Әл-Фараби атындағы ҚазҰу жоо-ға дейінгі білім беру факультеті жоо-ға дейінгі дайындық кафедрасы



Дата09.08.2017
өлшемі81,59 Kb.
#23081
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

ЖОО-ға дейінгі білім беру факультеті

ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасы

ф.ғ.к., аға оқытушы Тастемирова Г.А.,

аға оқытушы Тилеужанова Г.Т.,

аға оқытушы Сапаева Г.Е.
ҚАЗАҚ ТІЛІН АУҒАН ТЫҢДАУШЫЛАРЫНА ҮЙРЕТУДЕГІ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕР

Қазақстан Республикасы көршілес елдермен, тарихи тамыры бір туысқан халықтармен ежелгі қарым-қатынастары мен байланыстарын жаңғыртуға да ерекше назар аударып келеді. Алыс және жақын көрші мемлекеттермен жасалатын ресми халықаралық қарым-қатынастармен қатар елдерді жақындастыратын өнер, мәдениет, білім беру салаларындағы ынтымақтастық байланыстардың маңызы зор.



Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы байланыстар жылдан жылға дамып келеді. Екі ел арасындағы мәдени байланыстар саяси және экономикалық ынтымақтастық қатынастардың құрамдас бөлік ретінде он жылдан астам уақыт ішінде әр салада нақты нәтижелерге ие болды. Соның бірі ҚР Үкіметінің 2009 жылдың 13 қарашадағы №1829 қаулысымен мақұлданған «Қазақстан Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімі 2010 жылдан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетіне 650 тыңдаушы қабылданып, бүгінгі таңда Қазақстандағы жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру салалары бойынша колледждерде білімін жалғастыруда.

Ауғанстанның Солтүстік аймағында орналасқан Қандағар, Гильманд, Хост, Нангархар, Пактия облыстарында пушту ұлттарының көп қоныстанғандығына байланысты тұрғындар пушту тілінде, ал Шұбырған, Балх, Фарияб облыстарында өзбек ұлттары көп орналасқандықтан мектепті өзбек тілінде оқиды. Жоғары оқу орындарында білімді дари тілінде алады. 2010-2015 жылдар аралығында ауғанстандық студенттер 2 айда қазақ тілін 3.5 айда орыс тілін күн көріс деңгейде меңгере алатынын белгілі болды. Негізінде Ауғанстан Ислам Республикасынан келген тыңдаушылардың басым көпшілігі – пушту, тәжік, хазар, өзбек ұлттары болып келеді. Ауғанстан Республикасының ресми тілі пушту және дари тілі болып саналады. Жазуда араб-парсы алфавитін қолданады. Сондай-ақ, Ауғанстанда парсы тілінің варианты болып табылатын дари тілінде тұрғындардың басым көпшілігі сөйлейді.

Ауғанстан Ислам Республикасынан келген шетелдік азаматтардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде білім алуда. Ауғанстан мемлекетінен келген азаматтар полиглот немесе билингвист болып келеді. Олардың осындай тұлғалық ерекшеліктері қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту үдерісін қарқынды түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауғанстандық азаматтардың бәрі ұлттарына қарамастан мемлекеттік тіліндерінде (екі тілде: пуштун, дари тілдерінде) – соның ішінде дари тілінде еркін сөйлейтіндігіне қазақ тілі мамандары басты назар аударамыз. Қазақ- парсы тілдерінде 1 мың немесе 1 жарым мыңдай (барлығы 3 мыңдай сөз) ортақ сөздер белсенді тілдік қолданыста жүреді. «Араб, иран тілдерінен сөз ену орта ғасырлар деп шамаланады.

Дайындық бөлімінде ауған тыңдаушыларына алғашқы алты апта бойы қазақ тілі сабағы болады. Ауған тыңдаушыларымен түсінісетін ортақ, дәнекер тіл болмағандықтан, сабақ барысында біз тек ана тілімізде сөйлейміз. Қазіргі қазақ тілінде шамамен он бес мыңға жуық араб-парсы сөздері бар. Бұл кірме араб, парсы сөздері біздің тілімізге оқу ағарту ісіне, астрономиялық ұғымдарға, үй-тұрмыс шаруашылығына, ислам дініне байланысты, саяси-әкімшілік бағытта енген. Бұдан басқа да жоғарыда аталған топтарға жатқызуға келмейтін, халықтың күнделікті сөйлеу тілінде, көркем әдебиетте кездесетін абстракты ұғымдарды білдіретін сөздер де жеткілікті.

Тілімізде араб, парсы сөздерінің молдығы ауған тыңдаушыларына қазақ тілін үйрету, түсіндіру кезінде дәнекер тіл болмаса да өзара түсініп, тілдесуімізге көмегін тигізді. Өйткені, араб, парсы тілдері Түркия, Пәкістан, Иран, Ауғанстан секілді елдерде кең тараған тілдердің қатарында.

Қазақ тілін өзгетілді дәрісханада оқыту бүгінде даму үстінде. Өзгетілді дәрісханада қазақ тілі сабағы тыңдау, оқу, жазу, сөйлеу, сөйлесу, грамматикалық ережелерді меңгерту сияқты бірнеше бөлімдерден тұрады. Ауған тыңдаушыларына қазақ тілін үйрету барысында ерекше көңіл бөліп, назар аударатын басты мәселе – қазақ тіл білімінің фонетика саласы. Алғашқы сабақтарда ауған тыңдаушыларына әліпбиді, әріп пен дыбыстың ережесін түсіндірген соң, дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке болып бөлінетінін айтамыз.

Тыңдаушылардың болашақта қазақ тілін толық игеруінде, қазақ тілінде сауатты жазуына дауысты дыбыстардың жуан және жіңішке түрлерін ажырата алуы маңызды рөл атқарады. Дауысты дыбыстардың жуан, жіңішке түрлерін жаттап, мысалдар ішінен ажырата алатын дәрежеге жеткен соң, дауысты дыбыстардың емлесіне назар аудартамыз. Мысалы,

«Ж, ш» мен «й» әріптерінің ортасындағы «а» әрпі «ә» болып айтылуы, бірақ «а» болып жазылуы шай, жай (шәй, жәй);

Араб, парсы сөздерінің соңындағы «а» әрпі «ә» болып естіледі, бірақ «а» болып жазылатындығы Жәмила, рәсуа (Жәмилә, рәсуа);



«О, ө, ұ, ү, ә» дыбыстарының буын талғайтындығы, олардың бірінші буында ғана жазылатындығы айтылады. Мысалы, ор, көрші, құлын, үлкен, әңгіме.

«Ы, і» дыбыстарының сөздің соңында жазылмайтындығы т.б.

Дауысты дыбыстардың емлесін толық игерген соң, тыңдаушыларының сауатты жазу дағдысы қалыптаса бастайды.

Қазақ тіліне араб-парсы сөздері тәжік, өзбек тілдері арқылы мынадай жолдармен енді:

1) шаруашылық, сауда қатынастары арқылы енген сөздер: айна, таға, базар, таба, ормал, перде, таразы, мақта, т.б.;

2) мәдени және ғылыми қарым-қатынастар арқылы, әсіресе, Фердоуси, Науаи, Омар Хаям, Хафиз шығармаларымен бірге енді.

Мәселен: мектеп, мереке, емтихан, ғылым, ғалым, пән, медресе, қағаз, қалам, мағлұмат, т.б.; 3) дінмен байланысты сөздер: шариғат, ораза, намаз, аруақ, ақырет, т.б. [1, 10].

Қазақ тіліне енген парсы сөздерінің парсы тіліне енген түркі сөздерінің ортақ тілдік қатынастағы қатысым аясын, олардың аспектісін айқындау барысында отандық шығыстанушы ғалымдардың еңбегіне жүгінеміз. Себебі, дари тілі - парсы тілімен туыстас тіл. «Әрине, бұл ретте парсы сөздері және сөз формалары қазақ тіліне қалай енген? деген сұрақ тууы мүмкін. Қазақ тіліне парсыдан енген сөздерге зер салып үңіле қараған адамға мұндай сұраққа жауап беру соншалықты қиынға соқпайды. Ол, біріншіден, тіл ерекшеліктерінен, екіншіден, халқымыздың басынан кешірген тарихи жағдайларына тығыз байланысты. Ишан, намаз, ораза, пайғамбар, құдай сияқты кейбір діни сөздер болмаса, қазақ тіліне енген парсы сөздері көбінесе шаруашылыққа, әсіресе, егін, су шаруашылығына, бау-бақшаға, сауда-саттық, құрылыс істеріне, тұрмыстық салт-сана, әдебиет пен өнерге байланысты болып келеді» [2, 4-5].

Бірақ бұл ортақ сөздердің екі тілдегі функциольдық–семантикалық қызметі бірдей емес. Сондықтан да біздің, тіл мамандары, тарапынан тіл үйренушілерге қазақ тілін үйрету барысында ең әуелі қазақ әріпнамасын үйретумен бірге параллельді түрде ортақ сөздермен қатар, меңгеруге жеңіл, ұғымға тез қонатын жаңа сөздер легін және күнкөрістік тілге өте қажет құрылымы оңай диалогтер ұсынылады. Амандасу мен қоштасудың қазақша әдебін және танысу диологінен бастаймыз. Содан соң қажеттілік модальдігін үйретуге, оны қажет болса – сұрай алуға, жөн сұрауға үйретеміз. Күнделікті қарым-қатынасқа өте қажетті және сауда-саттық жасауға керек диологтерді меңгертуге бағыттап сабақтарды ұйымдастырамын. Күнкөрістік тіл деңгейін үйрету барысында рөлдік ойындарды ұйымдастырамын. Рөлдік ойын сабақтары тіл үйренуші шетелдік азаматтарға дәрісханада алған теориялық білімін практикада тиімді пайдалануға көмектеседі.

Алғашқы деңгейде тілдің тек коммуникативтік функциясына бас назар аударылып, қарқынды курс осы бағытта ұйымдастырылады. Ал негізгі курста қазақ тілі сабағын ұйымдастыру барысында тіл үйренушінің білімге деген рухани талаптары мен сұраныстарын қанағаттандыруға және олардың жеке тұлғалық қабілеттеріне бейімдей отыра, қазақ тілін – қарым-қатынастың құралы ретіндегі қызметін басқа пәндермен интеграциялық жүйеде ұштастыра жүргізіледі.

Қазақ тілінің лексикасын түсіндірудің де өзіндік ерекшеліктері бар. Лексикалық тақырыптардың бірі – қазақтың ұлы ақыны Абай шығармашылығын өткен кезде оны шығыстың жеті жұлдыздары Әбілқасым Фирдоуси, Рудаки, Физули, Омар Һәйям, Сағди Ширази, Хафиз Ширази, Әбдірахман Жәмилермен қатар салыстырып айтатын болсақ, ауған тыңдаушыларына түсінікті әрі қызықты болатындығы байқалды. Себебі, олар өздері жақсы білетін шығыс ақындары қазақ халқына жақсы таныс екендігін білген кезде олар да Абайды тереңірек білуге, түсінуге құмарта түседі. Абайдың ғылымға, өнерге, білімге, өмірге, дүниеге қатысты ойлары шығыс даналарының ойларымен тоғысып жататындығын мысалдармен салыстыра айсақ, олардың ой-өрісі кеңейе түсері сөзсіз. Абайдың: «Өнердің – өзі де мал, өнерді үйренбек – ихсан (еңбек)», «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз», «Надандық – ғылым-білімнің жоқтығы», «Бір ғылымнан басқаның, Кеселі көп асқанға», «Шәкіртсіз ғалым – тұл», «Адам баласын бауырым деу – жүректің ісі», «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», «Әуелде жас қартаймақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. Басқан із – көрген қызық, артта қалмақ, бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек» т.б. афоризмдерін Фирдоуси, Сағди, Омар Һәйям, Хафиздің өлең жолдарымен салыстыра түсіндіруге болады. (Мысалы, Фирдоусиде: «Өнер қымбат асыл тастан маржаннан, Өнердегі даналық жасалмаған арзаннан», «Патшалардың тәжісі – ақыл, Атақтылардың нақышы – ақыл», «Жамандық пен жақсылықты ақылдылар айырар, Әділ болып зұлымдықтан қашып жүріп айығар»; Рудакиде: «Қас қаққанша бәрі өтіп, бәрі кепкен, Ажал ғана бұрылмас алған беттен. Өмір – арқан тартылар түйінделіп, мерзім жетсе, шама жоқ, қысқа неткен» т.б.).

Сондай-ақ сабақ барысында лексикалық тақырыптың бірі – мақал-мәтелдерді түсіндіруде әрдайым өз елдеріндегі мақал-мәтелдермен салыстырып сұрап отыратын болсақ, оларға түсінікті әрі олардың ойларын дұрыс жеткізе білуге және сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тіл үйренушілердің қызығушылығын арттыруда мақал-мәтел үлгілерін пайдаланудың маңызы зор. Мақал-мәтелдер тыңдаушылардың сөздік қорын молайтуға, олардың мағынасын терең түсініп аша білуге үйретеді және де тәрбиелік мәні де аз емес. Сабақ барысында қазақ пен шығыс халықтарына ортақ көптеген мақал-мәтелдердің барлығына тыңдаушылардың өздері де көз жеткізеді. Бұған қазақтың «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» мақалына Фирдоусидің «Кім қазып қойса терең құдық, ойлансын өзі жайлы болса құлық» деген бәйітпен үндес келетінін айтсақ та жеткілікті.

Қорыта келгенде, қазақ тілін ауған тыңдаушыларына үйретудің өзіндік ерекшеліктері жеткілікті екендігін аңғардық. Тілдің фонетика, лексика, қай саласы болса да түсінік бере отырып, салыстыра оқыту тіл үйренушілердің сөздік қорын молайтып, оқу үдерісі қарқынын белсенді етуге септігін тигізеді деген ойдамыз. Қазақ тіліндегі сөздерді білу, еркін игеру, қажеттісін жаттап алу – студенттердің есте сақтау қабілетін арттырып, дайындық арқылы немесе дайындықсыз сөйлей алуға әкелетіндігін жоққа шығара алмаймыз.



Қазақ тілі пәнінің басты мақсаты – шетелдік тыңдаушыға қазақ тілінде сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, теориялық білімін практикада бекіту болып табылады. Ал дағдының сапалы болуы - ұстаздың білім деңгейіне және педагогикалық шеберлігіне байланысты үдеріс. Қорыта айтқанда, тәжірибелі ұстаздың біліктілікпен, әртүрлі әдістемемен тиімді де тартымды ұйымдастыра білген әрбір сабағы тіл үйренушінің белсенділігі мен тілге деген қызығушылығын, икемділік дағдысын, алғырлығын, шығармашылық қабілетін арттыра түседі.
Әдебиеттер

  1. Оңдасынов Н. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1974. – Б. 4-

  2. Рүстемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб парсы кірме сөздері. 1982.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет