ЕЛЕКЕ САЗЫ ҚОРҒАНДАРЫ Елеке сазы қорымы Тарбағатай тауының басында Қарғыба өзенінің бастау алатын жерінде Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуат ауылынан 70 шақырым қашықтықта орналасқан алқап. Алқапта ерте темір, көне түркілік кезеңдерге жататын 7 қорымда 300-ден астам ескерткіштер көптеп шоғырланған. Елеке сазы ескерткіштерін алғаш ашқан, экспедиция жетекшісі археолог Ерден Оралбайдың айтуы бойынша биылғы жылғы алғашқы археологиялық зерттеу нәтижелері ерте көшпелілердің қалыптасу кезеңіне жататын архитектуралық құрылысы ерекше бір обада қазба жұмысы жүргізілді. Ол қорған сақтардың ақсүйек көсемінікі болуы мүмкін. Оба өкінішке орай тоналып кеткен. Дегенмен екі қырлы түтікшелі қола жебелер мен бұғы бейнесіндегі алтын қапсырмалар және т.б. Алтай-Тарбағатай өңіріндегі ерте сақ кезеңінің өзекті мәселелерін шешуге септігін тигізетін құнды жәдігерлер табылады.Е.Қ. Оралбай соңғы 5-6 жыл көлемінде Тарбағатай ауданына қарасты Қызылкесік, Көкжыра, Екпін ауылдық округтеріне археологиялық барлау мен зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізуде. Барлау нәтижесінде үш ауылдық округтен 86 археологиялық ескерткіш анықталып, тізімделіп, төлқұжаты жасалынды. Осы барлаудан кейін Елеке сазы жайлауындағы ескерткіштердің ғылым үшін де, тарихи туризм саласын дамытуға да беретін құндылығы зор екендігі байқалды. Жалпы Елеке сазына алғаш рет археологтардың аяғы тиіп, бірінші рет қазба жұмыстары жүргізілді.
Елеке сазы жайлауын «Патшалар алқабы» деп айтуға толық негіз бар. Бұл жерде 7 қорым, 300-ден аса қорған бар. Ең үлкен қорғанның диаметрі 120 метр, биіктігі 5 метр шамасында Осы қорғанның қасында диаметрі 100 метр тағы бір қорған бар. Бір ерекшелігі біз қазып жатқан қорғанның сыртында (50 метр қашықтықта) тас сақинасы бар. Құрылымына келер болсақ, қорған үш бөліктен тұрады. Бірінші қабаты тастан қаланған, одан кейін топырақпен қапталып, оның сырты кайта тастан қаланған. «Тас сақинас» мен «тас сауыт» киген қорғандар сыртқы формасына қарағанда Жетісудағы ерте темір дәуірінің ескерткішіне өте жақын, ұқсайды. Сыртқы пішіндеріне және құрылымдарына қарағанда бұл қорғандар ерте сақ кезеңімен мерзімделеді. Бұл қорғандарды Шілікті алқабындағы қорғандармен, сонымен қатар, Жетісудағы Бесшатыр, Тывадағы Аржан қорғандарымен салыстыруға болады. Қорған құрылысы жағынан ерте темір дәуіріндегі Жетісу жеріндегі ескерткіштерге ұқсас болып шыққан еді. Ал қазба барысында қоладан жасалған жебелер, алтыннан істелген бұғылар мен пішіні кеңірдек іспетті алтындар табылды. Осы жәдігерлер бұл қорғанның тұрғызылған уақытын анықтауда негізгі дәлел бола алады. Осы жәдігерлерге қарағанда бұл қорған б.з.б. 7 ғасырлармен мерзімделеді. Яғни, ерте сақ заманынының құнды мұралары болып табылады. Пішіні ромб тәрізді қола жебелер Алтайдағы Майемер қорымдарынан табылған және осыған ұқсас жебелер Орталық Қазақстандағы Тасмола мәдениетінде, сондай-ақ Шіліктіде де бар. Ал кеңірдек іспетті алтын түтіктердің жебенің ағашқа байланар тұсында тұрады. «Жебесіне алтын байлаған» сақтар мәдениетінің бір көрінісі осы қазбадан табылды. Ал алтыннан жасалған бұғылар бейнесіндегі киімнің жапсырмалары Шіліктіден табылған бұғыларға өте ұқсас. Бұғы образы ерте көшпелілер өмірінде ерекше маңызға ие болған. Тарбағатайдағы барлау жұмыстары кезінде осы ерте сақ кезеңіне жататын бұғы бейнелері бар көптеген жартас суреттері табылған. Жартастарға бұғы суреттерін салған көшпелі сақтардың нақты өмірлерінде де бұғы үлкен құрметті болғандығын біз осы қазбалардан көріп отырмыз. Бұғылар әртүрлі мәнерде бейнеленген. Мысалы: осы Елеке сазынан табылған мүйізі жоқ, құлақтары үлкен етіп бейнеленген бұғылар бейбіт өмірдің символы болса керек. Одан бөлек Шіліктіде мүйіздері өріліп бейнеленген бұғылар, Тарбағатайдағы жартастарда құстұмсықты бұғылар бар. Құс тұмсықты бұғы бейнелерінде бақсылық идеологиясы дамуының негізі көрініс тапқан және негізгі образ бұғы – құс образы болған. Ол аспандағы жоғары әлем туралы түсініктің дамуымен бір мезгілде пайда болған. Бақсы-медиатор аспанға, күнге жақын құс образын қабылдаған және жоғарғы әлемге ұшуға бұғының жылдамдығы орнитоморфты қалыпты қабылдауға қабілетті басты көмекші-рух ретінде бақсылардың қамқоршылары болып қайта жаңғыртылған – деп қабылдаған жөн. Осындай киелі құс тұмсықты бұғылар бейнелері біздің экспедиция жұмыстары кезінде осы Тарбағатайдағы Өкпеті-Қызылтастағы Молдажар қыстағы мен Ақжайлауда кездесті.