Қағбаға қарай сап түзеу
Батылдықтың бастауы – иман. Осы қасиетті қайнардан нәр алған Хазіреті Омар дін жолында дамыл таппайды. Бір күні Пайғамбарымыздан :
“Уа, Расулаллаһ біз өлсек те, қалсақ та хақ жолында емеспіз бе?”- деп сұрады.
Пайғамбарлар пайғамбары:
Иә, дәл солай, сендер өле-өлгенше, онан кейін де хақ дін жолындасыңдар. Аллаhтың атымен ант етемін” - деп жауап берді.
“Олай болса, бұл тұрысымыз не тұрыс? Қашанғы жасырынамыз? Саған хақ дінді жіберген Аллаhқа серт беремін, қорықпастан, тартынбастан бар күшімді мүшріктерге Исламды түсіндіруге жұмсаймын” - деді Омар.
Осы әңгімеден соң Аллаһ Елшісі – алда, оң жағында – Хазіреті Омар, сол жағында – Хазіреті Хамза, қалған сахабалар соңдарынан сап түзеп, Қағбаға қарай бет алды… Нық қадамдап Харам мешітіне келіп кірді…
Хазіреті Расулаллаhтың өлтірілгені жайында “қуанышты” хабарды естиміз деп, құлақ түріп, алаңдап отырған мүшріктер мына көрініске түсінбей, дағдарып қалды. Қорыққандарынан біресе Хазіреті Омарға, біресе Хазіреті Хамзаға жалтақтай берді. Араларынан біреуі батылданып:
“Ей, Омар, не тындырып келдің?” – деп сұрады.
Хазіреті Омар:
“Лә иләһа иллаллаh, Мұхаммедур-расулаллаhты” айта келдім. Отырған орындарыңнан қимылдаушы болмаңдар, әйтпесе бастарың кетеді”- деп қойып қалды.
Мүшріктердің ауыздарына құм құйылғандай дымдары шықпады. Ардақты Пайғамбарымыз емін-еркін Қағбаны тауап етіп, намаз оқыды. Өзге мұсылмандар да сол жерде ашықтан-ашық намаздарын оқыды.
Хазіреті Омардың айтуынша сол заматта Аллаh Расулы хақ пен нахақтың32 ара жігін ашқаны үшін Омарды “Фаруқ”, яғни дұрыс пен бұрысты айырушы деп атай бастаған.
Хазіреті Хамза мен Хазіреті Омардың бірінен соң бірі мұсылмандықты қабылдап, Исламды ашық жария етуі мүшріктерге күтпеген соққы болса, мұсылмандарға ерекше қуаныш сыйлады. Мұсылмандар осы кезден бастап еркін ғибадат жасауға қол жеткізді.
Әсіресе Хазіреті Омардың муминдер қатарына қосылуы Ислам тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірінен саналады. Бұл мәселені Абдуллаһ ибн Мәс’ут есімді сахаба былайша түсіндіреді:
“Омардың мұсылмандықты қабылдауы – Исламның жеңісі, мұсылмандар үшін үлкен құрмет, ал Мәдинаға көшуі болса – көмек, халифалығы – берекет болды.
Омар иманға келгенге дейін біз Қағбаның ауласында ашықтан-ашық ғибадат етпек түгілі, емін-еркін жүре алмайтынбыз.
Достарыңызбен бөлісу: |