Қаптағай
АРҚАДАН
Автономияны автомобиль деп күлкі үшін теріс ұғындырып жүргендер бар көрінеді. Газет
оқитын мырзалар қара халық автономия не дегенге «қазақ болып, жандарал мініп жүретін
арбаны алдық. Шай, қант, керосинді автомобиль тасып, ел ішіне жеткізіп береді» деп
орынсыз қылжақ қылады.
Түк шықпайтын келіссіз ойыннан не өнеді? Оқыған, хат білген адамдарға ұят емес пе!
Қырдағы оқымаған қара халық ел бастаған мырзалар, бала оқытқан моллалар арқылы
дүниеде не болып жатқанын, қазақ халқы қандай қам қылып, орайы келіп тұрған заманнан
не алып олжалы болатынын білмесе, кімнен, қайдан біледі? Қаладағы күйіп-пісіп жүрген
аз оқығандар елден мырзаларды, ақсақалдарды жиып, кеңескенде елге айталық,
түсіндірелік, қазақ өзін-өзі билемек болып, құлдық есебінде Россияға бағынғандықтан
босамақ деп айтамыз дейді, былай шыға ұмытады. Елді аралап, жиып айтпақ түгіл, әдейі
барып сұрағанға да әрең айтады. Автономия жайын анық айтса, үркітіп, қорқытпаса, Асан
қайғыны салмаса, жек көретін қара халық көрінбейді.
Достарыңызбен бөлісу: |