КӨЗ ШАРАСЫНЫҢ АУРУЛАРЫ Көз шарасы көзді механикалық әсерлерден қорғайды. Ол әр түрлі механикалық сыртқы әсерлерден жиі жарақаттанады. Көзге соққы тиюі, малды көліктермен тасығанда ұрылу, соғылу салдарынан ашық және жабық жарақаттар алады. Көзге бөгде заттардың енуі, көз шарасы сүйектерінің сынуы салдарынан оның ұлпалары мен көз алмасы қабына (периорбита) қан құйылады. Бұлшық еттер мен сірі қабықтардың үзілуі және шықшыт буынның шығуы салдарынан көз алмасының орнынан қозғалуы, көз шарасынан шығуы, тіпті сыртқа түсуі мүмкін. Көз шарасының жарақаттары салдарынан бұл аумақта асептикалық, ал инфекция түссе шірікті қабынулар дамиды.