А.Е.Ахмед1, О.А.Байзаковна 2
1«Халықаралық құқық» мамандығының 3 курс студенті, Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институты,
Алматы, Қазақстан
2 Ғылыми кеңесші: Абай атындағы ҚазҰПУ Сорбонна-Қазақстан институтының халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы,
Алматы, Қазақстан
Каспий теңізінің құқықтық статусының ерекшелігі
Аңдатпа: Бұл мақалада қазіргі кезеңдегі Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі қарастырылған.
Түйін сөздер: Каспий теңізі, Каспий жағалауы, құқықтық мәртебе, мемлекеттік шекара, құқықтық режим, конвенция.
Специфика правового статуса Каспийского моря
Аннотация: В данной статье рассматривается правовой статус Каспийского моря на современном этапе.
Ключевые слова: Каспийское море, Каспийское побережье, правовой статус, Государственная граница, правовой режим, конвенция.
Features of the legal status of the Caspian Sea
Annotation: This article discusses the legal status of the Caspian Sea at the present stage.
Keywords: Caspian Sea, Caspian coast, legal status, state border, legal regime, convention.
1994 жылдың 19 шілдесінде Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын ұсынды. Жоба Қазақстан Республикасы ресми биліктерінің Каспийдің болашақ мәртебесі туралы көзқарасын білдіреді. Жоба бойынша Каспий теңіз ретінде қарастырылып, 1982 жылдың 10 желтоқсанында қабылданған БҰҰ Конвенциясының негізгі нормативтерінің күші жүру керек. Жобада Каспий жағалауындағы елдердің мемлекеттік шекаралары көлемдік сулар бойынша, яғни жағалаудан 12 теңіздік мильмен бекітілуі қажет болды. Теңіз түбінің қалғаны ұлттық секторларға бөлінеді. Бөлінген бөліктер халықаралық теңіз құқығына сәйкес жағалау мемлекеттерінің ерекше экономикалық аймақтары болып табылады. Ал, табиғи ресурстарды пайдалану, әсіресе ұлттық секторларда жатқан теңіз қойнауындағы байлықты қолдану жағалау мемлекеттерінің құқықтық құзыретіне бағынады. Осыған орай Қазақстан тарапы жағалау мемлекеттерінің табиғи ресурстарды пайдаланудағы мүдделерін қорғауға және экологиялық жүйені сақтауға шақырады. 1996 жылдың наурызында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары В. Гиззатов: «Қазақстан Каспийдің түбі мен байлығын жағалау мемлекеттері өзара бөлісу керек. Әркім өзіне тиісті бөлікті ұлттық егемендігін жүргізе отырып минералдық ресурстарды іздеу және қолдануда ерекше құқыққа ие болуы тиіс. Осы мәселеде біз тек халықаралық құқықты ғана емес, Кеңес Одағы мен Иранның тәжірибесін назарға алдық. Олар өзара кеңеспей-ақ, теңіз мұнайын өз еріктерімен өндіре білген. Демек біз Кеңес Одағы мен Иранның теңіз мұнайын пайдалану бойынша құқықтық негізге айналған қарапайым құқыққа сүйеніп отырмыз.
Назарға алынатын тағы да бір жағдай бар. Каспий теңізі мемлекеттері арасында ынтымақтастықты үйлестіру мәселелері бойынша шынайы шаралар қабылдау мақсатында 1994 жылдың 28 шілдесінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен Каспий теңізіне қатысты түрлі мәселелерді шешу, оған қоса теңіздің мәртебесін анықтау бойынша келіссөздерге қатысу үшін үкіметтік делегацияның және сарапшылар тобының бірінші құрамы бекітілді. Өкімнің «Каспий теңізі құқықтық мәртебесі бойынша нұсқаулар» атты №2 қосымшасында Қазақстан делегациясына 1921 жылғы 26 ақпан, 1940 жылғы 25 наурыз КСРО мен Иран арасындағы келісімдер жаңа геополитикалық шындыққа жанаспайтынын негізге алу туралы тапсырма берілген. Делегация БҰҰ 1982 жылғы теңіз құқығы туралы Конвенциясының шарттары жүруіне мақсат қою керек деген. Яғни БҰҰ Конвенциясы аймақтық сулар, ерекше экономикалық аймақтар, құрлықтық шельфтер, ашық теңізде еркін ұшу, балық аулау, қоршаған орта мен жағалауды қорғау мәселелерін реттейді. Өкім бойынша қазақстандық делегацияға Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қоса, жағалау мемлекеттері арасында аймақтық ынтымақтастық туралы келісім-шарт бойынша келіссөздер жүргізу тапсырылған [3].
Тапсырманың мәні делегацияның келіссөздер кезінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша бірнеше басымдықтарды басшылыққа алуында жатыр. Басымдықтарға: ұлттық әлеуметтік-экономикалық даму мақсатында Каспий теңізі қазақстандық бөлігінің шикізаты мен басқа да ресурстарын тиімді өндіру және пайдалану үшін Қазақстанға халықаралық деңгейде танылған құқықтық негіздер мен шынайы мүмкіндіктер беру, жағалаудағы мемлекеттердің ынтымақтастық рухында экологиялық проблемаларды шешу, республикаға теңіз көлігі мен балық аулауды қамтамасыз ету болып табылады. Тапсырмада Каспий теңізі мемлекеттерімен келіссөздер барысында мемлекеттің егемендік теңдігін, Қазақстан Республикасының танылған құқығы мен мүдделерін құрметтеу, Каспий теңізінің мәртебесі мәселелерін қарастырғанда тараптардың ұстамдары мен ерекшеліктерін өзара тәуелділікпен қарау тапсырылған.
Қазақстанның ресми ұстанымын салыстырар болсақ, Әзірбайжанның ұстанымынан, жұмсақтау болып келеді. Екі мемлекеттің Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауда ұстанымдарында ұқсастық көп болғанымен Қазақстанның пікірі бейімділеу. 1996 жылдың қыркүйегінде екі мемлекет Каспий теңізінің мәртебесін анықтау, суы мен түбінде ынтымақтастық құру принциптері туралы Ортақ баяндама жобасына өзара келісіп, президенттердің қол қоюына ұсынылды [4]. Баяндамада екі тарап теңіздің ұлттық секторларындағы минералдық және биологиялық ресурстарды пайдалану жұмыстарын жүргізу құқықтарын өзара және басқа жағалау мемлекеттерінің құқығын мойындайтынын білдірді. Бүгін Астана мен Баку өздерінің көмірсутегі ресурстарын іздеу және өндіруді еркін жүргізіп жатыр. Екі мемлекет те Каспий теңізінің шельфіндегі мұнай және газ қорын өндіру халықаралық келісім-шарттар жасау бойынша нақты шаралар қабылдауды жалғастырып келеді.
Мұнда 1995 жылы Қазақстанның өкілі В. Гиззатовтың ресми мемлекеттік ұстанымды білдіре отырып: «Қазақстан Республикасы Каспийге теңіз құқығын қолдану барлық жағалау мемлекеттерінің балық аулау және кеме қатынасы құқықтарын қамтамасыз етуде ыңғайлы шешім болып табылады. Біздің пікірімзше және халықаралық құқық нормаларына сәйкес Каспий теңізі жағалау мемлекеттерінің егемендігіне тиесілі зоналарға (аймақтық зоналарға) бөлінуі қажет. Жағалау мемлекеттері Каспий теңізінің суында, теңіз түбінде және астында биологиялық және минералдық табиғи ресурстарды іздеуге, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға егемендік құқыққа ие болу қажет» деп ескертті.
Осы орайда БҰҰ Конвенциясының «тұйық және жартылай тұйық теңіздер» туралы IX тарауын қарастырған дұрыс. 122 бапта «тұйық және жартылай тұйық теңіздерге» шығанақ, бассейн немесе екі немесе одан көп мемлекеттермен қоршалған және басқа теңіздермен немесе мұхиттармен тар өткел арқылы байланысы бар немесе көпшілік бөлігі екі немесе бірнеше жағалау мемлекеттерінің аймақтық сулары мен ерекше экономикалық зоналары болып табылатын теңіздер жатады деп жазылған. 122 = баптан мынаны түсінуге болады. Тұйық немесе жартылай тұйық теңізді анықтауда екі критерий қолданылады. Бірінші критерий географиялық негіз болса, екіншісі құқықтық болып табылады. Яғни екінші критерий келешекте үлкен маңызға ие болады. Өйткені құқықтық критерий бойынша теңізде аймақтық сулар мен ерекше экономикалық зоналарды анықтау мәселелері көтеріледі. Қазақстан өзінің ұстанымын қорғауда екі критерий да құқықтық тіреу ретінде табатынын айтып өткен жөн
Көбінесе, ұғымдар кең мағынаға ие болғандықтан су объектілерін жабық теңізге жатқызуда практикалық тұрғыдан көптеген қиыншылықтар туындайды. Сонымен қатар қазіргі халықаралық теңіз құқығында белгілі бір су объектісін тұйық немесе жартылай тұйық теңізге жалпыға тән анықтама, барша мойындаған қағида жоқ. Конвенцияны құрған мамандар құқықтық классификацияға және орағытуға көбірек мүмкіндік беруді ойлаған болуы мүмкін. Тұйық және жартылай тұйық теңіздер ретінде құқықтық мәртебесін даму тарихы бар теңіздерге Қара және Жерорта теңіздерін жатқызуға болады. Осы теңіздердің реттеуде мемлекеттердің түрлі қауіпсіздік, экономикалық және тағы басқа да салалардағы мүдделерін ескере отырып, сонымен қатар теңіз байланысы мен балық аулау шараларын есепке ала отырып жасасқан халықаралық келісімдер негіз болып келген. Су объектілерін тұйық немесе жартылай тұйық теңізге жатқызу жағалау мемлекеттері қатарына жатпайтын елдердің әскери кемелерінің жүзуіне толық тиым салады. Балық аулау және теңіз жануарлары кәсіпшілігі мәселелері екі тараптық немесе көптараптық келісім-шарттар арқылы шешіледі.
1982 жылғы Конвенцияның 123 бабында, тұйық немесе жартылай тұйық теңіздердің суымен шайылатын жері бар мемлекет тікелей немесе аймақтық ұйымдар арқылы басқа мүдделі мемлекетті немесе халықаралық ұйымды ынтымақтастыққа шақыруына болады [6]. Яғни Каспий жағалауындағы мемлекеттер саяси тұрғыдан қарамастан шетелдік мұнай компанияларын ортақ шаруашылық құруға шақыруға болады. Иран мен Ресей Каспий теңізіне шетелдік шаруашылық субъектілерінің кіруін тосқауылдауға тырысады. БҰҰ Конвенциясының 123 бабында жағалау мемлекеттеріне ғылыми-зерттеу жұмыстары мен бағдарламаларын, теңіз ортасын қорғау, тірі ресурстарды игеру туралы іс-әрекеттерді үйлестіруге шақырады. Бұл нормалардың барлығы тұйық және жартылай тұйық теңіздердің мәселелері жағалау мемлекеттердің аймақтық деңгейде өзара шешіліп отырғанын дәлелдейді. 1982 жылғы БҰҰ Конвенциясы қабылданғанға дейін теңіз құқығы халықаралық заңгерлері mare clausum (тұйық теңіз теориясы) теориясын қалыптастырды Бұл теория бойынша тұйық теңіздер жағалау мемлекеттерінің егемендігіне кіріп, оларға транзит жолы ретінде қызмет етеді. Жағалау мемлекеттері өзара келісім-шартқа қол қоюы мүмкін, мұндай келісім болмаған жағдайда жағалау мемлекеттері аймақтық сулары шеңберінде өз егемендіктерін жүргізеді. Тұйық теңіздер доктринасы бойынша шекаралар орта сызықтан сызылып, ал теңіздің бөлінбеген орталық бөлігіне ашық теңіз құқығы жүреді.
Ресейдің көрнекті халықаралық құқықтанушысы Ф. Мартенстің Каспийді су жиынтығы емес, теңіз, нақты айтқанда жабық теңізге жатқызғаны назар аудартқызады. Өзінің «Өркениетті халықтардың қазіргі заман халықаралық құқығы» атты еңбегінде Каспий теңізін «жабық» деп санайды, әрі бұл теңіз екі бірдей мемлекеттің жерлерін шайып отырса да орыс-парсы емес, орыс теңізі деп санау керек дейді. Оның халықаралық саясат пен құқықтың дамуын болжай алмағанына қарамағанда, Каспийді «жабық теңіздер» қатарына кіргізіп отыр.
Ал кеңестік халықаралық құқықтанушылар Каспийді «жабық (тұйық) теңіз» ретінде қарастырған. Бірақ олар Каспийге кеңестік-ирандық теңіз деп қарап, әділетті түрде Иранның іс-әрекеттері кейбір балықшаруашылығымен шектелетінін, сауда, әскери және балық аулау флотының жоқ екенін мойындаған. Мұнда айта кететін нәрсе кеңестік құқық әдебиеті ғана емес, қазіргі заман ресей құқықтанушыларының, яғни Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейінгі дәуір құқықтанушыларының еңбектерінде де Каспий жабық теңіз ретінде қарастырылады. Оған дәлел ретінде 2004 жылы К. Бекяшевтың редакциясымен жарық көрген «Халықаралық жалпы құқық» оқулығын келтіруге болады. Кітаптың «Жабық және жартылай жабық теңіздердің (тұйық және жартылай тұйық) халықаралық құқық жүйелері» атты бөлімінде мысал ретінде Қара, Балтық және Каспий теңіздері келтірілген [9, с. 619]. Шетелдік әдебиетте «жабық» және «тұйық» теңіз деген ұғымдары айрықша қаралмай, олар «тұйық теңіз» «жабық теңіз» ұғымының сәл өзгертілген жалғасы ретінде қарастырылады. Бұрын «жабық» теңіз оған теңіз жолдарының жабық екенін білдіретін болса, ал қазір «жабық» немесе «тұйық» теңіз 1982 жылғы БҰҰ Конвенциясының 122, 123 баптары бойынша бекітіледі.
Құқық әдебиеттерінде «тұйық теңіз» және «жабық теңіз» ұғымдары тең-ауыспалы әрі бір санатта жиі қолданылады. «Жабық теңіз» ұғымы жағалау мемлекеттерінің қауіпсіздігі үшін тыс мемлекеттердің әскери-теңіз кемелерінің кіруіне шектеу немесе толық жабылуынан шығып отыр. Өзінің диссертациялық зерттеуін А. Сәлімгерей «тұйық теңіздер» халықаралық құқықтық ұғымын қарастыра отырып былай дейді: «халықаралық құқық ғылымында жабық теңіз кеңістігін иелену құқығын беретін «тұйық теңіз» ұғымы емес, жабық теңіз ұғымын білдіретін mare clausum жазудан аулақ болу керек». Бұл жайында 1934 жылы ағылшын заңгері Джон Сельден өзінің «Mare clausum» атты еңбегінде айтқан. Яғни «жабық теңіз» теориясы белгілі бір теңіздің географиялық ерекшеліктері мен оның оңашалануынан алынып, жағалау мемлекеттерінің ұлттық құқықтық құзыретін бірінші орынға қоймай, жабық теңізді барлық мемлекеттердің туларының астында сауда кемелерінің жүзу еркіндігін сақтай отырып жағалау мемлекеттерінің қауіпсіздігін сақтауда бірінші орынға қойып отыр. Каспийге «тұйық теңіз» мәртебесі берілгеніне дәлел ретінде өткен ғасырдың 50 жылдары Иран заңнамасын келтіруге болады. 1955 жылғы 19 шілдеде қабылданған «Континенттік шельф» туралы заңның 2 = бабында «жабық теңіздерге қатысты халықаралық құқық Каспий теңізіне жүреді» делінген
Құқықтанушы Ю. Федеровтың пікірі қызықтырады. Ол Каспий жағалауы мемлекеттерінің Каспий мәртебесін БҰҰ Конвенциясы бойынша «тұйық теңіз» ретінде қарастырғаны дұрыс деп қарайды. Бұл кеме жүзуі еркіндігін қамтамасыз ете отырып, қайшылықтарды баршаға танылған БҰҰ теңіз құқығы Конвенциясымен шешуді қамтамасыз етеді.
Халықаралық құқықта «шекаралық көл» деген дербес институт болмауы оның теориялық доктриналық әлсіздігін ғана емес, әрбір көлдің ерекшеліктерін ескере отырып қабылданатын нормативтік қағидалар жүйесін анықтаудығң қиынға соғатынын білдіреді. Ал ол іс жүзінде, балық аулау, кеме қатынасы және басқа да су бассейні аймағына қатысты мемлекеттің іс әрекетін реттейтін сәйкестендірілген ерекше ережелерді келістіру мүмкіндігін екіталай қарастырады. Теңізді «шекаралық көл» деп мойындаған жағдайда Каспий теңізіне қатысты басқа да қиындықтар туындауы мүмкін, себебі Ресей мен Иран сияқты анағұрлым қуатты мемлекеттер ортақ ережелер мен келісімдердің жоқ болуына байланысты, қандай да бір іс әрекет түрлерін анықтау мен нормативті бекітуде өз мүдделеріне сәйкес келетін позициялар мен нормаларды қолдайтын болады.
Қазақстан жағалық мемлекеттермен бірқатар келісімдердің қатысушысы болып табылады. Мәселен, 10 маусым 1997 жылы Қазақстан Республикасы Әзірбайжан Республикасымен, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы көпжақты Конвенция бекітілгенге дейін теңіздегі орта сызықтағы өздерінің ұлттық секторына тиесілі шекараларды ұстану мен өзара іс әрекеттің түрлі салаларында ынтымақтастықты жандандыру туралы ұстанымдарын мәлімдейтін ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен күшейту жөніндегі Декларацияға қолқойды[12]. Сонымен қатар, Декларацияда келешекте өзінің мұнайын Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан мен Еуропаға тасымалдау жөніндегі қазақстандық тараптың ниеті бекітілді. 29 қараша 2001 жылы Қазақстан мен Әзірбайжан екі мемлекет арасындағы Каспий теңіз түбі шекараларын бөлу туралы Келісімге қол қойып, аталмыш келісім қазақстандық тараппен 2 шілде 2003 жылы ратификацияланды[13]. Осы Келісімге сәйкес тараптар Каспий теңіз түбі шекарасы мен ресурстарын, жағалау сызықтары мен аралдардағы бастапқы нүктеден тең қашықтату негізінде есептелетін, орта сызық бойынша бөледі. Қарама-қарсы орналасқан және іргелес жағалаулары бар мемлекеттер арасында су кеңістіктерін белгілеуде қолданылатын орта сызыққа осы мемлекеттердің теңіз жағалауларындағы тиісті ең жақын нүктесінен осы сызықтың тең қашықтықта орналасқан нүктелері бар сызық деген анықтама беруге болады. Каспий теңіз түбін бөлудегі орта сызықты өткізудің жоғарыда аталған тәсілін қолданған жағдайда, алдында көрсетілгендей Қазақстан үлесіне 29,6%, Әзірбайжанға – 19,5%, Иранға – 13,8 %, Ресейге – 18,7%, Түрікменстанға – 18,4% келеді [14]. Өз кезегінде, түрлендірілген орта сызық құрамына жағалаулардан бірдей қашықтықта емес және аралдар есебі, геологиялық құрылым, геологиялық шығындар мен басқа да ерекше жағдайлар негізінде анықталатын аймақтар кіреді.
Осы Келісімнің 3 бабына сәйкес, орта сызық бойынша перспективті құрылымдар мен кен орындары өткен жағдайда оларды зерттеу мен өңдеу сұрақтары жеке екіжақты келісімдер негізінде қарастырылатын болады. Өзінің ұлттық су түбіндегі секторлары шекарасында қос тарап «Каспий теңіз түбі мен жер асты байлықтарын зерттеу, өңдеу мен басқару, Каспий теңіз түбімен суасты шоғырсымдары мен құбырларды төсеу құқығын» жүзеге асырады [15]. Осыған орай атап кетерлік жай, келісімнің кіріспесінде Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы биологиялық ресурстар мен Каспийді кеме қатынасы мақсатында пайдалануда Каспий теңіз түбі шекарасын анықтау таралмайтыны туралы бап бекітілген. Келісімнің 3 бабына сәйкес, қос тарап өздерінің ұлттық секторлары шегінде жасанды аралдар, бөгеттер, эстакадалар, платформалар мен басқа да инженерлік құрылыс, сонымен қатар теңіз түбіндегі өзге де шаруашылық-экономикалық заңды әрекеттерді іске асыруда егеменді құқығын жүзеге асырады.
1998 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісім де ерекше мағынаға ие [16]. Қазақстан Республикасы 14 қараша 2002 жылы, Мәскеуде 6 шілде 1998 жылы қол қойылған, Ресей Федерациясымен жерасты байлықтарын қолдану егеменді құқығын жүзеге асыру мақсатында Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің теңіз түбін анықтау туралы Келісімін ратификациялады. Осы келісімнің кіріспесінен бастап бүгінгі Каспийдің құқықтық режимінің заманауи талаптарға сай болмауы мен Каспий маңы мемлекеттері арасындағы құқықтық қатынастарды толық реттемеуі туралы айтылады. Атап өтетін жайт, келісімнің кіріспе бөлігінде келешекте Каспий теңізінің мәртебесін анықтауда сол акваторияда кедендік, шекаралық және санитарлық бақылау аймақтарын, сонымен қоса балық шаруашылығы аймақтары мен ортақ пайдалану аймақтарын орналастыру мүмкіндігін қарастыру туралы қос тараптың ниеттері бекітілген. Аталмыш келісімде биологиялық ресурстарды пайдаланумен байланысты шаруашылық қызметтер қамтылмаған. Келісімнің 1 бабына сәйкес, Каспийдің солтүстік бөлігінің теңіз түбі мен жерасты байлықтары Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты келісімдер мен әділдік қағидасы негізінде модификацияланған орта сызық бойынша бөлінеді.
Су үсті, кеме қатынасы еркіндігін, алдын ала келісілген балық шаруашылығы ережелері мен теңіз экологиясын қорғау ережелерін сақтаған жағдайда, ортақ қолдануда қалады. Осы құжаттың 2 бабында Каспийдің солтүстік бөлігінің теңіз түбі мен жерасты ресурстарын зерттеу, өңдеу мен басқарудағы егемен құқықтарды тараптар бөлгіш сызыққа дейін өздеріне тиесілі теңіз түбі бөлігінде жүзеге асыратындығы туралы баяндалады. Әзірбайжанның халықаралық құқық саласындағы заңгері Р. Мамедовтың әділ пікірінше,6 шілде 1998 жылғы Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімде алғаш рет қолдау қөрсету тапқан шекараның модификацияланған орта сызығы «халықаралық құқықтың өзіндік новелласы» болып табылады [17]. Қазақстан мен Ресей арасындағы Каспийдің модификацияланған орта сызығы жағалау сызықтары бастапқы нүктеден тең қашық негізінде есептелетін және құрамына түрлендірілген орта сызық құрамына жағалаулардан бірдей қашықтықта емес және аралдар есебі, геологиялық құрылым, геологиялық шығындар мен басқа да ерекше жағдайлар негізінде анықталатын аймақтар бойымен өтеді. Көп жағдайларда мамандар орта сызықты, сызықтың ең жақын нүктесінен, сектор ені мен теңіз аумағы өлшенуге тиісті, барлық нүктелері тең қашықтықта орналасатын, тең қорғау сызығы деп атайды. Ресей тарабының суасты құбыры жөндеуге, сымдарын төсеу мен пайдалану сұрағын қабыл алмауына байланысты, келісімде арнайы бап келесідей мағынада – аталмыш қызмет түрлері кеме қатынасы мен ұшу сұрақтарын қоса қарастыра отырып, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияның соңғы нұсқасына қол қойылғаннан кейін, өзінің құқықтың реттелуін жағалық мемлекеттер арасында жеке екіжақты және көпжақты келісімдерде табатынын баяндайды. Атап өтерлік жайт, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы келісімге қарағанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес егер модификациланған орта сызық перспективті құрылымдар мен кен орындарынан өткен жағдайда тараптар оны зерттеу мен өңдеу жұмыстарымен бірігіп айналысатын болады.
9 қазан 2000 жылы Астанада Қазақстан мен Ресей Каспий теңізіндегі ынтымақтастық жөніндегі Декларацияға қол қойып, 26 ақпан 1921 жылғы және 25 наурыз 1940 жылғы келісімдерде көрсетілген кеме қатынасының еркіндігі, балық шаруашылығы еркіндігі мен Каспий маңы елдеріне тиесілі емес теңіз кемелерінің қатынасына тиым салу сұрақтарының күшінде қалатынын баяндайды. Тараптар осы Декларацияда ымыра келісімге негізделген іргелес және қарама-қарсы орналасқан мемлекеттер арасындағы теңіз түбі шекарасын модификацияланған орта сызық бойынша бөлу тәсілі Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтаудағы келіссөздер процесінде оң үлесін қосатынын атап көрсетеді. Осыған қарамастан теңіз су кеңістігінің ортақ қолдануда болуымен қатар кеме қатынасы еркіндігі, қоршаған ортаны қорғау мен балық шаруашылығының бекітілген ережелері өз күшінде болады.
14 мамыр 2003 жылы Алматыда Қазақстан, Әзірбайжан мен Ресей арасында Каспий теңіз түбі іргелес аумақтарын бөлу сызығының түйісу нүктесі туралы үшжақты Келісімге қол қойылды. Қазақстан бұл Келісімді 4 желтоқсан 2003 жылы ратификациялады. Жалпы 2 баптан тұратын бұл Келісімде тараптар, бұған дейін тараптардың жеке өзара жасалған келісімдерін ескере отырып, Каспий теңіз түбі іргелес аумақтарын бөлу сызығының түйісу нүктесін бекітеді.
Барлық бес Каспий маңы мемлекеттердің Сыртқыістерминистрлерініңорынбасарларынан тұратын Арнайы жұмыс тобы Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтаудағы көпжақты келіссөз механизмі болып табылады. Бұл жұмыс тобы Каспий маңы мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің шешіміне сәйкес 1996 жылы Ашхабадта құрылды [18]. Жұмыс тобының басты мақсаты – осы мемлекеттердің Каспийдегі негізгі іс әрекеттерін реттейтін бесжақты келісімді талқылау және құрастыру. Осы себепті жұмыс тобы кеме қатынасы, балық шаруашылығы, Каспийдің табиғи ортасын қорғау және ең күрделісі Каспий теңіз түбі мен су қабатын ұлттық секторларға бөлу сияқты көптеген сұрақтарды қарастырады. Осылайша Каспий маңы мемлекеттері арасында Каспий теңізінің мәртебесіне тиісті позициясы мен келешегіне қатысты келіспеушіліктер орын алуда. Бұл құқықтық проблеманы шешудегі мемлекеттердің негізгі үш позициясын атап өтуге болады: Каспийге шекаралық көл статусын беру; 1982 жылғы Теңіз құқығы бойынша Конвенцияның мазмұнына сәйкес Каспий «тұйық теңіз» ретінде; теңіз және оның қорына ортақ иелік ету (кондоминиум режимі). Көпжақты келіссөз механизмі болып табылатын арнайы жұмыс тобы өз қызметіндегі объективті қиындықтар мен жағалаудағы мемлекеттер позициясының қарама-қайшылығына қарамастан өз жұмысын жалғастыруда. Кеме қатынасы мен балық шаруашылығының құқықтық режимі сияқты бірталай сұрақтар бүгінгі күні келісілгенімен, Каспий теңізінің қоры, теңіз түбі, су қабаты мен әуе кеңістігіне қатысты Каспий маңы мемлекеттерінің ұлттық юрисдикциясын анықтаудың басқа да маңызды аспектілері күн тәртібінде талқылануда.
Кеңестік және Иран арасындағы келісім тәжірибесінің анализі көрсеткендей, Каспий теңізін пайдалану режимінің негіздері қаланғанымен, оның халықаралық-құқықтық статусы соңына дейін рәсімделмеген болатын. Осыған орай, Кеңестік және Иран арасындағы келісім тәжірибесімен шектеле отырып, жаңа келісімдерге қол қоюдың қажеттілігін жоққа шығаратындардың мәлімдемесі күдік тудырады. Иран зерттеушілерінің пікірінше де, Каспийдің теңіз ретінде анықталуы географиялық тұрғыдан да орынды болып табылады. Себебі, оның алып жатқан аумағы әлемдегі көлемі бойынша екінші орынға ие ұқсас бассейн Жоғары көлінің аумағынан 5 есе асады және Парсы мен Оман шығанақтарының қоса алып жатқан аймағын алып жатады [19]. 1981 жылы шыққан энциклопедиялық сөздіктегі «теңіз» ұғымы – «ол құрлықпен немесе суасты бедері үстірттерімен оқшауланған және мұхиттың ашық бөлігінен гидрологиялық және метеорологиялық режиммен ерекшеленетін Әлемдік мұхиттың бөлігі» деп беріледі. Бұл анықтама өз кезегінде Каспийдің геологиялық сипаттамаларына толық сәйкес келеді [20].
Объективті жағдайлар бойынша КСРО-ның әрекет етуінің тоқтауы мен жаңа Каспий маңы тәуелсіз мемлекеттердің құрылуын есепке алмауы бірбөлек, сонымен қоса Кеңестік және Иран арасындағы келісімдерді жандандыру және оларды жағалық мемлекеттердің пікірі мен мүдделерін ескерусіз автоматты түрде қолдану аталмыш аймақтағы келешектегі ұзақ мерзімді тұрақтылықтың орнауына әкелмейтініне орай, 1921 және 1940 жылдардағы шарттардың бүгінгі күнгі саяси, экономикалық және құқықтық мәселелерге сай келмейтіні Ресей ғылымының өкілдеріне де айқын болуда.
Каспий теңізінің мәртебесі туралы Конвенцияны анықтау, келісу және одан да кейін жеке екі жақты немесе көпжақты келісімдер негізінде өзінің географиялық орналасуына байланысты қолайсыз жағдайдағы жағалық мемлекеттердің, әділдіктің ex aequo et bono қағидасына сәйкес, Қара және Балтық теңіздеріне шығу құқығына ие болуы қажет. Себебі бүгінгі күні әрекет етуші каналды-өзендік жүйелер Каспий теңізінің Балтық теңізімен (Волга өзені – Марьин каналы жүйесі) және Қара теңізбен (Волга өзені – ВолгоДон каналы – Азов теңізі жүйесі) кеме қатынасы жолдарын жалғастыруға мүмкіндік тудырады.
Қазақстан өкілдерінің пікірінше, теңіздегі тіршілік әрекетінің аса маңызды аспектілерін реттеу, ең алдымен қоршаған ортаның экологиялық балансын сақтау мақсатындағы Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы бесжақты келісімге қол қойғанға дейін, түрлі ұстанымдардың келісілуі кезең-кезеңімен орындалуы керек. Сонымен қатар, мемлекеттік тәуелсіздігін орнатқан Каспий маңы мемлекеттерінің де көзі қарастары ескерілуін талап ететін жаңа геосаяси жағдайды ескере отырып, Кеңестік және Иран арасындағы 1921 және 1940 жылдардағы келісімдердің кейбір баптарының қолданылуы мүмкін болып табылады.
Айтылғанды түйіндей отырып, әр жағалық мемлекет теңіз бен оның ресурстарына егемен құқықтарға ие деген қорытындыға келуге болады. Мемлекеттің құрлықтық территориясы қандай да бір мемлекеттің іргелес орналасқан су кеңістіктеріне құқық көлемін анықтаудағы негіз және басты фактор болып табылатынын білдіретін халықаралық құқық, әлемдік теңіз құқығының кең тараған land dominates the sea қағидасы Каспий теңізімен шекаралас мемлекеттермен қолданылуы мүмкін және толық көлемде қолданылуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |