кеп тұрмын, Нағашы жұртым айтайын

Таныстырамын өзімді. Бәйімбеттің Көрпесі.


Талай жерде сайрадым, Анам аты – Асылхан,

Өнерге баймын, дариямын. Өзіме ыстық, асыл жан.

Аты-жөнім сұрасаң, Әкеміздің табысын

Ақтанқызы Әлиямын. Қадемізге асырған.


Құнанорыс боп келем, Ал осымен өзімді

Шыққан тегім, руым. Таныстырдым сіздерге

Бабаларға сенгеннен Әділ болсын әрдайым

Алдарыңа шығуым. Берген баға біздерге.

5-6 шумақ өлеңде кішкене қазақ қызының болмыс-тіршілігі, үлгі-өнегесі айқын көрініп тұр. Қай халық осындай шын жүрегімен өзін мақтана таныстыра алады екен?! – деп таңданасың. Ал қызым Жазира 2-сыныпта оқып жүргенде, осындай жарыста өзін былай таныстырған еді.

Мың сәлем сізге жолдаймын, Әкем аты – Қобылан,

Қошеметпен, ағайын, Құйқылжытқан баянды.

Алдыменен өзімді Анам ұстаз болғалы

Таныстырып алайын. 20 жылға таянды.
Арғы атам – Размағанбет, Өзімнің атым – Жазира.

Дарынды ғалым, ғұлама, 2-сынып үздігі.

Нағашы атам – Бектұрған, «Әдепті бала» сынына

Белгілі ұстаз халқына. Шақырамын бүгінгі!

Осы аз ғана өлең шумақтары жас балаға қанат бітіріп, өмірлік көзқарасына, ұранына айналып кететініне сенім мол.

«Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық» - дейді дана халқымыз. Жаңа ғасырдың әр ұланы осындай жақсы ортадан тәлім-тәрбие ала отырып, Қазақ елінің саналы, парасатты азаматы болуға ұмтылмақ. Бүгінгі этнопедагогика ғылымы әр шәкіртті құзырлы жеке тұлға ретінде қарастыра отырып, кемшіліктерімізге сын көзімен қарап, жетістіктерімізді дамыта беруге үн қосады. «Жұрттың бәрінен мықтымыз деу – есерлік, жұрттың дегеніне біз неге жете алмаймыз? деп ойлау - ездік» -деп Әбіш аға Кекілбаев пайымдаған қағидамен өмір сүру жас ұрпақтың қалыптасқан көзқарасы болғаны жөн. «Бала істеген жауыздықтыың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Иран елінің мәтелі дұрыс» - деп түйіндейді Мағжан Жұмабаев өзінің «Педагогика» деген еңбегінде. Бүгінгі тәуелсіздіктің гүл жайнаған кезеңінде жас ұрпақты халықтық тәлім-тәрбие тұрғысынан тәрбиелеу – жаңа ғасырдағы әрбір ұстаздың қадірлі де қасиетті міндеттерінің бірі болмақ.

Этнопедагогика ұлттық салт-дәстүрлердің тәлімдік мән-мағынасын зерттейтін ғылым саласы болса, жеке тұлғаны әлемдік өркениетпен қатар ата тек, халқымыздың қасиетті мінез-құлықтары негізінде тәрбиелеу – болашақ жас өрендердің табиғи, мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз ететін игі істеріміздің бірі де бірегейі.

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Қазақ этнопедагогикасының теориялық негіздері мен тарихы. С.Қалиев «Рауан-1998»

2. «Ұлағат» журналы

3. «Білім берудегі менежмент» журналы

4. «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналдары

5. «Жас Алаш» газеті

6. «Үш қиян» газеті


Қоразова Сәнімхан Бектұрғанқызы Экономикалық лицей

Ақтау қаласы



Маңғыстау облысы

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет