"Қоршаған ортаны қорғау туралы" ҚР Заңы табиғатты қорғау саласындағы басты заң болып табылады. Бұл заң қазіргі және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін анықтайды, сонымен қатар ол экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, адамның шаруашылық және өзге қызметінің табиғи экологиялық жүйеге зиянды әсерінің алдын алуға, биологиялық әртүрлілікті сақтау мен табиғатты тиімді пайдалануды ұйымдастыруға бағытталған.
1997 жылы 15 шілдеде "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы Қазақстан Республикасынын Заңы қабылданды. Қазақстанда қорықтар мен қорықшаларды сақтау бұл заңды қабылдаудың мақсаты болып табылды. Осы заңға сәйкес ерекше қорғалатын аумақтардың мынадай түрлері белгіленді: мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтар, мемлекеттік табиғат ескерткіштері, мемлекеттік қорықтық аймақтар, мемлекеттік табиғи қорықшалары және т.б.
1997 жылы 18 наурызда "Экологиялық сараптама туралы" ҚР Заңы қабылданды. Бүгінгі күнде экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болмайынша қандай да бір шаруашылық қызметті жүзеге асыруға рұқсат етілмейді.
1993 жылы 21 қазанда қабылданған "Жануарлар әлемін қорғау, өсіру және пайдалану туралы" ҚР Заңының маңызы зор. Жануарлар әлемі мемлекеттің меншігіне жатады. Елді мекендердің құрылыстарын салғанда, өсімдіктерді қорғау үшін химиялық дәрілерді қолданған кезде, өндірістік процесстерді жүзеге асырған кезде, табиғат апаттары кезінде, жабайы андардың қоныс аудару және олардың тіршілік ету ортасын өзгерту кезінде осы заң бойынша белгілі бір талаптар қойылады. Мұның бәрі орындалуы керек. Аң, балық аулау үшін арнайы тәртіппен пайдалану квотасы мен шектері белгіленеді.
Қазақстанда табиғатты қорғау қызметін реттейтін арнайы кодекстер бар. Олар: 2003 жылы 20 маусымда қабылданған "Жер кодексі", 2003 жылы 9 шілдеде қабылданған "Су кодексі; 2003 жылы 8 шілдеде қабылданған "Орман кодексі",
2002 жылы 11 наурызда "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" ҚР Заңы қабылданды. Бұл заң әрбір қазақстандыққа қоршаған ортаны ластағаны үшін кәсіпорынды сотқа беруге мүмкіндік береді.
Республиканың атмосфералық ауасына жыл сайын үш жарым мың тоннадан астам зиянды заттар шығарылады. Қазақстан 1992 жылғы Рио-де-Жанейро Декларациясында 6-қағидасымен бөліп көрсетілген экологиясы неғұрлым нашарлаған елдердің қатарына жатқызылған.
Сонымен, қоршаған ортаны корғау мен адамның өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу — демократиялық мемлекеттің басты мақсаты болып табылады. Осыған байланысты мемлекет өз органдарын кешенді экономикалық, техникалық, ұйымдастырушылық және құқықтық шараларды жүзеге асыруға міндеттейді. Әрбір адамның салауатты қоршаған ортаға құқығы бар, сонымен бірге әрбір адам табиғатты аялауы керек, қоршаған ортаны ластамауы қажет. 1992 жылы БҰҰ-ның Конференциясында Бразилияда қоршаған орта және оны дамыту жөнінде Рио-де-Жанейро Декларациясы қабылданды. Қазақстан осы декларацияға қосылды. Қазақстанда қоршаған ортаны қорғауға байланысты бірнеше заң актілері қабылданды, олардың мақсаты — еліміздің табиғат байлықтарын болашак ұрпақ үшін сақтау болып табылады.