Даулеткереева Н.Ж., Бекетова А.Б., Кенжина А.Х, Қожағалиева А.М.
Қазақ тілі
Әдістемелік нұсқау
для учителей 4 класса общеобразовательной школы с русским языком обучения
Алматыкітап баспасы 2019
Даулеткереева Н.Ж., и др.
Қазақ тілі: Әдістемелік нұсқау. Для учителей 4 класса общеобразовательной
школы с русским языком обучения. Даулеткереева Н.Ж., Бекетова А.Б., Кенжина А.Х., Қожағалиева А.М. – Алматы: Алматыкiтап баспасы. 2019. – 398 с., илл.
Кіріспе
«Қазақ тілі» пәнін оқытудың мақсаты қоғамдық ортада қазақ тілінде қарым-қатынас жасау мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін коммуникативтік дағдылардың негізін қалыптастыру және тілдік нормаларды қолдануға, сауатты жазуға үйрету.
Қойылған мақсатқа жету үшін бірнеше міндеттер шешіледі. Олар:
тілдік дағдыларын (айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым) дамыту;
қазақ тіліндегі сөздік қорын үздіксіз дамыту әдістерін меңгерту;
тұрмыста, қоғамдық орындарда, мәдени орталарда қазақ тілінде қарым-қатынас жасау қабілеттері мен дағдыларын дамыту;
қазақ тілінде меңгерген білім, білік дағдыларын күнделікті өмірде өз бетінше қолдануға дағдыландыру;
шығармашылықпен жұмыс істеуге, сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамыту.
«Қазақ тілі» пәнінде пәндік білім коммуникативтік дағдылар аясында меңгеріледі. Бастауыш сыныпта қазақ тілін оқытуда оқушылардың бұл қабілеттері әлі де қалыптасып болмағандықтан, тілдік дағдыны қалыптастыруға көбірек орын беріледі. Тілдік құралдар оқушылардың коммуникативтік дағдыларын қалыптастыру, дамыту мақсатына сәйкес іріктеледі.
Бұл әдістемелік нұсқау орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында оқыту қазақ тілінде емес 1–4 сыныптары үшін Қазақ тілі оқу бағдарламасына (Астана, 2016 жыл) сәйкес дайындалған 4-сынып оқулығы, жұмыс дәптерлерімен тиімді жұмыс істеуге арналған.
Аталған бағдарламада бастауыш мектептегі «Қазақ тілі» пәні бойынша оқушылардың білім, білік дағдыларына қойылатын талаптар «Шет тілін меңгерудің жалпыеуропалық құзыреті» (CEFR) деңгейлерін (А1, А2, В1, В2, С1) ескере отырып құрастырылған. Бастауыш сыныпты аяқтағанда қазақ тілін қарапайым А1, А2 (бастапқы) деңгейінде меңгереді.
Пән бойынша білімді меңгеру оқу бөлімдерінде тілдік дағдыларды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған. Оқу бөлімдері жинақталған білім мен түсінік және дағдыларды қалыптастыру мақсаттарын көздейтін бөлімшелерге бөлінген. Оқу мақсаттары әр бөлімше ішіндегі өзара сабақтастықты айқындайды. Мұғалім мен оқушыға болашақ қадамдары жөнінде өзара ой бөлісуге, оларды жоспарлау мен бағалауға мүмкіндік береді.
4-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының құрамдас бөлігі болып табылатын әдістемелік нұсқау мұғалімдерге жаңа әдістемелік бағыт бойынша қолдау көрсету мақсатымен жазылған. Қазақ тілін екінші тіл ретінде оқыту әдістемесі бүгінде әлемдік тәжірибелермен толығып, коммуникативті оқыту бағытына, атап айтқанда, белсенді оқыту әдісіне бет бұрды.
Оқыту кешенін дайындау барысында авторлар құрамы мемлекеттік білім беру стандартына сай құрылған пәндік оқу бағдарламасын негізге алып, тілді игертуге қажет грамматикалық білім мен лексикалық қорды (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) оқыту дағдыларымен астастыра меңгертуді жүйелі жоспарлайды.
Бастауыш мектеп оқушылары ұдайы мұғалімнің жетелеуін қажет етеді. Сондықтан оқушының сабаққа деген қызығушылығын жойып алмайтындай тапсырмалардың түрленіп отыруы және жеңіл болуы мейлінше қамтамасыз етілді.
Достарыңызбен бөлісу: |