Ертеде Сыбан руынан шыққан Жарасқұл деген қарттың Еспенбет атты немересі болады. Міне, осы Еспенбет жас күнінде әке - шешеден бірдей жетім қалып, уақ руынан шыққан Ер Қосай атты батыр нағашысының қолында ер жетеді. Қосай жиенді бөтен санамайтын салт бойынша Еспенбеттей ұрпағын өте жақсы көргендіктен, оған жетімдік тауқыметін көрсетпей өсіреді. Ер жеткенде қалыңдық әперіп, басына үй тұрғысып, алдына мал бермек ойда жүреді.
Күндердің бір күнінде қатарластарынан ойлы, намысы күшті, арманы биік Еспенбетті тумысы бөлек Ақбөрте атты құлын ерлік арманға жетелейді. Бар арман мақсаты - тұлпар мініп, қару асынып, атасы салған ізбен жүріп, өзі туған Сыбан еліне оралу болатын. Ендігі ойы «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген халық даналығын еске алып, алыстағы ата жұртына кеткісі келіп жүреді. Ер Қосай атасы оның бұл күйін байқап, өзіне шақырып қалауын сұрайды. Атасы ұсынған байлықтың бәрінен бас тартып, жалғыз ғана Ақбөрте тайды қалайды.