Жетілмеген жетім күндерде қоңырқай көлеңкелерден Жәнібек екеумізді жетелеп шыққан мейірім сәулелерінен тұла бойым еріп сала береді... Олар: сәби шағында жылаған кезде даусы құлақ тұндыратын құлынын, тулақты сүйрете келіп түнгі күзеттегі өздерімен қосылып ән салатын, қысты күндері мектепке бару үшін бұларды күтіп, бір пиманы кезектесіп киетін оқушы бауырын, екі баспалы сырнайды ертелі-кеш сүйретіп, кешке: «Ақ қошқар қой бастаған, ау, Ай мүйізді»,- деп, саңқылдай жөнелетін кішкентай әншіні, бір нәрсені бүлдірсе, саналы түрде бүлдіретін, өкпелегенінің өзін бойына тән емес кесектеу қылығымен көрсететін мінезді бауырларын, жағы бір сембей әндетіп жүргенде оған тыйым сала алмай ашуланатын шақтарын, «жағасының жыртығын жамап, жағасына тиген жаттың қолын қаққан» бойжеткен кездерін, ақыры айдай әлемге танымал бауырларының аңсап келіп құшағына кіретін мезетін есіне алады. Сөйтіп, қосыла қамығамыз. Бір-бірімізді құшақтай жұбатамыз. Бірақ олардың да, менің де құшағым толмайды.
Толмай тұрған Жәнібектің бос орыны. Жетпей тұрғаны — “Әй!” деген Жәнібектің бір дауысы.
Аттың жалында болмаса да, тура мағынасында, түйенің қомында туған Жәнібектің ес жиып, етек жиған қыстауы - Ақжар. Ол - бақташылардың өзінше кішігірім бөлімшесі. Үш-төрт жатаған қыстау. Қыста шанаға, жазда арба мен сүйретпеге жегілген өгіз, сауыншылардың сауыс-сауыс алжапқыштары мен әзіл-мұңдары, қабырғасы қайысып қар көміп, мұз қатқан маядан шөп суырған қыз-келіншектер мен анасының қайрат-қуаты, бір ошақтың айналасына кептірілген киімдер, жаз жайлаудағы ырду-дырду, Шыңғыстың сыртына шыға алмаған жылдардағы иен қыстауды күзеткен жалғыздық, алыстан дүбірі естілетін ұлы тіршілікке деген құштарлық Жәнібектің жан дүниесін арманға толтырды. Бүлдіршін шағынан бір үйдің шөп-шалаңын дайындап, малын жайлап буыны қатып, бұғанасын бекіткен Жәнібек сондай шымыр, әсіресе ,қолы керемет қарулы еді. Мытып жібергенде, жанынды шығаратын. Елуінші жылдардың аяғында Дегелеңдегі атом полигонынан қоныс аударылған ел-жұрт Абай ауданына ірге теуіп, бұрынғы шағын шаруашылықтар қосылып, елді мекендер іріленді. Аудан орталығы Қарауыл кәдімгідей ордаланып, келбетін өзгертті. Оған бұрынғы Абай, Абыралы, Шұбартау аудаңдарының тұрғындары қоныстанып, өзінше бір мәдени мекенге айналды. Әсәуира мен Төкен жездесі Қарауылға үй салып, бытыраған ағайын-туыстың басын қосты. Жәнібектің де өркениеттің бұшпағына араласқаны сонда. Ол қос баспалы сырнайын сүйрете келіп, енді «Аққошқарды» баянға қосып айтатын мүмкіндік алды. Еркелеп, ел көріп өскен, асық атып, «Айгөлек» ойнап жүрген Төлеген, Махмұтбай, Бақдәулет және Баян сияқты сыныптастарынан ересек көрініп, «кішкентай шал» атануы да заңды еді. Егер сиырдың жүнінен шүйделенген киіз доптың орынына ішіне жел үрленген жеңіл доптың болатынын сонда бірінші көрдім десе, мен сенер едім. Ал дені дұрыс жаңа дәптерге қат кездегі Жәнібектің кең дала мен қыстақтағы жалғыз ермегі Абайдың өлендері болды десем, жаңылмаспын. Қарауылдың өзі қала сияқты көнінген Жәнібектің «Абай жолын» қолынан тастамауы есіктің табалдырығынан басталып, көгілдірленіп тұратын Шыңғыстың сырты мен ішін сағынуынан туған. Қырдың «жабайы баласының» қордалы қыстауға үйренуі қандай тозақ. Жәнібектің осы кездегі мінезі туралы Әсәуира апайы біресе күліп, біресе жылап еске алады. Жәнібектің шаруашылық бастықтарына деген сондай суық қабағы, олардың ұсақ-түйек қитұрқылығына дейін шағып беретін «білімпаздығы» сол 4-8 сынып оқыған жылдары қалыптасты. Себебі жездесі Төкен — аудандық шаруашылық басқармасының бастығы Шаймерден Мақашевтің жүргізушісі, Мүфтибек пен Рыстай екі шаруашылықтың бас бухгалтері еді. Үйіліп-төгіліп келіп жатқан кілең қошқар мүйізді қонақтарды күтуден Әсәуираның, сол үйдің және Мақашевтің малын жайлап, шөбін салып, қарын күреуден Жәнібектің қолы тимейді. Ойынға уақыт та қалмаса керек. Сол күндерді есіне алуды Жәнібек ұнатпайтын және үй жұмысы десе, төбе шашы тік тұрушы еді. Зады, бала кезде көрген құқайы жүрегіне әбден тисе керек.
Бірақ сол ел ағаларының арасында жүріп етек жиды, ысылды, кісіліктің сырын үйренді, тіршіліктің аңысын аңдады, алғашқы балалық махаббаттың «күйігін» тартты. Сол тұстың өзінде-ақ оның ақыл-ойының, жүріс-тұрысының ерте марқаланғаны байқалып тұратын. Және өзі сондай ынтық та ғашық болған үлкен әлемнің сырын тез түсінді, оның тұңғиық сырына тез қанықты және содан тез жерініп үлгергендей күй кешті. Сондықтан да Жәнібек мынау әлем-жәлем дүниенің қызығына қанбай жатып жалыққандай сыңай танытып, өз ортасынан саяқ тартып, бөлектене берді. Томпиған дене тұрпатына, уыздай жастығына қарамай, ірі сөйлеп, кесек қимылдап, он бес жасында отыздағы тіс қаққан, өмірден көңілі қалған сақа жігіттің қалыбын киіп шыға келді. Бұл әуелі ағайын-туғанына, содан соң құрбы-құрдастарына ерсі көрінді. Ол «Абай жолындағы» Абайдың бейнесіне мықтап кіріп алды да, сол көңіл күйден қашан дүниеден көшкенше айырылмады. Жәнібектің осы бой жасауы да кезінде оған көптеген орынсыз реніштер әкелді. Біреу жасанды мінезге, екіншісі тума талантына, үшіншісі кісікиіктікке балады. Жәнібек ол сөздің ешқайсысына пысқырып та қарамады. Басында біз де тосаңсыдық.
Бірақ «Аққошқар қой бастаған ай мүйізді» әнінен «Қарғам-ау» мен «Құлагерге» ауысқаннан кейін және өзінің жандүниесін барынша жеткізе еркін айтатыңдай қалыпқа түскен соң оның бұл мінезі тұла бойын буып бара жатқан таланттың құдіреті екенін өнерге жуық ағалары мен қатарластары түсінді және іштей құрметтеді. Кәрім Нұрбаев, Кәмен Оразалин, Бәтташ Сыдықов, Орынғали Сәдуақасов, Молдабек, Мейрамбек Жанболатовтар сияқты ел ағаларының ықыласы ауды. Сол ықылас жолы Сапарғали Бегалин мен Жүсіпбек Елебековтің алдына бастап әкелді. Бұл жай К. Оразалиннің естелігінде толық қамтылған. Ол кезде Жәнібек сегізінші класты жаңа ғана бітірген, он алтыдағы бозбала еді. Бұл 1966-жылдың жаз айы болатын. Мен де бұл қос дегдарды сонда тұңғыш рет көрдім. Әрине, бозөкпе бала ретінде. Сөйтіп, өнердің зар күйіне түсіретін бапкерін іздеп аласұрып жүрген Жәнібек ұлы ұстазына осылай жолықты.
Содан бастап Жәнібектің бүкіл өмірі өнер сахнасында, туған халқының арасында өтті. Жалпы, жеке басының тағдырында өзгеден ерекше бұрылыстары бола қойған жоқ, оның бар қасиеті шығармашылық-әншілік психиологиясының қалыптасуы жолындағы күрделі де құдіретті талант қуатында еді. Сол ұзақ та қысқа жолдағы Жәнібектің өнер сапарындағы өмірі туралы өзім түйген кейбір жайларға тоқталайын.
2
Алпысыншы жылдардың басында кеңестік идеологиялық қысымның тізгіні босап, қазақтың руханияты да қауырт түлеуді басынан кешірді. Аудандардың өзінде халық театрлары мен ән-би ансамбльдері ұйымдастырылды, түрлі байқаулар өткізілді. Міне, Жәнібектің де бағы сол тұста ашылды. Біржан сал, Ақан сері, Әсет, Балуан Шолақ, Естай әндері сахнада еркін шырқалды. Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Иман Жүсіп, Ақылбай, Мұхаметжан сияқты өнер тарландарының әндерін айтуға мүмкіндік туды. Әсіресе «Қайыптың термесі» сияқты толғаулар халықтың арасына кең тарады. Сол ұлы ағымға Жәнібек те өз үнімен қосылды және Абай әндеріне тереңдей берді. 1966-1967 жылдары бір жыл бойы Жүсіпбек Елебековпен бірге ел аралап, концерт қойды. Ұстазының ән мәнерін бойына барынша сіңірді. «Құлагер», «Ғалия», «Ғазиздің әні», «Аққайың» әндері оның сол жылдардағы өзі де сүйіп, өзгені де сүйіндірген рухани олжасы еді. Осы бір жылдың ішінде Жәнібектің бүкіл әншілік болмысы толықтай қалыптасты. Үлкендермен араласа жүріп батасын да алды, үйрене жүріп өзі де тез есейді. Бір жолы ұлы актер Қалибек Қунышбаевтың көңілін сұрай барған Жүсекең Жәнібекті де ертіп алады. Сонда дерт меңдеп жүрген Манарбек Ержанов Жәнібектің дауысын тыңдағаннан кейін көзіне жас алып: «Жүсіпбек, сенде арман жоқ, артыңда атыңды өшірмейтін шәкіртің бар екен. Мені айтсаңшы, соңында жоқтаушысы жоқ»,- деп өкініпті. Осы оқиғаны Жәнібек те толғана айтып, содан кейін Шашубайдың «Аққайыңын» жиі айтуға тырысатынын ескертіп еді. Ол 1967-жылы өнер студиясындағы Жүсіпбек Елебековтің класына оқуға қабылданды. Қайрат, Қалампыр, Қапаш, Қажыбек, Рақым, Жабықбай, Алмақан іспетті құрбы-құрдастарымен бірге түледі, қанаты қатайып, топшысы бекіді. Олардың бәрі де өнер жұлдыздарына айналды.
Міне, сол студияның қабырғасында әншілік, азаматтық тұлғасы қалыптасқан Жәнібектің ерекше таланты баршаның назарын аударды. Өнерге жаны ғашық Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бір күні дастархан басында отырғанда: «Жүсеке! Жақсыны жасырмас болар. Талантты шәкіртіңіз бар екен. Бізге де тыңдатпайсыз ба?» - деп, Жәнібекті сол үйге арнайы шақыртып алып тыңдап, оның өнеріне риза болыпты. Өзіне жақын, өздерін тыңдайтын және тек қана мақтап сөйлейтін адамдарды ғана жоғары басшыларға таныстырып үйренген мәдениет саласындағы шенеуліктерге бұл оқиға онша ұнамайды. Өйткені Жәнібек жас та жасқанбайтын өжет, тілді, бет қаратпайтын ділмар болатын, кейін отыздан асқан соң ғана мінезі жұмсара бастады. Ал шенеуліктерге үйреткен сөзді ғана айтатын «жуас өнерпаздар» керек еді. Жәнібектен қатты күдіктенген дәбірлер оны басбілгі жасап алғысы келді, бірақ ондайға көнетін адам Жәнібек емес еді, сондықтан да оны қудалай бастайды. Солардың бірі кейін мәдениет министірі, елші болған кезінде де оның соңынан қалмады. Жәнібектің жанашыр досы, атақты скрипкашы, мемлекет қайраткері Дүйсен Қасейінов әнші есімінің концерттік тізімдер мен шетелдік гастролдерден қалай сызылып қалатынын ұзақ уақытқа дейін түсінбей-ақ қойғанын қазір де таңдана айтып береді және осы жігіттің араласуымен сексенінші жылдардың екінші жартысында ғана оның жолы ашылды. Өзі де өр мінезді Жәнібек ешкімге басын имеді. Өнеріне өмір бойы кедергі келтірген сол адамдар қапысын тауып, Жүсекеңнің демалысқа кеткен кезін пайдаланып, оны 1968 - жылы студиядан шығарып тынады. Ол сол бетінде ауылға аттанып, мәдениет клубында істейді. Өнер жолы мүлдем кесіліп қалғандай болды. Енді жазушылыққа, дәлірек айтсам, ақындыққа барынша ден қойды. Өлеңдеріміз аудаңдық газетте жарыса шығып тұрды. Наурыз айында аяқ астынан Алматыдан арнайы милиция өкілі келіп, ешнәрсеге қаратпастан Жәнібекті самолетпен алып кетеді. Ертегіге ұқсас бұл оқиғаның жай-жапсары Хабиба апай Елебекова мен Қажытай Ілиястың естелігінде егжей-тегжейлі баяндалған. Тек сол жолы Республика ішкі істер министірі Шырақбек Қабылбаевтің бұйрығымен Жәнібектің шұғыл түрде Алматыға шақыртылғанын, сол күні министірдің бір бөлмелі үйдің кілтін қолына ұстатқанын, ал жыл аяғында үш бөлмелі жаңа пәтер бергенін ескерте кету парыз. Сөйтіп, ол ішкі істер ансамбілінің әншісі болып шыға келді. 1972-жылы ол ансамбль таратылды. Оның «ескі достары» бұл кезде билік басында отырған. Бұл Жәнібек үшін сахна жабық деген сөз еді. Сондықтан да ол өзінің орынын басқа саладан іздеді. Бала кезінен жүрек аңсары болған сөз өнерімен айналысуға бекініп, қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсті.
1972-1976-жыдардың арасы Жәнібек үшін қызықты да және ең қиын жылдар болды. Әнсіз, сахнасыз өмір сүру оның болашағының кесілуімен бірдей еді. Өзінің достары Қайрат пен Қапаштың, Қалампырдың аттары жұлдыздай жанып, дүние жүзін аралап, бақыт құшағында жүрді. Ал Жәнібек болса «үй ішінің етекбасты әншісі» атанып, қанаты қайырылып қалды. Соншама қиянатқа қалай шыдағанына әлі де таң қаламын. Ол сол кезде «Жәнібектің дауысы жоғалып кетіпті», «анадайға ұшырапты, мынадайға ұшырапты-мыс» деген сияқты өтірік-шыны аралас адам сенбейтін аңыздар шығарылды. Қарапайым халық өзінің әншісін іздеді. Бірақ екі арадағы жол жабық еді. Қолдың қысқалығынан ол еріксізден-еріксіз университетті үшінші курстан кейін тастауға, жылу жүйесі мен коммунальдық шаруашылық саласында жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мұны біреу білсе, біреу білмеді. Бала-шағаны асырау, егде тарқан анаға қарайласу, өнерден қол үзбей, үнемі өзін өзі бабында ұстау оған да оңайға соққан жоқ. Тауы шағылғаңдай, арманы ойрандалғандай, келешегі кесілгендей сезініп, өмірден түңіле жаздаған сәттері де кезікті. Сондайда ұлы жүректі қайсар анасының рухани қолдауы мен қайрауы үлкен демеу берді.
Сол тұстағы Жәнібектің дауысының тембр қуаты керемет күшті болатын, қасында отырып ән тыңдау мүмкін емес еді. «Астафиралла!» деп қос құлағын баса қалғандардың талайын көрдім. Амал қайсы, сол әндердің ешқайсысы үнтаспаға жазылып қалмады. Иманжүсіптің, Үкілі Ыбырайдың әндері мен «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясын радиоға жазып алуды өтініп барғанымызда, бір ағамыз: «Сенің дауысың ескірген дауыс»,- деп кекете сөйлеп, өзінің бір әнін орындап берсе, өтінішімізді орындауға тырысып көретіндігін айтты. Жәнібек әннің сөзі мен нотасын қарап шықты да: «Әннің әуені өзбектікі, сөзі ескі екен»,- деді де бөлмеден шығып кетті. Басында мұндай тура сөзді күтпеген ағамыз әуеліде: «Өзімдікі, өзімдікі! Сөзі ескішіл дей ме!»- деп қызынып келе жатты да, соңғы өз сөзінен өзі сескеніп: «Қайдағы өзбек! Тым болмаса қырғызға...десеңші!..» - деп қала берді. Кейіннен сол ағамыз Жәнібектің жанашыры болып шыға келді. Шіркін, өмір-ай десеңші! Әлгі оқиғаны есіне салғанымда: «Оны еске салып қайтесің! Менің нем кетті?»-деді. «Шаманың» шарықтауы мен сенің ащы дауысынның бояуы кетті жоғалып»,- дегенімде, үндемей отырып қалды. Әлгі ағамыз Жәнібекке жамандық та, жақсылық та жасамады. Енжарлығы арқылы әнге қиянат етті. Ал біздің түсінігіміз бойынша, бұл қылмысқа жатпайды. Ашық жаулықты былай қойғаңда, әлгіндей мақтамен бауыздаған жымысқылықтың қаншасын көрді десеңші Жәнібек. Той мен қонағына жалынғандай болып шақырып алып, ертеңінде ұстазы Жүсекеңе жамандап шыға келетін ағасымақтар мен ағайынсымақтарға ұлы дегдар дүрсе қоя беріп: «Ей, сен қашаннан бері ән түсініп, әнге баға беретін болғансың? Оданда өсегіңді біл. Жәнібекті түзететін сен емессің»,-деп жауап береді екен.
Бір жолы Жүсекеңнің сондай ашуланып отырған кезіне дәл кеп қалған Жәнібектің жаны мұрнының ұшына келеді. «Әнді қорлату мен қорлану үшін айтпайды. Бұдан былай өзіңді де, әнді де қорлатпа. Мені қай министір қонаққа шақырмай жүр. Менің де мұқтажым жоқ деймісің. Әнді түсінбейтін адамның өзіне де, үйіне де жолама!»-деп, біраз шаңын қағып алады.
Міне, содан бастап ол ұстазының осы өсиетін бұлжытпай орындады. Ән айтылып отырғанда біреу жыбырлап, сыбырлап отырса, қабағын шытатын; оған тоқтамаса, домбырасын қоя салатын. Бәріміздің де мұртымыз қылтанақ тартып, жиырма бестен асқан шағымыз. Досымыз Несіпбектің ауылдағы қойшы ағасының студент ұлы үйлене қалды. Сеніп жүргені және әлі жетілмеген ағайынның естияры Несіпбек. Ағасы ауқатты, адал да аңғарлы адам еді. Тойды «Алматы» мейрамханасында жасады. Асаба тойды бастай бергенде, белгілі ақын ағамыз жүгіріп келіп дауыс күшейткішті қолына алды. Содан киімдері де, түстері де бірдей құдаларымыз төрге сондай бір шерумен сап түзей жайғасты. Жәнібектен басқамыз министірлермен дастархандас болғанымыз осы. Біреуінің аты атала қалса, қалғандары бір кісідей оңға не солға шұғыл бұрылып қата қалады да, іле орындарынан тұрып жарыса тартып жібереді. Тәртіптерінің мықтылығына сүйіндік. Бірақ «классик» ағамыз тойдың иесін де, «бас құдалар» - бізді де ұмытты. Бірінші бөлім аяқталып келеді. Намысымыз келді. Не істерсің? Бір кезде есіктен ұзын тұра қара сұр адам кіріп келді. Әлгілер орындарынан тік тұрды. Шерудің арасынан қайқайған күйінше тікелей жүріп таққа отырды. Бағанағы бағанағы ма, «тәртіп» тіпті қатайып кетті. Әлгі кісінің езуі сәл тартылса, бүкіл зал ыржияды, аузына шанышқы апарса, бүкіл құдалардың аузына шанышқы жабыса қалады. Дегенменде жөн білетін кісі екен. «Классик» ағамыз біздің жаққа қабағын тыржита қарады. Сол кезде мен Жәнібекке: «Қазір той иесі ретінде сен сөйлейсің. Жүсекеңнің өсиетін орындайтын кезің келді. Мына балықбастардың қорлығы әбден өтті. Мұншама басынғаны несі? Содан кейін мына әннің сөзін былай өзгертіп айт»,- дедім де, «классик» ағамызға барып: «Бұл қай басынғаныңыз. Тойға сізді кім шақырды? Тура қазір той иесі ретінде Жәнібекке сөз бересіз, не біз түгел кетеміз»,- дедім. Соның өзінде бір кісіні аралатып Жәнібекке сөз берді. Сол арада тағы да оны қайрап, әннің сөзін шыңдап алдық. Ширығып алған Жәнібек қара суды теріс ағызғандай етіп екі-үш минут төгіп-төгіп сөйледі де, шырқай жөнелді. Сөзде де, әнде де қатты шамырқану бар, бірақ жас келіннің көңіліне келмейтіндей астарлы еді. Ең соңында:
Кісімсіп ісіп-кеуіп, менменсіме,
Қайқиған анау басың жерде қалар, -
деп, екі көзін әлгі қарасұр адамға сұқтана қадап отырып әнді аяқтағанда, қайқиған балықбас сылқ ете түсті.
Қалған бастар да иілді. Сәл үнсіздіктен соң әлгі адам жан-жағындағыларға бұрылып мұның астарын сұраса керек, жай-жапсарды білген соң, біз жаққа қарап басын иіп ишарат жасады, іле қойшы құдасына сөз бергізді. Дымын ішіне алып отырған өзге балықбастарға қарап: «Осыларыңды қой демеп пе ем. Ыңғайсыз болды. Енді тойдың тәртібін бұзбандар!»-деп ренжіпті. Өз тойымыздың тізгіні, сөйтіп, Жәнібектің сөзі мен әнінің арқасында өзімізге әзер тигені бар. Жоқ, құдаларымыз да көшелі адамдар екен, оны бүлдірген әлгі ет пен терінің арасындағы без сияқты жылпылдап жүрген «классик» ағамыз болып шықты.
Міне, Жәнібектің талантының күші осында еді. Ол өзінің өнерімен кімнің де болса мысын басатын. Ән айтқанда, қызынып сөйлегенде, адамның бойын шымырлатып, өзіне бүтіндей баурап алатын. Әсіресе Абайдың «Сегізаяқ», «Татьянаның хаты», «Татьянаның жауабы», «Ата-анаға көз қуаныш», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма» атты әндерін орындағанда, тыңдап отырған адамның сай сүйегін сырқыратып, өзегіңді өрттей қарып, күйіндіріп, есіңнен тандырып жіберетін. Жәнібектің әнін тындағаннан кейін екі-үш күнге дейін өзіңе өзің келе алмайтынсың. Сол сәттерде Жәнібекпен жай сөйлесуге де, қалжыңдасуға да дәтің бармайтын. Содан кейін барып қалпымызға түсуші едік. Өйткені ол сахнаны үнемі сағынып жүретін және тыңдаушы іздейтін. Сондықтан да дос-жарандарының үйіне таңдап жүріп барып, таң атқанша ән айтатын. Біздің көбіміз Алматының іргесіндегі ауылдарда пәтер жалдап тұрушы едік. Сонда әнге елтіген көршілер де бізбен қоса таң атыратын. Қара-құлақ орыстардың өзі: «Боже мой, какой голос!»-деп басын шайқап тұрушы еді. Ол еліміздің барлық түкпірін аралады. Мұхиттың, Кененнің әндерін жас кезінен ұнатып айтатын. Ол әнге шекара қойып жіктегеңді ұнатпайтын. Тек «Қанатталдыны» ғана сұратып айтушы еді.
Өйткені бұл әнді Жүсекеңнен кейін ешкім айта алмайды, оны қайталау тек Мәдениеттің ғана қолынан келеді деп есептейтін. Осылай күйіне, сүйіне жүріп Жәнібек өнердегі өзінің сара жолына қарай бет алды.
«Жалын» баспасы ашылысымен оның директорі, ақын, өзі де сері көңілді әнші марқұм Қабдікәрім Ыдырысов Жәнібекті өнер бөліміне қызметке алды. Бұл ол үшін үлкен олжалы әрі парасат кезеңі болды. Бұрын әдебиет пен мәдениет саласындағы «тек қана классиктермен ғана араласатын» Жәнібек енді сол майданның бар толқынымен қойындаса жүрді. Баспаның тақырыптық жоспары, қолжазбаны редакциялау, автормен жұмыс істеу, оқырманмен байланыс жасау іспетті мәселелер Жарқын Шәкәрімов екеуіне тапсырылды. Ел-жұртпен кездесулер өткізді. Жәнібек халық арасындағы көне мұраларды, сирек ұшырасатын әндерді жазып алуға, оны өңдеуге, үйренуге, әр әннің шығу тарихы мен өнер адамдары туралы деректерді жазып алуға барынша ықыласы ауды. Өзі де сол тақырыпқа қалам тарта бастады. Алғашқы әңгімелері дүниеге келді. Бірте-бірте екі өнер басы қосылып, оны тұлғаландыра бастады. Мінезі де жұмсара берді. Бұл оның қуатты өнерінің жүрегіне тереңдеп сіңгендігінің нысанасы болатын. Жәнібектің ұсынысымен «Өнердегі өмір» атты жаңа кітап сериясы дүниеге келді. Ол серия кейіннен қалың көпшіліктің іздеп жүріп оқитын басылымына айналды. Маған қоярда қоймай жүріп ұлы актер Қалибек Қуанышбаев туралы кітап жазуға көндірді. Жоспарға да тез кіргізді. Енді қолға қалам алудан басқа амал қалмап еді. Бірақ бұл тапсырманың менің өміріме үлкен бетбұрыс әкелетінін ол да, мен да аңғармасақ керек. Сол тұста ашқан архивтің есігін әлі жаба алмай жүрмін... Оның да өзіндік пайдасы мен зияны бар. Садықожаның «Сарбидай», «Бекзатым», Майбасардың Мұхаметжанының «Қайран жастық», Уәйістің «Қосбарабан» (Қосқараған), Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш», Естайдың «Қоштасуы», Байғабылдың «Өсиеті», «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» сол 1976-1981 жылдардың арасындағы олжасы еді.
Ол бұл тұста қатты ширады, өзімен өзі тынбай жұмыс істеді, оқу-тоқуды да жүйелі жолға қойды, өзімен өзі оңаша жиі қалып, көркем әңгімені де көп жазды. Ең бастысы сахнаға қайта шығудың жаңа бір жолы барына көзі жетті және соған қатты дайындалды. Ән тарихын зерттейтін ғалымдар мен зиялы қауым мына пікіріме қарсы келе алмас деп ойлаймын. Мысалы, «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы» бұрын айтылмайтын. Манарбек орындаған үлгіні ұстана отырып, бүгінгі дәрежеге жеткізе жетілдірген де Жәнібектің өзі болатын. «Қайран жастықтың» сөзін де өңдеген өзі. Оны ән мәтініндегі «гүл дәурен» деген тіркестен-ақ байқауға болады. Ол әндердің қалың жұртшылық арасындағы әсерінің күштілігі сондай, түрлі басылымдарда Жәнібектің сахнаға оралуын талап еткен мақалалар жариялана бастады. Әрине, ол Жүсекеңнің не өзге де беделді адамдардың көмегімен «Қазақконцертке» әнші болып орналасуға мүмкіндігі толық бар еді. Бірақ қалай да ебін тауып не саяси айып тағып, арандатып тынары анық еді. Мұны ұстазы да түсінді. Өйткені Жәнібек әр концертте «Аузы түкті кәпірдің талайларын, бақыртып сабаушы едім лақтайын», «Таласып босқа, жау болып досқа, қор болып құрып барасың» деген сияқты ән жолдарын барынша астар бере айтатын. Ал Иман Жүсіптің аты мүлдем аталмайтын. Сол тұста Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма» атты өлеңіне лайықты мақам тапты, өзінің әйгілі «Толғауын» жазды. Бірақта бұл әндер сахнаға жеті-сегіз жылдан соң барып шықты. Дегенмен де ол үлкен өмір мектебінен өтті. Үнемі болмаса да, шыдамы жеткенше өзгенің жасанды мінезіне төзе білуді, астарлап сөйлеуді, білдіртпей отырып жорта мақтап, мақтамен бауыздайтын «мінезді» бойына сіңірді. Жәнібектің ішкі көзқарасы мен сөзінің астарын білмейтіндер оның бұл сөзіне сеніп-ақ қалатын. Ал өзінің мазаққа айналып отырғанын сезбей, кеудесін кере масаттана түскен шенеуніктерді немесе әлгі сөзге сеніп, аң-таң қалып отырған адамдарды көргенде, өз басым шынымен-ақ қысылып, жанымды қоярға жер таппай қалатынмын. Мысалы, қазақтың өнеріне жаны қас адамды көкке көтере мақтап, кейбір жексұрын, ұлтын сатқан «нағалет атқырға» бұл кісінің «ұқсамайтындығын» шиырлап жеткізгенде, жетесіз адам болмаса, сөз түсінетін кісі әлгі кейіпкердің дәл осының өзі екенін біле қоятын. Ал өзі туралы айтып тұрғандарын сезгендер не қарсы шығудың, не қостаудың амалын таппай, сілесі қататын. Жәнібектің бұл «тәсілін» аңғармаған жақын-жоралары оған сескене де қарап жүрді. Қайтесің, «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» деген.
Ал Жәнібек өз заманының сырттаны еді. Солай етуге өмір сүрген қоғамы мәжбүр етті.
Тіршіліктің осындай талқылы баспалдағы сатылана жалғанып, ақыры оны белгілі бір нысаналы межеге алып келді. Жәнібектің өнердегі екінші өмірі жетпісінші жылдардың аяғында «Ән домбырамен» басталды. Оған себепкер адам Абай елінің өнерін қайта түлетуге жанын сала еңбек сіңірген ағамыз Мейрамбек Жанболатов еді. Қара күзде жеңгеміз Үміт екеуі Алматыдағы «Алатау» демалыс үйіне келе қалды. Мейраш аға мені «Білім және еңбек» журналына іздеп келіп, Жәнібек екеумізді қонаққа шақырып, өзінің аздап бұйымтайы да барлығын ескертті. Ән шығарыпты. Соған енді тек қана менің сөз жазуым керек екен. Өйткені әннің аты — «Арқа». Орда тауынан шыға келгендегі алдыңнан айқара ашылатын Шыңғыстауды көргендегі ғажайып сезім әсері бейнеленуі тиіс. Оны менен басқа ақын түсінбейді екен. Жәнібекпен сөйлестірдім, көрші бөлмедегі Несіпбекпен таныстырдым. Оны бойына онша тоғытпады. Екі-үш күн әуреленіп едім, ештеңе шықпады. Ақыры Жәнібекке қайыра телефон шалып, Несіпбекті бірге ала баруға көндірдім. Олар бірге баруға уағдаласты. Ертеңінде демалыс үйіне барсам, Мейраш ағаның менің сәлемімді алуға мұршасы келмей қалыпты, екі көзі Несіпбектің қаламының ұшында, ал Жәнібек болса екеуіне кезек-кезек төне түсіп, домбыраны шертіп отыр. Үшеуі мені адам қатарына қосар түрі жоқ. Бірден түсіндім. «Ахау, Арқаның» сөзі тамаша шығып, енді келесі әннің сөзіне көшіпті. Неғыласың, сол күні «Ән-домбыраның» сөзі өмірге келді. Несіпбек буырқанған бақсыға ұқсап шамырқана отырып тағы бір екі әнге сөз жазды. Бірақ та «Ән-домбыраның» әсеріне қайдан жетсін! Әрине, ән де, әннің сөзі де кейіннен шыңдалды. Риза болған Мейраш аға: «Ақыным да, әншім де бір жерден табылды»,- деп қатты қуанды. Бұдан кейін де әлі бағы ашылмаған «Ақ бесік», «Тоғжанның зары» сияқты тағы да басқа әндер канат қақты. Жәнібек «Ән-домыраны» екі-үш жылдай «баптады». Содан кейін барып сахнаға шығарды.
Бұл Жәнібекті әнге бет бұрғызған алғашқы үміт ұшқыны еді.
Міне, сол тұста Жәнібектің басына біраз жыл бойы үйірілген бұлтты Арқаның самал желіндей болып Алматыға көшіп келе калған Ақселеу Сейдімбек жеңіл де жебеуші көңіл қолыменен жиырылған жібек шымылдықтай етіп ысырып жіберді. Тәртібі аса қатал «Социалистік Қазақстан» газетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісінің бөлмесі таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін домбыраның күмбірінен, кешкі алтыдан бастап түнгі он екіге дейін «бис» пен «пастың» күбірінен арылмайтын. Дәнеш, Мәдениет, Шәміл, Сыматай, Қайрат, Жәнібек сияқты саңлақтардың өнерін сол бөлмеден қызықтайтынбыз. Сол екі «майданның» ішінде Жәнібек пен Несіпбек жүрді. Ақыры күндердің бір күнінде тосын толғаныс басталды. Ақаңның екі інісінен маза кетті. Бұл сапырылыс екі-үш айға созылды. Соның нәтижесінде «Дәурен-ай» туды. Оның әр сөзін Ақаң маржан тізгендей іріктеді. Әннің ырғағы да күн өткен сайын жаңа қағысқа ауысты. Екі інісінің сілікпесін шығарып барып Ақаң да толас тапты. Жоқ, тыныс алды. Араға апта өтпей жатып жанығу қайта басталды. Енді бұрынғыдан да тереңдеп, «Сарыжайлауға» кірісті. Мұның әр сөзі талқыға түсті, өзгертілді, қайтадан қалпына келтірілді. Әуені де біресе созылып, біресе ырғағы ауысып отырды. Ақаң Жәнібектің дауыс мүмкіндігінің барлық шегі мен бояуын емін-еркін сынап-ақ бақты. Ол да жанып түсті. Әннің астарлы мағынасын, емеурінін, шырқау шегін, тыныс мөлшерін әр жолы жаңа әр қосып айтумен болды. Кейде күйдің қағысын қосты. Сол тәсіл Ақаңа өзгеше бір ой салды ма, кім білсін бір күні: «Ей, Жәнібек! Мынаны тыңдашы. Алла-ай, сұмдық қой, мына даланың көкжалдары»,- деп бір әуенді домбырада тарта жөнелді. Шындығында да сөйлеп тұр! Мағынасы жағынан «Дәурен-ай» мен «Саржайлаудың» заңды жалғасы әрі қорытындысы. Ақаң емексітіп қойды да, кереметін кейін көресіңдер деген емеуірін танытып, Жәнібекті үйіне алып кетті. Біраз уақыт әлгі салбурын саябыр тартты. Үйде де, түзде де Жәнібек әлгі әуенді домбыраға салып, қайталай берді. Бір күні орта дауыспен маған айтып берді де, түсінік бермей жалтара жауап қатты. Мен таңданғанымнан дыбысым шықпай қалды. Содан Ақаңның бөлмесіне барып, «дайындықтарын» көріп отыр едім, сәтін салып Мәдениет Ешекеев ағамыз келе қалмасы бар ма! Ақаң мен Жәнібек қарға аунаған түлкідей құлпырып кетті. Жұмысты ысырып тастап Мәдениетке ән айтқызды. Ол кісі жер мен жағдай таңдамайды. Тыңдаушыға да қарамайды. Әнді өзінің көңіл рахаты үшін айтатын сияқты. Бірақ Ақселеу мен Жәнібек екеуі қосыла қолпаштаса, қара тас та жібиді емес пе?! Әй бір сусынды да, айызды да қандырды. Содан кейін кезек Жәнібекте дегендей Ақаң ишара білдірді. Әуелі “Дәурен-ай” содан кейін «Сарыарқа» айтылды. «Сөзі менікі, әні Ақаңдыкі» деп екі көзі жыпылықтап Несіпбек отыр. Мәдениет ағамыз да тебіреніп: «Менің де дауысыма келеді екен. Сөзін жазып берші»-деп қалды. Бір кезде Жәнібек ерекше екпін алып, домбыраның үнін барынша төгілдіріп келіп, «Ааааааай... Күлдір-күлдір кісінетіп...» деп аңыратып қоя бергені... Бізді қойшы, Мәдениеттің өзі есеңгірендей күй кешкен тәрізді көрінді маған. Ондай сезімді мен қайтып басымнан кешкемін жоқ. Ақтанбердінің «Толғауын» алғаш рет тыңдаған адамның барлығы да сондай күй кешетіні анық. Тіпті Ақселеудің өзі де толғаудың мұндай құдіреттеніп шығатынын күтпесе керек, шақшасын қағып, насыбайын атып, сөйлей алмай қалды. Мәдениет ағамыз аздан соң өзіне-өзі келіп: «Бұл әнді мен айта алмайды екенмін. Құтты болсын, Жәнібек! Тауыпсың! - дегеңде ғана тыныс алдық.
Міне, сол күннен бастап Жәнібектің бағы өрледі, алды ашылды, тағдыр тоспасы бұзылды. Екінші тынысы осылай ашылды. Бұған «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуы», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!.», «Аққайың», «Сырғақты», «Бесқарагер», «Қайран жастық», «Жамбылдың Алғадайды жоқтауы», өзінің «Толғауы» қосылған соң тіпті айдынданып, тұлғаланып, қасиеттеніп сала берді. «Сарбидай» мен «Бекзатым-ай», «Бұлбұлым», Ысқақбайдың әні, «Айтбай» мен «Шама», «Үлкен айдай» мен «Кіші айдай», «Бозторғай» мен «Базар-Назар» тіпті өзгеше бояу берді. Жәнібек сол бетімен зар күйіне түскен бәйгедей екпін алып, ешкімнің тосқауылына күш бермейтіндей ағынмен ажал көпіріне жетіп бір-ақ тыным тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |