2. Табиғат жағдайы. Үндістан жер көлемі және халқының саны жөнінен өте ерте уақыттардың өзінде-ақ қазіргісі сияқты Азия елдерінің ішіндегі ең ірілеріне жататын. Табиғаттың өзі оны биік таулармен сыртқы әлемнен бөліп тастап, өге елдермен және халықтармен байланыстарын қиындатып қойған еді. Ол оңтүстікке, оңтүстік-батыста және оңтүстік-шығыста Үнді мұхиты, Аравия теңізі және Бенгал шығанағының суларымен ұласып жатыр. Солтүстігінде дүние жүзіндегі ең заңғар биік Гималай тауларымен шектесті. Үндістанды батысында Ираннан және шығысында Үндіқытайдан дәл Гималайдан өткел бермес биік болмаса да, айтарлықтай тау жаталары бөліп тұрады.
Үндістанның шексіз кең өлкесінен табиғаттың әр түрлі жағдайларын ұшырастыруға болады. Мол сулы өзен аңғарлары далалармен және шөл далалармен ауысып отырады. Солтүстіктің қар жамылған таулары мен оңтүстіктің тропикалық ормандары – бір-біріне қарама-қарсы құбылыстар. Ғасырлар бойында бұл елдің ауа райы өзгерістерге ұшырады да, бұл өсімдіктер және жануарлар дүниесіне ықпал етті. Көп жерлерде ауа райы жылдан-жылға құрғай берді. Ежелгі уақыттарда ну орман қазіргідей әлдеқайда көп алқапты алып жатты.
Үндістан адам өміріне қажетті табиғат байлықтарымен едәуір мөлшерде қамтамасыз етілген ел болғандықтан, шеттен әкелінетін азық-түлікке оншалықты мұқтаж болмды. Елдің жануарлар мен өсімдіктер дүниесі мейлінше бай және әр қилы еді. Мұнда ежелгі кездің өзінде-ақ бидай мен арпадан басқа күріш те өсірілетін, ол Батыс Азияға, Африка мен Европаға дәл осы Үндістаннан тарады. Батыс елдеріне Үндістаннан тараған өзге мәдени өсімдіктердің ішінен тамақтың дәмін келтіретін әр түрлі шөптерден басқа қант қамысы мен мақтаны атап өтуге болады. Ежелгі Үндістанда жергілікті мал тұқымдары қолға ұсталатын еді. Сондай-ақ Үндістанда тұңғыш рет пілдер қолға үйретіліп, негізінен соғыс мақсаттарына пайдаланылды. Александр македонский жорықтары кезінен бастап батыс халықтары да үнділерден айқас кезінде аса күшті соғыс пілдерін пайдалануды үйрене бастады.
Үндістанда әр түрлі бағалы шикізаттардың таусылмас көздері мол еді. Осының өзі шаруашылықтың едәуір дербес сипатта дамуына мүмкіндік берді, бірақ бұл мұнда басқа тайпалар мен ұлт топтарының өтуіне де, сыртқы саудадамуына да кедергі келтірген жоқ.
Екі ұлы өзеннің елге өзінің атын берген, бес саласы бар Үнді мен бірқатар салалары бар Гангтың аңғарлары ең ежелгі кездерден-ақ егіншілік аймақтары болып табылды. Елдің оң түстігіндегі Декхан түбегінде ауыл шаруашылығы кейінірек дамыды. Үнді аңғары мен жоғарғы Ганг алқабында суармалы егіншілік ерте дами бастады. Өзге жерлерде егіншілік жауын-шашынға тәуелді болды.
3. Халқы. Ежелгі үнді әдеби ескерткіштері, сондай-ақ антик заман авторларының жазбалары ежелгі Үндістанның халқының тым тығыз орналасқан жайында хабар берді. Бұл деректерде адамдар саны әсірелей көрсетілгендігіне күмән жоқ.
Үндістан тұрғындарының этникалық құрамы ежелгі заманда әр қилы еді. Елдің ежелгі тұрғындары шамасы қазір кейбір аудандарда ғана сақталып отырған дравид тілінде, ал ішінара тіпті дравидтен де бұрынғы тілдерінде сөйлеген болуы керек. Б. э. Дейінгі ІІ мың жылдықта Үндістанда халықтардың үнді-европалық топтарының тілдерінде сөйлейтін тайпалар тарай бастады. Осы тілдер негізінде әдеби тіл қалыптасып, ол санскрит деген атқа ие болды. Бұл неғұрлым кейініректегі этникалық топтар бірқатар совет және шетел зерттеушілерінің пікірінше солтүстік-батыстан көшіп келген және өздерін арийлар деп атаған. Бұл этникалық атау кейінірек «асыл текті» деген мағынаға ие болады, өйткені бұл жерлерді басып алушылар бағындырылған жергілікті халыққа биіктен қараған және өздерін артықпыз деп санаған. Алайда қандайда болмасын этникалық топтың артықшылығы жайлы айтып жату қажетсіз. Олардың хал ахуалы әр түрлі тарихи кезеңдердегі дамудың нақты жағдайларына байланысты болып отырды.