Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»


Қ.Жұбанов “Шағатай тұтқынынан” – сөз патшасына



бет84/93
Дата22.12.2022
өлшемі1,48 Mb.
#163970
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   93
Байланысты:
äåáèåò òåîðèÿñû. Íñàëû. «Ôîëèàíò» áàñïàñû, 2003. 344 áåò. « 2
Математика ДК есебі 2019, P7.04 - kk - 10100602474786, 11-ДЖТ, Тема Законы, закономерности и принципы менеджмента-melimde.com
Қ.Жұбанов
Шағатай тұтқынынан” – сөз патшасына

... Ең алдымен, қазақ әдеби тілінің даму барысы мен бағытындағы Абайдың орны өзінен бұрынғы да, өзімен тұтас та, өзінен кейінгі де, суреткерлерден айрықша бөлек. Ол бөлектік ақындығының шырқау биіктігінде ғана емес, әдеби тіліміздің сапалық жаңа сатысын-ұлттық жазба кезеңін бастауында, яғни бүгінде 12 миллион халық болып мемлекеттік мәртебеге көтеріп, кеңінен қолданып отырған тіліміздің іргетасын қалап, қабырғасын бекітуінде. Бұл жерде біз – “ұлттық” және “жазба” деген анықтауыш сөздерді қайталап баса айтуымыздың уәжі бар. Абай мен Ыбырайлар бағытын сілтеп, негізін салған тіліміз – қазақ халқының жай әдеби тілі болды. “Жаңа” дейтін себебіміз: “Абайларға дейін де қазақ жұртының әдеби тілі өмір сүрді, бірақ ол жазба тіл болмады. Орта ғасырлардан бері қазақ қаумының жазба тілі де болды. Бірақ ол ұлттық болмады. Әрқайсысында жоқ осы қасиеттерді бойына жинаған тілді Абай ұсынды.


Халқымыздың “қазақ хандығы” “қазақ жұрты” деген атпен тарих сахнасына шыққаннан бергі ғасырлар бойы үзілмей қызмет етіп келген әдеби тілі тіпті әріден, қазақ халқын құрған ру-тайпа одақтары заманынан келе жатқаны белгілі. Бұл – нағыз әдебиеттің (орысша “литература” деп жүргеніміздің) тілі, яғни профессионал ақын-жыраулар мен шешен билер қолданған тіл. Мұны біз ХҮ-ХҮІ ғасырлардан аты белгілі Асанқайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбеттерден бастап ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда Бұқар, Махамбет, Сүйінбай, Дулаттарға дейін ұласып, біздің заманымыздағы Жамбыл, Нұрпейіс, Кенендерге дейін жеткен мұралардың тілі деп айтамыз. Мұны біз, тіл тарихшылары, “қазақтың ауызша дамыған әдеби тілі” деп атап жүрміз. “Ауызша әдеби тіл” дегенді “ауыз әдебиеті (фольклор) тілі” дегенмен де, “ауызекі сөйлеу тілі” деген категориямен де шатастыруға болмайды. Әрине, қазақтың ауызша дамыған әдеби тілінің ауыз әдебиеті тілімен ұқсас, ұщтас тұстары баршылық. Мысалы екеуінің де ауызша таралып, ауызша сақталуы, тілдік-көріктеу элементтерінің ауыс-түйіс қолданылуы, жаугершілік, батырлық сияқты тақырыптардың ортақ болуы т.т. ұқсастық сипат береді. Бірақ батырлар жырымен Асанқайғы, Қазтуған толғаулары, Махамбет өлеңдері мен Дулат, Жамбыл поэмалары бір дүниеге емес екендігі айдан-анық көрінеді. Қазақтың ауызша әдеби тіліне жататын үлгілер авторлы дүниелер болуымен қатар, жанрлық, тілдік, поэтикалық тұрғыдан көптеген айырмашылықтарға ие. Бұл - өз алдына үлкен әңгіме.
Қысқасы, қазақтың ауызша әдеби тілі – көптеген халықтардың тарихында жоқ феномендік құбылыс деуге болады. Оның пайда болу себебін іздесек, халықтың негізінен көшпелі күй кешкен тұрмыс-салтына қарай жазба дүниеліктерді сақтау дәстүрінен (дәлірек айтсақ, мүмкіншілігінің болмағандығынан) табар ма едік. “Өнер алды – қызыл тіл” деп таныған халыққа сол өнерді сақтаудың, ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің амалын іздеуге тура келген. Тапқан амалы - өлең-жырларды, шешендік үлгілерді жадында сақтау, сақтағанды ауызша айтып тарату, сол арқылы заманнан-заманға жеткізіп отыру болған. Біздің байқауымызша бұл тәсілдің белгілі мектебі, дәстүрі болған дейміз.
Сөйтіп, Абайға дейін де қазақтың өте күшті дамыған әдеби тілі болды. Ол тілді ақын-жыраулардың, атақты билердің өлең-толғаулары, шешендік сөздері танытады. Бұлардың тілі көптеген үлгілерге ортақ, белгілі бір нормалары қалыптасқан, көркемдік жағынан қырланған, ауыз-екі сөйлеу үрдісінен жоғары тұрған, қысқасы, халықтық әлеуметтік-рухани-эстетикалық сұранысын толығынан өтей алатын тіл болды. Ондай тілдің “әдеби” деген мәртебе алатындығы даусыз. Ал даулы тұсы – жазбаша емес, ауызша сақталып жеткендігі. Еуропа, орыс, тіпті кейбір туысқан түрік халықтарының тіл зерттеуші ғалымдары, оның ішінде біздің де қағаз бетіне түсіп жеткен дүниелердің тілі “әдеби” деп танылуға тиіс деген қағиданы ұсынады. Ал біздің ойымызша, жазу – тілдік мұраны сақтаудың техникалық бір жолы ғана еместігін тарих та көрсетеді (мысалы, тасқа қашап қалдырған көне түрік ескерткіштері).
Бара-бара әдеби мұралардың қағаздан гөрі таспалар (ленталар) арқылы таралып, сақталып бел алмасына кім кепіл! Сондықтан осындай тәсілдердің бірі – жадта сақтап, ауызша тарату екенін мойындауымыз керек. Әрине, жадта сақталып, ауызша таратылған дүниелер мен тасқа, теріге, қабыққа, қағазға, таспаға түсіріліп сақталған үлгілердің саны мен сапасы бірдей еместігін де білеміз. Дегенмен қазақта көшпелілер болмысының мәдени-рухани даралығын танытатын сөз өнері мен күй өнері жаусыз, нотасыз ғасырдан, ғасырға жеткені шындық.
Сонымен Абай заманына дейін де қазақ халқы бір емес, екі әдеби тілді пайдаланып келген. Олардың ауызша тараған түрі халықтың төл тіліне негізделген болса, жазба тілі ортағасырлық түркі жазба дәстүрлеріне негізделген болды. Бұл дәстүр жалғыз қазақ емес, көптеген түркі халықтарының тіл тәжірибесінде көп уақытқа дейін мықты орын теуіп келді.
Абайдың алдында “тіл таңдау” диледемасының тұрғанын көреміз. Таңдайтын дүниенің екеуі де мықты: қазақтың байырғы ауызша әдеби тіл болса, ол қалың көпшілікке әбден таныс, кеңінен қолданылатын, көркемдік сыны жоғары тіл болды. Ал ортаазиялық жазба дәстүр де осал дүние емес-ті: ол көптеген түркі халықтарының рухани-мәдени сұранысын сан ғасыр бойы өтеп келе жатқан ортақтық сипаты күшті, әбден қырланып, жетілген тіл болды, бірақ ол түркі халықтарының, оның ішінде қазақтың да қалың бұқарасының күнделікті сөйлеу тілінен алшақтаған, “қара халыққа” көп сәттерде түсініксіздеу келетін тіл болатын. Бұл дәстүрден өзбек, татар, түрікмен, түрік, әзірбайжан ақын-жазушылары “шырмалып шыға алмай жатқан кезде, Абай да (балаң шағында) екі-үш өлеңмен ақындық күшін сынап көрген еді. Құдайберген Жұбановтың сөзімен айтсақ, “Абайды кернеген ақындық қуаты алғаш тасып төгілгенде, осы қолда бар қалыпқа құйылғанмен”, есейе келе “шағатай тұтқынынан” бұлқынып шығып, қазақ жазба дүниесінің тіліне негіз етіп халықтың байырғы әдеби тілін, ауызша тараған көркем сөз машығын таңдады. Бұл дәстүрдің тар соқпағын кеңейтіп, “тозған сөз үлгісін қайталамай, соны үлгілер ұсынды. Міне, қазақтың әдеби тілінің даму барысында Абайдың орнын биіктетіп, қызметін жоғары бағалаттыратын сәті де, жөн сілтеуші рөлін көрсететін тұсы да осында.
Абай тілін сөз етудің екінші қырына – “тіл ұстартып, өнер шашқандығына” келсек, толғана талдар материал да, тиянақтап айтар тұжырымдар да баршылық.
Абай қазақтың поэтикалық тілінің бұрынғы дәстүр-нормаларын жетілдіру, кеңейту, жүйеге айналдыру сияқты суреткерлік міндеттерді атқарады. Сонымен қатар, поэтикалық көріктеудің жаңа амалдары мен соны құралдарын ұсынды. Өткен архитектоникасы (яғни құрылымы) мен фоникасына (яғни мақамына, үніне) қазақ құлағы естімеген, қазақ аузы айтпаған мүлде тың жаңалықтар әкелу сияқты ауыр жүкті көтерді.
Поэтикалық көп ойды, ал сөзбен берудің үлгісін салды, ол үшін бұрынғы ақын-жазушылар тіліндегі көп сөзді шаблондардан, қызыл сөзді риторикадан, дидактикалық параллельдерден бас тартты. Айтпақ, ойын дәл әрі жинақы етіп беру үшін әсерлі, тың сөз образдарға иек артты, мұндай жаңа образдарды молынан жасады.
Сөз - өлең тілінің арқауы. Поэтикалық өрнек сөзден өріледі. Абайдың алдындағы Шөже ақын “қызыл тілден өрдім өрім” деп әдемілеп айтқан-ды. Бұл өрнекті салатын өткірдің жүзіндей, кестенің бізіндей қызыл тіл болса, оның сол жүзі мен бізі – сөз, сөз тіркес, сөздердің бірін-бірі сүйеуі, бір-бірімен “ұжымдасуы”, бірін-бірі “игеруі” түрінде көрінеді. Міне, осы қасиеттерді Абай нағыз зергер ретінде керемет таныды, таныған соң орын-орнына жұмсай білді. Бұл тұжырымды ғылым тілімен айтсақ, Абай поэтикалық образ жасауда сөз мағынасының сәтті үлгілерін ұсынды, яғни сөздің қосымша мағыналық реңктерін өзі беріп, айтпақ ойының әсерін күшейтті, қарапайым сөздердің мағынасын ауыстырып, оларды образға айналдырды, синонимдік қатарларды қолданудың жаңа жолдарын көрсетті.
Абайдың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі фразеология саласында болды. Мұнда да Абай қазақтың көркем тіліне жаңа үлгілер ұсынды. Фразеологизмдер дегеніміз – тұнып тұрған образ, ал өлең сөз – поэтикалық образдар әлемі ғой! Сондықтан бұл қазына қазақтың Абайға дейінгі көркем сөзінде мол болатын. Осы мол дүниені Абай жатсынған жоқ, бірақ оны түгелімен сол қалпында пайдалана салмады. Әрине, бұл әрекет әйтеуір байырғы дүниенің барлығынан қашу керек деген пейілден тумағаны белгілі: ақын шығармаларының мазмұнынан, сөз өнерін жаңаша ұсыну принциптерінен (“сөз түзелгендігінен”), “түзелген сөзді” жаңаша көріктеуді көздеу мақсатынан туды. Ол үшін Абай қазақ поэтикасында бұрын жалпы нышаны болған амалдарды жандандырады. Мысалы, ұғымды бейнелеп, астарлап атаудың “перифраз” деген тәсілін молынан қолданып, оны жүйеге айналдырды, мағыналық өрістері алшақ сөздерді тіркестіріп, образ жасаудың небір әсерлі, әдемі түрлерін ұсынды, сөздердің эстетикалық өрісін кеңейтті, яғни бір ұғымды әр қырынан суреттеу үшін түрлі, кейде тосын эпитеттерді қолдану үлгісін көрсетті. Тұрақты сөз тіркестерінің құрылымын өзгертіп, жаңаша беру арқылы образдың экспрессиясын күшейтіп, әсерлі етіп шығарды...


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   80   81   82   83   84   85   86   87   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет