2 Әдебиет және эстетика. Сөз өнері жайлы ұғым
«Әдебиет» деген сөздің түп төркіні арапша атаудан шыққан, «сөз, асыл сөз» деген мағынасы бар. Әдебиет – өнер, көп өнердің ішінде сөз өнері. Мүсіншінің құралы – саз-балшық, суретшінің құралы – бояу, әншінің құралы – үн, бишінің құралы – қимыл болса, әдебиетшінің құралы – тіл.
Өнердің көп салаларының ішіндегі ең бір қадірлісі әрі қасиеттісі – көркем әдебиет. Оның өнердің өзге түрлерімен бірлігі бола тұра өзгешелігі де мол. Сөз өнері сурет пен музыка секілді жалпыға бірдей жетімді деу қиын: сөз – бояу немесе дыбыс емес, барлық халыққа бірдей және бірден түсінікті бола алмайды. Әр ұлттың өз тілі бар және әдеби шығарма сол тілде ғана туады. Бұл жағдай – көркем әдебиеттің халықаралық өрісіне біраз бөгеу, тіпті тұсау екені рас. Бірақ, есесіне, әдебиеттің тілі музыка тілінен гөрі нақты, театр тілінен гөрі затты. Бейнелеу, сәулет, мүсін өнерлері затты, нақты болғанымен жансыз, қимылсыз, ал әдебиет кез келген шындықты қимыл, қозғалыс үстінде құбылта, құлпырта көрсете алады. Дәл осы тұрғыдан алғанда, сөз өнерін - бар өнердің басы, өнер атаулының ең қиыны және күрделісі, ең жоғары түрі деуге болады.
Суреткер болу үшін адамға тума қабілет, табиғи дарын қажет. Суреткер сипатын оның азаматтық рухынан, қоғамдық бітімінен бастаған жөн. Тума көркемдік қабілет кез келген кісіде бар. Олай болмаса, кез келген кісі өнерді де, көркем әдебиетті де жан-жүрегімен қабылдап, сезіне, түсіне алмас еді. Дегенмен материалистік эстетика нағыз суреткерге тән бірнеше ерекшеліктерді тізіп, талдап, сол арқылы талант табиғатын сипаттайды.
Біріншіден, сезім. Нәзік сезімталдық. Өзін қоршаған өмірден әрқашан тың құпиялар іздеп, айрықша әсер алу, көз алдындағы құбылыстарды ерекше сезіну, нәзік түйсіну, сезінген-түйсінген шындығына бейтарап қала алмай, тербеле тебірену – бәрінен бұрын ақынға тән қасиет. Ал суреткер, - ең алдымен
- ақын.
Бұл ерекшелікті «Гетенің қазасына» деген өлеңінде Баратынский дәл суреттеген:
Жасыл шөптің тілін ұғып кезінде Жапырақтың сәл дірілін сезінген,
Жұлдыздармен жымындасқан, ымдасқан, Жал толқынмен ақылдасқан, мұңдасқан. Жаратылыс-табиғатпен бір туған
Жан еді ол кеудесіне нұр тұнған, Одан бүгін қалған адам сыры жоқ!
Екіншіден, бақылау. Жіті бақылағыштық. Нәзік сезім көреген, дәл бақылаумен ұштасып жатады.
Үшіншіден, қиял. Шығармашылық фантазия. Бақылап білген, сезген шындықты кең өріске шығаратын қанатты шығармашылық қиял – таланттың серігі. Мұның өзі ойдан шығара білушілік. Ал ойдан шығару жоқ жерде жалпы әдеби шығарма болуы мүмкін емес.
Төртіншіден, интуиция. Өлең – ішкі терең, табиғи тербелістің, тебіреністің нәтижесі. Өлең жазуда белгілі ереже, амал, тәсіл жоқ.
Бесіншіден, өмірбаян. Тәжірибе молдығы. Тіршілікте көрген-білгені, ұққан-түйгені көп адамның таланты да күшті, мықты. «Өмірі мазмұнды кісінің творчествосы да мазмұнды» болатынын Ибсен біліп айтқан.
Алтыншыдан, парасат. Сананың саралығы. Шын талантқа шындықтың парқын білетін сарабдал сана, мол парасат керек.
Жетіншіден, шеберлік. Нағыз маман суреткерге тән кәсіби шеберлік болмаған жерде суреткерлік даналық та жоқ. Даналық – еңбек сүйгіштік. Өнердегі шын шеберлікке апарар жол – шыдамды еңбек, дилетанттыққа – шыдамсыз шалағайлық. Шын шебер шеберленген сайын қинала, терлей түсуге тиіс. Ал шеберлік шексіз.
Сегізіншіден, шабыт. Шабытсыздық – қабілетсіздік, қабілетсіздік – дарынсыздық, дарынсыздық – талантсыздық. Суреткердің шабыты кең көлемдегі халық мүддесіне негізделуге, ақиқат өмірге тамыр тартуға тиіс. Сонда өнер өзінің биік мағынасын табады.
А.С. Пушкин: «Ең арғы жағы геометрияға да шабыт керек».
Станиславский: «Нағыз шалқар шабыт, творчестволық құлшыну мен құштарлық суреткердің өнердегі өзін сүюінен емес, өзіндегі өнерді сүюінен туады».
Суреткер бітімін, талант табиғатын байыптағанда оның жеке басының дара қасиетін, оның рухани жан дүниесін, әлеуметтік кейпі мен моральдық кескінің, дүниетанымы мен қоғамдық қызметін, білімі мен мәдениетін де ескеру қажет.
В. Белинский: «Ақын бәрінен бұрын адам, содан соң өз жерінің азаматы, өз дәуірінің перзенті».
Суреткердің қоғамдық қызметін пайымдау оған тән дүниетаным, күрделі және әр қилы көзқарас мәселесін қоса қозғау болып табылады. Суреткердің дүниетанымы мен әлеуметтік көзқарасы – эстетиканың ең негізгі мәселелерінің бірі.
Адам баласы дүниені ғылым арқылы танып-біледі. Табиғат пен қоғам құбылыстарының заңын ашатын, мәнін түсіндіретін – ғылым, теория. Алайда адамға өмір мен күрес үшін ойлы бас қана емес, ерік, құштарлық, сезім де керек. Осы арада шындықты дәлелдейтін ғылыммен қатар оны көзге көрсететін көркем әдебиет те өзінің қоғамдық рөлін ойнай бастайды.
Әдебиеттің қоғамдық мәнін айтқанда, ең алдымен, оның таным тарапындағы маңызын атау шарт. Кез-келген көркем шығарма оқырманға бұрын беймәлім өмірді, шындықты, бейтаныс заманды, адамды танытады.
З. Қабдолов: «Бальзакты оқымай француз тұрмысын, Толстойды оқымай орыс өмірін, Абайды оқымай қазақ тіршілігін білем деу ағат».
Бальзактың атақты «Адам әжуасы» - ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы француз қоғамының көркем тарихы мен сырлы шежіресі. Романдағы мыңдаған адамдар тағдыры, тартысы, арақатынасы арқылы Бальзак капитализмнің адам айтқысыз қорқаулығын, алтынның аздырғыш күшін, ақшаның адамды аңға айналдырар сұмдығын, сайып келгенде, буржуазияның бұзық та бүлдіргіш табиғатын тасқа таңба басқандай танытады. Мұның бәрі көркем әдебиеттің өмір танытудағы маңызын дәлелдейді. Әдебиет адамдарға өмірді танытып қана қоймайды, олардың сол өмірге көзқарасын қалыптастырады, мінез-құлқына ықпал етеді, бүкіл тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді.
Әдебиеттің таным тарапындағы мәні де, тәрбие саласындағы мәні де орасан күрделі әрі шешуші сыры – эстетикалық мәніне негізделген. Әдебиеттің күллі қоғамдық-өзгертушілік қасиетін түсіну үшін, оның эстетикалық табиғатын қажет.
Жан тебірентер, адамды баурап алар әсем әсер жоқ жерде шын мағынасындағы өнер туындысы да болмайды. Әдеби шығарма адамның бүкіл ой-қиялын, сыр-мінезін түгел баурайды: қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді... қысұасы, адамның көңіл-күйінде сан-сапа құбылыстар туғзып, із қалдырады. Бұл – әдеби шығарманың эстетикалық әсері.
Әдебиеттің халықтығы – тарихи категория. Адамзаттың жалпы көркемдік даму тарихының әр кезеңінде бұл ұғым әр сипатта болды. Әр ұлттың тарихи тағдырына сай, туған топырағына, өскен ортасына лайық мінез-құлқы, әдет-
ғұрпы, салт-санасы қалыптасатыны мәлім. Мұның бәрі әр ұлттың өзіне тән өзгешеліктерін – сыртқы түріндегі ғана емес, ішкі сырындағы айрықша сипаттарын да белгілейді. Бұл өзгешеліктерді суреткер іздеп тауып, өз шығармасында суреттеп көрсетуге тиіс.
Шын мәніндегі өнерде халық даналығының таңбасы жатады. Өнердің жасампаз күші оның халықтан туып, халық қажетіне жарауында жатыр. Жер бетінде халық бар болса, халық өмірімен біте қайнаған, халық мақсатына қызмет ететін өнер де болады. Әдебиет пен өнердің халықтығын осы тұрғыдан таныған жөн.
Халықтық деген ұғымды тұңғыш рет ХІХ ғасырдың басында Вяземский П.А. ұсынды. Әдебиеттің халықтығы туралы топшылауларды тұрлаулы түсінік етіп қалыптастырған В.Г. Белинский болды. Оның пікірінше, әдебиеттің өзі, бәрінен бұрын, «халық санасы», «халықтың рухы».
Халықтық – әдеби шығарманың терең мазмұнында жатқан түсінік. Халықтық шығарманың тақырыбынан, белгілі бір тақырып арқылы алға қойған мақсатынан бастап, көркемдік шешімге дейін баратын қаһарманның мінезін, дүниетанымын, іс-әрекетін қамти келе автордың тілі мен стиліне, бағыты мен әдісіне, эстетикалық идеалына көшетін ұғым.
Халықтық сипат ең алдымен белгілі бір көркем шығармада бүкіл халықтық мәні бар мәселенің көтерілуінде жатады. Мысалы, Абайдың өзі өмір сүрген қоғамдық ортадағы керенаулық пен кеселді, оспадарлық пен опасыздықты сынау арқылы қазақ даласындағы феодализмнің дағдарысын көрсетуі – бүкіл халықтық күрделі мәселені көтеруі болатын.
Халық үшін маңызды мәселені көтеру бар да, оны халық тұрғысынан шешу не шешпеу бар. Халықтықтың екінші шарты – көркем шығармада суреттелген шындық алға тартқан мәселені халық мақсаты мен мүддесіне сай шешу.
Нағыз халықтық шығарма халыққа жетімді, түсінікті болуы шарт. Талант неғұрлым ірі болса, соғұрлым қарапайым болатыны, көркем шығарма неғұрлым шебер жазылса, соғұрлым ұтымды болатыны мәлім.
Әдебиеттің халықтығы – оның халықтық ірі мәселелерді халыққа жетімді түрде шебер, халық мүддесіне сай көркем жинақтау болып табылады.
?! Тапсырмалар
Фединнің «Сөз – әдебиеттің құрылыс материалы» деген сөздерін тақырып етіп алып, эссе жазыңыздар.
Нағыз суреткерге тән ерекшеліктер қатарын бүгінгі заман тұрғысынан саралап, өз нұсқаңызды ұсыныңыз.
Әдебиеттің таным, тәрбие, эстетика тарапындағы маңыздарына мысал жинаңыздар.
Достарыңызбен бөлісу: |