54. Мемлекеттегі этнодемографиялық үрдістер. Шетелдердегі қазақ ирриденталары мен диаспораларының пайда болуының тарихы.
Диаспоралогия – диаспора мәселелерін зерттейтін ғылым дейтін болсақ, ең алдымен «диаспора» деген ненің атауы, қарастыратын мәселесі не, терминологиялық жүйесі қандай деген сұрақтар туындары да анық. Осы ретте күнделікті лексиконымызда, БАҚ жүзінде диаспора сөзінің біршама көбірек қолданылатындығын да еске ұстағанымыз дұрыс болмақ. Әсіресе, шетелдерде тұратын қандастарға байланысты «диаспора» термині жиі қолданылғанымен, олардың басым бөлігіне тән «ирредент» термині көп қолданыла бермейді.
«Диаспора» деген сөздің өзі грек тілінде «шашырау», «шашырай орналасу» дегенді білдіреді [1], яғни ұлт шашырандысы деп қолдануға болады.
Әлемдегі күллі қазақтың саны шамамен 15 млн-дай болса, соңғы санақтың алдын-ала қорытындысы бойынша 10 млн.-нан астамы Қазақстанда, 5 млн.-дайы 40-қа жуық шетелдерде өмір сүріп жатыр және осы 5 млн.-ның 4 млн.нан астамы «ирредент», қалған бөлігі «диаспора» болып табылатыны анық.
Біздіңше қазақтардың біраз бөлігін, диаспора деп тануға болады. Қазақ диаспорасы кім, оларға кімдер жатады дегенге келетін болсақ, олар — атақонысынан түрлі саяси науқандар мен нәубеттердің, түрлі соғыстардың, бертінгі замандарда табыс пен білім көзін іздеушілерден пайда болған қазақ көшінің нәтижесінде алыс-жақын шетелдерге кеткен қазақтар. Қазақ диаспорасының қалыптасу тарихына үңілетін болсақ, көбінесе ұлтымызды өзіне еріксіз бағынышты еткен алып державалардың күштеп мәжбүрлеуінің басты фактор екеніне көз жеткіземіз.
Қазақ диаспорасын құраушы келесі бір топ – ІІ дүниежүзілік соғыста неміс тұтқынына түсіп, кейіннен Одақтастар азат еткен соң Сталиннің атақты бұйрығынан соң, елге келгенде алдан күтіп тұрған сенімсіздік, қуғын-сүргін мен жазалаудан қаймығып, Еуропада қалып қойған, одан әрі әлемге тараған қазақтар.
Келесі бір шоғыры – Шыңжаң қазақтарынан шыққан қазақ диаспорасы. Ежелгі Шығыс Түркістан, кейіннен қытайлар Жаңа өлке (Синь-Цзянь) атандырған шұрайлы мекенде өмір сүрген Үш аймақ қазақтарының гоминданшылар мен олардан соң билік басына келген маошыл коммунистік билікке қарсы көтерілген күресі жеңіліс тапқан соң, біраз бөлігі Гималай асып, Үндістан, Пәкістанды басып өтіп, оншақты жыл жүзінде әрең дегенде Түркияға ірге тепкен ұзақ та азапты көші – қазақ диаспорасының елеулі бөлігін құрады. Қазірде Түркия мен Еуропаның көптеген мемлекеттерінде тұрып жатқан қазақтардың көбісі осы қазақтардың ұрпағы болып табылады.
Шетелдегі қазақтардың ата-мекенге оралуы Қазақстан мемлекетінің даму стратегиясының басым бағыттарының бірі болып саналады. Ұлттық қауіпсіздігімізді нығайтуда және экономикамызды жаңа еңбек ресурстары мен қамтамасыз ету үшін, Елбасымыз 2015 жылға дейін республика халқы санын 20 миллионға жеткізуді міндет етіп отыр. Сондықтан халықтың санын көбейтіп, құрамын нығайтатын, тарихи- демографиялық ғылым айқындаған екі жолды, табиғи өсім мен сырттан келетін көші-қонды тиімді пайдалану керек [7]. Табиғи өсімді күшейту үшін жастарға әсіресе, жаңа отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың жас ұрпақтарына Қазақстан үкіметі тарапынан жан-жақты, нақтылы түрде қамқорлық ұйымдастырылуы қажет. Ал, сырттан келетін оң көші-қонға келсек, шет елдердегі қазақтарды елге қайтару үшін квотаны шектемей, қазақтар тұрған мемлекеттермен дипломатиялық жолмен көші-қон үрдістерін жеңілдетіп, тездету, ал көшіп келгендер үшін барлық жан-жақты жағдай жасау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |