Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ХХI ғасырдағы ұлттық сананың өзгеруі бүгінгі қоғам дамуының басты талабы екенін көрсете отырып, оны экономикалық, саяси, рухани дамудың өзегіне, қозғаушы күшіне айналдырудың маңыздылығын атап өткен. Заман талабына сай біртұтас ұлт болу үшін Елбасы рухани жаңғырудың әдістемелік ұстанымдары мен қағидаларын, дүниетанымдық бағыттары мен құндылықтарын саралай отырып, өз көзқарасын оқырман назарына ұсынған.
Елбасы «бүгінгі радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс. Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу он жылдықтың ұраны болуға жарайды» деген ойды алға тартады. Сонымен, прагматизм идеологиясы – қазақ қоғамының басты қозғаушы күштерінің бірі, дүниетанымымыздың негізі, іс-қимылымыз бен ұстанымдарымыздың, құндылықтарымыздың темірқазығы. Қысқаша айтқанда, рухани жаңғырудың бағыттарын айқындайтын өмір сүру философиясы. Ол бәсекелікке қабілеттіліктің де, білім сапасы мен салтанат құруын да, жаңа сана үлгісін де, өмір салтымыз бен адами қатынастарымызды, санамыздың ашықтығы мен өзгеру бағытымызды айқындайтын парадигмаға айналмақшы.
Жалпы, оқырманға түсінікті болу үшін, «прагматизм» ұғымына сәл үңілген артық болмас. Прагматизм термині – іс, іс-әрекет дегенді білдіреді. Кейіннен, ХIХ ғасырда, ол америкалық философ Чарльс Пирстің атымен тығыз байланысты болды. Прагматизмді таза АҚШ-тық философия деп түсінуге болады, ол күні бүгінге дейін АҚШ қоғамында ерекше ықпалға ие. Прагматизмнің басты қағидалары: ақиқатты тиімділік тұрғысынан мойындау, нақты тәжірибе бәрінен де маңызды, адам мақсат үшін өмір сүреді, адам бірдеңеге қол жеткізу үшін салыстырмалы білім де жеткілікті, ақиқаттың өлшемі практика, іс-әрекетте жетістікке жету үшін күмәнді еңсеріп, сенімге ие болу, адам ақиқаттан бұрын сенімге ұмтылу керек деген қағидаларды ұсынады.
АҚШ қоғамының табысты өмір салты негізінде өнімді, тиімді қозғалыс идеясы жатыр. Мұндай философияның өзгерістер кезеңінде дүниеге келетінін өмірдің өзі дәлелдеді. Өмірдің әрбір сәтіне сәйкес келу, өмір сүре білу үшін өзгере білу және соған сәйкес әрекет ету, оны ұлттың жиған тәжірибесімен ұштастыру практикалық философияның өзегі десек те болады. Елбасының прагматизм философиясына назар аударып отырғандығының басты себебі де осында болса керек. Мақалада, ұлттың рухани жаңғыруының күре тамыры прагматизм ұстанымдарының ұлт санасына сіңуімен тікелей байланысты екенін, ол үшін қанымызға сіңген, ментальдық болмысымыздың сипатына айналған кейбір дағдылардан арылу қажеттігі туралы ой айтылады. Солардың бірі – аста-төк ысырапшылдық, даңғойлық, астамшылдық. Әу баста, бұл қасиеттен нарық құтқарады, ұлтты үнемшіл болуға, байлықтың құны мен қадір-қасиетін бағалауға үйретеді деген ой-пікірдің де болғаны белгілі. Нарық заманының ширек ғасырын артқа тастасақ та, әлі сол ысырапшылдыққа жол берудеміз. Үнемдеуді үйрене алмай келеміз. Ысырапшылдық – жеке тұлға, ұжым, әлеуметтік топ, тіпті мемлекет деңгейінде көрініп отырғаны мәлім.
Біздің әлі де болса, еңбекті, байлықты бағалай алмай жүргеніміз байқалады. Келген байлық адал еңбектің нәтижесі болса, маңдай теріңмен келсе, мүмкін ойланған болар ма едік? Байлық шашуды емес, жинауды, еселеуді, үнемдеуді қалайды. Байлықтың иесі мен киесі болады. Біздегі байлықтардың иесі болғанмен, киесі жоқ. Киесіз байлық кетуге, шашылуға дайын тұрады. Абай сөзімен айтқанда, «иттікпен тапқан малды, адамшылықпен жұмсайтын» уақыт жеткен тәрізді. Бұл – бүгінгі байлықты ұқсату мен жаратудың формуласы. Оның менталдық негізіне жататын қасиеттер – надандық, мақтаншақтық, жалған бақталастық пен бәсекелестік, шектен шыққан тұтынушылық психология. Бұл жағымсыз қасиет жеке бастың деңгейінен асып, қоғамдық нормаға айналып бара жатқаны да белгілі. Рухани жаңғырудың менталдық кедергілері де осында.
Елбасының прагматизмнің жарқын үлгілерін бабаларымыздың өмір салтынан іздеп, оны бүгінгі өскелең ұрпақтың мінез-құлықтық негізі, іргетасы ретінде қалыптастыру, бүгінгі ұлттық идеологияның басты бағыттарының бірі екенін баса көрсетуі өте орынды. Ұлт менталитетінде өзіндік орны бар құндылықтардың бірі үнемшілдік, қанағатшылдық. Соңғысы астамшылдық пен ысырапшылыққа жол бермеудің тегеріштері, тосқауылдары. Кезінде Макс Вебер өзінің «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегінде ысырапшылдық пен астамшылдыққа жол бермеуді протестанттық этикадан іздегені белгілі. Еңбекқорлық, тәртіп адалдық, үнемшілдік кәсіпкерліктің рухани негізі ретінде қарастырылып, оларды протестантизм дінінің өркениеттік дамуға қосқан үлесі ретінде қарастырды. Адамдар бойындағы еңбекқорлық пен үнемшілдікті тек протестанттық діни этика қалыптастырды десек артық айтқан болармыз. Осындай астамшыл пиғылы үшін кезінде Макс Вебердің жоғарыда аталған еңбегін Люк Болтански, Эв. Кьяпелло, Хенрик Гроссман сынға алған болатын. Олай болса, еңбекқорлық, үнемшілдік, тәртіп, адалдық, кімге де болса ортақ қасиет. Ұлт мәдениеті неғұрлым осы жоғарыда аталған құндылықтарды адамдар іс-әрекетінің негізі ретінде қалыптастыруға ұмтылса, ықпалы мен пәрмені күшті болса, саналы түрде бағытталса, аталған құндылықтар солғұрлым адамдар санасы мен мінез-құлқында көрінері сөзсіз. Елбасының ұлт менталитетінсіз, мәдениетінсіз жаңғыру дегеніміз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай деп отырғаны да осы.
Астамшылдық пен ысырапшылдыққа жол бермеудің озық үлгілері ұлт мәдениетінде, қазақтың мақал-мәтелдерінде, дүниетанымы мен философиясында сайрап жатыр. Мәселен, Абай өзінің қарасөздерінде, ішсем, жесем, ұйықтасам деп туатын бала емес, көрсем, білсем, үйренсем деп туатын баланы тәрбиелеп, оны білімге, ғылымға үйретіп, жеңдіріп, қанағатшылдық пен үнемшілдікке үйрету керектігін талай айтқан болатын. Сонымен қатар, ол мақтаншақтықтың түрлерін көрсетіп, «десін» дейтіндердің «демесін» дейтіндерден озып кету себебін іздеп, оның түбі надандық екенін, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселерден озбақ. Одан басқа нәрселерменен оздым ғой, демектің бәрі де ақымақтық, – деп, ой түйген болатын.
Бұған қояр тосқауыл қайда? Тосқауыл – білім мен тәрбиеде. Бірақ, бізде білім жалаң. Бұл оның қазіргі кездегі басты ерекшелігі. Ол адам бойындағы ізгілікті еселеуге бағытталмаған. Ол үнемдеуді, рационалды өмір салтын құруды, соған сәйкес мінез-құлық салтанатын орнықтыруды үйретпейді. Себебі, қоғамда тұтыну психологиясын насихаттайтын ұстанымдар басым. Ол табиғат, жер, адам және қаржылық, технологиялық, экологиялық ресурстарымызды пайдаланған кезде көрініп жатады.
Білімнің гуманитарлық, тәрбиелік бағыты кейінге ысырылғаны соншалықты, жоғары оқу орындарында гуманитарлық, дүниетанымдық пәндер мен кафедралар жабылып, білімге жалаң утилитарлық көзқарас қалыптасып отыр. Абай: «ғылымсыз ахирет жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылған қаж ешбір ғибадат орнына бармайды », деген еді. Сол тәрізді, бүгінде гуманитарлық білімсіз, шынайы ғылымсыз прагматизмді тек жалаң пайда табудың көзі деп түсінсек тағы да қателескен болар едік. Білім беру жүйесінде прагматизм шынайы шығармашылықтың негізі және адам ойының қозғаушы күші бола алмайтыны тағы белгілі. Ал, бола қалған жағдайда мұндай білімнен өзіндік ойлау, дүниетанымдық құндылықтар шет қалады, білімге деген тұтынушылық көзқарас қалыптасады. Бұл үрдіс, әсіресе, ақпараттық қоғамда кең етек алып отыр. Соның нәтижесінде, жастардың дүниетанымы мен санасы басқа, жат идеологиялық ағымдардың ықпалына тез түсуде. Олай болса, білім беру жүйесінде қазақы прагматизм адамдардың тұлғалық қасиетін дамыту арқылы жүзеге асуы тиіс. Ұлттық мәдениетіміздің асыл құндылықтары негізінде тәрбиеленген, ұлттың рухани тамырынан нәр алған адам ғана, мына аумалы төкпелі заманда өмір сүру үшін өзгере алады және заман ағымындағы өзгерістерді дұрыс қабылдай біледі.
Жоспары:
Қазіргі жастардың дамуы