272
КЕНЕСАРЫ БЕЙНЕСІ
Табаны күректей он жылға созылған Кенесары қозғалысы халық
жадында ұмытылмастай із қалдырды. Кенесарының өзі, оның сарбаздары мен
батырлары жөнінде фольклорлық та, әдеби де туындылар сол заманның
өзінде-ақ пайда болған. Көтерілістің ішінде болған Нысанбай жырау мен хан
ордасында жүрген Досқожа ақындардың өлеңдері мен толғаулары - тарихи
оқиғалардың шежіресі іспетті. Көтерілістің тұсында, одан кейін де әр түрлі
әңгімелер, аңыздар, дастандар туған. Олардың біразы - авторлық шығармалар
болса, енді бір тобы - фольклорлық, авторсыз дүниелер. Бұл екі топтағы
туындылардың ұқсастығымен қатар айырмашылықтары да бар. Авторлық
шығармалар - әдебиетке жатады, оларда автордың даралық ерекшеліктері
бой көрсетеді де, бейнеленіп отырған оқиға мен кейіпкердің іс-әрекеті
автордың ой елегінен өтеді. Яғни автор объектісін өзінің мақсатына, талап-
талғамына сәйкес суреттейді. Сол себепті көтеріліс туралы ертедегі, сондай-
ақ кейінгі замандағы әдеби шығармаларда Кенесары мен оның серіктестері
туралы, олардың атқарған қызметі жайында жеке автордың ой-өрісі, түсінік-
пайымы көрініс табады.
Ал, фольклорда олай емес. Кез келген фольклорлық туынды ең әуелі
халық түсінігін, халықтың көзқарасын, ойын білдіреді. Сол себепті ол
оқиғаны да, бас кейіпкерді де халық ұғымына, халық пайымдауына сай
бейнелейді. Фольклордың негізгі көркем әдісі - романтика, ал көркем мұраты
- идеал болғандықтан болмыс та, адамдар да дәріптеле суреттеледі.
Сондықтан қай оқиға болса да, қай тарихи тұлға болса да дәлме-дәл, сол
күйінде көрсетілмейді, керісінше «солай болса екен» деген тұрғыда
бейнеленеді. Екінші сөзбен айтқанда, фольклорда өмірдегі шындық емес,
қиялдағы шындық суреттеледі. Міне, Кенесарының фольклордағы бейнесін
осы тұрғыдан түсіну керек.
Кенесары туралы фольклорлық шығарма айтарлықтай көп емес.
Шынын айтқанда, хатқа түскенінен гөрі ел аузында айтылып, әлі
жиналмағаны көбірек секілді. Ал, қолда бар мәтіндер жанрлық жағынан да,
мазмұн жағынан да әр алуан. Әзірше мәлім шығармалардың дені - шағын
өлеңдер, аңыздар мен әңгімелер. Арасында эпикалық туындылар да бар.
Мысалы, «Абылай, Кенесары» сияқты қомақты жыр. Ал, «Наурызбай-
Ханшайым» атты шығарма тарихи жырдан гөрі халық балладасына жақын,
онда Кенесары ешкіммен соғыспайды.
Жалпы, Кенесары туралы фольклорлық шығармаларда нақты бір
тарихи оқиға баяндалмайды. Оларда ханның орыс қаласын шапқаны және
қырғыздарға қарсы шабуылы туралы айтылады да, соғыс эпизодтары
суреттелмейді. Мәселен, Ресейдің қазақ жеріне дендеп кіргеніне қарсы күресі
жайында Емді, Адырлы деген екі қаланы шапқаны айтылады, бірақ қала
тұрғындарымен болған шайқас бейнеленбейді, оқиға жалпылама түрде ғана
әңгімеленеді: