Әлеуметтану


Қоғамның саяси жүйесі және саяси сана, олардың негізгі элеиенттері, функциялары мен формалары



бет54/82
Дата07.02.2022
өлшемі0,59 Mb.
#87528
түріОқулық
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   82
Байланысты:
ӘЛЕУМЕТТАНУ. ОҚУЛЫҚ (1) (2)

3. Қоғамның саяси жүйесі және саяси сана, олардың негізгі элеиенттері, функциялары мен формалары


Қоғамда бар саяси институттардың жиынтығы оның саяси жүйесінің маңызды буынын құрайды, бірақ бұл жүйе осы институттармен ғана шектеліп қоймайды. Саяси функцияларды тек «таза саяси» мекемелер мен ұйымдар ғана атқармайды. Оларды көптеген қоғамдық ұйымдар, соның ішінде кәсіподақ, жастар, ардагерлер және т.б. ұйымдар сондай-ақ жазушыларды, суретшілерді, сазгерлерді, кинематографистерді, журналистерді және сол сияқтыларды біріктіретін ұйымдар да атқарады. Бұл ұйымдардың әрқайсысы қоғамдағы белгілі бір әлеуметтік топтардың және жіктердің мүдделерін білдіреді әрі қорғайды. Осымен байланысты олар да қоғамдағы саяси жүйенің белгілі бір буынын құрайды.
Сайып келгенде, қоғамның саяси жүйесі мекемелер мен ұйымдардың жиынтығы болып табылады. Өйткені олардың қызметі саяси сипат алған, яғни олардың қызметі белгілі бір таптардың, басқа да әлеуметтік топтардың, сондай-ақ ұлттық қауымдастықтардың саяси мүдделерін іс жүзіне асыруға бағытталған. Бұл мекемелер мен ұйымдар азды-көпті біртұтас саяси жүйе құрып, өзара байланысқан және өзара әрекет етеді.
Аталмыш жүйенің негізгі функцияларына әлеуметтік топтардың және ұлттық қауымдастықтардың арасындағы, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы кең көлемдегі саяси қатынастардың жиынтығын реттеу жатады. Осы қатынастардың шеңберінде барлық әлеуметтік субъектілердің қызметі, олардың өз саяси мүдделері үшін күресі, саяси қарсыластығы мен ынтымақтастығы іске асады.
Қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементтеріне мыналар жатады: - мемлекет органдары, оның заң шығарушы және атқарушы бөліктері;

  • әскер;

  • құқық қорғау органдары, ең алдымен сот, прокуратура, полиция;

  • мемлекеттік арбитраж;

  • саяси партиялар, - саяси қозғалыстар;

  • қоғамдық ұйымдар (кәсіподақтар, жастар, шығармашылық, т.б. сол сияқты ұйымдар). Бұлардың қызметі белгілі бір әлеуметтік топтардың саяси мүдделерін жүзеге асырумен байланысты болады. Сондықтан белгілі дәрежеде саяси сипатқа ие болады.

Қоғамның саяси жүйесінің бүкіл осы элементтері экономикалық қатынастардың негізінде пайда болып, өмір сүретін қоғамның әлеуметтіктаптық құрылымын тікелей немесе жанама көрсетеді. Қоғамның саяси жүйесі өзіне тән әлеуметтік-экономикалық және идеологиялық қатынастардың бүкіл жиынтығының ықпалымен дамиды және ол аталған қатынастарға елеулі әсер етеді. Бұл ықпал күші осы саяси жүйені жетілдіруге байланысты, сондай-ақ қоғам өмірінің өзге де жақтары оның қалыптастырған өзара әрекет механизміне де тәуелді. Әлбетте, бұл өзара әрекеттер көбіне көп объективті факторлармен, ең алдымен қоғам дамуының объективті заңдарымен анықталады. Бірақ бұл жерде субъективті фактор да біршама рөл атқарады, соның ішінде саяси және мемлекет қайраткерлерінің қоғам дамуындағы объективтік жағдайлардың маңызын, әр түрлі әлеуметтік күштердің шынайы мүдделерін түсінуі мен санасу іскерлігін айтуға болады және бұдан саяси жүйенің өмір сүруі мен дамуы, оның қоғам өмірінің барлық жақтарына әсер ету тиімділігін арттыру проблемаларын шешу келіп шығады.
Мемлекет - қоғамдық саяси жүйенің негізгі элементі. Бұл кездейсоқ емес, өйткені саяси қатынастардағы ең басты мәселе билік туралы мәселе, ал ол ең алдымен мемлекеттік мәселе. Осы биліктің тетіктерін қолдана отырып, мемлекеттік органдар қоғамның саяси жүйесінің бүкіл басқа да буындарына шешуші ықпал жасайды. Мемлекет ең алдымен заң шығарушы, атқарушы және сот аппараты ретінде көрінеді. Ал олардың биліктері қоғамда үстемдік етуші әлеуметтік-таптық күштердің қолында болады. Мемлекеттік аппарат билігінің көмегімен осы күштер қоғамда өздерінің саяси үстемдігін орнықтырады және өз ырқын тек қана саяси салада ғана емес, әлеуметтікэкономикалық, рухани-адамгершілік, басқа қоғамдық қатынастарда да жүзеге асырады.
Қоғамның таптарға бөлінуінің нәтижесінде мемлекет пайда болды. Бұл ережені әр түрлі бағыттағы бүгінгі әлеуметтанушылар мойындап отыр. Қоғамның мемлекеттік ұйымдары бастапқыда қоғамның алғашқы мемлекеттік емес ұйымдарынан біраз мәнді белгілері бойынша ерекшеленді. Олардың негізгілері:

  • биліктің пайда болуы, ол өзін бүкіл қоғаммен теңестірмеді, яғни бір адам басқа адамдарға билік етті;

  • халықтың аумақтық бөлінуі, бұдан кейін қандастық байланыстар есептелмеді;

  • өнімді еңбекпен айналыспайтын, басқаруды кәсіпке айналдырған адам топтары қалыптасты, яғни мемлекеттік аппарат пайда болды; - әр түрлі салықтар шықты30.

Билеуші әлеуметтік күштер әрдайым мемлекетті барлық азаматтардың мүдделерін қорғайтын орган есебінде көрсетуге тырысты және оны бүкіл қоғамның тұрақтылығын сақтайтын факторы ретінде дәріптеп бақты. Бұл белгілі деңгейге дейін шындыққа сай келеді, дәлірек айтқанда, бұл күштердің мүдделері өзге таптар мен халық жіктерінін мүдделерімен сәйкес келгенге дейін. Егер де олардың мүдделері қайшы келсе, онда билеуші күштер ең алдымен өз мүдделерін қоғамның бүкіл қалған мүшелеріне таңып, іске асыруға тырысады. Ол үшін билеуші күштер өз мүдделерін сол елдің бүкіл халқының, бүкіл ұлттың немесе көп ұлтты қоғамның мүддесі етіп көрсетеді. Сөз жоқ, бұл билеуші күштер өз билігін басқа саяси күштермен ымыраға келу жолымен де орнатуы мүмкін.
Мемлекеттің мәні мен негізгі қызметі оның функцияларынан байқалады. Бұл функцияларға мыналар жатады:

  • қоғамда қайсыбір әлеуметтік-таптық күштердің үстемдігін қамтамасыз ету;

  • сыртқы жаулардан елді қорғау;

  • елдің экономикасының дамуына қандай да болсын ықпал жасау;

  • рухани мәдениет пен идеологияны дамыту;

  • өзге елдермен сыртқы (елшілік, сауда, өнер, т.б.) байланыстар орнату.

Аталмыш функциялардан басқа да мемлекеттің атқаратын міндеттері бар. Мемлекет ұлттық интеграцияның маңызды құралы ретінде көрінетіндіктен ұлтты қалыптастыру және ұлттық қатынастарды реттеуші функциясын, сонымен қатар қоғам өміріндегі әлеуметтік саланың және халықты әлеуметтік қорғаудың көптеген проблемаларын шешуге байланысты әлеуметтік функция да атқарады.
Әлбетте, мемлекеттің осы функцияларын тек қана таптық тұрғыдан түсіндіру дұрыс болмас еді. Мемлекеттің көптеген әрекеті бүкіл халықтың немесе қоғам мүшелерінің басым көпшілігінің мүддесі үшін жасалады. Бұл ең алдымен елді қорғау, мемлекеттік деңгейде экологиялық проблемаларды шешу, ұлттық салт-дәстүрлерді және мәдениетті дамыту, т.с.с. қатысты болып отыр. Сонымен бірге оның әрбір функциясының шеңберінде мемлекеттің таптық және жалпы әлеуметтік мәселелерінің өзара араласуы орын алады.
Мемлекеттің құл иеленушілік, феодалдық, капиталистік, социалистік, тарихи типтерін ерекше бөліп айтуға болады. Мұндай бөлуге қоғамның сипаты негіз болды, соның шеңберінде мемлекет қызмет атқарады. Мемлекеттің әрбір типі өзіне сай мемлекеттік басқару формалары арқылы көрінеді. Ал мемлекетті басқару формалары мемлекеттік билікті жүзеге асырудың ерекше тәсілі болып саналады. Айталық, мемлекеттің құл иеленушілік типі деспоттық шығыстық монархия, аристократия және демократиялық республика формасында; феодалдық - сословиелік-өкілдік және шексіз монархия формасында; капиталистік - парламенттік және президенттік республика немесе конституциялық монархия формасында; мемлекеттің социалистік типі - социалистік республика формасында көрінді. Мемлекеттің формалары қандай да болсын қоғам дамуының тарихи жағдайларымен, ұлттық салт-дәстүрмен анықталады, сонымен қатар қоғамдағы әлеуметтік, таптық күштердің ара салмағы, қайсыбір партиялардың рөлі, тіптен жетекші мемлекет қайраткерлерінің рөлі сияқты факторлармен де айқындалады.
Қазіргі кезде көпшілік азаматтардың мүддесіне сай, қоғамда жүріп жатқан процестерге мемлекеттік билік органдарының ықпал ету тиімділігін арттыруға бағытталған қызметін жетілдіру туралы мәселе аса өткір қойылып жүр. Ол үшін сол билік органдарының біліктілігі мен кәсіби деңгейін арттыру, басшылық стилін жетілдіру және қоғамды басқару ісінің барлық деңгейінде бюрократиялық әдістерді қолдануды шектеу талап етіледі. Ең бастысы бүкіл мемлекет органдары қызметінде шынайы демократизмді дамыту болып табылады. Сонда ғана олар елдің ең үлкен жіктерінің мүддесін іс жүзінде қорғай алатын болады. Заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерінің өзара әрекеттерін жетілдіру қажет, сонымен қатар бұдан басқа қоғамда төртінші билік деп айтылып жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын демократияландыру деңгейін арттыру керек, сонымен бірге азаматтардың өмірін, ар-ожданы мен абыройын, олардың мүліктік және саяси құқын қорғауға арналған құқық қорғау органдарының жұмысын жақсартқан жөн, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың өзге де буындарының жұмысын дұрыс жолға қою қажет.
Бүгінде Қазақстанда бірнеше саяси партиялар мен қозғалыстар қалыптасты. Бұл саяси плюрализмнің әлеуметтік-экономикалық базасын дамытуға негізделген, көп укладты экономика қалыптастырған, өздерінің еңбегін жеке меншік секторымен, бірлескен кәсіпорындармен, кооперацияның жаңа формаларымен, т.с.с. байланыстырған жаңа әлеуметтік топтарды дүниеге келтірді. Елдің социалистік жолмен дамуын қолдайтын қоғамдағы жіктер де өз партиялары мен козғалыстарын құрды.
Қазіргі Қазақстан қоғамында экономика мен әлеуметтік-саяси салада әр түрлі бағыттардың күресі оның саяси жүйесінің, тыныс-тіршілігіне сөзсіз әсер етеді.
Қоғамның саяси жүйесін демократияландыру мен құқықтық мемлекет үшін күрес жағдайында коғамдағы жоғары билік заңға бағынады, барлық саяси күштер өз бағдарламаларын жариялауға және оларды жүзеге асыру үшін күресуге құқы бар. Осындай жағдайда қоғамның прогресивті саяси күштері саяси жүйенің басты буындары қызметінің тиімділігін арттыру үшін күресуде. Сол буындар негізінде Қазақстанда көпшілік халықтың мүддесіне сай келетін шынайы демократияланған саяси-мемлекеттік құрылыс құруға қол жеткізуге болады.
Қоғамның саяси жүйесінің негізгі элементтері ретінде мемлекетпен қатар саяси партиялар да қоғам дамуында маңызды роль атқарады.
Кейбір саяси партиялар әлеуметтік козғалыстан тікелей пайда болады. Дәл осындай жолмен жұмысшы қозғалысынан жұмысшы партиялары, ұлтазаттық қозғалыстан ұлттық-демократиялық, экологиялық қозғалыстан жасылдар партиялары және т.б. партиялар өмірге келді. Ал келесі бір партиялар қоғамдық ұйымдардың трансформациялануымен құрылды. XX ғасырдың басында ағылшын тредюнионы парламентке жұмысшыларды ұсынатын комитет құрған еді, сол комитет кейін лейбористік партияға айналды. Жалпы партиялардың құрылуының негізгі үш жолы бар: «жоғарыдан», «төменнен», «құрама» тәсілмен. Партияны «жоғарыдан» қалыптастыру жолы парламенттік топтардың, саяси элиталардың, қысым жасау топтарының, партиялық бюрократтардың негізінде жүзеге асады.
«Төменгі» жолды қоғамдық қозғалыстардан туындаған, немесе нақты бір идеологияны, лидерді қолдаушыларды біріктірген партиялар өтеді. «Құрама» тәсілмен партиялар элитарлық топтар мен қарапайым азаматтардың күштерін біріктіру негізінде құрылады. Ғылыми әдебиеттерде саяси партиялардың табиғаты мен мәні жөнінде әр түрлі түсініктеме берілген.
Гоббс партияны адамның қарама-қайшы рухының табиғи көрінісі десе, Макиавелли, Моска оның мәнін «саясилықтан» немесе Юм, Михельс, Дюверже «партиялықтан», Маркс пен Ленин әлеуметтік-таптық құрамынан іздестірді. Саяси партиялардың мәнін бір жақты анықтау мүмкін емес, өйткені олар көптеген сипаттамаларды, сонын ішінде психологиялық белгілерді де қамтыған.
Саяси партия дегеніміз - саяси биліктің көмегімен белгілі бір адамдар қауымдастығының мүдделерін қорғау үшін мақсат пен әрекеттің бірлігі негізінде кұрылған адамдардың ерікті одағы. Саяси партиялардың тікелей саяси билікке қатысы бар. Олар оны жеңіп алуға немесе оған ыкпал етуге күшін салады. Саяси партиялар ішкі ұйымдасу қабілетімен де ерекшеленеді. Олардың кейбіреулері мүшелікті есепке алып бекітеді. Өздерінің ішкі өмірін жарғымен, нұсқаулармен реттеп отырады. Партиялық құрылым лидерлерден, партиялық бюрократиядан, идеологтардан, партия активтерінен және қатардағы мүшелерден құрылған. Партия өзінін саяси әрекет ету бағдарламасының, сонымен қатар белгілі бағыт-бағдарлы идеологиялық жүйесінін болуымен ерекшеленеді.
Кез келген партияның саяси қызметі оның атқаратын функиияларымен тікелей байланысты. Олар қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстардың функцияларымен бірдей. Алайда, саяси партиялардың ерекшеліктерін есепке алатын болсақ, онда атқаратын функциялары нақты мазмұнмен толыға түскен. Саяси партия ең алдымен өзінің әлеуметтік базасы болып саналатын әлеуметтік топтар мен жіктердің мүдделерін анықтау, негіздеу және формаға келтіру үшін жұмыс істейді, сол арқылы олардың белсенділігін арттырады. Саяси партия анықталған мүдделерді, оларды іске асыруды қамтамасыз ететін жолдар мен тәсілдерді керсететін өз қызметінің бағдарламасын жасайды, ұстаған доктринасын шығармашылықпен дамытады және анықтаулар енгізеді, бағдарламалық талаптарын және қабылданған платформасын насихаттайды, өзін көпшілік жұрттың қолдауын қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік қозғалыстармен және ұйымдармен байланыс орнатады.
Партия өзінің басты мақсатын сайлауға дайындық жасау және қатысу жолымен билікті жеңіп алудан, қоғам дамуының бағдарламасын жасаудан көреді. Билеуші партия болуға дайындала отырып, мемлекеттік қызметтерді атқару үшін және қоғамды басқаруға қатысу үшін ол алдын ала лидерлерінен саяси элитаны қалыптастырады.
Билікке келгеннен соң, партия қоғамды дамыту жөніндегі өз бағдарламасын мемлекеттік аппарат арқылы жүзеге асыруға тырысады. Сайлауда жеңіліске ұшыраған немесе оның барысында парламентте көпшілік өкілдікке қол жеткізе алмаған партия үшін парламенттен тыс немесе парламенттік оппозиция ұйымдастыру және келесі сайлауға дайындық жасау маңызды функция болып қалады. Партия әрдайым өз қызметінің материалдық базасын нығайтуға қамқорлық жасайды, өзге партиялармен, ел ішіндегі және шет елдегі ұйымдармен байланыс орнатады.
Мемлекет пен қоғам арасында аралық рөлді іске асырушы саяси партиялар, сайып келгенде, саяси жүйенің маңызды да белсенді элементі болып табылады. Олар өздерінің мәнісі жағынан мемлекеттік билікті қалыптастырудың, әр түрлі әлеуметтік қауымдастықтардың мүдделерін, мемлекеттің нақты саясатына айналдырудың шешуші факторы болды.
Саяси партиялар нақты елдердің әр түрлі тарихи және әлеуметтікмәдени жағдайларына орай әрекет етеді. Бұл жағдайлар олардың көптүрлі болуына ықпал жасады. Партиялардың қалыптасу негіздері мен мүшелік шарттарына сәйкес олар кадрлық, бүқаралық және қатан орталықтандырылған партиялар типтеріне бөлінген. Кадрлық ұйымда партиялық құрам партия комитеті басшылығымен саясатшылар топтарының төңірегіне бірігеді. Мұнда партияға еркін мүшелік орнатылған, құрамы тұрақсыз болып келеді. Олардың белсенділігі көбіне-көп сайлау кезінде көрінеді және бұл белсенділік сайлаушыларды қолдауды ұйымдастыруға бағытталған. Бұқаралық партиялар - әлдеқайда ұйымдасқан, тәртіпке негізделген, жарғы талабына сай мүшелік орныққан, өз идеологиясын және көзқарастардың біртұтастығын сақтаған саяси ұйым. Катаң орталықтандырылған партияларда идеологияға шешуші маңыз берілген. Оларға қатаң тәртіп, ұйымшылдық, көсемдерді құрмет тұту іспетті сипаттар тән. Ал алға қойған мақсаттары мен әлеуметтік ұстанымдарына орай қимыл әрекеттің практикалық жағына бағыт ұстағандарды патронажды партиялар, өзінің идеялық тазалығын сактау үшін күресушілерді идеологиялық партиялар деп топтастыру да ғылымда орын алған.
Ұйымдасу және функциялық сипаттарына байланысты да саяси партиялар топтасқан. Ондай партиялар төртеу. Авангард типтегі партияларға партия мүшелеріне жоғары талаптар қою, партия ішкі өмірін толық тәртіппен белгілеу, қатаң тәртіпті сақтау және еңбекші бұқарамен күнделікті жұмыс жүргізуге бағыт ұстау тән.
Алайда, мұндай партия билікке келетін болса, онда ол тез арада әкімшілік жүйенің құрамдас бөлігіне айналып кетеді. Сайлау науқанына арналып құрылған партиялар қаражат жинау, кандидаттар ұсыну, оларды қолдау үгітін жүргізумен сипатталады. Әдетте мұндай партиялардың мүшелері, билеттері, жарна төлеу белгіленбейді. Олардың бюджеті ерікті жәрдем беруден және мемлекеттік қаржыландырудан құралады. Парламенттік партиялар алғашқыларға ұқсас, бірақ олардың атқаратын міндеттері парламенттік қызметті де қамтиды. Осымен байланысты олардың тұтас құрылымы, тұрақты жұмыс істейтін басқару органдары қалыптасқан.
Партия-клубтар бұқаралық ұйым болып саналады, оның қатары қайсыбір платформаны ұстанған адамдарды ғана біріктіріп қоймайды, оларды біріктіруде көзқарастардың ортақтығы, мүдделердің, мәдени сұраныстардың бірдейлігі маңызды рөл атқарады. Осындай саяси партияларды топтастырумен қатар, олардың статусын, қоғамның саяси жүйесіндегі орнын ескеретін болсақ, онда олардың бөлінуі «билеушіоппозициялық» бағыттарда жүреді. Билеуші партия - елдің заң шығарушы органына сайлауда женіске жетудің нәтижесінде үкімет құруға құқылы болған және өзінің мақсаттарына сәйкес қоғам дамуының саяси бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік алған саяси ұйым. Оппозияциялық партия дегеніміз - заң шығарушы органға сайлауда жеңіліске ұшыраған немесе парламентте көпшілік орын ала алмаған және билеуші партияның баламасы ретінде өзінің қызметін бағдарлама, ұстанымдар дайындауға жұмылдырған партия. Ол парламенттен тыс және оның ішінде де әрекет ете береді.
Демократиялық қоғамдарда жеңген және жеңілген партиялар «саяси ойындар» ережесін бұзбай сақтайды, сайлауда партиялар бағдарламаларын көпшілікке танымал етудің басты механизмі мәртебесін қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайда жеңіске жеткен партиялар қызметіне кедергі келтірмейді, ал жеңілген партиялар билеуші партиялардың саясатын сынға алады, азаматтардың саяси таңдауын құрметтейді және үкіметке ниеті түзу қарымкатынасын сақтайды.
Қоғамдағы партиялар бір-бірінен, мемлекеттен, басқа да қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктерден оңашаланған емес. Олар тұрақты түрде өзара әрекет етеді, белгілі бір жүйені құра отырып, соның шеңберінде партиялардың шешім қабылдауға ықпал ету деңгейі және олардың қоғамды басқаруға қатысуының сипаты ашылады.
Жалпылама алғанда партиялық жүйені бірпартиялы және көппартиялы деп қарастыруға да болады. Бірпартиялық жүйе қоғам үшін қауіпті, өйткені бір өзінің ғана болуы, бәсекеге түсетін өзге партиялардың болмауы оны сөзсіз мемлекетпен біріктіреді, бұқараға мемлекеттік ықпал ету әдістерін қолданатын болады және осы жағдайлар оның партия ретіндегі сенімін жояды.
Көппартиялық жүйе қоғамда бірнеше партияның болуын қалайды. Қоғамда партиялардың саны қанша болса да, заң шығаратын билікке сайлауға қатысу үшін оларға бірдей құқық болуы шарт, сонымен қатар партиялардың және мемлекеттің функциялары бір-бірінен бөлек болуы керек. Көппартиялық қоғам үшін тиімді, өйткені партиялар билікке келудің өркениетті механизмдерін меңгерген, ал олардың бәсекелестігі арқылы қоғам дамуының балама нұсқаларын ұсыну қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, көппартиялық жүйе саяси мәдениетті, қоғамның моралін маңызды сынау болып саналады. Сондықтан бірнеше партияның өмір сүруі құқықтық мемлекет жағдайында ғана іске асатын болады.
Қазіргі Батыс қоғамының көппартиялық жүйесінде атқарушы билік туралы мәселені шешу үшін партиялардың өзара әрекет етуінің бірнеше нақты механизмдері жасалған. Бұл механизмдер бірнеше, атап айтқанда, коалициялық, доминациялық, және бипартиялық (екіпартиялық) укладтарды қамтыған. Коалициялық уклад сайлауда жеңген партиялардың бірде-біреуі парламентте -- заң шығарушы билік органдарында көпшілік орын ала алмаған жағдайда колданылады. Осының салдарынан жеңген партиялар бірігуге мәжбүр болады және коалициялық үкімет кұрады.Алайда, мұндай үкімет тұрақсыз болады, өйткені оның құрамына енген саяси күштердің өкілдерінің қарама-қайшылыққа толы мүдделерін қорғайды. Бұл үкімет келесі дағдарысқа дейін ғана өмір сүреді. Содан кейін жаңа сайлау өтеді, мұнда да сайлау күресіне қатысушы көппартиялардың бірде-біреуі дауыстардың бөлініп кетуінен салмақпен басым түсе алмайды. Дәл осындай уклад Италия, Бельгия, Голландия, Дания секілді елдерде әрекет етеді.
Доминация уклады (немесе көппартиялық жүйе монопольді билеуші партиясымен) парламентте басым көпшілік бір партияға жататын кезде ғана колданылады, сондықтан да ол бірпартиялық үкімет құрады. Мұндай жағдайда билеуші партия өзінің таптық және жалпыұлттық мүдделерді қорғау қабілетін көрсетумен, күшті идеологиялық ықпал жасаумен қатар, партиялық жүйеде үстем орынға ие болады. Әдетте қоғамда күшті және топтасқан оппозиция болмаған жағдайда басым партия ұзақ уакыт бойы (25 және одан да көп жылдар) үстемдік етеді. Дәл осындай уклад Швецияда қалыптасқан, мұнда социал-демократтар ұзақ уакыт бойы басым партия ретінде болды, осындай жағдай Жапонияның либерал-демократиялық партиясының басында болған еді. Екіпартиялық укладта саяси аренада бірінбірі билікте алмастырып отыратын екі негізгі партияның үстемдік монополиясы орнайды. Бұл осы укладтың сипатты белгісі болып саналмады. Олардың бірі билеуші де, екіншісі оппозициялық партия. Олар уақыты келгенде орын алмастырады. Қоспартиялық укладта салыстырмалы түрде тұрақты үкімет құрылады. Мұндай үкімет тұсында жаңа партиялар құруға көптеген қиыншылықтар туады, үстем етуші партиялардан басқа партиялардың қызметіне кедергі келтіріледі. Екіпартиялық укладтың классикалық үлгісіне буржуазиялық (мысалы, АҚШ-тың демократиялық және республикалық), немесе буржуазиялық және социал-демократиялық (Ұлыбританиядағы консервативтік және лейбористік партиялар) партиялар құрылған жүйе жатады. Екіпартиялық укладтың бір түрі модифицияланған уклад деп аталады. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Үкімет құруға қабілетті және бәсекеге түскен екі партияның бірде-біреуі парламентте көпшілік орынға ие бола алмаса, оның бірі заң шығарушы органда түрақты өкілі бар, саны жағынан аз үшінші бір партиямен коалицияға түседі.
Мұндай реттеуші рөлін атқаратын үшінші партияның қатарына Германиядағы еркін демократтар партиясы жатады. Онымен кейде СДПГ, бірде ХДС/ХСС блок құрады. Австралияда аграрлық және либералдық партиялар лейбористік партияға қарсы одақ құру тәжірибесі сақталған. Кезкелген саяси әрекеттер мен адамдардың өзара әрекеттері саяси сананың ықпалымен жасалады, бұлардан әрқилы саяси процестер қалыптасады. Оның саясилығы ең алдымен мазмұнға байланысты. Саяси сананы құрайтын сезім, көңіл-күй, идеялар мен теориялар адамдардың өмірдегі саяси және мемлекеттік құрылысқа, саяси билікке, ұлттық саяси проблемаларға, сонымен қатар азаматтардың саяси құқығы мен бостандықтарына көзқарасынан көрінеді. Таптардың, әлеуметтік топтардың және ұлттық қауымдастықтардың әрбір саяси әрекетінде саяси сананың қайсыбір компонеттері болады. Саяси көңіл-күй, көзқарастар, қисындар, мақсаттар адамдар әрекетіне түрткі болады, оның мазмұны мен бағыттын айқындайды. Саяси сана бүкіл саяси институттардың, саяси жүйенің басқа да элементтерінің қызметіне еніп, орнығады. Ол қоғамдық-саяси өмірдің, субъективтік жақтарын бейнелейді.
Саяси сана мейлінше күрделі рухани түзілім. Ол алуан түрлі күй мен деңгейлер арқылы көрінеді. Әлеуметтанушылар саяси сананың деңгейлері туралы айтқанда, олар әдеттегі және теориялық сананың көрінуін айтады. Саяси сананың ерекшелікті көрінісі ретінде саяси психология және саяси идеология алға шығады. Енді соларға қысқаша сипаттама берелік. Адамдардың әдеттегі (қарапайым) саяси санасы - адамдардың, болып жатқан саяси құбылыстар мен процестер туралы тұрмыстық түсінігі көбінесе ғылыми білімге негізделмеген таза ойша жорамалдаушылық пен пайымдаушылыққа саяды. Олар адамдардың күнделікті іс-тәжірибесінің ықпалымен қалыптасады. Ал олардың күнделікті іс-тәжірибесі адамдардың әр түрлі саяси оқиғаларға кезігуінен, осы оқиғалардан алатын жеке әсерінен, адамдар арасында өзара пікір алмасу барысында және ең соңында, алуан түрлі насихаттың ықпалымен, яғни саяси жарнамалардан бастап теледидар, радио, баспасөз арқылы бұқараға ықпал жасаудан жиналады.
Адамдардың әдеттегі саяси санасы — көбіне-көп олардың ағымдағы саяси оқиғалар туралы көпшілігінде толық емес және таяз, осы окиғалардың себептері мен заңдылықтарының байланыстарын қамтыған, олардың даму тенденцияларын елемеуден пайда болған түсінігі. Әдеттегі саяси санада саяси шындықты дұрыс көрсететін элементтердің болуына қарамастан, бұл санаға біршама саяси алданышты елестер сіңген, қайсыбір саяси құбылыстар жөнінде қате түсініктер орныққан, соның ішінде қоғамдағы әр түрлі саяси күштердің арасалмағы туралы, әр түрлі саяси партиялардың қызметтерінің шындыққа жақындығы, олардың көсемдерінің шын мақсаттары туралы және сол сияқтылар жөнінде жалған ұғымдар қалыптасқан.
Саяси өмірдің тең даму заңдары туралы білімі болмағандықтан қоғам мүшелерінің басым көпшілігі қарапайым саяси сана деңгейінде ойлайды. Әлбетте, білім және мәдени деңгейлері әр түрлі адамдардың саяси саналарының даму деңгейі де әр түрлі. Олардың кейбіреулері саяси ойлауда ауқымдылық пен икемділік танытса, басқалары мұндайға қабілетсіз яғни бұлардың саяси ойлары тар өрісті, жартыкеш келеді, сондықтан да көбіне өзгере бермейтін қасаң көзқарастарды ұстанады. Калай десек те, саяси шындықтың даму заңдары біліміне сүйенбегендіктен бұл екі жағдай олардың әдеттегі саяси санасын көрсетеді.
Адамдардың теориялық саяси санасының әдеттегі саяси санасынан айырмашылығы бар. Теориялық саяси сана көбінесе олардың ғылыми дәлелденген небір саяси идеялары мен көзқарастарының жүйесі ретінде байқалады. Әрине, қайсыбір саяси процестерді ғылыми түсіндірудің өзі әр түрлі теңдікте және негізділікте болуы мүмкін. Сонымен бірге саяси теория атаулының бәрі бірдей шынайы ғылыми да бола алмайды. Дегенмен, теориялық, саяси сана өзінің табиғатынан қарапайым пайымдаулардан көп алда болады, саяси құбылыстардың өзара терең байланыстарын ашуға тырысады.
Теориялық саяси сана деңгейінде әртүрлі саяси күштердің әлеуметтік табиғаты пайымдалады, ең алдымен таптар мен саяси партиялардың, соңғының объективті саяси мүдделері оларды тікелей саяси іс-қимылға бағыттайды. Ақырында, теориялық сараптаудың арқасында қайсыбір субъектілердің қоғамдық қатынастар жүйесіндегі өзінің алатын орны туралы және бұл қатынастар шеңберінде өзін баянды ету мүмкіндігі жөнінде аса анық түсінігі болады.
Әрине, кез-келген адам саяси процестер мен олардың заңды байланыстарын тереңірек ұғынуға жол ашатын саяси теориялар деңгейінде ойлай алмайтыны анық. Ол үшін соған сай білім қажет. Қазіргі кезде саяси құбылыстар туралы қарапайым сана немесе саяси қиялдар деңгейінде ойлайтын адамдар аз емес. Соған қарамастан ғылыми саяси сананың қалыптасуы барған сайын көптеген адамдарды қамтуда. Мұны бүгінгі өмірдің өзі талап етіп отыр. Жүріп жатқан саяси процестердің мәнін түсіну, оған бейімделу және оларға сауатты ықпал жасау қажеттігі туып отыр. Саяси мүдделерін жүзеге асыруды көздейтін көптеген әлеуметтік топтар мұндай мақсатты өз алдарына қояды. Осындай жағдайда саясат әлеуметтануының маңызы артады, бұл заңды да.
Саяси психология бұқара халықтың саяси санасының маңызды көрінісі болып табылады. Ол саяси шындық пен оған деген көзқарасты жете түсінудің тұтастығы ретінде көрінеді. Осыған орай адамдардың нендей бір ұғыну деңгейін көрсететін олардың саяси құбылыстар туралы түсінігі ғана оның компоненттері болып қана қоймайды, сонымен бірге әрекеттің саяси себептері мен қисындары, неге де болса саналы саяси мүдделілік, қандай да бір саяси әрекеттерді іске асырумен байланысы бар саяси мақсаттар да психология компоненттері қатарына жатады.
Саяси психологияның бүкіл осы көріністері саяси шындық жөніндегі белгілі бір пайымдауды өзіне ендіреді, сонымен бірге қайсыбір әлеуметтіксаяси топтардың, партиялардың және жекелеген тұлғалардың нақты саяси ісәрекеттерінің бағыт-бағдарын көрсетеді.
Саяси психология кейде қалың бұқараның нендей бір саяси санасының жай-күйі ретінде, таптардың, ұлттар мен халықтардың психологиялық түрі ретінде сипатталады.
Оның көрінісіне аталмыш субъектілердің мол саяси сезімдері мен көңілкүйлері жатады. Бұл саяси сананың эмоционалдық жағын құрайды. Бірақ саяси психология сонымен бірге өзіне белгілі бір интеллектуалдық әлеуметті, яғни саяси шындық жөніндегі мейлінше тереңірек пайымдауды сіңіреді. Бұл пайымдау қарапайым сана деңгейінен анағұрлым терең болуы мүмкін. Бұл өзіне жүйеленбеген жекелеген ғылыми түсініктер мен ұғымдарды қоса алады. Мұның бәрі субъектілердің, тіптен таптың, ұлттың немесе тұтас қоғамның қайсыбір саяси себеп-салдарында, парасатты ақыл-ойында, мақсаттары мен сенімдерінде қабысады.
Түптеп келгенде, саяси психология субъектілердің саяси эмоциясының, көңіл-күйінің, ақыл-ойының және ерік-жігерінің бейне бір мәйегі ретінде көрінеді. Ол бұқаралық сананың бүкіл салаларын қамтиды, сондықтан да ол аса қозғаушы және жұмылдырушы күшке ие болады. Саяси партиялар мен қозғалыстардың кең және терең ойлайтын көсемдері мен жетекшілері бұқараның саяси көңіл-күйін, олардың саяси санасының бағыт-бағдарын әрдайым есепке алып келуі де және ала да беретіні кездейсоқ нәрсе емес. Бұқараның саяси психологиясын, олардың саяси көңіл-күйін есепке алу аса көкейкесті міндеттердің қатарына жатады. Бұл мемлекеттің, саяси партиялардың, әрине, әлеуметтанушылардың қызмет процесінде шешілуге тиіс.
Саяси идеология таптар, ұлттар, саяси партиялар және басқа да саяси күштердің мүдделері арқылы көрінетін саяси шындықтың теория түрінде бейнеленуі болып табылады. Ол белгілі бір саяси теориялардан немесе олардың жиынтығынан құрылады. Бұл да саяси психология сияқты саяси шындықты түсіну деңгейін және оның қайта құруға бағытталуын, саяси қатынастар жүйесіндегі қайсыбір субъектілердің жағдайын нығайтуды білдіреді.
Саяси идеология әлеуметтік-таптық сипатта болады. Бұл фактіден ешкім ешқайда кете алмайды, тек оны мойындау керек. Саяси идеологияның әлеуметтік-таптық сипатта болуы ол әрдайым таптық күреске шақыруға тиіс дегенді білдірмейді. Мұндай тар таптық догмалық тұрғыдан қарау тіптен де орынсыз. Идеология, соның ішінде саяси идеология әр түрлі әлеуметтіктаптық күштерді ымыраға келуге, ынтымақтастық орнатуға бағыттай алады. Бірақ та кез келген жағдайда саяси идеология -объективтік әлеуметтік-таптық мүдделердің теориялық көрінісі. Мұны саяси психологияға да айтуға болар еді. Бірақ мұнда таптардың, басқа да әлеуметтік топтардың және ұлттық қауымдастықтардың объективті мүдделері көбіне-көп стихиялы, жартыкеш, таяз, кейде бұқараның саяси инстинкттері мен интуициялары деңгейінде ғана байқалады.
Саяси идеологияда аталмыш әлеуметтік-саяси күштердің мүдделері теориялар мен ғылыми тұжырымдамалар деңгейінде көрінеді. Мұндайда бұл мүдделерді мейлінше терең түсінуге қол жетеді, олардың мәні, мазмұны мен бағыт-бағдары ашылады.
Сайып келгенде, жоғарыда келтірілген материалдар саяси қатынастар әлеуметтануының саяси психология мен саяси идеологияға, жалпы бұқараның саяси санасында барынша көңіл аударуды талап ететінін дәлелдейді. Өйткені, олардың қазіргі қоғамда рөлі артып келеді.
Саясат әлеуметтануы қоғамда бірнеше міндеттер атқарады. Атап айтқанда, дүниетанымдық, тәрбиелік, практикалық-саяси функциялар. Саяси әлеуметтанудың дүниетанымдық функциясы әрбір адамның, әсіресе саяси басшының санасында жаңаша саяси ойлауды қалыптастыру, жалпы азаматтық құндылықтардың, жалпы адамзаттықтың топтық (таптық, ұлттық, діни, т.б.) мүдделерден басымдығын, әлеуметтік-саяси прогрестің формасы деп саналып келген күштеу мен зорлауды теріске шығару, әрбір халықтың әлеуметтік және саяси таңдау бостандығын мойындау принциптерін терең зерделеуге бағыттайды. Таңдау бостандығын қорғау дегеніміз - дамудың көп нұсқалылығын, саяси шешімдерді мойындау, өзге көзқарастарға төзімділікпен қарау, заң шеңберінде өзгенің мүддесін құрметтеу.
Саясат әлеуметтануы саяси процестерді суреттеп, түсіндіріп, оның дамуының бағыттарына болжам жасаумен қатар, ол кәсіпкер, жартылай кәсіпкер, әсіресе маман емес саясаткерлерге қажетті білім береді. Бұл оларды саясатты өз интуицияларына ғана сүйеніп жүргізуден сақтайды.
Саясат әлеуметтануы тәрбиелік те функция атқарады. Адамдарды жауапты азаматтық міндеттерін атқаруға дайындайды. Бұл әсіресе жастарды тәрбиелеуде маңызды. Ол саяси идеялар мен нормаларды, әдет-ғұрыптарды, саяси ақпараттар мен білімді кеңінен таратуға үлкен ықпал жасайды. Сондықтан да өркениетті елдердегі оқу орындарында оны оқытуға баса назар аударылады, оқыту сағаттары көбейтілген. Оқу курсымен қатар арнайы курстар өткізіледі.
Практикалық-саяси функциясы да өте маңызды. Қоғамдық білімдер жүйесінде саясат әлеуметтануы көп жақты нақты практикаға аса жақын, қоғамдық өмірдің барлық салаларындағы адамдардың өзгертуші немесе консервативтік қызметіне де тым жақын. Саясат әлеуметтануы жалпы әлеуметтану ғылымының мәліметтерін қоғамдық өмірді жақсарту мақсатында іс-тәжірибеде қолданады және қолдануға тиіс. Саясаттың әр түрлі салаларымен өзара әрекетін зерттей отырып, саясат әлеуметтануы қоғамның неғұрлым тиімді әлеуметтік-саяси құрылысы мен әлеуметтік-саяси прогресі моделін іздестіру және анықтау міндеттерін іс жүзінде шешеді.
Саясат әлеуметтануының ғылыми қорытындылары мен ұсыныстары тікелей практикаға шыға алады. Оның қорытындыларын қатаң басшылыққа алса, қоғамдағы күрделі процестер мен бағыттарды дұрыс пайымдауға болады, соның негізінде саяси мәселелердің практикалық оң шешімдері жасалады.
Саясат әлеуметтануы сияқты арнайы әлеуметтану теорияларында мәдениет әлеуметтануының да маңызы зор.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет