1-дәріс
ӘДЕБИЕТ ТЕОРИЯСЫ: КІРІСПЕ
Әдебиет ғылымының даму тарихы
Ежелгі дәуірден XIX ғасырға дейін
ҚАЗАҚСТАННЫҢ
АШЫҚ
УНИВЕРСИТЕТІ
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы: Кіріспе
1. Әдебиет ғылымының даму тарихы. Ежелгі дәуірден XIX ғасырға дейін
2
Мақсаты:
Әдебиет ғылымының беташарын жасау, әдебиеттану ғылымының басты арна-
ларын таныстырып, теориялық ой-пікірлердің тарихына үңілу.
Кілт сөздер:
Әдебиет, әдебиеттану, теория, сөз өнерінің эстетикасы.
Кіріспе
Бұл курста біз әдебиеттің теориялық негіздерін үйренеміз. Қазіргі әдебиеттану ғылымын-
дағы басты теориялық бағыттардың табиғатын тереңірек тануға талпынып, мән-маңызын
ашуға тырысамыз. Аталмыш курсты Батыс әлемінде есімі көпке мәлім Майкл Райанның
«Әдеби теория» («Literary theory») деп аталатын кітабына сүйене отырып жасауымыздың да
өзіндік себебі бар. Автор М. Райан – Темпл университетінің кино және медиа-арт профессоры.
Сондай-ақ екі роман мен бірнеше теориялық еңбектердің авторы. «Әдеби теория» кітабы сөз
өнерінің теориясын ғылыми-көпшілік стильмен, жеңіл әрі тартымды тілмен жеткізуімен де
құнды. Кітап әдебиет туралы ғылымның күрделі де күрмеулі тақырыптарын тереңінен қаузап,
жан-жақты ашуды көздемеген. Керісінше, әдебиеттану ғылымындағы қазіргі таңда тілге тиек
етіліп жүрген басты-басты үрдістер мен ағымдар туралы жалпылама түсінік беруді мақсат
еткен. Оның Америка университеттерінде аса танымал болуына, біріншіден, тілінің жатық
әрі жеңіл болуы себеп болса, екіншіден, оқырманның теориялық білімін көтеруді ғана емес,
тәжірибелік дағды қалыптастыруды да көздегені болса керек. М. Райанның кітабындағы
кейбір мәселелер посткеңестік елдердегі әдебиеттің теориясына мүлдем ұқсамайды. Міне, осы
секілді дүниелерді біз қазақ ғылымында тұрақтап қалған тұжырымдармен салыстыра отырып
түсіндіруге тырысамыз.
Әдебиет туралы ғылым, яғни әдебиеттану ғылымы – сөз өнері туралы ғылым. Ол сөз өнерінің
даму заңдылықтарын, оның теориялық аспектілерін қарастырады. Көркем шығарманың
сыны мен сипатын таразыға салып, жекелеген қаламгерлердің шығармашылық зертханасына
баға береді. Әдеби мектептер мен бағыттардың, ағымдар мен үрдістердің табиғатын ашып,
беталысын бағамдайды. Сондай-ақ бір елдің әдебиеті мен өзге елдің әдебиеті арасындағы
өзара байланысты да зерттеу нысанына алады. Жалпы, әдебиеттану ғылымының аясы өте
кең. Дегенмен оның басты-басты үш арнасы бар. Олар – әдебиет теориясы, әдебиет тарихы
және әдебиет сыны. Әдебиет теориясы көркем шығармалардың өзіне тән ерекшеліктерін
ғылыми талдау нысанына алып, даралығын анықтап, оны талдаудың негізгі ұстанымдары
мен методологиясын жасаумен айланысса, әдебиеттің тарихы оның өткен ізіне үңіліп, әр
дәуірдегі әдебиеттің өзіндік болмысын ашып беруге күш салады. Ал әдебиет сыны әрбір көркем
туындының шынайы да әділ бағасын беруге ұмтылады. Сынның өзі бір жақты қаралау емес,
я болмаса бір жақты мақтау сөз де емес. Сапалы сын – шығарманың деңгейін оқырманға дәл
анықтап, жетістігі мен кемшілігін бірдей айқындап бере алған сын. Жоғарыда аталған негізгі
арналарының бәрі де әдебиеттану ғылымының тұтас күйде дамуына сеп болады, яғни олардың
бәрі де бір-бірімен өте тығыз байланыста дамиды. Әдебиеттің теориясы оның тарихына жүгінсе,
кейде тарихтың өзі сынның жетістіктеріне қол созуға мәжбүр болады, яғни аталған салалардың
бәрі де бір-бірімен өзара тығыз қарым-қатынаста болу арқылы әдебиеттану ғылымының даму
қарқынын анықтайды.
Ал енді әдебиеттану ғылымының тарихына көз салатын болсақ, оның түп бастаулары тым
әріден басталатынына көз жеткізуге болады. Әдебиеттану ғылымы ХІХ ғасырдан бастап нақты
атау алғанмен, жалпы әдеби зерттеулер, сөз өнерінің табиғатын тануға деген ұмтылыстардың
тарихы біздің заманымызға дейінгі дәуірлерге барып тіреледі. М. Райан оның бастауы осыдан
2500 жыл бұрын пайда болған Афина мектептеріндегі Грек Ағартушылығы дәуіріндегі жеке
ғылыми салаларда деп есептейді. Ал, шынтуайтына келгенде, сөз өнерінің сыры мен сынын
сөз еткен ежелгі мұралар ретінде ғылымда шумерліктер мен вавилондықтардың «Гильгамеш
туралы» дастаны мен көне египеттіктердің «Пирамидалар кітабы», парсылардың «Авестасы»
мен қытайлықтардың «И Цзин», яғни «Құбылу кітабы», сондай-ақ үнділердің «Махабхарата»
және «Рамаяна» сынды дастандары алдымен аталады. Гректердің «Илиада» және «Одис-
сея» атты әдеби мұралары да ежелгі әдебиет туралы ойлардың қалыптасуына ықпал еткен
3
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы: Кіріспе
1. Әдебиет ғылымының даму тарихы. Ежелгі дәуірден XIX ғасырға дейін
туындылар ретінде бағаланады. Әсіресе Эллада эстетикасының өкілдері, яғни грек өркение-
тінің өкілдері әдебиет туралы ғылымда бүгінгі күнге дейін тұрақтап қалған көптеген терминдер
мен ұғым-түсініктердің негізін жасап берді. Антикалық дәуірде өмір сүрген философтар
өздерінің трактаттарында әсемдік туралы ой-толғамдарын қағазға қондырып, эстетикадағы
маңызды дүниелердің тууына ықпал етті. Әсемдік дегеніміздің өзі эстетиканың басты өлшемі
болып саналады. Мысалы, Пифагор оны – сандық жүйемен, Гераклит – сапамен, Демокрит
мөлшермен байланысты алып қарайды.
Біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде адамдар ұзақ-сонар ауызша әдеби туындыларды
дүниеге әкелген. Дегенмен Эсхил, Софокль, Еврипид және Платон, Аристотель сынды
ойшылдардың қаламынан туған бірізді һәм жүйелі шығармалардан кейін адамзаттың мәдени
өнімдерін бірінші рет зерделеу ұсынылып, соның негізінде әдебиеттің теориясы да дүниеге
келді.
Аристотель көркем әдебиеттің қалай жүзеге асатынына мән берсе, Платонның назарын
өзі айтқан әмбабап ақиқаттар көбірек аударды. Олар тілге тиек еткен екі түрлі өлшемдер –
мазмұн мен форма, техника мен мағына – әдебиет теориясының түпкі болмысын анықтауды
жалғастырып жатты. Әдебиет (сондай-ақ, кино мен театр) баяндау мен әңгімелеу шеберлігін
талап етеді. Ол жолда әдебиет әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Мысалы, көркем-поэтикалық
тіл мен образдар жүйесі ерекше орын алады. Бұл сондай-ақ адам ой-санасының оның жеке-
дара өмірінен бастап үлкен саясатқа дейінгі аралықтағы қайта қалыптануы. Әдебиет біздің
өміріміздің ұңғыл-шұңғылына дейін қамтиды әрі оның бәрін оқып үйренуге қолжетімді етеді.
Содан да болса керек, әдебиетті – адамтану ғылымы немесе өміртану ілімі деп те атайды.
Эллада эсетитикасының ең ірі өкілі – Аристотельдің әдебиет туралы ғылымның іргесінің бекуіне
қосқан үлесі айрықша. Ол антикалық әдебиеттің теориясын, поэтика негіздерін жүйеге келтіріп,
сарабдал пікірлер айта алған алғашқы ғалым. Өзінің «Поэтика» және «Риторика» деп аталатын
еңбектерінде поэзияның өзіне тән заңдылықтары мен оның өзіндік өлшемдері туралы, трагедия
жанрының табиғаты туралы тұщымды тұжырымдар жазып қалдырған. Оның пікірінше, өнер
дегеніміздің өзі – өмірге еліктеу. Ол сондай-ақ көркем шығармадағы мазмұн мен пішін, фабула,
байланыс, шиеленіс, харектер, матефора, гибербола, аналогия сынды ұғымдар туралы жазған.
Әдебиеттану ғылымының даму тарихына көз салғанда, орта ғасырларда өмір сүрген
шығыстық ойшылдардың айрықша көп үлес қосқанына куә боламыз. Әсіресе әл-Фарабидің
теориялық ой-пікірлері өзінің маңыздылығын бүгінгі күнге дейін жойған жоқ. Грек ойшылы
Аристотельдің еңбектерін қайта сарапқа салған ол өзінің әдебиет туралы ой-тұжырымдарын,
әсіресе, «Өлең өнері туралы», «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат», «Ырғақтарды
топ-топқа бөлу» сынды еңбектерінде егжей-тегжейлі жазып қалдырды. Ол шығармашылық
жұмыстың табиғатын ашып, тың туындының тууы үшін қиял мен еркіндіктің маңыздылығы
туралы тоқталып өтеді. Араб поэзиясының жанрлық ерекшеліктерін талдап, антикалық дәуір-
ден жеткен теориялық тұжырымдарды одан әрі дамытты.
«Өлең өнері туралы» кітабында әл-Фараби өлеңнің мазмұны мен пішініне, ұйқасы мен
тармақтарына, шумағы мен ырғағына – жалпы өлеңнің көркемдігін күшейтуге қатысатын
барлық компоненттерге қатысты пікір білдіріп, ол туралы салмақты тұжырымдар жасайды.
Ғалымның айтуынша, өлеңнің ішкі мән-мазмұны мен сыртқы формасы үйлесім тауып, бір-
бірімен шебер үндесіп тұруға тиіс. Сонда ғана ондай поэзияның ғұмыры ұзақ болмақ. Әл-
Фарабидің Аристотел еңбектерін талдағанын, оны одан әрмен дамытып түсіндіргенін білеміз.
Мысалы, «Поэтика» деп аталатын Аристотельдің трактатының ықпалымен туған «Өлең
кітабында» ол грек поэзиясына талдау жасайды. Эллада эстетикасына қатысты өз пікірін
білдіріп, кейбір тұстарына түзету енгізеді. Сондай-ақ, ол бүгінгі күнде әдебиет туралы ғылымда
әбден орнығып қалған комедия, драма, сатира, поэма, трагедия, акустика сынды терминдерге
жан-жақты түсініктеме береді. Әл-Фарабидің ақындар туралы айтқан пікірлері әлі күнге дейін өз
маңызын жойған жоқ. Ол сөз өнерімен, өлең жазумен айналысатын ақындарды үш топқа бөліп
қарастырады. Бірінші топқа табиғи дарыннан кенде емес, тамаша теңеулер табуға мейлінше
бейім, алайда өлең өнерінің теориясымен онша таныс емес ақындарды жатқызады. Екінші
топтағыларға өлең сөздің сыры мен сипатын терең таныған, өлең жазудың ереже-жүйесін де,
бейнелеу құралдарын қолдануды да терең меңгеріп алған кәсіби, шебер ақындар кіреді дейді.
Ал үшінші топтағы ақындар санатына жоғарыда аталған екі түрлі ақындарға еліктеумен ғана
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы: Кіріспе
1. Әдебиет ғылымының даму тарихы. Ежелгі дәуірден XIX ғасырға дейін
4
күн өткізіп жүрген ақындар жатады. Бұларды еліктеушілер деп айту керек. Өйткені, бұлардың
өзіндік жазу мәнері мен стилі толық қалыптасып үлгермеген.
Рим құлағаннан кейін әдебиетті тану ұзақ ғасырлар бойы тек діни мәтіндермен ғана
шектеліп келді. Бүгінде көне әдіс-тәсілдер ретінде көрінетін кейбір әдеби талдау әдістері
осы кезеңде пайда болды. Мысалы, мәтіндегі әрбір бөлшектің мәнін ашуға ұмтылатын
герменевтика мен мәтінннің о бастағы түпкі нұсқасын қайта қалпына келтіруді көздейтін
тарихи критицизмнің маңызы әлі де болса жойыла қоймады. Қайта Өрлеу дәуірінде (ХІV–ХVІІ
ғасырлар аралығындағы еуропалық жаңа мәдениет қозғалысы) ғалымдар жақында ғана
грек тілінен аударылған Аристотельдің еңбектеріне сүйене отырып зайырлы әдеби мәтіндерді
қайта зерделеуге кірісті. Қайта Өрлеу дәуірінде әдебиет пен өнер шарықтап дамып, теориялық
білімдердің де аясы кеңейе түсті. Мысалы, аталмыш дәуірдің көрнекті тұлғасы Рене Декарт өнер
туындысының әсемдігі оның мазмұны мен пішінінің өзара үйлесім табуында деп санады. Ал
Никола Буало «Поэтикалық өнер» деп аталатын теориялық еңбегінде осы кезеңде Еуропаның
мәдени кеңістігінде үстем болған классицизмнің басты принциптерін айқындап берді. Оның
ойынша, өнер атаулының мақсаты – ақиқатты тануға сеп болу. Классицистер антикалық
дәуірдің құндылықтарын қайта жаңғыртып, сол кездегі мұраларды өздерінің Темірқазығына
балады. Сонымен бірге, Аристотель мен Горацийдің теориялық ой-пікірлерін бағдар тұтты.
Мысалы, Шекспирдің «Лир патша» пьесасы отбасылық құндылықтардың құлдырауын,
ХVII ғасырдың бас кезіндегі Англия саясатының қалып-күйін, Ренессанс дәуіріндегі гендерлік
рөлдердің бейнесін, сонымен бірге бізге «адамдық сипаттар» дарытып, жануарлардан
ерекшелейтін қасиет-болмысымызды көрсететін айна іспеттес. Дегенмен пьеса өзі ұсынатын
сюжеттік желі мен мазмұнның қос бағытты баяндау құрылымына де ие болып табылады. Оның
шығармасын толық әрі дұрыс талдау үшін Платонға да, Аристотельге де жүгінгеніңіз секілді, әрі
әдеби талдаудың құрылымдық дәстүріне де, оны өлшеп-пішудің семантикалық түріне де иек
артуға тура келеді.
Англияда ХVII ғасырда негізі қаланған жаңа эмпирикалық философия біздің сезімдік әсер-
лерімізден туындайтын идеяларымыздың қайнаркөздеріне назар аударып, Уильям Вордсворт
және Сэмюэл Кольридж секілді психологияға ден қойған жазушылар мен теоретиктердің
шығуына сеп болды. Олар әдебиетті табиғатта рухани ақиқаттарға жетелейтін мистикалық
терминдер секілді қиялдың жемісі ретінде таныды. Жазу табиғатқа шынайы еліктеуден емес,
жекелеген бөлшектердің тамаша үйлесім табуынан тұратын жүйелі еліктеуден туындайды деп
сенді. Ал субъективті идеалистік эстетиканы жасаған Иммануил Канттың суреткерді ерекше
жаратылған жанға балайды. Оның ойынша, Өнерден ләззат алатын біздің миымыздың бөлігі
себеп-салдар заңымен әмбебап байланыста бола бермейді. Канттың әсер ету эстетикасында
өнер «мақсатсыз мақсаттылық» ретінде сипатталды («purposefulness without purpose»).
ХVIIІ ғасырдағы әдеби-эстетикалық ой-пікірлердің дамуына француздың ағартушы-ғалымы
Дени Дидроның қосқан үлесі де ерекше. Ол өзінің «Драмалық поэзия туралы», «Актер туралы
парадокс» және «Әсемдік» деп аталатын мақала-очерктерінде тарихи-реалды шындық пен
көркем шындықтың арақатынасын сарапқа салды. Ал есімі Дидромен қатар аталатын
Готхольд Лессинг «Лаокон немесе бейнелеу өнері мен поэзияның шекарасы» деген кітабында
кескін өнері мен поэзияның өзара ұқсас та, ұштас тұстары мен айырмашылықтары туралы
тұщымды тұжырымдар жасады. Өнердің басты заңы шынайылық деп таныған Лессинг «Не
ақиқат болса, сол – сұлу» деген идеяны алға тартты. Ол алғаш рет Исаак Ньютонның физикалық
концепцияларын әдебиеке бейімдей келе көркем шығармадағы уақыт пен кеңістіктің синтезі
туралы пікір білдірді.
Әдебиет туралы ғылымның ілгері жылжып, өрісінің кеңеюіне неміс философы Георг Гегель
де аз еңбек сіңірген жоқ. Оның «Эстетика» деп аталатын еңбегінде өнердің концепциясы
туралы баяндалады. Өнер түрлерін беске – сәулет өнері, мүсін өнері, кескіндеме, музыка және
поэзия деп бөлген ол, осылардың бәріне егжей-тегжейлі сипаттама береді. Аталмыш кітабында
ол романтикалық шығармаларды арнайы талдау нысанына алады.
Субъективтілікке деген жаңа басымдық монархия секілді консервативті-авторитарлық
саяси институттарды тоқтатып, оларды «республикалық» басқаруға ауыстыруға бет алған әрі
барынша кең тарала бастаған демократиялық қозғалыстың бір бөлігіне айналды. Мысалы,
Перси Бисше Шелли секілді бірнеше «романтикалық» жазушылар саяси революционерлер
5
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы: Кіріспе
1. Әдебиет ғылымының даму тарихы. Ежелгі дәуірден XIX ғасырға дейін
болған еді. Ал ХІХ ғасырдағы әдебиет теоретиктері әдебиеттің табиғаты мен оның адам өмі-
ріндегі орны туралы қайта тың ғылыми пайымдаулар жасады. Олар ең алдымен әдебиеттің
табиғатқа еліктеуі турасындағы ой-пікірлерді ортаға салды. Тағы бір сол дәуірдің классикалық
идеяларының бірі – уақыт, орын, әрекет бірлігі болды. Афинада басталған оқиға басқа жерде
жалғасын табуына болмайтын еді.
Платон секілді, Филип Сидней де әдебиет моральдық-этикалық тәрбие беру керек деп
есептеді. Ал Самуэль Джонсон Аристотельдің пікіріне сүйене отырып, өнер тұтас әлеммен
бізді жалғайды деп санады. Жақсы жазу классикалық қағидаларға сай келмейді. Ол тек
сезімді ғана көрсетсе болды деген түсінік алға шықты. Бұл өз кезегінде жазушылар мен
теоретиктердің моральдық тәрбие идеясына деген сенімін жоғалтты. Ендігі басымдық жеке-
леген жазушылардың субъективті көзқарастары мен дүниетанымына қарай ауды.
Әдебиет адамгершілік құндылықтарды оқырман санасына сіңіру керек және осы жолда
даму керек дейтін идеялар ХІХ ғасырда Мэтью Арнольд шығармашылығы арқылы қайта
жандана түсті. Оның көркем дүниелері қоғамда сыпайылық мәдениетін кеңінен жаюға қызмет
етті. Бірақ бұл процесс әдебиеттің моральдық бағытын жоққа шығарып, өнерді өз-өзіне ор
қазатын құбылысқа балайтын материалистік қозғалыстың дамуына кедергі келтірді. Шарль
Бодлер және Уолтер Патер секілді эпикуреандық материалистер тәжірибенің маңыздылығына
баса назар аударды, сұлулықтың әрі табиғаттағы, әрі әлеуметтік өмірдегі «көшу сипатына»
саналы болуына баса мән берді. Бодлер әйелдердің жасанды сұлулығын (макияж) тамсана сөз
еткен кезде Патер жоғалып бара жатқан «асыл тастар секілді» сұлулықты сақтау мәселесін
көтерді. Оның аталмыш өнер мен өмірге қатысты ұстанған басты идеяларының бірі «бағалау»
болды.
ХVIII–XIX ғасырларда Германия, Франция, Англия, Америка және басқа да елдердің
университеттерінде әдебиет туралы зерттеулер оқытыла бастады. Сондай-ақ, бұл институцио-
налдық жүйе әдеби зерттеулер жасау үшін қажетті оқыту әдісінің дүниеге келуіне түрткі
болды. Осы кезде екі мектеп – изторизм мен идеализм қатар өмір сүрді. Негізінен жазылған
шығарманың мазмұны туралы ақпараттарды зерделеуге ден қоятын историзм ХІХ ғасырдың
аяқ шегіне дейін үстем көркемдік жүйе болса, Георг Гегельдің ықпалымен пайда болған әрі
кейде символизм деп аталатын идеалистік әдебиет теориясы соңғы онжылдықта Франция,
Британия, Германия және Ресей сынды елдерде де жетті. Идеализм – материалдық немесе
физикалық әлемнен тыс жатқан рухани әлемнің бар екеніне деген сенім. Идеалды танытатын
нысандар тек қана ұлы өнер туындылары арқылы ғана жетуге болатын заттардың кемел
формасы.
Жалпы, осы уақытқа дейінгі қалыптасқан әдеби-эстетикалық теориялар ХХ ғасырда пайда
болған белгілі ғылыми мектептердің азығы болды. Кейбір ғалымдар біз жоғарыда тілге тиек
еткен тұжырымдарды әрі қарай дамытып әкетсе, кей зерттеушілер белгілі концепцияларға
қарсы шығып, қайта интерпретациялауға мүдделі болды.
Біз ХХ–ХХІ ғасырларда әдебиет туралы ғылымның айдынында көзге түскен белгілі
теориялар туралы келесі дәрісімізде сөз ететін боламыз.
Тақырыпты пысықтау үшін қойылатын сұрақтар
1. Әдебиеттану ғылымының негізгі салаларын атаңыз?
2. Классицизмнің басты принциптері қай кітапта егжей-тегжейлі талданды? Ол кітаптың
авторы кім еді?
3. Орта ғасырларда тек діни мәтіндерді сарапқа салу мақсатында қолданылған, бірақ бүгін-
де әдебиеттану ғылымының жеке салалары ретінде мойындалған қандай әдістерді білесіз?
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
1. Байтұрсынұлы Ахмет. Әдебиет танытқыш // Алты томдық шығармалар жинағы. – Ал-
маты: «Ел-шежіре», – 2013. Т.І: – 384 б.
Кітап:
Дәріс:
Әдебиет теориясы: Кіріспе
1. Әдебиет ғылымының даму тарихы. Ежелгі дәуірден XIX ғасырға дейін
6
2. Қабдолов Зейнолла. Сөз өнері: Оқулық-монография / Қабдолов Зейнолла. – Алматы:
Санат, 2007. – 2007. – 360 б.
3. Әдебиеттануға кіріспе: Жоғары оқу орындарының филол. фак. студ. арналған оқу құра-
лы / Құраст. Серік Мақпыров. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 184 б.
4. Jonathan Culler. Literary Theory. A Very Short Introduction 2nd Edition.
Достарыңызбен бөлісу: |