БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ - АЛАШ ИДЕЯСЫНЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ
Бауыржан Момышұлы КСРО тұсында халқымыздың ең көп даңққа бөленген тұлғаларының бірі болғанымен, оның елге көп насихатталмайтын еңбектері де баршылық. Біздің Жамбыл облысындағы меншікті тілшіміз Ерман Әбдиевтің жазушы-драматург Елен Әлімжанмен сұхбаты Бауыржан Момышұлының қайраткерлігі хақында.
- Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына орай Жамбыл облысының әкімдігі мен Мәдениет министрлігі жариялаған драмалық шығармалардың республикалық конкурсында сіз «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» атты пьесаңыз үшін бірінші жүлдеге ие болдыңыз. Бұл драма биыл «Театр KZ» журналының бірінші санында жарық көрді. Сон да байқағанымыз, Сіз шынында да Баукеңнің болмысын аша түсетін тың деректерді пайдаланған сияқтысыз. Бұл не қылған жазбалар? Сол туралы айтып бермес пе екенсіз?
- Жамбыл облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасы жанынан «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу тобы құрылып, олар 5-6 жылдан бері жазушының 30 томдық шығармалар жинағын баспаға әзірлеп тапсырды. Бұл жинақта Баукеңнің көзі тірісінде жарық көрген шығармаларының цензура тарапынан қиылған беттері қолжазбаларымен салыстырылып қосылды. Сонымен қатар жазушы бұрын баспаға ұсынбаған көркем шығармалары (әңгімелері, аяқталмаған романы, өлеңдері, т.б.) бар болып шықты. Баукең өз заманының зиялысы ретінде күнделіктер жазған, өзінің замандастарымен хаттар алмасқан, шашпа ойларын қағазға түсіріп отырған адам екен. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлы жетекшілік еткен бұл ғылыми-зерттеу тобына бастапқыда мен де тартылған едім. Соның арқасында Баукеңнің 30 томдығына енген еңбектерімен елден бұрын танысып, ой қорытуыма мүмкіндігім болды.
- Бұл жазбалар қайда болған, бұрын неліктен жарияланбаған?
- Баукеңнің архиві негізінен үш жерде болғанға ұқсайды. Бірі өз отбасында, ұлы Бақытжан мен келіні Зейнептің қолында. Бірсыпыра қызық деректерді ғалым Мекемтас Мырзахметұлына Баукеңнің өзі тапсырған немесе айтып жаздырып, ол жазбаларының астына өзі қол қойып куәландырған. Сонымен бірге досы Дмитрий Снегиннің де қолында болғандығы баспасөзде бірнеше рет айтылды.
Ал айда, бұл отыз томдыққа Бауыржан Момышұлының Калинин қаласындағы әскери академияда оқыған лекцияларының архивке жіберілген тезистеріне, сондағы Бауыржан Момышұлының әскери қызметіне қатысты деректерге ғылыми топ қол жеткізе алмады. Сондықтан да ол кісінің әскери ғылымға сіңірген еңбектерін көрсету әзірге мүмкін болмай тұр.
Соған қарамастан, бұл отыз томдықты толығымен қарап шыққан адамның Бауыржан Момышұлы туралы танымы тереңдей түседі.
- Бауыржан Момышұлының есімі өз халқына ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағына, Еуропаның, Азияның, Америка құрлығының көптеген елдеріне батыр ретінде де, жазушы ретінде де жақсы танылған. Сіз енді қандай танымды айтып отырсыз?
- Дұрыс айтасыз, бүгінгі таңда Бауыржан қазақтың ақындар ең көп өлең арнаған, замандастары ең көп естеліктер жазған тұлғасы. «Бауыржантану» орталығы сондай естеліктер мен өлеңдердің 10 томдығын баспаға әзірлеу үстінде. Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, жалпы Баукеңе қатысты әлемдегі барлық деректерді жинастырғанда 100 томдық дүние болады.
Сонымен бірге Бауыржан Момышұлы қазақтың кітаптары ең көп тиражбен таралған және ондаған шет ел тілдерінде жарық көрген, нақты шығармасы Мемлекеттік сыйлықпен бағаланған жазушысының бірі. Бірақ оның соғыс тақырыбындағы қазақ прозасының негізін қалаушы ретіндегі ролін көпшілік ескере бермейді. Осы отыз томдықпен танысқаннан кейін зерттеушілер жазушының осы еңбегін зерделеп, жұртқа танытса игі болар еді. Ал мен өз басым, ол кісіні Ұлы Отан соғысы туралы көркем әдебиеттің Кеңестер Одағы бойынша қалыптасуына еңбек сіңірген адам деп есептеймін. Ол еңбегі қарапайым көзге де көрініп тұр.
Басқаны былай қойғанда, Бауыржан Момышұлының Александр Бектің «Арпалыс» романының жазылуына сіңірген еңбегін-ақ алайық. Екеуінің арасындағы жазбаша шарттарға қарағанда, Баукең бас кейіпкер ғана емес, оқиғаны баяндап беруші, романдағы әскери әрі психологиялық дәлдіктерді қадағалаушы. О баста А. Бек жақсы әңгімелеп бере алатын сауатты қазақ командирден Мәскеу қорғанысы туралы естіп-біліп алып өзімше көркем шығарма жазамын, тіпті кейіпкердің атын өзгертіп жіберемін деп ойлаған. Бірақ Баукең оған көнбеген. Егер менің батальоным жайлы жазғың келсе, ешкімнің атын өзгертпейсің, сырттан ештеңе қоспайсың әрі бұл жазғаның әскери-ағартушылық құрал болу керек деген. Баукең сол мақсатыпа жетті. А. Бектің «Арпалысы» көп елдердің әскерінде оқулық ретінде оқылғаны баспасөзде талай жазылды. «Арпалыс» жазылу барысында КСРО Жазушылар Одағында екі peт талқыланған. Екеуінде де романның жазылу принципін автор емес, бас кейіпкер қорғаған. Тіпті сол жерде романның авторы Бауыржан Момышұлы дегендер де болған. Бірақ үлкен жүректі Бауыржан халыққа аса қажет осындай шығарма тезірек жазылып, жарық көруі үшін тең авторлықтан бас тартқан.
Баукең өмір бойы өлең жазып өткен адам. Бірақ өзін ақынмын деп есептемеген. Есесіне бұл өлеңдері ол кісінің әр кезеңдегі көңіл күйлерінен хабар береді. Керек болса, өз заманының нағыз зиялы, интеллектуалды азаматы болғандығын көрсетеді. Мына жолдарға назар аударыңызшы:
Әй, подлый мир писак наемных!
Архивные крысы, обожравшиеся буквами книг,
Вас лицемерных попугаев, ненавижу!
Я, солдат, на бой вас зову!
Мудрый Соломон в наследство вам завещал:
Библии - войну. Евангелия - мир.
Корана - поэзию, Будды - учтивость постич...
А для вас честь - копейка...
Совесть-хлеб...
Ремесло - сапог..
Творчества - портянка...
Патент вам не дом, а грязный хлев!
Бұл өлең жолдары Баукеңнің материалистік философиямен шектелмегендігінен хабар беріп тұр. Ол КСРО Жазушылар Одағындағы талқылауда абсолютті шындықты жазуды тегіннен тегін талап етпеген екен.
Жалпы бұл отыз томдық ол кісінің тұла бойы тұнып тұрған адалдық, айтатыны шындық, ал жүгінгені әділдік екенін пайымдатады. Әрине, шындық жүрген жерде жек көру де болады. Шындықты шырылдатып айтқандар, қорғағандар өз қоғамында жайсыздық сезінеді. Мұны баса айтып отырған себебім, отыз томдық қолдарына тимей жатып, ішінен Баукеңнің кейбір айтқандарын жұлып алып, оқырманын арзан сенсациялармен алдарқатқысы келетін журналистер де табылып жатыр. Бүтіндей алғанда Баукең өз замандастары туралы жақсы жазбалар қалдырған.
- Ол кісі кімдер туралы қандай пікірлер қалдырған?
Оның бәрін айта берсек тақырыптан ауытқып кетерміз. Тек мынаны атап айтуға болады. Баукең 1956 жылы отставкаға шығып, Алматыға келгенде оған шын ықыласымен қол ұшып беріп, қолдағандар халқымыздың мемлекеттік қызметтегі ұлтшылдары. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесі президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенов ол кісіге Кеңестер Одағының Батыры атағын әперуге сол кездің өзінде әрекеттеніп бақса, Ілияс Омаров рухани қамқорлық керсетіп, шығармашылық жұмыстарына жағдай жасауға тырысқан. Сондай-ақ, жақын болған адамының бірі қыршын кеткен ғалым Кәрім Мыңбаев. Баукең қазақтың тағы бір ұлтшыл азаматы Ермұхан Бекмахановпен де жақсы қарым-қатыпаста болған. 1946 жылы Е. Бекмаханов Мәскеуде докторлық диссертация қорғағанда Бауыржан келіп қатысып, артынан болған банкетінің шығынын көтеріп, мұны қазақ тарихына сіңірген еңбегім деп есептеген. Бауыржан осы кісілердің кейбірі туралы жақсы жазбалар қалдырған, ал алмасқан хаттарынан іштей жақындықтарын сезініп отырасың. Баукеңнен алатын тағы бір үлгі, ол кісі балалық шағынан бастап, дивизия басқарғанға дейінгі аралықтағы барлық ұстаздарын үлкен ықыласпен еске алып, жылы лебіздер қалдырған. Жеке басы аса талантты, қабілетті бола тұра, ұстаздарға табына білуі осынау ұлық адамның нағыз кішік қасиеті.
Жалпы ұстаз мәселесі Баукеңнің шығармашылығында айрықша орын алады. «Ұшқан ұясының» өзі тұнып тұрған ұстаздық дастан емес пе? Мұндағы бас ұстаз - халық, сол халықтың мәйегі шоғырланған ауыл адамдарының ұрпақ тәрбиелеудегі орны. Баукеңнің атаның, әженің, әке-шешенің, ағаның, әпкенің, жеңгенің, тағы басқалардың ұрпақ тәрбиелеудегі ролі туралы ойлары бүгін де пайдалы. Өйткені қазак қоғамының құрылымы бұзылғанымен, ішкі тіні үзілген жоқ. Демек, оның бәрі дұрыс жолға қойыла білсе, бүгін де бала тәрбиелеуге септігін тигізбек.
- Осы ұстаздарының ішінен тақырыбымызға қатыстыларын атап өтпейсіз бе?
- Баукең алдын көріп ақылын тыңдаған, мақтан етіп, өзіне үлгі тұтқан адамының бірі - Тұрар Рысқұлов. Бауыржан Момышұлы сондай-ақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтан бастап алаш арыстарының барлығының еңбектерін оқып ер жеткен. Мағжан Жұмабаевтан бастап барлығының өлеңдерін жатқа айтып отыратын болған. Ол кісі Шымкент мектеп-интернатында оқып жүргенінде осында педагогикалық техникумда дәріс беретін Жүсіпбек Аймауытовты талай тыңдаған. Жүсекең Бауыржандардың жатақханасында жататын Тәңірберген Отарбаев деген ақын мұғалімге келіп ұзақ түн сұхбаттасады екен. Бауыржан, Әбілда Тәжібаев, Құрманбек Сағындықов бәрі көрші бөлмеде жатыпты. Ортадағы қабырғаның жұқалығы сонша, екі ұстаздың барлық әңгімелері естіліп тұрған. Әрине, қазақы ізетпен жастардың Жүсекеңмен қол беріп амандасып, батасын алуы өз алдына. Баукең Жүсіпбекті Мағжаннан кейінгі ақын, философ, психолог деп есептейді. Ал, «Бақытсыз Жамалдың» авторы Міржақып Дулатовты бірінші романшы деп бағалайды.
Сөйтіп, ауылда батырлар жырын жаттап өсіп, мектепте осылай алаштың арыстарымен табысқан Баукең «Оян, қазақ!» деген ұранмен қалыптасқан қазақ ұланының бірі.
Осы уақытқа дейін Баукеңнің әскери ұстаздары туралы көп жазылды. Енді Баукеңнің рухани ұстаздары туралы да айтатын уақыт келді. Баукеңнің ұлтшыл болғаны рас болса, аспаннан түскен жоқ, кеңестік мектебі де олай тәрбиелеген жоқ. Баукеңді ұлт жанашыры етіп тәрбиелеген алашы мен оның арыстары.
- 1937-38 жылдары халқымыздың қаймағы сыпырылып, арыстарымыздан айырылдық. Ол кісілердің еңбектерін оқуға да тиым салынды. Алаш идеясы үзілді.
- Үзілген жоқ, арыстарды оқып өскен жастар үнін шығара алмаса да, идеяны ішінде сақтады. Тіпті кейбір жерде ұлттық астыртын ұйымдар құрылғанымен, оны халық білмеді. Оларды ҰҚК жөргегінде тұншықтырып отырды. Сөйтіп, бас көтерерлері жойылып, ұлттық мақтаныштары аяққа тапталған халқымыз бұл кезде қатты зәбір керіп, жетімсірегені рас.
Міне, сол тұста соғыс басталды. Ал, соғыста басқа қазақтардан Бауыржан Момышұлының даңқы айрықша шықты да, сол беделін ол қатты пайдаланды. Жеке басының, отбасының мүддесі үшін емес, мемлекеттік масштабта ойлайтын қайраткерлік мінез көрсетіп, халқының болашағын көздейтін идеяларды жүзеге асыру үшін пайдаланды. Отыз бір-отыз екілердегі жас командир «Жауынгерлік қасиеттерді тәрбиелеу туралы ойларын» жазды. «Волоколам тас жолы» кітабын жазу туралы Александр Бекпен келісім-шартқа тұрды. Патриоттық шығармалар жазу жөніндегі ойларын хат жазып Мұхтар Әуезовпен, Есмағамбет Ысмайловпен, т.б. бөлісті. Оны Қазақстан тарихына, қазақ тіліне, ұлттық дәстүрге байланысты көп мәселелер толғандырды. Жазушылардан Баукең «ұлтты тәрбиелеу мақсатын көздейтін» кітап талап етті. Мұндай талапты алғы шептің жәй командирі емес, халқы арқалатқан жүкті сезініп, перзенттік парызын өтеу үшін алдына биік мақсаттар қойған қайраткер командирі ғана қоя алады.
«Әскери-ағартушылық құралдың» көркем шығарма peтінде жазылуы ұзаққа созылатын процесс екенін сезінген Баукең енді республика басшыларына хаттар жолдайды. Қазақстан Компартиясының Идеология жөніндегі хатшысы Мұхаметжан Әбдіхалықовқа, Халық комиссарлары Кеңесінің төрағасы Н. Оңдасыновқа жазған хаттары бұрын да жарияланды. Бір деректерде республика компартиясының бірінші хатшысы Скворцовқа екі рет хат жазған деп айтылады. Демалысқа келгенде бұл басшының қабылдауында болып, айтқан мәселелерінің мазмұны да сол қазақ мәселесі. Жалпы алғанда, қазақ қайтсе қазақ болып қалады деген идея Бауыржан Момышұлының бүкіл шығармашылығы мен қызметінің өзегі. Бірақ кеңестік ресми билік Баукеңді соғыс батыры, кейін жазушы ретінде ғана бағалап, қайраткер ретінде адым аттатпады. Соған қарамастан халық Баукеңді басқа соғыс батырларының бәрінен асқақтатты. Неге? Өйткені оның ресми емес мінбелерде, тіпті пойыздар мен демалыс үйлерінде әрбір сөйлеген сөзінде, жазған хаттарында ұлттық рух есіп тұрды. Сондықтан халық оны рухани тірек көрді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының Ресей Думасына жазған Қарқаралы петициясында қазақ ұлттығының негізгі мәселелері айтылған. Бұл хат патшалық Ресей билігіне отарлық бұғауға қарсы бас көтерген қазақтың ұлттық зиялыларының өсіп жетілгенін байқатты. Сол кезден бастап арыстарымыздың бастарына зобалаң туды. Ақыры сол зобалаңды отарлық саясатты жаңа жағдайда жалғастырған Сталин 1937-38 жылдары Мәскеу үшін аса тиімді көрсеткішпен аяқтады.
1942 жылдан бастап Республика басшыларына жазылған Бауыржан Момышұлының хаттары Қарқаралы петициясымен мазмұндас та үндес. Соғыс жағдайындағы идеология «шыдамдылық» танытты десек те, бұл хаттардың зардабы да Баукең үшін оңайға соққан жоқ. Соғыста бір жарым жыл № 9 дивизияны басқарса да бұйрық бойынша дивизия командирінің орынбасары - дивизия командирінің міндетін атқарушы болып жүруі, генерал атағының берілмеуі, соғыстан кейін Түркістан әскери округіне жіберілмеуі, 1956 жылы отставкаға шыққан соң 46 жасар жігітке Қазақстанда ешқандай қызметтің берілмеуі, ол кісіні ресми мінбеге шығармау үшін қойшы да, сауыншы да сайланып жатқан Жоғарғы кеңес түгіл, аудандық кеңеске депутаттыққа жолатпай қоюы барлығы, сол «ұлтшылдығының» салдары.
Ал, шын мәнінде ол нағыз интернационалист еді. Оның да жарқын мысалдары аз емес. Ол ұлтына маңайындағы өзбек, грузин, украиннан артық бірдеңе бер деп сұраған жоқ. Бірақ өктем тоталитарлық жүйе бұл қайраткердің халқы өзгелермен терезесі тең болуын қалаған әділетті талабын «ұлтшылдық» деп бағалады.
Иә, Бауыржан Момышұлы - қайраткер. Кейбір энциклопедияларда оны әскери қайраткер деп жазыпты. Меніңше оның қайраткерлігін өйтіп жіңішкертудің жөні жоқ. Ол - тоталитарлық жүйе 1937-38 жылдары біржола көмдік деп есептеген Алаш идеясын бүгінгі күнмен жалғастырушы алтын көпір болған қайраткер. Билік орынтағына отырып ресми мінбеге көтерілмегенімен, халыққа әсері зор болған қайраткер.
Қазақ сияқты елдің қайраткерлері ағартушылықпен айналыспай тұра алмады. Ақын-жазушылар Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология», дәрігер Халел Досмағанбетовтың «Табиғаттану», «Қазақтың халық әдебиеті» оқулықтарын жазуы соны көрсетеді. Басқа мамандар өсіп жетілмегендіктен, өздері маман болмаса да олар осындай іске ұрпақ тәрбиесінің қажеттілігін уағында өтеу үшін барды. Бауыржан Момышұлы да сондай қажеттілікті сезінгендіктен «Соғыс психологиясын» жазды.
Баукеңнің көркем шығармаларының барлығы да ұлтты тәрбиелеуге бағындырылған. Ол кісі қазақ совет азаматының өсіп, қалыптасуы туралы шығармалар циклін жазуды армандаған. «Ұшқан ұя» соның басы еді. Өкінішке қарай, Коммунистік партия саясатындағы сөз бен істің алшақтығы ол жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан ол Алаш идеясын жаңа ұрпаққа жалғастыра алды.
ЖАНАРТАУ
1941-1945 жылғы соғыста Кеңестер Одағының Батыры атағын алғандар мыңдап саналады. Алайда, олардың ішінде өкімет ресми түрде Батыр атағын бермеген (тірі кезінде) Бауыржан Момышұлындай қарапайым халықтың құрметіне бөленгені некен-саяқ.
Соғыс кезінде, одан кейінгі жылдарда да ондаған астанасы бар алып құрама елдің жүздеген баспасынан соғыс жайлы мыңдаған кітаптар жарық көріп жатты. Солардың бас кейіпкерінің ішінен Александр Бектің «Арпалысындағы» Бауыржан бейнесіндей аса сәтті шыққаны тағы сирек.
Адамзат тарихында қантөгіс көрмеген ұрпақ сирек болғандықтан, соғыс жағдайындағы адам психологиясы ғалымдардың да, көркемсөз шеберлерінің де зерттеу объектісі болып келеді. Басқа дәуірді, басқа елді қайдам, қазақта соғыс психологиясын тайға таңба басқандай етіп жазған адам біреу - Бауыржан Момышұлы. Баукең, әйгілі монографиялық лекцияларында ғана емес, көркем шығармаларында да соғыс сипаты мен жауынгер психологиясын дәл бергендердің бірі. Оның шығармалары түрлі құжаттар мен адамдардың аты-жөні тізбектелген деректері де, шындығы қияли қоспалармен араласып кеткен абстрак тілі де емес, көркем де болса көкейге қона кететін нанымды. Кітаптардың оқулық үшін жазылмаса да, оқулықтай қабылдануы, қалың оқырман аңсарының ауа беруі де осында. Көркем шындық, бірақ бояуы баттаспаған табиғи шындық.
Өкінішке орай, Баукеңнің көркем шығармаларынан өзге мұралары қалың көпшілікке, шын оқырмандарына дер кезінде жете алған жоқ. Сонау қайнаған соғыстың тұсында-ақ алдындағы жауымен жан аямай айқасып жүріп, артындағы халқының келешегіне алаңдаған адамның айтқандары мен жазғандары ұзақ жыл бүркеулі жатты. Оны жарыққа шығарудың сәті тек кейін ғана түсті. («Психология войны», «Қазақстан». 1990, «Қанмен жазылған кітап», «Қазақстан», 1991, «Бауыржан батыр», «Жалын», 1991. Барлығын да құрастырып, алғы сөзі мен түсініктеме жазған Мекемтас Мырзахметов).
Бұл кітаптарды, яғни, оның өз жазғандарын оқыған адам ғана Бауыржанның болмысына бір табан жақындай түседі. Оның ұрыстың тактикасы мен стратегиясын, солдат психологиясын терең білетін соғыс командирі, яки, соғыс батыры ғана емес екенін, Бауыржан болмысына Батыр деген ұғым тарлық ететінін түсінеді. Ол өзінің солдаттары мен офицерлерін кезекті ұрыс пен кезеңдік соғыстағы жеңіске ғана дайындамай, болмыстағы жеңіске баулығанын байқайды.
Ал, жеңістің ең үлкен олжасы - қай кезде де адамдық, ұлттық келбетті сақтай білу мен ақиқаттан айнымау, сөйте жүріп тірі қалу.
Бауыржанды өзге Батырлардан, командирлер мен қолбасшылардан ерек етіп, даңқын асырған да осы шындығы. Шындық-Бауыржанның болмысы. Шындық болғанда ол кезеңнің, сәттің шындығын місе тұтпайды, оның өзінен де, өзгеден де талап ететіні абсолютті шындық! Бұл ойын ол Мәскеу жазушыларының алдында «Арпалысты» талқылағанда және басқа мінбелерден әлденеше рет айтқан. «Абсолютті шындықты айту сұмдық қой!» деп шошығандарға «Егер айта алмайды екенсің, дұрысы аузыңды ашпай-ақ қойғаның жақсы», - деп жауап берген.
Солай, ол алдына іс жүзінде жұмыр басты пенде орындай алмастай орасан зор мақсат қойды. Өйткені, бұл дүниедегілердің бірсыпырасы өз шындығын ғана өзеурей қорғап, абсолютті шындық бататынын мойындағысы келмесе, біразы - бұл Алланың алдында ғана ашылады деп ұғады. Тіпті сол ақиқатты іздеп арындамай-ақ, күштілердің шындығын құп көре беру үлкен ақылдылық, жер бетінде жақсы өмір сүрудің бірден-бір кепілі деп ойлайтындар да баршылық. Ал, Баукең болса, шындықтың шапанын жамылған өтіріктің (демек, Системаның шындығының - Е.Ә.) халыққа берілген у екенін айтудан еш жалықпай, аузын айға білейді. Абсолютті шындықты айта білсе, сол кезеңге, сәтке ғана емес, болашаққа, ұрпаққа орасан зор пайдасын тигізер деп есептейді. Сондықтан да соғыс жағдайының шындығымен әсте де шектеліп қалмайды. Оның айтқан шындығы берісі ұлт, мемлекет деңгейіндегі, әрісі адамзат ауқымындағы шындық. Өйткені, абсолютті шындықтың табиғаты бір ұлтпен, яки мемлекетпен шектеліп қалмайды. Бұл адамзаттық проблема, адами мәселе.
Оның шығармалары мен хаттары осындай биіктен жазылған, сөздері осындай биіктен сөйленген. Баукең шығармаларының өз ұлты шеңберінен шығандап шығып, әсіресе, отарлық бұғауды үзгендер мен үзгелі жүргендердің сүйікті кітабына айналуының төркіні осында жатыр.
«Интернационалдық рух деген рух болмайды» деп, қырандай саңқ ете қалған Баукең «Ұлттардың гүлденуі арқылы біртұтастанып кетуі» туралы В.И Лениннің теориясына сүйеніп, совет халқын қалыптастырып жатқан системаның тамырлана алмайтынын бір ауыз сөзбен түйді. Бұдан шығатын қорытынды: интеррух жоқ болса, интерұлт та жоқ. Сонда совет халқын қалыптастыру дегеніміз өзге ұлттарды рухсыздандыру арқылы -орыстандыру болып шығады. Халыққа «шындықтың шапанына орап берілген у» осы. Баукең айтқан бұл ақиқат - абсолютті шындық па, жоқ па, оны талдау философтардың міндеті. Бірақ, шындық мен жағында деген орталық системаның қақ жүрегіне оқ боп атылған бұл сөз отарланған ұлттардың ғана емес, жер бетіндегі жұмыр басты пенделердің кез келгенінің денесін дір еткізіп, санасын дүр сілкіндірері сөзсіз. Баукең кейбіреулердің «Бойында не қазаққа, не орысқа тән ешнәрсе жоқ» дүбәраға айналуының себебін іздеп, «бұл сорлы бейбақ өзінің халқының игі дәстүрлерінен мүлдем бейхабар, мақұрым екен» деген қорытындыға келеді де, «Егер бұл саналы түрде істелінсе - онда зиянкес болғаны, ал егер саналы түрде істелінбесе - онда халқымыздың игі дәстүрлерін аяққа басып тастағандық - нағыз ақымақтық болғаны» деп айқайға басады. Тіпті «Ұлы орыс ұлтының орта тобынан шыққан кейбір өкілдері басқа шағын халықтарға «екінші сортты» адам деп ойлап қараушылығына мүлдем жол бермеу керек» деп, қашан да қиялдауды білмейтін әдетімен кесіп айтады. Осылай атойлаған Баукең енді Қазақстан басшыларына, ақын-жазушыларына «тыныштық» бермей, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді күшейту үшін ұлттық тәрбиені қалпына келтіру керек екенін жазумен болды. 1943 жылдың 18 наурызында сол кездегі Қазақ КСР Халық Комиссарлары Советінің председателі Н.Оңдасыновқа «Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда қайта салтанат құруға тиіс», ал Қазақстан компартиясы ОК-ның хатшысы М.Әбдіхалықовқа «Қазақстанда қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекет тілі болып саналып, өз орнына төрге шығарып отырғызылуы керек» деп жазып, бұл қажеттіліктерді жүзеге асыру жөнінде көптеген нақтылы ұсыныстар береді. Әділдігін айту керек, Мұхаметжан Әбдіхалықов Баукеңнің бұл ұсыныстарына құлақ асып, кезінде оны бюроға қою үшін жобалар дайындаса керек. Бірақ,өзінен жоғарылар тоқтатыпты. Бұл туралы М. Мырзахметовке Баукеңнің өзі айтқан. Сондай-ақ оны досы Құрманбекке жазған (7.03.1944) «Мұхаметжан кеңес шақырды - көптеген шаралар белгіленіп отыр - тамаша документ болып шықты (тағдыр жазса оларды оқып шығарсың)» деген сөздерінен де аңғаруға болады.
Ал Мәскеу жазушыларының Александр Бектің «Арпалысын» талқылауы кезінде Баукеңнің сөйлеген сөздері (1943 жылдың 8 желтоқсаны, 1944 жылдың 8 желтоқсаны) тек өз бейнесінің дұрыс шығуына ғана ұмтылып жүрген көркем шығарма кейіпкерінің пікірі емес-ті. Сонда жиналған Кеңестер Одағының көрнекті көркемсөз шеберлері соғыс дәрісін иіскемеген деп те айтуға болмайтын-ды. Олардың көпшілігі-ақ әскери тілшілер, әртүрлі дәрежедегі офицерлер болатын. Міне, осындай беделді топтың алдында соғысты қалай жазу, оның қазіргі солдат үшін де, болашақ жастарға да тәрбиелік мәні, жалпы соғыс шындығы (ал соғыста да, бейбіт өмірде де шындық біреу) туралы Баукеңнің айтқан пікірлері іс жүзінде кеңестік идеология жағдайында көркем әдебиеттің қалай жазылуы керектігі туралы пікірлер еді. Көркем әдебиеттің құдыреті шынайы шындығында деп ұққан ол шындықты түрлендіруге қарсы болды. Сөйтіп, Баукең «Арпалыс» арқылы кеңес әдебиетінің көркемдік тәсілі туралы өз позициясын Александр Бектің алдында ғана емес, (бүкіл Кеңестер Одағы жазушыларының алдында қорғады. Белгілі жеңіске де жетті.
Өйткені, соғыс кезінде соғыс туралы туған жарқын шығарма - «Арпалыстың» бас кейіпкері ретінде авторға болашақ шығарманың «шикізатын» ғана беріп қоймай, сол шикізатты лабораториялық өңдеудің «рецептін» де бергенін Александр Бектің өзі де мойындайды. Демек, Бауыржанның әдебиетке сіңірген еңбегін айтқанда оның көркем шығармаларымен ғана шектеліп қоймай, соғыс тақырыбына жазылған әдебиетті қалыптастыруға әсер еткен хаттары, мақалалары мен сөйлеген сөздері туралы да ұмытпау керек. Соғыстың алғашқы жылдарынан бастап-ақ Баукең соғыс жайлы жазған, жазғысы келген қазақ жазушыларына хат жазып, пікір айтып, бағыт сілтеген, Мұхаңа, Мұхтар Әуезовке жазған мына сөздерінің өзі не тұрады! «..құдайдың суретін салушылар (богомазы) кез келген суретшіден жақсы салғанымен, ешуақытта суретші болып саналған емес, яғни, құдайдың суретін салушының қыл қаламынан ешуақытта нақты өмірдің суреті шыққан емес...
Әттең, хас суретшінің білімсіз адаммен бірлесе жұмыс істеймін деп ойламаған жерден құдайдың суретін салушы болып шыққаны қандай өкінішті, қынжыларлық-ақ».
Әдебиеттің шыншылдығы туралы пікірді бұдан артық қалай айтуға болады? Осы бір ауыз сөзден майдан офицерінің аса жоғары интеллект иесі ғана емес, исі көркемөнер, оның адамзат тарихындағы миссиясы туралы ұғымының бұлтсыз аспандай ашық сарайыңды ашатын саф ауадай таза екенін көруге болады. Сонымен бірге бұл сөзінде ұлы Мұхаңа деген құрмет есіліп тұрса да, оның жаңа шығармасының (әңгіме «Намыс гвардиясы» жайлы - Е.Ә.) басты кемшілігі көзге ұрып, бетке басылмай-ақ бейнеленіп беріледі. Жертөледе отырып асығыс жазылған офицер хаты емес, том-том кітаптардың ортасында отырған ғалымның көркеменер құдыреті туралы тұжырымындай.
Ал, Баукеңнің 1944 жылдың 19-25 қаңтар аралығында КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының залында Қ Сәтбаев пен М.Әуезов бастаған Қазақстан ғалымдары мен жазушылары, өнер қайраткерлері алдында оқыған «Соғыс психологиясы» туралы дәрістері егемен Қазақстанның бүгінгі офицерлері мен жауынгерлері ғана емес, жалпы характер қашаймын, образ жасаймын деген кез келген суреткер айналып өте алмайтын оқулық. Ол дәрістер «Соғыс психологиясы» деп аталса да, іс жүзінде адам психологиясы. Егер көркем әдебиеттің зерттеу обьектісі - адамтану, дәлірек айтқанда жантану десек, сол жан сезінетін сезімдерді саралап-жүйелеп берген бұл еңбек алдымен жантанумен айналысып жүргендерге керек. Демек, философияға ғана емес, әдбиетке де қатысты. Баукең Құрманбекке жазған жоғарыдағы хатында «...мен бізде әскери-ағартушылық әдебиеттің негізін салуды бастау үшін қолдан келгеннің бәрін істедім» дейді. Демек, Баукең Қазақстандағы соғыс туралы әдебиеттің ең көрнекті өкілі ғана емес, негізін салушы, ұйымдастырушысы да болып табылады. Ал «Соғыс психологиясы» Қазақстандағы осы аттас ғылымның бары да, нары да ғой деп ойлаймын.
Әрине, қан майданның ішінде жан алысып, жан берісіп жүрген командирлердің негізгі міндеті бар. Оның басты парызы - Отан қорғау, солдатын сақтау. Сол үшін оның қолына қару берілді. Алайда, Бауыржанның Отан қорғау туралы ұғымы әлдеқайда кең. Жеңістің тек қарумен ғана келмейтінін түсіне білген ол алғы шептің командирінің міндетінен тыс та міндеттерді өз мойнына алды. Әлбетте, оны атқаратын адамдар жеткілікті еді. Бірақ, алғы шептің командирі арттағы идеологиялық жұмысқа араласуды өз ұлтының перзенті ретіндегі парызым деп есептеді.
Ұлы тұлғаның парыз туралы ұғымы да ұлы ұғым. Адамның барлық азаматтық, пенделік қасиеттері туралы тәптіштей жазған сұңғыла психолог Парызға келгенде айрықша тебіреніп кетеді. «Парызды ерліктің жүрегі» деп бейнелеген Баукең «Парызды саналы түрде түсіну ғана барлық игілікті істерге аспандағы бағдар сілтер жұлдыз сияқты, адам неге қабілетті болса, соған барлық ұлы және тамаша нәрселерге қабілетін арттыра түседі... Әлемде парыздан артық қуатты, қозғаушы күш жоқ, әрі болмайды да» деп түйеді.
Тахауи Ахтан жазады: «Мен оның (Б. Момышұлының - Е.Ә.) атағы жер жарған әскери қолбасшы болу себебін ашқым кеп, бірде өзіне бұның арғы негізін советтік әскери мектептен іздеу керек шығар дегенінде ол: «Аптығып алдымды орай берме. Бәрін де рет-ретімен басынан бастау керек. Кез келген бұлтартпас шындықтың өз жөні бар. «Ұядан не көрсең - ұшқанда соны ілерсің». Демек, ұядан бастауың керек. Қаһармандық эпостың көбі қазақта. Ерлігімізді, елдігімізді ести жүріп өскенбіз. Қазақтың ең ірі, ең қасиетті сөзі - намыс. Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес, намысың үшін өлсең бопты дегені де содан. Мен өз халқының намысын аяққа баса алмаймын» деп кесіп айтты» дейді.
Шынында қандай тұлға, ойшыл болмасын алдымен өз ортасының жемісі. Оның болашағының негізі сонда қаланады. Содан кейін барып бүкіл халқының, адамзаттың еншісіне тиеді. Баукеңнің туып-өскен өлкесі - Алатау мен Қаратаудың тура түйіскен тұсы, Манас шыңының етегіндегі «Мыңбұлақ» деген әр сайында ондаған бұлақ бұрқырап жатқан жазық. Ата-бабалары өмір сүрген Шақпақ асуының екі қапталындағы Жуалы мен Түлкібас туралы аз жазылып жүрген жоқ. Оны Баукеңе де, одан басқа қайраткерлерге де қатыстыра суреттегендер көп. Ал, елі туралы айтуға келгенде көпшілігінің қаламы белгілі себептермен кібіртіктеп қалады. Рушылдықты дәріптеді деп айта ма деп қорқақтайтын болуы керек. Сол мінезбен қазақтардың рулық қауымдастығын кеңес өкіметі де бұза алмағанын байқамаған болып көлгірсиміз. Шын мәнінде әрбір ұжымшар бір-бір атадан құрылып, әлі күнге дейін іргесі бұзылмай отырғанын бәріміз де білеміз.
Ал Бауыржан сияқты төңкерістен бұрын туған адамды кеңестік жүйе ғана тәрбиеледі деу тіпті қисынсыз. Оны Баукеңнің өзі де айтып, ата-баба шежіресін майданда жүргенде-ақ жазып қалдырған.
Тақыр жерде шөп шықпайды. Батыр да, ақын да негізі бар жерден шығады. Абай шықпаса, ол ортадан кейінгі Шәкәрім, Мұхтарлар шығар ма еді, шықпас па еді? Сұлтанмахмұт Торайғыров пен Қаныш Сәтбаев болмаса, Баянауылдан шыққан кейінгі ғалымдар мен қаламгерлер шоғыры соншалықты мол болар ма еді? Жәңгір хан, Ыбырай Алтынсарин аштырған мрктепттер болмаса. Орал өңірі мен даласынан Алаш көсемдері, олардың алдын көрген қалам, өнер иелері, ғалымдар қаулап көтерілер ме еді?
Бауыржан шыққан Дулат тайпасының Шымыр руы - ерлігі мен өрлігі үзілмеген рулардын бірі. Арғы жоңғарлармен соғысты былай қойғанда шымырлар қазақ халқының кейінгі Қоқан басқыншыларына қарсы әлденеше көтерілісіне түгел қатысқан. Кенесары қолына да қосылған. Өйткені, бұл көтерілістерді шымырлардың рубасы Байзақ датқа басқарған. Ал көтерілісшіл елді билеушілердің үнемі қырына алып жүретіндігі, сондықтан да бұл елдің адамдарының шындыққа өте-мөте зәру болатыны, сырын бермей сақ жүретіні, қысастыққа шыдамай шытырая қалатыны бесенеден белгілі. Әйгілі Бөлтірік шешеннің «Шымыр шіреніп өлтіреді» дейтіні де осы тұс. Рысқұлдың (Тұрар Рысқұловтың әкесі) әулеті Түлкібасты тастап, Аса, Аспара бойына, Талғардың етегіне тарыдай шашылып қоныстануының астарында да осындай себеп жатыр. Кеудесіне ешкімді шығармайтын мінез солай қалыптасқан. Тіпті Баукеңдердің атасын өзге жұрт адыр құлилар деп атайды. Өйткені, олар басынан сөз асырмауға тырысады.
Өз ортасынан алған тәрбиесін Баукең «Ұшқан ұясында» өзіне ғана тән көркемдік дәлдікпен тамаша суреттеген. Осы бір шағын шығарманы оңтүстік қазақтары туралы нағыз этнографиялық шығарма деуге болады. Өзге жұрт, кейінгі ұрпақ қазақ халқының бай салт-дәстүрін «Абай жолынан» оқып білгендігі сөзсіз. Алайда бұған қоса «Ұшқан ұяны» оқыған адамның қазақтар туралы ұғымы одан әрі нақтылана түсетіндігі де даусыз.
Бұдан шығатын қорытынды. Баукең ел намысын осылай ерте сезінген. Сол намысты қолдан бермеуге басынан бекінген. Намыс демекші күллі қазақ халқының намысып жыртып, мерейін үстем еткен екі бірдей ардақты ұлының ағайын інілері екенін жалпақ жұрт біле бермейді. Оның біреуі - күрестің қазақ халқының ұлттық өнері, намысының найзасы екенін Қажымұқан бабамыздан кейін әлемге таныта алмай, өзегіміз өрт болып жүргенде дүниежүзілік олимпиаданың тұңғыш чемпионы болған Жақсылық Үшкемпіров те, екіншісі Желтоқсанның «еркек тоқты- құрбандығы» болған Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков. Осында бір жалғастық бар ма, әлде кездейсоқтық па? Қалай болғанда да шындық осы.
Әрине, ұлт намысына айналу үшін өз ортаңның тәрбиесі жеткіліксіз. Ол тәрбие бүкіл ұлт қасиетімен, адамзат мұратымен қабыспай, тар шеңберде қалып қойса, тіпті зиян. Баукеңнің қайдан, қалай білім алғаны, халқының кәусарынан ғана емес, орыс оқуына да жетік болғаны жайында «Ұшқан ұяда» да, жерлесі, досы Құрманбек Сағындықов пен басқалардың естеліктерінде де жазылған. Сондықтан да менің ол кісілерді қайталап тәптіштеуім артық. Тек бір ғана пікір қосқым келеді. Баукең еліктеп өскен адамның бірі - Сыдық Абланов. Ол кісі туралы «Ұшқан ұяда» аса ілтипатпен жазылған. Бұл адам шынында да Әулиеата өңірінің Темірбек Жүргенові болған. Кейінірек Ташкент, Ақтөбе, Петропавл, тағы басқа өңірде партия-совет мектептерін ашып, басшылық жасаған. Бұл кезеңде әр өлкенің өз Маман - Тұрысбектері болғанға ұқсайды. Баукең, Құрманбектер Әулиеатада дәріс алған мектепті сол өңірдің болысы Керімбай салдырған Тараз қаласының қақ ортасындағы бұл оқу орны қазір сол кісінің есімімен аталады. Халқының асыл қасиеттерін бойына ана сүтімен әбден сіңірген Баукең өзіне дейінгі қазақ зиялыларының үлгісімен келесі кезеңдегі орыс оқуын соншама қомағайлана оқып, зейінін берсе де, ділін берген жоқ. Сондықтан да олардан дүбәралықтың құйттай да белгісін таба алмайсың. Олардан ұлттық рух қалай есіп тұрса, интернационалистігі де ұлтжандығымен әдемі үйлесіп тұратын. Баукеңнің ұғымында нағыз интернационалист болу үшін бар болмысыңмен өз ұлтының өкілі болуың керек. Бауыржан бар болмысымен өз ұлтының өкілі бола білді. Ол есейген шақта жасында құмарта оқыған, кейбіреуінің алдын көрген қазақтың игі жақсыларының барлығы қамалып, атылып кетті. Шығармаларына тыйым салынып, тыйылып тастады. Енді ел олардың атын атауға да қорқатын болды. Арыстарынан айрылған қалың қазақ көңілі жетім күй кешті. Төңкерістің ар жақ, бер жағындағы Қазақстанның тәуелсіздігі, ұлттық оянуы туралы ұрандары аз жылда жым-жылас болып, рухын тербетер ештеме қалмады.
Міне, сондай күйді басынан кешіп жатқан халық Ұлы Отан соғысы жылдары Бауыржанның ерлігі мен өткір сөзін естігенде өшкені жанып, жоғалғаны табылғандай болды. Соғыс жағдайындағы идеология Бауыржанның батыл сөздеріне төзді. Ал, халық ду көтерді, назарынан әсте шығармады. Басқан ізінен, әрбір сөйлеген сөзінен жетім көңіліне медеу іздеді, тәу етті. Солай Бауыржан 1937 жылдан 1987 жылға дейінгі жарты ғасырлық ұлттық мылқаулықты үнімен де, ісімен де толтырды. Сөйтіп, 37- 38 жылдарға дейінгі Арыстарымыздың аталы сөздері мен бүгінгі жаңа лебізді жалғастырған үнкөпір болды. Арыстардың атын атай алмайтын заманда айтқандарын жалғады. Олардың рухын бүгінгі күнге асқақ көтеріп келді.
Қысталаңнан шыққан судың ағысы қатты. Жер астында бұлқынған Жанартаудың қысымы жоғары, әйтеуір бір тесіп шығады. 1937-1938 жылдардан басталған қатты құрсаудан тұншыққан қазақ халқы да бір леп шығаруы тиіс еді. Қазақ Бауыржанын Жан, Ар Тауы етіп атты. Сол-ақ екен оған табынушылармен бірге ізін қуушылар да шықты. Бір кездесуде Олжас Сүлейменовтің «қазақтардың ішінде маған қатты әсер еткен, идеал етіп ұстанған адамым Бауыржан Момышұлы ғана болды» деуі тегін емес. Ол осылай халқының бірнеше толқын жасына идеал болып, рухын жаныды. Тәңірге табынып, аруаққа сыйынатын халықпыз ғой. Кейде маған атеизм мен аферизм жайлаған заманда ұрпақтарына қона алмай қапаланған бар қазақтың әруағы Бауыржанды ұстағандай көрінеді. Оның жүрегіне түк беріп, аузына сөз салып, бірде сездіріп, бірде сездірмей демеп, қолдап, көкірек көзі бітелген өзге ұрпақтарына Бауыржан арқылы әсер етіп отырған сияқтанады.
Бұлай деуіме Баукең бұл дүниеден озғанда отбасына көңіл айтып келген Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің «Баукеңнің алтыншы сезімі бар еді ғой», деген сөзі де негіз беретін сияқты. Ал біраз жыл Баукеңнің үйінде тұрған ағайын інісі, атақты абайтанушы Мекемтас Мырзахметов айтады: «Бір әңгімелесіп түнгі үш- төртке дейін отырып қалдық. Бір кезде ол кісі сөзін күрт үзіп, әлдекімге телефон соқты. Әрине беймезгіл уақыттағы бұл ісін мен іштей қаламадым. Ол жақтағы ұзақ күттіріп барып көтерді. Баукең: «Әй, Құрманбек, неғып қатты ұйықтайсыңдар, өртеніп өлесіңдер ғой» деді де, телефон құлақшасын қоя салды. Ертеңіне үйге Құрманбек Сағындықов келіп, Баукеңе алғысын жаудырды. Шынында да ас бөлмесі өртеніп, от өздері жатқан бөлмеге жақындап қалған екен. Баукең дер кезінде оятыпты». Ғабең айтқан алтыншы сезім осы болуы керек.
Оның айта алуының астары осында жатыр ма екен? Әйтпесе тұстастарының арасында одан талантты әлдеқайда жоғары ақын-жазушы да баршылық еді. Бірақ бірде-біреуі Бауыржандай айта алған жоқ. Оның аузы айрықша дуалы болды. Оның үнінен жасаудай жасықтық сезілмеді. «Жүрегінің түгі бар» деп қазақ жауға шапқандарды ғана емес, сөз саптағандарды да айтады. «Ақиқатты айтқаннан асқан ерлік жоқ» дейді Кебекбай би.
Бірақ оның айтқандарына соғыс жағдайындағы идеология төзгенімен, тіпті белгілі мөлшерде керек еткенімен соғыс аяқталғаннан кейін қажет етпеді. Ендігі идеологияға Бауыржанның өзі мен сөзі емес, өткені ғана қажет болды. Мұны майдангер сезді. Ол кеңес армиясының даңқты қолбасы бола тұра әскери қызметте ұзақ тұрақтамай, қырықтың ішіндегі қылшылдаған шағында отставкаға шығарылды. Туған елінде де ресми қызмет берілген жоқ, шығармашылықпен айналысты. Онда да өткенін жазды. Мұның тағлымы да орасан еді. Дегенмен де өз тұсының тіректеріне тікелей араласа алмады. Халқының тарихи санасын, әдет-ғұрпын, тұрмыстық болмысын көркем әдебиетте шындыққа сай бергені үшін М. Әуезов көп жылдар қудаланып, көп нәрседен шектеу көрсе, көркем шығармаларымен бірге көсемсөздері мен эпистолярлық еңбектерінде сол шындықты жасандылықпен әдіптемегені үшін Б. Момышұлы өз қоғамынан оқшауландырылды. Өйткені, таңғажайып тарихы бар түркі халықтарының өткенін марапаттаудан ресми Мәскеу өлердей қорықты. Оның себептері көп еді. Сондықтан да, бұған тыйым салған ашық та, құпия да қаулы қабылдап, шаралар қолданып жатты.
Баукеңе «Кеңестер Одағының Батыры атағып алып бермеді» деп республиканың әр тұстағы бірінші хатшыларының атына реніш айтатындарға менің күлкім келеді. Ойбай-ау, Батыр атағын бермек түгілі Баукеңді ең болмаса аудандық кеңестің депутаттығына да ешкім сайлаған емес қой. Майдангер де, қойшы да, сауыншы да, әртіс те сайланып жатқан Жоғарғы Кеңестің депутаттығына оның кандидатурасы бірде-бір ұсынылған жоқ.
Халық айналайында жазық жок, сайлайтын олар болғанмен, ұсынатын билік басындағылар еді ғой. Сол халық Қазақстаннан тысқары әскери қызметте жүрген Баукеңді депутат етіп сайлау керек деп 1946 жылғы сайлаудың алдында Алматының көкбазарына ұран жазып кетіпті. Система шоршып түскен! Содан қайтып бұл мәселе күн тәртібіне қойылмаған. Солай, Баукеңнен система шошыды! Тіпті оны изоляцияда ұстады деудің өзі аз шығар. Өйткені оны қудалады да. Сөзінен құйтақандай қате таппаса да құрсаулап тастаса, қайта үйленгені үшін арызды қарша боратып, газеттерге мақала ұйымдастырып, халқының сүйікті ұлын «Қоғамнан тысқары адам» деп жарияласа, қудаламағанда немене!
Бауыржанға Батыр атағын бермеді деп ренжу күлкі тудырады деуім содан. Батыр атағын бермек түгіл, панфиловшыларға ескерткіш орнатылғанда оған Баукеңнің шақырылмай қалғанын, оған өзінің қалай ертіп барғанын марқұм Хамаң, Хамит Ерғалиев сапарлас болғанымда айтып берген еді.
Мұны айтасыз. Батырдың өз ауданы Жуалыда болған Мұзафар Әлімбаев пен Рақымжан Қошқарбаев Жеңістің кезекті бір жылдығында ауданның бірінші хатшысының баяндамасында Бауыржан Момышұлының есімі аталмапты деп жерге түкіріп келді. Олар мұны бірінші хатшының орыстығынан көрген. Бірақ облыстың бірінші хатшысы қазақ болатын. Оның баяндамасында да Бауыржанның есімі аталған жоқ. Баяндама жазған сол кездегі лекторға Б. Момышұлын неге қоспайсың деп ренжігенім бар. Сонда ол Б. Момышұлы Кеңестер Одағының Батыры емес, мен Батырлардың ғана есімін қостым деп жауап берген.
Міне, гәп қайда! Бауыржан батыр емес, Бауыржан депутат емес, жай қызметкер де, басшы да емес, былайша айтқанда жұмыссыз. Ал жұмыссыз дегенді ол кезде қалай түсінетіні белгілі - «қоғамнан тысқары адам». Тіпті ол кісіні Жазушылар одағынан шеттетуге де әрекеттер болған. Арызды, мақаланы ұйымдастырушылар да атағы қазаққа мәлім жазушылар болатын.
Баукең бірақ оларға кешіріммен қараған. Өйткені, бар «пәле» системада жатқанын, ал әлгілер соның қолшоқпары ғана екенін терең түсінген.
Система қанша шеттетпек болса да, Б. Момышұлы халқының жүрегіне жол тауып тұрды. Халқының өзі де батырып іздеумен болды. Оған ресми мінберлер бұйырмаса да, шақырған кездесулерді, жолсапарларын, үйін, демалыс орындарын, аурухананы, кез келген басқосуды, сұхбатты барынша тиімді пайдаланып, ұлтының рухын көтеретін ойлы да өткір сөздерін айта берді. Әрбір ісімен, басқан ізімен, айтқан сезімен тамаша тәлім қалдырды. Ал, партиялық мәселесін қарамақ болып, түсінік сұраған ОК-ның бірінші хатшысы Юсуповқа мынадай өлең шумақтарын араб әрпімен жазып қалдырып кетті.
Өзім батыр, жазушы атағым бар,
Көп қатын алды деген шатағым бар,
Кескілескен қас жауым келе алмаған.
Ақ құтым, алмас тілім, ақ арым бар. (Соңғы жолы мақала авторы тарапынан редакцияланды - Е.Ә.).
Ауруханада жатып жазған мына өлеңі дәрігерге емес, ОК-ға арналған. Ал айтқаны тән дерті емес, жан дерті.
Доктор-ау, қабақ түйме ұрысатын боп,
Кұрысын дәрің, ешқандай сырқатым жоқ.
Сырқатым құздың құршау қиясында,
Қыранның қол жетпейтін ұясында.
Ауырмай мерт болатып ақиықты
Емдеуге шыныменен қиясың ба?
1982 жылы системаның басында ұзақ отырған Л.И Брежнев қайтыс болды. Содан кейін-ақ системаның сызаты қарапайым көзге де көріне бастады.
Сол жылы Қазақстан Ресейге «өз еркімен» қосылғанының 250 жылдығын дүбірлетіп тойлап жатты. Кейін білдік, бұл келмеске кетер системаның соңғы бой жазуының басы екен ғой.
Сол жылы Бауыржан Момышұлының Ұлы жүрегі тоқтады. Жас жігіттің жүрегіндей мықты екен деп жазды кейіннен. Ендеше неге тоқтады? Алтыншы сезімге ғарыштан хабар жетті ме? Қалай болғанда да ол өзінің тарихи миссиясын толық орындады. Бауыржанның тәнін жаратылған топырағына қосқан Алланың аманаты иесіне қайтып ұшып кетті...
Тәңірден бастау алған діндердің бірсыпырасында жан басқа бейнеде жер бетіне қайтып оралып тұрады деген сенім бар. Тек өз миссиясын толық орындаған адал әулие жандар ғана қайтып оралмайтын көрінеді. Оларды Алла өзіне жақып орналастырады екен. Қазақтың Біртуар деген сөзі содан қалған шығар. Демек қайтып тумайды. Бауыржан да қайтып тумас. Бірақ ЖАНАРТАУ суынғаннан кейін таза кристалдар пайда болады дейді...
ҚАЙРАН, БАУКЕМ!
(ән-реквием)
Өлеңі мен әні Елен ӘЛІМЖАНДІКІ
Елімнің арыстарын айдап, атқан,
Кез еді бодандықтың зарып тартқан.
Бауыржан - Алатаудың жанартауы
Жасындай жарқылдады майдан жақтан.
Қайырмасы:
Ерлігін ел жыр еткен
Аңыз адам Бауыржан!
Тек шындықты ту еткен
Нағыз адам Бауыржан!
Сезінетін сыр көктен
Абыз адам Бауыржан!
Сүйе білген жүрекпен
Нәзік адам Бауыржан!
Отан үшін Отқа түскен
Қайран, Баукем,
Бір туар қайтып келмес бұл өмірге.
Соғыста асыраған ұл ерлік даңқын,
Жоқтады қазағының елдік салтын.
Көтеріп рухын ұлттың саңқылдаған,
Үнінен дүр сілкінді менің халқым.
Алашта артық туған ардағым-ай,
Намыстың оты болып маздадың-ай,
Қайраткер, суреткерлік парызым деп,
Жаздың тек ақиқатын жалғанның-ай.
MAЗМҰНЫ
Батырды басқа қырынан... (Алғысөз орнына) 3
Бауыржаннның пырағы (әңгіме) 4
Полковниктің жарияланбаған жазбалары (драма) 20
Бауыржан Момышұлы – алаш идеясының алтын
көпірі (сұхбат) 69
Жанартау (публицистика) 75
Қайран Баукем! (ән-реквием) 87
"Орхон " Баспа үйінің директоры
Дидахмет Әшімханұлы
Елен Әлімжан
БАУЫРЖАННЫҢ ПЫРАҒЫ
Редакторы – М. Шаяхметұлы
Техникалық редакторы -Л. Қасымова
Компьютерде терген - С. Жүнісәлиева
Компьютерде беттеп, безендірген -Ж Айдос
ИБ № 993
Теруге 10.07.2010. берілді. Басуға 05.03.2010. қол қойылды.
Пішімі 84х1081/32 . Қағазы офсеттік.
Қаріп түрі “Times New Roman”. Басылымы офсеттік.
Шартты баспа таба 6,5. Есептік баспа табағы 5.
Таралымы 1000 дана.
“Орхон” Баспа үйі.
050009. Алматы қаласы,
Абай даңғылы, 143 үй, 609, 517-офистер
Достарыңызбен бөлісу: |