Әдістеме ғылым және оқу пәні ретінде оқытылатын пәнмен және дидактикамен тығыз байланысты



Дата04.08.2017
өлшемі328,63 Kb.
#22790
Кіріспе

Әдістеме ғылым және оқу пәні ретінде оқытылатын пәнмен және дидактикамен тығыз байланысты.

«Педагогиканы оқытудың әдістемесі» әлі тұтас жүйе ретінде берілмей отыр, себебі әдістеме жүйесін қалыптастырудың барысы педагогиканы пән ретінде оқытумен бірге жүреді. Педагогика бойынша оқулықтар мен оқу құралдары педагогиканы пән ретінде оқытуға өз көмегін тигізе алады, өйткені іргелі пәннің негіздерін, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен формаларын, педагогикалық процесті басқарудың принциптерін меңгерген студент осы білімін педагогикалық тәжірибеде қолдана алады.

Курстың мақсаты мен міндеттері: колледж оқушыларына педагогиканы оқытудың жалпы теориялық-әдіснамалық және әдістемелік мәселелерімен студенттерді қаруландыру; орта кәсіби білім беру орындарында педагогикалық пәндерді оқытуды ұйымдастыру және басқару үшін қажетті тәжірибелік біліктер мен дағдыларды қалыптастыру.

Жалпы пәнді оқу нәтижесінде студент:

  • Педагогиканы оқыту принциптерін және педагогикалық пәндердің мазмұнын игеруді ұйымдастырудың тәсілдері туралы түсінік алуы;

  • педагогиканы оқыту пәні ретінде құрудың және қазіргі білім беру технологияларының ғылыми негіздерін білуі;

  • педагогиканы оқытудың тәжірибесінде теориялық білімдерді жүзеге асыра білуі керек.

Студенттерге ұсынылған зертханалық жұмыстар репродуктивті және жартылай ізденістік сипатқа ие.

Репродуктивті сипаттағы жұмыстарды ұсынғанда студенттерге нақты нұсқаулар беріледі, олардың мазмұнында:



  • жұмыстың мақсаты;

  • түсініктемелер (теориялық қағидалар мен ұғымдар);

  • материалдар мен көмекші құралдар;

  • жұмысты орындау тәртібі;

  • талқылауға арналған сауалдар мен тапсырмалар;

  • бақылау сұрақтары;

  • ұсынылатын әдебиет тізімі белгіленеді.

Жартылай ізденістік сипаттағы жұмыстарды орындау үшін студенттерге толық нұсқаулық берілмейді; мұндай жұмыс білім алушылардан қажетті материалдар мен әдістемелерді, жұмысты орындаудың тәсілдерін өздігінен таңдап алуды талап етеді.

Бақылау формалары – аралық, зерттеулерді дербес жүргізіп, есеп беруді (жалпы екі есеп, жетінші және он бірінші аптада) көздейді. Сонымен қатар, жүргізілген шағын зерттеулер семинар сабақтарында да талқыланады. Бақылаудың қорытынды формасы – зертханалық жұмыстарды жүзеге асыру барысында танытқан белсенділікке байланысты және зертханалық жұмыс барысында алған бағаны ескерумен жалпы балды шығару.

1-тақырып. Іскерлік ойын педагогикадағы белсенді оқыту әдісі ретінде

(1 сағат)
Мақсаты: Іскерлік ойынның технологиясын меңгеру.

Негізгі теориялық қағидалар. Іскерлік ойын (ІО) маманның болашақ кәсіби іс-әрекетінің пәндік және әлеуметтік мазмұнын елестетіп жаңғыртудың, осы іс-әрекетке тән қатынастар жүйесін модельдеудің формасы болып табылады.

Таңбалы құралдардың көмегімен (тіл, сызбалар, кестелер, құжаттар) ІО-да негізгі мәндік сипаттары бойынша шынайы кәсіби ахуал тәрізді жағдай жасалады. Сондай-ақ ІО-да қысқа уақытта әдеттегі, жалпыланған жағдайлар ғана модельденеді. Осындай шартты тәжірибеде білім алушы өз кәсіби рөлін ойнап көре алады.

ІО-да студент оқу және кәсіби әлементтерінен тұратын квазикәсіби іс-әрекетті орындайды. Қажетті білім мен біліктерді дерексізденген тұрғыдан емес, кәсіп контексінде меңгереді. Сөйтіп, кәсіби біліммен қатар білім алушы адамдармен ынтымақтасу, оларды басқару, бағына алу іспетті арнайы құзыреттілікке ие болады. ІО тұлғалық қасиеттерді дамытады, әлеуметтену процестерін қарқындатады. Бірақ бұл саналы кәсіби іс-әрекет ойын түрінде жүзеге асырылғандықтан білім алушылар өздерін еркін сезінеді, шығармашылық, бастамашылық танытады.

Ойын барысында:



  • кәсіби әрекет нормалары;

әлеуметтік әрекет — ұжымдағы қарым-қатынас нормалары қалыптасады. ІО диалогта өтеді, екі сипатты іс-әрекет болып табылады, өйткені ол екі мақсатты көздейді: ойын мақсаты мен педагогикалық мақсатты, және соңғысының маңызы басым болып келеді.

ІО күрделілігіне орай мынадай топтарға бөлінеді:



  • имитациялық жаттығулар. Олардың мақсаты — жеке дағдыларды пысықтау және бекіту.

  • «нақты өндірістік жағдаяттарды талдау» — шынайы жағдаятты шешудің жолдарын анықтау, ұсынылған шешімдерді ұжымда талқылау.

  • «рөлдерді ойнап көру» — жағдай туралы алынған мағлұмат бойынша рөл ойнау. Ұжымның мүшелері рөлді орындаушының әрекеттерін, шешімдерін талдап, бағалайды.

  • толықауқымды ІО кәсіби іс-әрекетті, қабылданған кәсіби шешімдердің салдарларын кешенді түрде жанғыртады.

Оқу іскерлік ойындарды ұйымдастыру принциптері

  • Жағдаятты имитациялап модельдеу

  • Жағдаят мазмұнының проблемалы болуы

  • Бірлескен іс-әрекеттегі рөлдік әрекеттестік

  • Диалогтық қарым-қатынас

  • Ойын оқу іс-әрекетінің екісипаттылығы.


Бақылау сұрақтары

  1. Іскерлік ойын түрлерін сипаттаңыздар.

  2. Іскерлік ойынның мәні неде?

  3. Іскерлік ойынның артықшылықтары қандай?

Нұсқаулық: Педагогикалық колледждегі оқу-тәрбие үдерісі жағдайын бақылаңыз. Жағдаяттарды топтастырып, сипаттаңыздар. Жағдаятты өзара модельдеп, шешімін табуға тырысыңыздар. Қажетті материалдар мен көмекші құралдарды алдын-ала дайындаңыздар. Тәжірибе нәтижелерін күнделікке жазыңыздар.

Әдебиет

  1. Бабанский Ю.К, Ильина Т.А, Жантекеева З.У. Педагогика высшей школы.Алматы, 1989

  2. Бұзаубақова Қ.Ж. Педагогикалық тренинг жеке тұлғаны дамыту құралы ретінде Алматы, 2006

  3. Савин И.В. Методика преподавания педагогики. Москва. Просвещение, 1987.

  4. Шаронова С.А. Деловые игры. Москва, 2004


2-тақырып. ІІедагогикадағы оқытудың көрнекі құралдары

(1 сағат)
Мақсаты: ІІедагогиканы оқытудың көрнекі құралдарымен танысу, оларды дайындау тәсілдерін үйрену.

Негізгі теориялық қағидалар. Көрнекілік әдістер оқу материалын оқушылардың көзімен көріп, нақтылы түсінулеріне мүмкіндік береді. Бұған демонстрация, иллюстрация және бақылау тәсілдері жатады.

Демонстрация (көрсету) оқушыларды құбылыстар, процестер және заттардың нысанасымен табиғи жағдайда таныстыру барысында қолданылады. Әдістің бұл түрі оқылып отырған құбылыстың қозғалысын анықтау, заттың ішкі құрылысы және сыртқы көрінісімен немесе бірыңғай заттардың орналасу жағдайымен таныстыруды көздейді.

Табиғи нысананы көрсету негізінен сыртқы көрінісінен басталады (көлемі, түсі, формасы, өзара байланысы т. б). Келесі кезекте оның ішкі құрылысы немесе жекелеген құрамы бөлініп көрсетіледі. Заттың үлгісі және көркем туындылар оқушылар тарапынан біртұтастық жағдайында қабылданады.

Демонстрациялау көбінесе оқушылардың практикалық оқу әрекетімен ұштаса жүргізіледі. Приборлар мен нысандарды демонстрациялау нәтижесінің табысты болуы бірнеше жағдайға байланысты болады:

  • көрсетіліп отырған нысана барлық оқушыларға жақсы көрінуі тиіс;

  • оқу материалын түсіндіру кезінде көрсету жұмыстары жүргізіліп, соңынан нысана алынып тасталуы керек. Оны оқушыларға алдынала көрсетуге болмайды;

  • көрнекі құралдарды бақылау барысында әрбір оқушы мұғалімнің нұсқауы бойынша жұмыс істеуі тиіс;

  • көрсету кезінде мұғалімнің ауызша баяндауы оқушылардың бақылауын дамытуға және көркем сөйлеуін орнықтыруға ықпал етуі тиіс;

  • оқушыларды бақылау жұмыстары нәтижесіне қорытынды жасай білуге дағдыландыру т. б.

Оқытуды былай ұйымдастыру оқушылардың оқу материалын жеңіл әрі терең ұғынуына мүмкіндік туғызады, олардың ойлау әрекетін жандандырып, қосымша ақпараттар береді.

Оқушылардың құбылыстарды, процестерді және нысандарды өздері белсенділік танытып оқып үйренсе, шын мәнісінде бұл әдіс нәтижелі болмақ. Олар тарапынан мүндай қарым-қатынас оқытуда проблемалық және ізденушілік жағдайға итермелейді.

Сабақ барысында оқытудың демонстрациялау әдістерінен қолдануда оқу киносы, диапозитив, диафильм, магнитофон, радио, үнтаспа, киноскоп, эпидиаскоп, теледидар, видеофильм секілді техника құралдары көптеп пайданылады.



Заттар мен құбылыстарды, кейбір жағдайда қажеттігіне сай табиғи ортада көрсетуге болады (Мысалы, табиғат, оның құбылыстары, жан-жануарлар, өсімдіктер, ауылшаруашылығы техникалары, өндіріс құралдары т.б.).

Иллюстрация - демонстрация әдісімен тығыз байланыста болады. Бұл әдісті иллюстративті құралдарды (плакаттар, картиналар, суреттер, сызбалар, портреттер, картограммалар, модельдер) көрсетуде қолданады.

Иллюстрация әдісінің нәтижелі болуы, негізінен оның қолдану тәсілдерін мұғалімнің қаншалықты меңгергеніне байланысты болып келеді. Соның негізінде оқушылар мен мұғалімге оқу материалын табысты меңгеруге айтарлықтай көмек бере отыра, ғылыми ұғымдарды жеңіл меңгеруге септігін тигізеді.

Мектеп тәжірибесі көрсеткендей сабақта иллюстрациялы материалдарын көптеп қолдану, оқушылардың назарын нақтылы оқу материалынан ауытқуына әкеп соғады. Сондықтан, көрнекі құралдарды пайдаланудың дидактикалық қолданысын және таным процесінде олардың рөлін алдын-ала жақсылап ойластырып алу қажет. Бұған қосымша мұғалімдер көрнекі құралдардың тиімді көлемін де анықтауы қажет.

Бұл әдістердің ішінде ең басты рөл атқаратыны - бақылау әдісі. Ол педагогиканы оқытуда кеңінен қолданылады.

Бақылау әдісі сабақта нақты заттар мен көрнекі және техника құралдарын көрсету кезінде, әкскурсияда, лабораториялық жұмыстарда, еңбек операцияларын орындау барысында ерекше орын алады. Бақылау мұғалімнің басшылығымен сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта мұғалімнің тапсырмасына байланысты немесе оқушылардың өздерінің қалауы бойынша кеңінен іске асырылады. Дұрыс қолданған бақылау әдісі оқушылардың байқағыштық, логикалық ойлау қабілеттерін дамытады.

Бақылау әдістерін қолданудың тиімділігі мынадай тәсілдерді қолдана білуге байланысты:

  • байқаудың мақсатын анықтау;

  • қабылдайтын нәрселердің мөлшерін белгілеу, салыстыру арқылы олардың көптеген белгілерінің ішінен ең негізгі, бастыларын ажырату;

  • оларды топтастырып, қортындылар мен түжырымдар жасау.

Байқайтын нәрселердің, бейнелердің ерекшеліктеріне байланысты бақылау әдісінің негізгі түрлері:

  • демонстрациялық бақылау;

  • экскурсиялық бақылау;

  • лабораториялық бақылау;

  • техникалық бақылау;

  • оқушылардың өздігінен дербес бақылауы.

Оқушылардың ойлау қабілетін дамытудың күшті құралы - бақылау. К.Д. Ушинский «Бақылау – логикалық ойлаудың негізі», - деп жай айтпаған. ¥лы педагог логикалық ойлауға үйрену үшін, ең алдымен, балаларды жан-жақты бақылауға үйрету керектігін де ескертеді.

Бақылау өткізудің негізгі әдістемелік талаптары:

1. Оқушыларды белгілі нәрсені жан-жақты бақылауға, оның неғүрлым көп және әртүрлі қасиеттерін, ерекшеліктерін, мүмкіндігінше, көру, есту, дәм, иіс т.б. сезім мүшелерін қатыстыру арқылы зерттеуге бағыт беруінің маңызы зор. Бақылау тек көру т. б. сезім мүшелерінің жұмысымен ғана емес, ол адамның ойлау әрекетімен тығыз байланысты болуы керек.

2. Мұғалім бақылауда оқушыға анализ бен синтез арқылы заттардың негізгі қасиеттерін ажырату, топтастыру, қорытындылау сияқты ойлау процестерін қолдануға басшылық етуі қажет.

3. Мұғалім оқушылардың бақылауын үйымдастыру үшін, ең алдымен, бақылаудың мақсатын, байқайтын нәрселердің мөлшерін немесе көлемін анықтап, жоспарын жасап беруі керек.

Бақылау сұрақтары


  1. Көрнекілік әдістер қандай мақсатпен қолданылады?

  2. Көрнекілік әдістер тобына қандай әдістер жатады? Оларды сипаттаңыздар

  3. Бақылау әдісінің артықшылықтары мен кемшіліктері неде?

  4. Көрнекілікті қолдануға қойылатын талаптармен танысыңыздар.

  5. Бақылау өткізудің негізгі әдістемелік талаптары қандай?

Нұсқаулық: Педагогикалық колледждегі оқу-тәрбие үдерісі жағдайын бақылаңыз. Педагогиканы оқыту үдерісінде қандай көрнекі құралдар қолданылады? Техникалық құралдардың қызметін бақылаңыздар. Қажетті материалдар мен көмекші құралдарды алдын-ала дайындап алып, оларды іскерлік ойын барысында қолданыңыздар. Тәжірибе нәтижелерін күнделікке жазыңыздар.

Әдебиет

  1. Бабанский Ю.К, Ильина Т.А, Жантекеева З.У. Педагогика высшей школы.Алматы, 1989

  2. Бұзаубақова Қ.Ж. Педагогикалық тренинг жеке тұлғаны дамыту құралы ретінде Алматы, 2006

  3. Савин И.В. Методика преподавания педагогики. Москва. Просвещение, 1987.


3-тақырып. Педагогика бойынша лекцияларды дайындау мен өткізудің әдістемесі (1 сағат)

Мақсаты: Педагогика бойынша дәрісбаянды дайындау мен өткізудің әдістемесін меңгеру.

Негізгі теориялық қағидалар. Дәрісбаян - сөзге негізделген оқыту әдісі ретінде ол өзінің құрылымы, баяндалатын оқу материалының дәлдігі және сабақтың өн бойында тыңдаушыларының ойлау қабілетін белсенді етуі жағынан басқа әдістерге қарағанда өзіндік ерекшеліктері бар.

Дәрісбаян әдетте жоғары сынып оқушылары арасында көптеп қолданылатын әдістің бірі. Дәрісбаян барысында оқушылар жаңа оқу материалын тыңдайды, қабылдайды, ұғынады, мұғалім сөзіне зейін қоя тыңдайды, мазмұнын қадағалап отырады.



Дәрісбаянның басқа ауызша баяндау әдістерінен тағы бір ерекшелігі, мұғалімнен жаңа білімді баяндамас бұрын оқушыларға оның жоспарымен, қажетті әдебиеттер тізімімен таныстыруын қажет етеді. Оқушылардың лекция жоспарымен алдын-ала танысуы, оның мазмүнын баяндауда мұғалімнің ойын жақсы ұғынуға көмектеседі.

Ол үшін лекция мақсатының идеялық бағыты, оның нақтылығы, берілетін білімнің оқушыларға түсінікті болуы мұғалімдер тарапынан үлкен шеберлікті қажет етеді.

Дәрісбаян барысында баяндалған оқу материалының мазмұнын оқушылардың қысқаша жазып отыруы, оны өз беттерінше қайталап оқуы, дағдылануы да қажеттілік болып табылады.



Дәрісбаян және әңгіме әдістері оқу материалына жұмсалатын уақытты үнемдеу жағынан тиімді болғанымен де, оқушылардың өз ойын, пікірін айтып, кеңес алуға қолайлы жағдай туғыза алмайды. Бұл турасында әңгімелесу әдісінің мүмкіндігі мол.

Мұғалім дәрісбаянға дайындалу барысында оның мазмүнына, амал-тәсілдеріне және құрылымына назар аударады. Дәрісбаянның мазмұнын ол оқу бағдарламасы, оқулық және оқу құралдарына байланысты анықтайды. Бірақ, бағдарламада көрсетілген барлық мәселелердің ішінен түйінді мәселелерді айырып, ғылымның соңғы жаңалықтары мен табыстарын озат тәжірибемен байланыстырып, материалдың белгілі бір бөлігін оқушыларға оқулықтан, басқа әдебиеттерден өздігінен оқып алуға тапсырмалар беріп отыруды оқытушы мұқият ойластыруы қажет. Сонымен, лекцияның мазмұны, баяндалу формасы, оқытушының шеберлігі лекцияның тиімділігін арттырудың кепілі.

Бақылау сұрақтары

  1. Дәрісбаян қандай мақсатты көздейді?

  2. Педагогиканы оқыту әдістемесінде дәрісбаянның алатын орны қандай?

  3. Дәрісбаянның артықшылықтары мен кемшіліктері неде?

  4. Дәрісті өткізудің негізгі әдістемелік талаптары қандай?

Нұсқаулық: Педагогиканы оқытатын оқытушының дәрісіне қатысып, дәрісбаян әдісінің ерекшеліктерін анықтаңыздар. Бір тақырыпты таңдап алып, сол бойынша дәрісбаян дайындаңыздар. Негізгі мәселелерді белгілеп, жоспар құрыңыздар. Дәрісбаянның мәтінін жазыңыздар.

Әдебиет

  1. Бабанский Ю.К, Ильина Т.А, Жантекеева З.У. Педагогика высшей школы.Алматы, 1989

  2. Бұзаубақова Қ.Ж. Педагогикалық тренинг жеке тұлғаны дамыту құралы ретінде Алматы, 2006

  3. Савин И.В. Методика преподавания педагогики. Москва. Просвещение, 1987.


4-тақырып. Педагогика бойынша семинар сабактарын дайындау мен өткізудің әдістемесі (1 сағат)

Мақсаты: Педагогика бойынша семинар сабағын дайындау мен өткізудің әдістемесін меңгеру.

Негізгі теориялық қағидалар. Семинар сабақтары көбінесе оқылған лекция тақырыбына байланысты негізгі өзекті мәселелерді талқылау, оқушылардың танымдық ойлау қабілеттерін дамыту, өзіндік шығармашылық белсенділіктерін шыңдау мақсатын көздейді. Тақырып сұрақтарына сай пікір алмасу, өз көзқарастарын дәлелдеу, мұғалімдерге оқушылардың оқу материалын қаншалықты меңгергенін, соған орай сенімдері мен түсініктерінің қалыптасқандығын бақылап, тексеріп, бағалап және бағыт-бағдар беріп отыруға мүмкіндік туғызады.

Семинар сабағына әзірлену кезінде оқушылар тезистер мен баяндамалар жазып, қосымша әдебиеттерді пайдаланады. ¥сынып отырған сұрақтарға қатысты, ондағы бар негізгі ойларды қамтып, конспект құрады.

Семинар сабағын өткізу барысында мұғалім проблемалық жағдай туғызып, талқыланып отырған сұрақтарға оқушылардың қызығушылығын оятады, олармен ақылдаса отыра оны талдаудың жоспарын құрады және ұжымдық ізденушілік әрекеттеріне қолайлы жағдай туғызады.

Семинарлық сабақтар оқушыларда ойлау өзінділігі, қорытынды жасау ептілігін дамытуға бейімделген. Негізінде сабақ өткізудің екі түрін көрсетуге болады: а) ерікті сұрау; б) рефетты-баяндамалы әдіс.



Әдебиет оқуда келесі жазбалар түрлерін ұсынуға болады: а) қарапайым және ашық жоспар; б) көшірмелер; в) тезистер; г) конспекттер; д) белгілер.

Ең қиыны конспекті құрастыру болып келеді. Себебі, конспектіленген материал жадыда көп уақытқа дейін қалады және қайтадан оқығанда жедел еске түседі.

Жазбаның қандай да бір түрінде, ең алдымен келесі мәліметтер кіретін кітаптың паспортын жазып алу керек: автордың фамилиясы және аты, кітап атауы, орны, шығарылу жылы, бет саны.

Қарапайым жоспар – берілген деректерде баяндалған нақты және жүйелі сұрақтар тізімі.

Ашық жоспар - үлкен нақтылаумен ерекшеленеді; әр бір сұраққа қысқаша мазмұндау береді.

Көшірме - мәтіннен алынған нақты ұстаным. Оларды жасағанда міндетті түрде беттерге сілтеу қояды және тырнақша ішіне алады.

Тезис - оқылған материалдың негізгісін қысқартып, қысып түйіндіру.

Белгілер – оқылғаннан шығатын өзіндік ойлар, әсер немесе ескерту.

Конспект – байланысқан, қысылған және тізбектелген өз сөзімен баяндалатын мәтіннің маңызды мазмұны. Конспектте жоспар да, көшірме де, тезистер де қолданылады.

Семинарға дайындалу барысында реферат жазу тәсілі кең қолданылады. Оның жалпыланған құрылымы келесі түрде беріледі:


  1. Кіріспе

  2. Негізгі бөлім.

  3. Қорытынды.

  4. Әдебиеттер тізімі.

Кіріспеде зерттеудің міндеттері және әдістері, берілген тақырып бойынша қысқаша әдебиеттерді талдау беріледі. Негізгі бөлімде әдебиет талдау және берілген жұмыстар негізінде қойылған мақсаты ашылады. Қорытынды бөлімінде жұмыс қорытындысында қысқаша негізделген жиын келтіріледі. Реферат көлемі педагогпен анықталады.

Бақылау сұрақтары

  1. Семинар қандай мақсатты көздейді?

  2. Педагогиканы оқыту әдістемесінде семинардың алатын орны қандай?

  3. Семинардың артықшылықтары мен кемшіліктері неде?

  4. Семинар сабағын өткізудің негізгі әдістемелік талаптары қандай?

Нұсқаулық: Педагогиканы оқытатын оқытушының семнар сабағына қатысып, семинар әдісінің ерекшеліктерін анықтаңыздар. Бір тақырыпты таңдап алып, сол бойынша семинар сабағының жоспарын құрыңыздар. Талқыланатын сұрақтарды дайындаңыздар.

Әдебиет

  1. Бабанский Ю.К, Ильина Т.А, Жантекеева З.У. Педагогика высшей школы.Алматы, 1989.

  2. Бұзаубақова Қ.Ж. Педагогикалық тренинг жеке тұлғаны дамыту құралы ретінде Алматы, 2006

  3. Савин И.В. Методика преподавания педагогики. Москва. Просвещение, 1987.

  4. Ситаров В.В. Дидактика. Москва, 2002


5-тақырып. Педагогика бойынша практикалық сабақтарды дайындау мен өткізудің әдістемесі (1 сағат)

Мақсаты: Педагогика бойынша практикалық сабақтарды дайындау мен өткізудің әдістемесін меңгеру.

Негізгі теориялық қағидалар. Педагогика бойынша практикалық сабақтар алуан түрде жүргізіледі: дәстүрлі және жаңа. Тәжірибелік сабақтарды ұйымдастырудың қазіргі әдістері көп: іскерлік ойындар, пікіралмасулар, пікірталастар, ми шабуылдары, жобалау әдісі т.б. Дәстүрлі сабақ алдын-ала белгіленген сабақ жоспары бойынша өткізіледі. Жеке сабақтардың жоспары - әрбір мұғалімнің жеке сабақ құжаты. Ол мұғалімнің тақырып жөнінде алдын-ала қандай жұмыс жүргізетіндігімен анықталады. Сондықтан тиімді жасалған жоспар - тиімді өткен сабақ болып табылады.

Қазіргі кезде мектеп тәжірибесінде қалыптасқан мұғалімнің жеке жоспарының үлгісі төмендегідей:



    1. Оқу бағдарламасының берілген тарауы бойынша сабақтың күні мен реттік саны анықталады.

    2. Сабақтың тақырыбы.

    3. Сабақтың мақсаты.

    4. Сабақтың құрылымы немесе дидактикалық кезеңдері.

    5. Сабақтың мазмүны.

    6. Оқыту әдіс-тәсілдері.

    7. Сабақ құралдары.

    8. Үй тапсырмасы.

    9. Қорытынды, сабақтың аяқталуы.

Сабақтың анағұрлым негізгі бөлігі — оның төртінші және бесінші кезеңі болып табылады.

Сабақтың әрбір құрамды буынына немесе дидактикалық элементтеріне мұғалімнің жұмсайтын уақытын көрсетудің мәні зор. Содан кейін барып оның қалған буындары мен мазмұны ашып көрсетіледі. Сабақты былай жоспарлау мұғалімге сабақ барысын нәтижелі ұйымдастыруға қолайлы жағдай туғызады.

Одан әрі қарай оқушылардың тәжірибелік жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдері қарастырылады. Оқыту әдістерін қолдану нақты атап көрсетіледі.

Содан кейін сабақта қолданылатын әр түрлі оқу құралдары (оқу-әдістемелік кітаптар, көмекші оқу құралдары т.б.) және оны пайдалану әдістемесі көрсетіледі. Сабақтың соңғы буыны - үй тапсырмасын беру.



Бақылау сұрақтары

  1. Практикалық сабақтың мақсаты неде?

  2. Педагогиканы оқыту әдістемесінде практикалық сабақтарды жүргізудің алатын орны қандай?

  3. Практикалық сабақтар қандай біліктер мен дағдыларды қалыптастырады?

  4. Практикалық сабақтарды өткізудің негізгі әдістемелік талаптары қандай?

Нұсқаулық: Педагогиканы оқытатын оқытушының практикалық сабағына қатысып, сабақ құрылымын анықтаңыз, оның әрбір құрамды буынын талдаңыздар. Бір тәжірибелік сабақтың жоспарын құрыңыздар. Төмендегідей мәселелерді ескеріңіз:

  1. Сабақтың мақсаты қандай?

  2. Оқушылар қандай жаңа білімдер алуы қажет және олар практика жүзінде нені үйренеді ?

  3. Сабақта айтылатын ойдың бастысы қайсысы?

  4. Бұл ойлар қандай жүйемен баяндалмақ?

  5. Олар қандай жолмен негізделмек?

  6. Қандай қорытындылар керек?

  7. Сабақта қандай әдістер және көрнекті құралдар пайдаланылмақ?

  8. Оқушылардың білімін тексеру үшін оларға қандай бақылау сүрақтарын беру керек ?

  9. Оқушылар алған білімдерін пысықтау және практикада қолдану мақсатында қандай жаттығулар беру керек ?

  10. Үй тапсырмасына нені беруге болады және оны қалай тапсыру керек.

Әдебиет

  1. Бабанский Ю.К, Ильина Т.А, Жантекеева З.У. Педагогика высшей школы.Алматы, 1989

  2. Бұзаубақова Қ.Ж. Педагогикалық тренинг жеке тұлғаны дамыту құралы ретінде Алматы, 2006

  3. Савин И.В. Методика преподавания педагогики. Москва. Просвещение, 1987.


6-тақырып. Модульдік оқыту (1 сағат)

Мақсаты: Педагогиканы модульдік оқыту технологиясын меңгеру.

Негізгі теориялық қағидалар. Модуль – оқу материалының логикалық аяқталған бөлігі. Ол міндетті түрде студенттердің білімдері мен біліктерін бақылаумен қатар жүреді. Модульдерді қалыптастырудың негізі пәннің жұмыс оқу бағдарламасы болып табылады. Модульдердің саны пәннің ерекшеліктеріне, сондай-ақ оқытуды бақылаудың қалаулы жиілігіне тәуелді. Модульдік оқыту бақылаудың рейтингтік жүйесімен тығыз байланысты. Модуль неғұрлым ірі және маңызды болса, соғұрлым оған берілетін балдардың саны көп болады. Модуль бойынша бақылау әдетте семестрде 3-4 рет өткізіледі, оған курс бойынша сынақ және емтихан кіреді.

Модуль танымдық және оқу-кәсіби бөліктерден тұрады. Біріншісі теориялық білімдерді қалыптастырады, екіншісі – алынған білім негізіндегі кәсіби біліктер мен дағдыларды. Модульдің теориялық және практикалық бөлімдерінің арақатынастық үлесі оңтайлы болуы тиіс. Оқу курсын модульдерге бөліп оқытудың негізіне жүйелілік принципі салынады. Бұл принцип төмендегілерді талап етеді:

  • мазмұнның жүйелілігін, яғни онсыз жалпы пән немесе оның кез келген модулі бола алмайтын қажетті және жеткілікті білімді (тезаурус);

  • кәсіби-танымдық біліктер мен дағдыларды қалыптастыру алгоритмін қамтитын модульдің танымдық және оқу-кәсіби бөліктерінің кезектесуін;

  • әрбір модульді аяқтайтын бақылаудың жүйелілігін.

Бақылау сұрақтары

  1. Модуль деген не?

  2. Модульдің негізгі бөліктерін сипаттаңыздар.

  3. Модульдік оқытудың негізінде қандай принцип жатыр?

Нұсқаулық: Педагогика курсын модульдерге бөліңіздер, әрбір модульдің теориялық және практикалық бөліктерін қарастырыңыздар, оның әрқайсысының мазмұнын анықтаңыздар. Рейтингтік бақылау жүйесіне сәйкес бақылау балдарын бөліңіздер. Ағымдық, аралық, қорытынды бақылау түрлерін белгілеңіз.

Әдебиет

  1. Бабанский Ю.К, Ильина Т.А, Жантекеева З.У. Педагогика высшей школы.Алматы, 1989.

  2. Бұзаубақова Қ.Ж. Педагогикалық тренинг жеке тұлғаны дамыту құралы ретінде Алматы, 2006.

  3. Чошанов М.А. Гибкая технология проблемно-модульного обучение. Москва, 1996.

  4. Педагогика и психология высшей школы: Учебное пособие. - Ростов н/Д: Феникс, 2002. - 544 с.


7-тақырып. Тесттік бақылауды ұйымдастыру және жүргізу (1 сағат)

Мақсаты: Тест тапсырмаларын оларға қойылатын талаптарға сәйкес құруды үйрену.

Негізгі теориялық қағидалар. Тестілеу. Тестілеудің екі түрі бар:

  • ғылыми;

  • тұрмыстық, тәжірибелік (оқу процесінде қолданылатын).

Батыс елдерінде тесттік бақылаудың даму деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым жоғары оқу орнының рейтингі жоғары. Тестілеудің орталығы Нидерланды болып есептеледі. Одан кейін Жапония, Австралия, АҚШ келеді..

Тест – ғылыми критерийлер негізінде қандай да болсын бір мақсатпен педагогикалық өлшеуді іске асыруда қолданылатын тапсырмалардың жиынтығы.

Тесттік бақылаудың мақсаттары:

  • жалпылама – оқыту сапасын арттыру;

  • нақты мақсаттар.

Тестілеудің бірліктері тест тапсырмалары болып табылады. Тест тапсырмасы – бірқатар талаптады қанағаттандыратын тұжырым немесе әлдеқандай белгісіздігі бар сөйлем түрінде ұсынылған бақылау материалының бірлігі. Тест тапсырмасы – тексерістен өткізіліп, бағаланған тесттік формадағы тапсырма.

Тест тапсырмаларының негізгі формалары

1. Жабық форма.

Тапсырма негізгі бөлімнен және құрастырушы тұжырымдаған жауаптардан тұрады. Нұсқаулық дұрыс жауаптың нөмірін немесе нөмірлерін (дұрыс жауап бірнеше болған жағдайда) белгілеуді ұйғарады.


Жабық формадағы тест тапсырамсына қойылатын талаптар

1. Стандартты нұсқаулық.

2. Тапсырмалардың дұрыстыққа ұқсас болуының біркелкілігі.

3. Мәтіннің толық анықтығы (бір мағынада түсінілуі).

4. Мүмкінінше қысқа болуы (5-6 сөз).

5. Құрылуының стильдік қарапайымдылығы.

6. Тапсырмасындағы сөз саны жауабынан көп болуы тиіс.

7. Дұрыс жауаптар мен дұрыс емес жауаптардың ұзындығы бірдей болуы керек.

8. Дұрыс жауапты таңдауға ітермелейтін сөздік ассоциациялардың болмағаны жөн.

9. Артық сөздер болмауы керек (мысалы, мыналар сияқты: берілген суретте, келтірілген мысалдардан).

10.Жауаптарда бір сөз қайталанбағаны дұрыс:

- семинар сабағы;

- тәжірибелік сабақ;

- дәріс сабағы.

2. Ашық форма. Жауабын студент өзі тұжырымдайды. Мұндай тапсырмаларды ағымдық бақылауда қолдануға қолайлы. Оларға берілетін нұсқаулық «Толықтырыңыз...».

Ашық формадағы тест тапсырамсына қойылатын талаптар

1. Толықтырушы сөз сөйлемнің соңында тұрады.

2. Ол жалғыз болғаны жөн.

3. Сызықтардың ұзындығы бірдей болғаны абзал. Мысалы:

Қазақ тіліндегі алғаш «Педагогика» оқулығын жазған ____________.

3. Сәйкестікті анықтауға арналған тапсырмалар.

Тапсырма екі көптіктен тұрады, бірінші бағанадағы сөздер – таңдау үшін, екінші бағанадағы – жауап үшін. Оң жақтағы бағанадағы сөздердің саны сол жақтағынан 1-2 элементке артық болуы керек. Нұсқаулық – сәйкестікті орнату.

4. Дұрыс бірізділікті орнатуға арналған тапсырмалар. Нұсқаулық – дұрыс бірізділікті орнату.

Бақылау сұрақтары

  1. Тестілеудің мақсаты неде?

  2. Тест тапсырамларының түрлерін сипаттаңыздар?

  3. Тест тапсырмаларын түрлеріне сәйкес қандай бақылау кезінде қолданған дұрыс?

  4. Тестілеудің артықшылығы мен кемшіліктері.

Нұсқаулық: Ағымдық, аралық, қорытынды бақылауға арналған тест тапсырмаларын топтастырып құрыңыздар. Тест тапсырмаларына қойылатын талаптарды ескеріңіздер.

Әдебиет

  1. Аванесов В.С. Основы педагогической теории измерений // Педагогические измерения, №1, 2004.

  2. http://testolog.narod.ru


8-тақырып. Педагогика курсында білім беру жүйесін басқару мәселелерін зерттеу әдістемесі (1 сағат)

Мақсаты: Педагогика курсында білім беру жүйесін басқару мәселелерін талдау және пысықтау.

Негізгі теориялық қағидалар. Сабаққа қойылатын дидактикалық талаптар жүйесі

  1. Сабақтың мақсаты айқын, мазмұны, жоспары және оның құрылымы алдын-ала белгілі болуы тиіс.

  2. Сабақ оқыту принциптерінің ережелері мен талаптарына сәйкес болуы қажет.

  3. Сабақтың ғылыми мазмүны оқушылардың жас және дара ерекшеліктеріне сай ұғынымды, түсінікті болуы керек. Сондай-ақ сабақта оқушылардың бойында біліктер мен дағдыларды қалыптастыру міндеті жүзеге асырылуы тиіс.

  4. Сабақтың мазмұны оқытатын пәннің бағдарламасына сәйкес болуы және әрбір сабақ басқа сабақтар жүйесінің буыны болуы міндетті нәрсе.

  5. Сабақта оқушылардың білімге ынтасы мен қызығуын арттыру үшін сабақтың құрылымы мен әдістерін түрлендіріп, көрнекі және техникалық құралдарды, түрлі ойындарды тиімді қолдану керек. «Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы
    керек», - деп Ж. Аймауытов жайдан-жай айтпағанын ескеру керек.


  6. Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру үшін проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауға басшылық ету қажет.

  7. Сабақтың сапасын жақсарту үшін мұғалім оқушылармен қарым-қатынас жасау шеберлігін арттырып отыруы керек. Педагогикалық қарым-қатынас мұғалімге оқушылармен рухани байланыс жасауға мүмкіндік береді. Білім арқылы қарым-қатынас жасау және қарым-қатынас
    арқылы білім алу керек деген қағиданы іске асыру пайдалы.


  8. Сабақта оқушыларға білім берумен қатар оларды өздігінен білім алудың әдіс-тәсілдеріне үйрету міндет.

  9. Сабақ оқытудың білім беру, тәрбиелеу және дамыту қызметін біртұтастық принципіне сай жүргізу тиіс.

  10. Сабақтың дидактикалық құрылымы немесе кезеңдері бірізділікте, бір-бірімен өзара байланыста, бірін-бірі толықтырып тұрулары қажет.

  11. Сабаққа дайындалу және оны өткізу барысында мұғалімнің сыныптағы, мектептегі нақтылы жағдайды (оқу кабинетінің жабдықталуы, оқу-техникалық, көрнекілік құралдарының нақты қолда болуы, тұрғылықты жердегі табиғат, өндіріс ресурстарын пайдалану т.с.с) ескеріп отыруы шарт.

Бақылау сұрақтары

  1. Сабақтың мақсаты мен мазмұнына қандай талап қойылады?

  2. «Баланың ынтасын арттыру үшін оқытылатын нәрседе бір жаңалық болуы керек», - деген Ж. Аймауытовтың сөзінің мәнін ашып беріңіздер.

  3. Сабақта оқушыларға өздігінен білім алудың әдіс-тәсілдеріне үйретудің жолдары қандай? Осыған орай өз ұсыныстарыңызды жасаңыздар.

Нұсқаулық: Педагогиканы оқытатын оқытушының бір сабағына қатысып, сабақ құрылымын анықтаңыз, оның әрбір құрамды буынын талдаңыздар. Сабақта оқушылардың белсенділігін арттыру мұғалім қандай проблемалық ситуациялар туғызып, проблемалық міндеттер мен тапсырмаларды орындауды ұсынды? Сабақтың үш тарапты қызметін қалай ұштастырды? Педагог оқушылармен қарым-қатынас орнатуда басшылық ету қызметін қалай жүзеге асырды? Осы тақырыпқа байланысты өз ұсыныстарыңызды жасаңыздар

Әдебиет

  1. Бабанский Ю.К, Ильина Т.А, Жантекеева З.У. Педагогика высшей школы.Алматы, 1989

  2. Бұзаубақова Қ.Ж. Педагогикалық тренинг жеке тұлғаны дамыту құралы ретінде Алматы, 2006

  3. Хмель Н.Д. Біртұтас педагогикалық процесті жүзеге асырудың теориясы мен технологиясы. Алматы, 2005.

  4. Хмель Н.Д. Теоретические основы профессиональной подготовки
    учителя. Алматы, 1998


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет