Мектеп бала дамуын жүйелі қалыптастырып отыратын негізгі орын. Жалпы білім беретін мектептің алғашқы сыныбына келген балалар оқу жүйесінде айтарлықтай қиындықтарды бастан өткереді. Бала мектепке бірден бейімделмейді. Көптеген балалар оқудың алғашқы екі айында бейімделеді. Олар ұжымға тез қосылып кетеді, жаңа достар табады, үнемі көтеріңкі көңіл - күйде жүреді, мұғалім талаптарын қиындықсыз орындайды. Әрине, олар тәртіптің барлық талаптарын орындай қоюы қиын, бірақ қазан айының соңына қарай мұндай балалар жаңа оқушы дәрежесіне, жаңа талаптарға, жаңа күн тәртібіне тез үйреніседі. Ал кейбір балалардың мектепке бейімделуіне біраз уақыт қажет. Бұл көбінесе отбасындағы жалғыз бала немесе балабақшада болмаған, ата - анамен қарым – қатынас жеткіліксіз балаларда кездеседі. Баланың мектепке бейімделу нышандарын мынадан байқауға болады:
- біріншіден - баланың оқу үдерісіне қанағаттануы. Оған мектепке барған ұнайды, ол өзіне сенімсіздік танытпайды және қорықпайды.
- екіншіден - баланың оқу тапсырмаларын өз бетімен орындау деңгейі, тапсырманы өзі орындай алмаса, үлкендерден көмек сұрауы.
- үшіншіден - баланың мектептегі ортаға толығымен қосылуының ең маңызды нышандарының бірі оның сыныптастарымен, мұғаліммен тұлғааралық қарым - қатынас жасаудағы қанағаттануы болып табылады. Осы кезеңде бірінші сынып оқушысы белсенді түрде қарым - қатыпас жасайды, балалар ортасынан өз орнын іздейді, басқа балалармен серіктесуге үйренеді және өзіне көмектесуге қарсы болмайды. Сонымен, баланың оқуға табысты бейімделу мәселесі көбінесе мектеп пен отбасының өзара ынтымақтасуына байланысты.
Мектепке бейімделу деген не, соның басын ашып алайық. Психологияда бұл термин баланың ойлауы мен іс - әрекеті оның мектеп ортасына үйлесімді «сәйкестенуіне» мүмкіндік беретіндей өзгеруі деп түсіндіріледі, яғни:
1. бала өзінің « істегім келедісін» мектептің «істеу керегіне» сәйкес келтіруі керек;
2. тапсырмаларды (кейде балаға онша қызықты емес) өз бетімен орындауға үйренуі керек;
3. мектеп тәртібін сақтауға, онымен есептесуге, өзінің тәртібімен басқа балаларға кедергі келтірмеуге және мұғалімдерге кедергі болмауға үйренуі керек;
4. достық қарым - қатынас орнатып, оны ұстануға, басқа баланың ұнауына не ұнамауына қарамастан онымен тіл табысуға, тым болмаса қарым - қатынас жасауға үйренуі керек;
5. мектептегі оқуы – оның «жұмысы» екенін, оқушы болу - өте маңызды екенін түсінуі керек!
Әдетте мектепке бейімделудің 4 деңгейі болады: жоғары, орта, төмен және өте төмен.
Бейімделуі жоғары деңгейдегі бала мектепті жақсы көреді, оқушы болғанына қуанышты. Ол үшін оқу жеңіл, жаңа білімді қызығушылықпен қабылдайды және айналасындағылармен қуана бөліседі, тапсырманы мектепте де, үйде де ынтамен орындайды ( сырттай бақылау жасамай - ақ және қысым көрсетпей - ақ), сабақта мұғалімді ынтасымен тыңдайды, өзі белсенділік танытып «бағдарламадан тыс» бір нәрсе істеуге не жаттауға қабілетті, «қоғамдық тапсырмаларды» абыроймен орындайды, сыныптастарымен оңай тіл табысады.
Бейімделуі орта деңгейдегі бала да мектепке баруға қарсы емес, сабақтарға да кет әрі емес, сыныптастарымен және мұғалімдермен жақсы қарым - қатынаста, сабақта берілген материалды меңгеруге қабілетті, бірақ мектепте де, үйде де ересектердің бақылауында, солардың бұйрығымен ғана жұмыс істеуді қалайды. Өз бетімен жұмыс мұндай балаларда «жүрмейді». Мектепте бұл балаға білім емес, оқушы дәрежесі маңыздырақ, сондықтан оны жаңаны меңгеру емес, «бәрін ереже бойынша істеу» қызықтырады. Қызықты болған нәрселерді – жақсы орындайды – егер бір нәрсе шықпай қалса не «көңілсіз» болса – оқу процесі тоқырауға ұшырайды және тек ересектердің көмегімен ғана алға жылжиды. Бір сөзбен, мұндай балаларға үздіксіз бақылау қажет, білім алуға құлшыныс білдірмейді, тікелей мүддесіне қажет емес істерді өз бетімен істеуі нашар дамыған. Мұндай бірінші сынып баласына үйде қарап, сабақ қарауы бірнеше сағатқа созылып кетпеуін қадағаласа, ал мектепте мұғалімнен «балаға аса көңіл бөлуді» өтінсе (жұмыс істеуге ынталандыру үшін) – бәрі де жақсы болады.