Шаншар атай – жетпіс бестегі қария.
Әлипа – Шаншар атайдың кемпірі.
Әшірбек Бекен үшеуіде сегізінші класты бітірген балалар.
Санатбай Мұсатай– колхоз бригадирі, Санатбайдың әкесі, жасы қырықта.
Күләнда – Санатбайдың шешесі.
Сәбит – колхоз председателі, отыздың үстіндегі жігіт.
П РОЛОГ
Бүкіл сахнаның өн бойына алып қарбыз бейнеленген.
Жарық сол қарбызға құйылып тұр.
Авансценаға Әшірбек, Бекен, Санатбай бар – бір топ бала шығады. Бұл – олардың балық аулауға кетіп бара жатқан беті.
Бекен (қолтығында ораулы қағазы бар). Атайға тым қатты кетіп қалған жоқпыз ба өзі? Ілмей-ақ қойсақ қайтеді?
Әшірбек. Сөйттік-ау, деймін. Ойланып көру керек екен әлі.
Санатбай.Қара-а! Аяп тұрсыңдар ғой өздерің. Қақпасына емес, қақ басына ілсе де аз ол шалдың.
Бекен. Тантыма, сен өйтіп. Біздікі қорлау емес – ойнау, біле білсең.
Әшірбек (Санатбайды ала көзімен ата). Ұялмай-қызармай шындап барады ғой, өзі-ей.
Санатбай (дереу мүләйімси қалып). Мен де ойнап айтамын.
(Балалар сахнадан шығып кете барады да, ізінше дүркірей қайта қашып келе жатады. Санатбай сүрініп кетіп, бір аяғындағы туфлиі ұшып кетеді. Оған қарауға шамасы келмей, зытып барады. Шаншар атай шығады).
Шаншар атай.Сендерді ме? Сендерді... Қап, ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ, өстіп текке көше таптағаннан басқаны білмейді бұлар енді. Кешкісін үйді-үйлеріңе барып, шекелеріңді біраз тырсылдатып қоймаса болмайды екен, бұл...