Жайсан түркі ғұрыптық кешені Еуразия даласы түркі халықтары ту тігіп, мемлекет құрып, өркениет қалыптастырған алып кеңістік. Бұл далада сақ, ғұн, үйсін, қаңлы, сянби, тоба, жужан сияқты этносаяси одақтар мен бірлестіктер ретінде құрылған Ұлы Түркі елі VІ-VІІІ ғғ. дейінгі аралықта салтанатты империя құрады. Ұлан-ғайыр аумақта мемлекет құрған Түркілер елінің өзіндік өркениеті мен мәдениеті қалыптасты. Түркі дәуірінен қалған көне тас мүсіндер мен ғұрыптық кешендер, жерлеу орындары мен жартас беттеріндегі суреттер соның дәлелі.
Шу өңірінде орналасқан Жайсан түркі ғұрыптық кешені осы аталған ескерткіш нысандарының бірегей үлгісі. Кешен Шу ауданындағы Д. Қонаев ауылынан солтүстік бағытта 16-40 шақырым қашықтықта, Кіндіктас тауының солтүстік баурайындағы қыратты алқапта орналасқан. 2010 жылы облыстық жергілікті маңызы бар мемлекеттік тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне, 2017 жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.
Осы уақыта дейін жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде 37 ғұрыптық-мемориалды кешендер ашылған. Əрбір кешеннің құрамында ондаған жерлеу орындары мен тас мүсінді ғұрыптық құрылыстар, жартас беттеріне салынған суреттер мен рулық таңбалар бар. Кейбір таңбаларды он оқ будун, түркеш тайпаларының орналасқан жерін анықтайтын белгілеріне жатқызуға болады.
Ғұрыптық қоршауларда ер адам мен қатар әйел мүсіні де қойылған. Мұндай жайттар түрік дәуірінің ескерткіштерінде өте сирек кездесетін құбылыс. Бұның өзі батыс және шығыс болып екіге бөлінген қағанаттың тарихи-мәдени ерекшеліктерін аңғартады.
Түркі халықтары қаған-бекзадалары мен аруақты ата-бабаларының құрметіне арнап кешендер орнату, басына келіп тәу ету, көк тәңірден тілек тілеу салтанатты түрде орындалатын ерекше дәстүрлерінің бірі. Міне Жайсан жеріндегі түркі дәуірінің ескерткіштерінде сол кезеңде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тірі жады, бейбіт тұрмысы құбылмалы болмысы бейнеленген.
Әдебиеттер: Досымбаева А. Батыс Түрік Қағанаты. Қазақ даласының мәдени мұрасы. – Алматы 2007 – 168 б.