Ел үшін туылған Есенберлин!
Әмірбек Айнұр Еcбатырқызы
ЭЭ-12-2 тобының студенті
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің кезекті сөзінде «2015 жыл - Қазақ хандығының 550 жылдығы» деп барша қазақ халқына жария еткен болатын. Міне, сол 2015 жыда келіп қалды. Тәуелсіздігімізге биыл 24 жыл толғалы отыр. Егемен ел атанғалы бері қазақ хандығының мерейтойы алғаш рет аталып өтпек. Еліміз үшін бұл тарихта қалатын ең маңызды мереке болмақ.Бүгінгі таңда ел арасында «қазақ мемлекеттілігі қай дәуірден басталады?», «қазақ хандығы қашан құрылды?» немесе “қазақ хандығының құрылғанына қанша жыл?” деген сұрақтар көптің көкейіндегі сұрақтардың біріне айналды. Сол сұрақтарға жауап іздеп, еліміздің тарихының ірге тасын қалаған азаматтарын халқымыз біле бере ме?!
Қазақ қаламгерлері арасында ұлт тарихына қатысты алғаш болып өшпес туындылар жазып қалдырған І.Есенберлин Кеңес Одағы кезінде қазақтың тарихи санасының оянуына өлшеусіз үлес қоса білді. Жалпы Қазақ хандығының тарихы соңғы 30-40 жылда Ілияс Есенберлиннің есімімен байланысты аталып келді. Өйткені Кеңес кезінде, тарихты шынайы жазуға мүмкіндік болмаған кезде, Ілияс Есенберлин көркем шығармамен болса да ұлттың өткенін тарих қойнауынан шығарып берген тұлғалардың бірі болды.
Қазақстан республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман жазған жазушылардың бірі Ілияс Есенберлиннің қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы», т.б. романдары тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, соны серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар еді.
Ол — қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарих тамырына қан жүгіртіп, тұншыққан сананы қапастан шығаруға жол салған, ұлт рухын тірілткен жазушы ретінде қазақ әдебиетінің тарихында оқшау орны бар тұлға. Ілияс Есенберлиннің алты кітаптан тұратын тарихи эпопеясы сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихты көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі болып қала бермек. Тарихи тақырып арқылы бүгінгі күнге, қазіргі дәуірге қатысты идеялар айтылатынын естен шығаруға болмайды.
Тарихи шығарма сол өткен заманның әлеуметтік-эстетикалық реконструкциясы ғана емес, онда бүгінгі уақыттың да философиялық концепциясы жатады. Тарихи шығармалардың өмір танытқыштық мәнін айтқан кезде, онда бүгінгі рухани тіршілігімізге қатысты көп мәселелер қамтылатынын ескеру керек. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда» романдарын өткенді айта отырып оны қазіргі өмір құбылыстарына байланыстыра білу — көркем шығарманың эстетикалық актуальдығын арттыратын көркемдік фактор екенін дәлелдейтін, уақыт рухы көрінетін, жаңа концепция әкелген шығармалар деуге болады.
Қазақ тарихының соңғы бірнеше ондаған жылы түн-түнекті, меңіреу күй кешіп, өзге халық тарихының қосағында болғаны кім-кімге де белгілі. Мұның өзі қаншама буын ұрпақтың жандүниесіне әсер етіп, дүниетанымына салқынын тигізді, акыл-парасаты аяқ асты болды. Осы тұрғыдан келгенде жеке жазушының ғана емес, бүкіл казақ әдебиетінің тарихында әлеуметтік терең мәнді туынды болып қалған«Көшпенділер» трилогиясында Шыңғыс әулеті билеп тұрған дәуірлердегі ұлт тарихына тереңдеп еніп қадам жасауы қазақ әдебиеті мен көркемдік әлеміне алғаш рет Ілияс Есенберлин әкелген жаңалық пен батылдық еді.
Автордың аса зор зерттеушілік жұмыс жүргізуінің нәтижесінде беймәлім, тың материалды оқырман игілігіне айналдырудың жарқын көрінісі болған «Көшпенділер» трилогиясының кезінде танымдық жағынан да ерекше жүк арқалағаны көпшілікке белгілі. Рас, ғалымның міндетінен гөрі міндеті ауқымды, кеңірек болып келетін жазушы үшін ақпараттық қана қызмет атқаратын материал суреткер жұмысының алғашқы бастамасы ғана. Тың, жаңа дерек, көпшілікке беймәлім материал негізінде қаламгердің ой сүзгісінен өтіп қорытылған оқиғаларға құрылған трилогияда жан-жақты камтылған адамгершілік мәселелері көрініс тауып, өткен дәуір шындығы бүгінгі заман сипатымен сабақтастырыла суреттеледі. Сақтандыру мен ескерту идеясы бой көрсетіледі.
Қазақ хандығының 550 жылдығына орай еліміздің баспасөз өкілдері қомақты қаражат көлемінде Ілияс Есенберлиннің "Көшпенділер" трилогиясын басып шығаруға үкім беруі "Көшпенділер" эпопеясының қазақ халқының тарихының көзі екенінің дәлелі емес пе?!«Көшпенділер» трилогиясы — партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма.
Ұлт тарихына, тіліне тұсау салынған кезеңде Қазақ хандығы туралы айтулы еңбекте қамтылған деректер тереңнен бастау алатын халқымыздың тарихының айбынын асырғаны жасырын емес. Ол кезде мұндай шығарманы жазбақ тұрмақ, қазақ халқының ертеректе өмір сүрген артында мол мұра қалдырған, елім деп еңіреген, ел үшін, жер үшін мерт болған батырлардың, хандардың, шешендердің атын атаудың өзі, олар жөнінде әңгіме қозғаудың өзі қиын еді, қауіпті еді. Ал Ілияс Есенберлин осының бәрін біле тұрып қазақ халқының өткен тарихын бейнелейтін, тарихтан мол мағлұмат беретін бір кітап емес, бірнеше роман жазып, оқырманға ұсыну жай ерлік қана емес, талантты жазушының саяси жеңісі еді.«Көшпенділер» қазақ халқының, ұлттық тарихының бастау көзі беріде емес, әріде жатқандығына жөн сілтеді. Бүкіл бір халықтың өмір-тарихы ұмытылып бара жатқандығын еске сала отырып, оған кінәлі — коммунистік саясат екендігін ашып айтпаса да, өмір ағысы басқа арнамен ағып бара жатқандығын, тарих беттері бұрмаланғандығын көркем тілмен бейнелеп берді.
Ілияс Есенберлин - қазақ әдебиетінде өз алдына жеке тарихи мектептің негізін қалаған ұлы тұлға. Есенберлиннің есімі күллі қазақ тарихымен байланысты, Есенберлиннің есімі - еліміздің кешегі болмысының қайнар көзі.
Халқымыздың тарихы, ауыз әдебиеті мен тарихи шығармалардың еліміздің болашағы үшін маңызы зор. Еліміз үшін аянбай еңбек етіп, кешегі тарихымыз үшін отқа да күйіп сөнбеген батыр-жазушыларымызды мадақ етіп, олардың есімін асқақтату біздердің – жастардың қолында.
Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығы – Қазақ халқы үшін мәртебелі мереке болмақ. Ел болашағы – жалынды жастардың қолында деп аталарымыз бекер айтпаған болар. Ал сол жастарды тәрбиелеу, олардың жан дүниесін жадыратып, келешекте елін жерін қорғайтын, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар азамат ету – мемлекет қолында.Осы жайлы Ілияс Есенберлинде өзінің өлең-толғауында жырлап өтті.
Өмiрдiң мен де өзiңдей бiр қонағы,
Жерiне жеткен ұшып - құс қонады!
Естiдiм қастарымның сан жаласын,
Естiдiм достарымның сын-таласын.
Тiлегiм сенен жалғыз, жас ұрпағым,
Болғайда әдiлеттi көзқарасың!
Тудырған өз тұлғасын әрбiр дәуiр,
Жазылар бұдан да еңбек әлi тәуiр.
Есiңнен шығарма тек болашағым,
Түйенiң көшбастаған жүгi ауыр!
«Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» деп ,біз жастар, өз халқымыздың алтын қорынан нәр алып, сусындауға дағдылануымыз керек. Сөзімнің соңын Ілияс Есенберлинге арнаған өлеңімен аяқтағым келеді
Елім, Жерім дейтін тұлғалар –
Көп пе еді, аз ба кім айтар?!
Бүркітіндей көк Туымның қалықтаған
Есенберлин Ілияс деп мақтанам!
Біздер сіздің – ұрпағымыз, ұранымыз.
Жасай берсін мәңгі Отан анамыз!
Елім деген сіз секілді Ұланын,
Біз – жастар мақтан етіп тұтамыз!
Достарыңызбен бөлісу: |