XIX ғасырдың басында адамзаттың қоғамдық санасы адам мен қоғамның, олардың өмірлік күштерінің өзара әрекет етуіне дәл талдау қажеттігін пайымдауға әзір болған еді. Осы мәселеге әділеттілік, өмірдің мәнісі, әлеуметтік прогресті қамтамасыз ету мәселелерінің шешілулеріне қанағаттанбаған XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Еуропаның көптеген ойшылдары өз еңбектерін арнады. Солардың арасынан бірінші қатарға ғылымның атын ойлап тауып, оның негізгі нұсқасын суреттеген, оны ғылыми білімдер жүйесіне қосқан, әлеуметтануда позитивтік бағытты негіздеген және оның дамуына ықпал еткен Огюст Конт (1798-1857) шықты.
Ол Францияда қаржы чиновнигінің отбасында дүниеге келген. 1814 жылы Жоғары политехникалық мектепке түсіп, антиклерикалық және республикашыл көзқарастары үшін оқудан шығарылады. Отбасындағы оқытушылық жұмысын, кейінірек, яғни 1818 жылдан 1824 жылға дейін СенСимонның хатшысы қызметін атқарумен алмастырды. Бірақ Сен-Симонның ұстанған утопиялық социализм идеясын қабылдамай, хатшылықтан кетіп, таптар келісімі идеясын уағыздайды, жеке меншікті мейлінше қорғайды. Осы көзқарастары үшін К. Маркс және оның ізбасарлары оған салқын қарады. Сол тұста О. Конт өзінің позитивизмін тұжырымдайды. Позитивизм - әлеуметтанулық білімді жаратылыстану ғылымының методологиясын қолдану негізінде құрмақшы болған әлеуметтік ой мен қоғамдық ғылымдағы жаңа ағым болатын. Позитивизм ұғымы латынның «позитивюс» - дұрыс, жағымды деген мағына беретін сөздерінен шыққан. Ол позитивтік көзқарастарын өзінің еңбектерінде тұжырымдап, дәлелдеді. Осыған орай Конт алты томдық «Позитивтік философия курсы» деген еңбегінде (18301842 жылдар аралығында жарияланды) ғылымды топтастырып, позитивтік философия мен әлеуметтану принциптерін жасаса, екінші бір еңбегін саясат негіздеріне және болашақтың дініне арнады. Ал төрт томдық кітабын «Позитивтік жүйе немесе адамзаттың дінін белгілейтін трактат» (1851-1854) деп атаған. Конттың тірі кезінде позитивизмді негіздеген бұлардан басқа да «Қарапайым астрономия туралы философиялық трактат» (1844), «Позитивтік катехизис» (1856) еңбектері жарияланып, ал қайтыс болғаннан кейін төрт томдық «Огюст Конттың өсиеттері» деген шығармасы жарық көрді. Конт әлеуметтану ғылымына «позитивтік синтез» ретінде қарап, оны ғылыми білімді жинақтаған энциклопедияға балады. Қоғамды зерттеуге жекелеген ғылымдар соншалықты қажет емес, қоғамды зерттеуге бір ғана әлеуметтану ғылымының көмегі жеткілікті деп, әлеуметтануға басымырақ маңыз берді.
Конт әлеуметтанудың объектісі мен пәнін анық айыра білмей, ғылымның осы атрибуттарын шатастырып алды. Оның пікірінше, әлеуметтану жалпы заңдарды зерттеуі тиіс: а) ерекше әлеуметтік организм ретіндегі қоғамның тұтастығы; б) адамзат (оның өткені, бүгінгісі және болашағы); в) бүкіл адамдар ұрпақтарының органикалық тұтастығы ретінде түсіндірілетін адамзат; г) қазіргі елдер, халықтар мен мемлекеттер жүйесі ретіндегі бүгінгі адамзат; д) адамзат қызметі нәтижесінің объективтілігі; ж) адамдар санасы мен психологиясын жетілдіру процестері; з) адамдар мінезқұлқы; и) адамдар идеялары мен ой-пікірлерінің дамуы; ж) отбасы, мемлекет және басқа да әлеуметтік институттардың құрылуы. Басқаша сөзбен айтқанда, Конт әлеуметтануды адамзаттың пайда болуы, өмір сүруі мен өзгеріске түсуін анықтайтын жалпы заңдар деңгейінде, сонымен қатар олардың нақты қоғамдық құрылыстары мен формаларының заңдары деңгейінде қоғам туралы білімдерді біріктірген әмбебап теориялық ғылым ретінде түсіндіреді.
Конттың көзқарасына сәйкес әлеуметтану мынадай әдістерін қолдануы тиіс:
қоғамдық процестердің барысын қадағалау үшін бақылау;
эксперимент, яғни Әдейі, арнайы жасалған өзгерістерге бақылау жасау; - адамзат өмірін жануарлар дүниесімен салыстыру;
әр түрлі елдер мен халықтардың өмірін белігілі бір көрсеткіштер бойынша салыстыру;
тарихи талдау әдісі, әр түрлі тарихи кезеңде адамзаттың немесе жекелеген халықтардың әр түрлі қалпын салыстыру.
Алайда, әлеуметтік қалыптағы өзгерістерді анықтауда математикалық процедура мен өлшемдерді қолдануды талап ететін бақылау әдісін Конт негізгі әдіс деп санайды. Конт бақылаудың анықтығы мен дәлдігі, осы әдістің процедурасын жасау проблемаларын көтерді, алайда оларды сол тұстағы эмпирикалық әлеуметтік зерттеулер тәжірибесінің шектеулігіне байланысты шеше алмайды. Аталмыш әдістер,-деп үйретті Конт, іргелі әлеуметтану теориялары болған жағдайда ғана позитивтік білім алуды қамтамасыз етеді. Мұндай теориясыз олар тек көңілге қонбайтын толған фактілерді берген болар еді. Ал мұндай теорияны жасау үшін айтылған әдістермен алуға болатын қорытындылаушы материалдар кажет. Конт пікіріндегі қарама-қайшылықты былайша түсіндіреді: теория мен қорытындылаушы материал бірінсіз-бірі бола алмайды, теория әлеуметтану материалдарын тиісінше жинауға мүмкіндік берсе, ал қорытындыланған материалдар теорияның дамуына негіз болады.
О. Конттың ойынша, позитивтік ғылым дінді алмастырып, қоғамды ұйымдастырушы негізгі күшке айналуы тиіс болды. Ол өзінің тарихи миссиясын болашақтың «Ғылыми Библиясын» жасауға балап, ғылымды адамзат баласының өмір сүру формаларының шыңына көтермекші болды.
Ғылымдарды біріктіру идеясы XVIII ғасырда етек алған еді. Сол тұста білімді біріктіру - қарапайым және түсінікті ережелерге сәйкес іске асырылды. О. Конт бұл мәселені жаңа қырынан көтерді. Ғылымдарды классификациялауда ол бірқатар негіздерге сүйенді; тарихи (ғылымның пайда болу уақыты және бір ізділігі), логикалық (абстрактіліктен нақтылыққа өту), зерттеу пәнінің күрделілігі бойынша (қарапайымнан күрделіге қарай), практикамен байланыс сипаты бойынша.
О. Конт өз шығармаларында өзіне белгілі ғылымдарды нағыз және жалған ғылымдарға бөлген. Жалған ғылымдар санатына ол шешілмейтін мәселелерді қарастырумен айналысатын және дәлелдеуге немесе жоққа шығаруға мүмкін емес ережелі ғылымдарды қосқан. Бұлардың қатарына теологияны, мистицизмді, спиритуализмді, алхимияны, утопизмді, сонымен қатар метафизиканы, яғни философияны жатқызған. Өзінің ұстазы Сен-Симонның пікірін қолдай отырып ол нағыз, шынайы ғылымдар деп позитивтік ғылымды атаған. Олардың арасынан абстрактылы (теориялық) және нақты ғылымдарды бөліп көрсетті. Абстрактілі ғылымдар жалпы зандылықтарды қарастырады, ал нақты ғылымдар бұл зандарды жеке салаларда (мысалы, биология, медицина) қолданады.
Конттың пікірі бойынша, абстрактілі позитивтік ғылымдар саны алтау: математика, астрономия, физика, химия, биология, әлеуметтану. Бұлардың осындай реттілікпен орналастырылуы оларда позитивизмнің көрінуі мөлшерімен байланысты. Неғұрлым материя қарапайым болса, соғұрлым ол туралы позитивті пайымдау жеңіл болады. Әрбір позитивтік ғылым алдыңғыларға негізделеді, олардың өзіндік ойлау қалпындағы жақсыларды қабылдайды және дамытады.
Оның көзқарасы бойынша, математика басқа ғылымдарға айтарлықтай тәуелді емес, бірақ соншалықты абстрактілі, қарапайым және практикадан аластатылған ғылым, сондықтан ол басқа ғылыми таным формаларынан ерте пайда болған. Әлеуметтану, керісінше, практикамен тікелей байланысқан, күрделі, нақты, өзгелерден кейін пайда болды, өйткені ол басқалардың жетістіктеріне арқа сүйейді. Әлеуметтанудың қалыптасуын қоғамның жаңа даму сатысымен байланыстырумен бірге, оны бүкіл ғылымдардың даму тарихымен де сабақтастырады. Ғылымды топтастыру барысында ғылым иерархиясы жасалып, оған жоғарыда аталған ғылымдар енгізілді. Сөйтіп, бұл жүйе білім дамуынын қарапайымнан күрделіге, төменнен жоғарыға, жалпыдан ерекшеге өтуінің тарихи процесін көрсетті.
Әлеуметтануға біртабан жақын және біршама туысқан ғылым ретінде биологияны атайды. Бұл екеуін зерттеу пәнінің күрделілігі біріктіреді, тұтастық жүйе де соған дәлел бола алады, сондықтан биология мен әлеуметтануға талдау жасау жолын негізгі бағыт етіп ұстанбайды, яғни бөлімнен тұтастыққа қарай қозғалмау керек. Жануарлар әлемі мен адамзат қоғамы индивидтердің механикалық агрегаты емес, керісінше - тұтастық. Бұл тұтастық өз бетінше өмір сүреді және өзін құрайтын бөлімдердің қасиеттерін белгілейді. Сондай-ақ, жалпы схема бойынша әлеуметтанудың тікелей биологияның зандарына сүйенетіндігін, тіптен онсыз мүмкін емес екендігін айтқанымызбен, алайда, екінші жағынан, әлеуметтанудың өзіндік ерекшелігінің бар екендігін, бұл заңдардың соның негізінде түрін өзгертетінін, ал осы заманғы өзгерістер индивидтердің өзара қимыл-әрекетінің арқасында туындайтынын тұжырымдайды. Конт жануарлардың біріне-бірін тартатын жыныстық инстинктін және олардың ұрпағына қамқорлық жасауын әлеуметтіліктің бастамасы етіп алады. Сурет пен бейнелеуді (иллюстрацияны) әлеуметтік пен биологияның өзара тығыз байланыстылығының қос көрінісінің мысалы деп алға тартады. Адамдарда өзінөзі сақтау инстинктінің рөлі жоғарылығын, «индивидтік инстинкттің» болатындығын мойындай отырып, Конт келе-келе адамдарда әлеуметтік эгоизмнің үстемдік алатынын жазды.
Әлеуметтану биологияға арқа сүйейді, әрі одан автономдығын да сақтайды, материяның күрделі формасымен байланысады, ең жоғарғы және күрделі теориялық ғылым болғандықтан позитивтік ғылыми білімдер жүйесін аяқтаушы болып саналады. Сондай-ақ, оған қоғамдық білімдерде үстем еткен ойлау қалпы тән болуы тиіс.
Қоғам дамуын адамдардың танымдық қызметінің және олардың қоғамдық; санасының бір сатысынан келесі сатысына өтуі арқылы түсіндіріп, «үш сатылы заңды» дәйектейді: теологиялық, метафизикалық және позитивтік (ғылыми).
Теологиялық сатыда адамзат ақыл-ойының, сонымен қатар қоғамның дамуы, Конттың пікірі бойынша, 1300 жылға созылған. Осы сатыда әрбір кұбылыстар жоғары құдіретті күштердің тигізетін әсерінің нәтижесі ретінде қарастырылды. Бұл фетишистік діни сананың шыққанын көрсетіп, кейін ол политеизммен, яғни көпқұдайшылықпен алмасып, қайсыбір құбылыстар түрлі құдайлардың ықпалы арқылы болады деп бейнеленді. Теологиялық сатының соңына таман бір құдайлыққа (монотеизмге) өту қалыптаса бастады. Сөйтіп, барлық құбылыстарды адам дінінің негізінде жатқан күш деп түсінеді. Мұндай сана тайпа көсемдерінің, әскербасыларының, аристократтардың билігін құдіретті күшпен байланыстырды. Иерархиялы әлеуметтік ұйым қоғамда өмір сүріп отырған тәртіпті нығайтуға бағытталды. Теологиялық сатының ең жоғарғы кезеңі — католиктік феодалдық қоғам болды. Монотеизм гармониялық әлеуметтік тәртіп орнатуға ықпал жасады, бірақ ол өзінің тиімділігіне қарамастан консервативтік институттарды қалыптастырды. Алайда, адамзат ақыл-ойының жетілуі ерте ме, кеш пе, теологиялық түсініктің догматикалық жүйесімен қақтығысары анық еді. Себебі, ол әлеуметтік жүйенің бүкіл құрылымына бойлап енді, сөйтіп, бұл тәртіп прогреске кедергі жасады. Бірақ прогресті тоқтату мумкін емес еді, даму заңдары ескі жүйені күйрете бастады. Ескіні бұзу тұтас дәуірді қамтыды, Конттың анықтауынша, бұл қоғам дамуының метафизикалық сатысы болды. Бұл сатыда бұрынғы қоғамдық тәртіп ыдырады, ол 1300—1800 жылдар аралығындағы кезеңді қамтиды.
Бұл сатыда адам санасы жәй пайымдаудан гөрі, сыртқы дүниенің нақты процестерін білдіретін ұғымдарды көп қолданады. Алайда, ғылымың баяу дамуына байланысты бұл ұғымдар әлі де болса абстрактылы еді. Бұл сатыда ескі қоғамдық бастаулар қирайды (реформация, ағартушылық, революциялар, соғыстар, т.б.), тұтастық ыдырайды. Бұл күйреудің жағымды жақтары болғанымен (жаңа экономикалық және саяси идеялардың, орнауы, т.б.), «метафизикалық рух» сенімсіздікті, эгоизмді, моральдық тозушылықты және саяси тәртіпсіздікті жоя алмады. Қоғамда тәртіп орнатып, әлеуметтік тұтастықты жөнге қоятын жаңа идеология қажет болды. Оны, Конттың пікірі бойынша, позитивизм, яғни ғылымның дамуы жүзеге асыра алады.
Позитивтік дәуір, Конттың тұжырымына сүйенсек, 1800 жылдан басталады, оның мені — ойлау бағдарының түбегейлі өзгеруімен, қайта құрылуымен сипатталады. Адам санасы өз пайымдауларында және қорытындыларында көбінекөп ғылыми бақылауға сүйенеді. Дүниеге теологиялық және абстрактылы — метафизикалық тұрғыдан қарауды оның, заңдарын ашу мен зерттеу, құбылыстарды бақылау секілді тәсілдер алмастырады. Бұл заңдарды ұғыну үшін олардың әрекетін ескеру және көре білу қажет. Сол тұстағы жаңа қоғамға әлеуметтік көзқарас тұрғысынан қарасақ, онда ол эгоизмді альтуризмнің жеңуі, әлеуметтік сезімнің артуы, әлеуметтік тәртіп пен келісімнің орнауы, әскери қоғамнан өнеркәсібі дамыған қоғамға өтудің іске асуы арқылы сипатталады. Алайда, жаңа қоғамның да жақсы жақтарымен қатар, көлеңкелі, теріс тұстары да бар, сондықтан ғылым осы қоғамды келеңсіз қылықтардан тазалауға көмек
1
көрсетуді өзіне мақсат етті
Конттың көзқарасы бойынша, қоғамның дамуы заңды және прогрессивті сипатта болады. Ол қоғам өз дамуы барысында биологиялық заңдарға, сондай-ақ «астрономиялық» заңдарға, яғни ғарыштың, аспан денелері мен планета қозғалыс заңдарына бағынады. Ол қоғам дамуына ауа райы мен халықтың нәсілдік кұрамының ықпал ететіндігі туралы да жазды. Алайда, Конттың пікріне сай ой тұжырымдасак, онда адамзаттың интеллектуалдық эволюциясы қоғамның дамуына ерекше әсер етеді екен. Әлеуметтік мәселені шешуде адамдар санасының негізгі, бірінші рөл атқаратыны және оның қоғамның дамуына шешуші ықпал жасайтыны туралы О. Конт позитивтік қорытынды жасайды. Осыған байланысты позитивизмнің негізін қалаған интеллектуалдық эволюцияның жоғарғы көрінісі ретінде ғылымның осы саласына айрықша мән береді.
Конт өзінің қоғам дамуы жөніндегі көзқарастарын жүйелей келіп, әлеуметтануды үлкен әрі маңызды екі тарауға: әлеуметтік статика және әлеуметтік динамикаға бөлді әлеуметтік статика қоғам құрылымының жұмыс істеу заңдарын
1 Қараңыз: История социологии / Под общ. Ред. А.Н. Елеукова. Минск: Высшая школа, 1997. С. 38-39.
қарастырады. Әлеуметтік динамика қоғам жүйесінің өмір сүру жағдайы мен оның жұмыс атқару заңдылықтарын зерттеуге тиісті болды. Әлеуметтік динамика ең алдымен негізгі қоғамдық институттардың, соның ішінде отбасының, мемлекеттің, діннің қоғамдағы атқаратын міндеттерін және олардың татулық пен ынтымақтастықты орнатудағы рөлін қарастырады. Сонымен қатар, әлеуметтік динамика әлеуметтік жүйенің дамуы мен өзгеру заңдарына да назар аударады. Осыған орай қоғамдық прогрестің позитивтік теориясын да О. Конт әлеуметтік динамика деп атап кеткен еді. Прогресс, оның пікірі бойынша, дамудың ең биік сатысына көтерілу болып табылады. Қоғамдық прогреске жетуде материалдық (өмірдің сыртқы жағдайын жаксарту), физикалық (адам табиғатын дамыту), интеллектуалдық (ақыл-ой, діни және метафизикалық, дүниетанымнан позитивизмге көшу) және моральдық (адамгершілік пен ұжымдық сезімдердің артуы) секілді алғышарттар ең маңыздылары болып есептелінеді.
Конттың қоғам дамуын гармонизациялау және оның тұрақтылығының проблемалары жөніндегі көзқарастары да аса құнды. Қоғамдағы гармония «әлеуметтік жүйенің» тұтастығы мен бөлімдерінің арасындағы гармония болып саналады, сонымен қатар оған қоғам өмірінің барлық жақтарының келісімді өзара әрекеті - саяси, экономикалық, рухани, биологиялық, т.б. жатады. Оның пікірі бойынша, әлеуметтік гармонияға ғылымның көмегі арқылы жетуге болады. Ғылым қоғамның барлық бөлімдері арасындағы өзара әрекетті қажетті механизмін тауып беруі тиіс.
Сондай-ақ, түрлі тұлғалар мен әлеуметтік топтардың мүдделерін барынша үйлестіре білуде қоғамдағы гармонияның ерекше рөл атқаратынын да жазды. Саяси өкімет билігінің маңыздылығы сонда, ол әлеуметтік субъектілердің мудделерін ақылмен дұрыс үйлестіріп отыруы тиіс. Бұдан Конт саясаткерлерді бедел алатынын пайымдады. Қоғам гармониясынан Конт оның тұрақтылығының негізгі жағдайын, әр сословиенің, әр халықтың, әр адамның қалыпты дамуының мүмкіндігін байқады. О. Конт әлеуметтанудың негізін калады, ал Г. Спенсер оны одан әрі дамытты. 2. Герберт Спенсердің әлеуметтану жөніндегі ілімдері Англияда әлеуметтану ғылымының қалыптасуы Герберт Спенсердің (1820—
1903) есімімен байланысты. Ол өзінің әлеуметтік көзқарастарын «Бастаудың негіздері» (862), «Биология негіздері» (864—867), «Психология негіздері» (870—872),
«Әлеуметтану негіздері» (876—і896) деген еңбектерінде баяндады, Спенсердің әлеуметтануының, аса кұнды жағы — «Әмбебап эволюция заңы». Бұл заң бойынша эволюция — дамудың бірден-бір кайнар көзі. «Әлеуметтану принциптері» атты еңбегінде Г. Спенсер осы идеясын тереңдете келіп, қоғам организм іспетті немесе асқан органикалық агрегат сияқты деген басты тезисін негіздеді. Қоғам мен оны қоршаған сыртқы орта арасындағы қарым-қатынас энергияның реттеу принципі арқылы болады. Бұл заңдылық әр түрлі қоғамдар мен сол қоғамдарды кұрайтын жеке адамдардың арасында өмір сүру үшін болатын күрестерде көрінеді. Күрес әмбебап және қоғамдық эволюцияның негізгі қозғаушы күші болып табылады. Спенсер қоғам мен биологиялық организм арасындағы ұқсастықты толық мойындағанымен, бұл мәселеде ол жалғыз емес еді. Оған дейін мұндай ұксастықты Конт, Краузе, Ахренс айтқан болатын. Алайда, Спенсер осы бағытты бірінші болып бір жүйеге келтіре отырып жазып шықты. Бұл жүйенің қарастыратын екі мәселесі бар: эволюция принципі және қоғам мен биологиялық орғанизмдердің ұқсастығы. Спенсердің аталмыш жүйесі әлеуметтану теориясының дамуына қосқан басты үлесі болды. Осы принциптерді Спенсер әлеуметтік саясатты бейнелеудегі, әлеуметтік реформаларды жасап жүрізуде нақты ұсыныстарында қолдана білді. Оның келесі бір тезисінде әлеуметтік саясат — тәжірибелік зерттеудің нәтижесінде қалыптасуы шарт делінген. Ал, әлеуметтік саясатқа аса қажетті принцип ол — әлеуметтік эволюция процесінің табиғи дамуына кедергі жасамай, оған жол ашу, бұл процесті жеке адамдар мен топтардың ойына не келсе соны істейміз деуінен құтқару.
Спенсер әлеуметтік заңдарды тұжырымдай отырып, әлеуметтік реформаларды белгілеуден бұрын қоғамның нақты әлеуметтік жағдайын жете, жан-жақты білу қажет екендігін атап керсеткен. Оның пікірінше, еркін және ішкісебептерден пайда болған әлеуметтік эволюцияның жетістікке жетуінің бірден-бір шарты — мемлекет қызметіне қатаң шек қою болып табылады.
Спенсер «еркіндік тендігі» заңын тұжырымдай келе, онда барлық жеке адамдардың «еркіндік теңдігін» басқа адамдардың еркіндігі деңгейіне сәйкес пайдаланылуы тиіс дегенді айтады. Мемлекет те еркін, бірақ ол жеке адамдардың ерекше қорғайтын, соған кепілдік беретін ұйым. Мемлекет алыпсатарлықка қатысты заңдар шығарумен, діни мекемелерді және қайырымдылық қоғамдарын басқарумен айналыспауы керек. Мемлекеттің негізгі міндеті — қоғамда құқықтың жүзеге асырылуын және еркіндік теңдік заңының сақталуын қамтамсыз ету, сөйтіп, ол өз азаматтарын тонау мен зорлықтан және соғыстан қорғап отыруды іске асырады.
Қоғамды тірі организм іспетті қарауға болады, бірақ бұл жерде мына нәрсені есте ұстау керек, өзіндік өмір суру заңдарын сақтаған әлеуметтікті құрайтындардың (ұлттар, мемлекеттер, таптар, басқа да әлеуметтік топтар) организмдік мәні бар.
Әлеуметтік организмдер биологиялық организмге ұқсас. Бұл ұксастық барлық мүмкін жағынан емес, тек олардың алты жағынан ғана ұқсастықты белгілейді. Бүкіл организмдер:
өседі, көлемі жағынан ұлғаяды;
өзінің ішкі құрылымдары болады;
өсу деңгейіне сәйкес бұл құрылымдар күрделенеді;
құғылымның күрделенуі органдар функцияларының жіктелуінің күшеюімен қатар жүреді;
құрылым мен функциялардың күрделенуі биологиялық қоғамдық организмдерінің жекелеген бөлімдер арасындағы өзара әрекетпен дамуына соқтырады;
жекелеген бөлімдер (органдар) тіптен тұтастықтың өмірінің берекесі кеткен жағдайдың өзінде де белгілі бір уакытқа дейін өмір сүре алады.
Қоғамды толығымен биологиялық, организмге ұқсастыру қате болған болар еді, өйткені олардың принциптік тұрғыдан өзгешеліктері бар, ол кем дегенде үш мәселеде көрінеді:
биологиялық организм - бұл нақты тұтастык,, оның бүкіл органдары тығыз байланысқан. Қоғам - дискреттік тұтастық, оның тірі құрылымдары мен элементтері бір-бірінен азды-көпті еркін және уакыт пен кеңістікте бытыраңқы орналасқан;
ойлау және сезім функциялары биоорганизмің, белгілі бір бөлімінде ғана шоғырланған, ал қоғамда ойлау мен көніл-күй (эмоция) барлық кұрылымдар мен элементтерге тән;
биологиялық организмде элементтер тұтастық үшін өмір сүреді, ал қоғамда бұл жағдай керісінше болады. Адамдар қоғамға қызмет етпей,
1.
керісінше қоғам адамдарға қызмет етеді
Спенсер организмнің, ерекшелігін индивидтің автономиясын сақтап қалуға, жүйенің адамды жұтып қоюына жол бермеуге тырысқандығында деп түсіндірді.
Г. Спенсер қоғамдық өмірде мемлекеттің рөлін шектеуді, тіптен кедейлерге көмек немесе балаларға тәрбие беру жөніндегі қамқорлығынан да бас тартуды ұсынды. Ол отаршылдық экспансияны сынады, Өйткені бұл мемлекеттік бюрократияның күшеюіне әкеліп соғатын еді. Спенсердің пікірінше, кез келген қоғамның дамуы органдардың үш жүйесінің негізінде іске асады: 1) сүйемелдеуші жүйе. Бұл организмді қоректендіріп, оның дамуын қамтамасыз ететін болса, қоғам да оның дамуына кажетті өнімдерді шығаратын өндіріс бөлімдерінен кұралады; 2) бөлуші жүйе - еңбек бөлінісінің негізінде қалыптасқан әлеуметтік организмнің әртүрлі бөлімдерінің, байланысын қамтамсыз етеді; 3) реттеуші жүйе - қоғамның кұрамды бөлімдерін біртұтас орталыққа бағындырып, мемлекет тарапынан оның дамуын реттеп отырады. Осы жүйелердің әрқайсысы әлеуметтік институттардан тұрады. Бұл ұғымдармен Спенсер «әлеуметтік әрекеттің тұрақты құрылымдарын» белгіледі. Реттеу жүйесін сипаттай келіп, ол адамдар мінез-құлқын қадағалайтын «әлеуметтік бақылау» институттарын бөліп көрсетеді және оның қатарына мемлекетті (саяси басқару), шіркеуді, отбасын, салт және дәстүрлерді жатқызады. Әлеуметтік институттарды зерттеу, Спенсердің пікірі бойынша, әлеуметтанудың маңызды міндеті. О. Конт, Г. Спенсермен қатар әлеуметтанудың ғылым болып дамуына зор үлес қосқан К. Маркс пен Ф. Энгельс болды.