Қазақстан тарихы


Дамыған орта ғасырлар мемлекеттері (Х – ХІІ ғғ.)



бет15/71
Дата05.02.2022
өлшемі5,07 Mb.
#7293
түріЛекция
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   71
2. Дамыған орта ғасырлар мемлекеттері (Х – ХІІ ғғ.)


Қарахан мемлекеті. Х ғасырдың орта кезінде Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Шығыс Түркістан жерінде Қарахан мемлекеті пайда болды. Орталығы – Баласағұн қаласы. Кейіннен мемлекеттің батыстағы шекарасы Орта Азияның көптеген жерін қамтиды.
Жазба деректерге қарағанда Қарахан мемлекетінің құрылуы мен даму тарихында басты рольді Қарлұқ конфедерациясының тайпалары атқарды, бұл конфедерацияға қарлұқтармен бірге шігіл және ягма, оғыз, қаңлы сияқты т.б. түрік тілдес тайпалар кірген. Қарахан мемлекетінде шігіл мен ягма тайпалары негізгі роль атқарған. Өкімет басындағы билеушілер осы тайпалардан алма – кезек ауысып тұрған. Х ғ. ягманың бір бөлігі қарлұқтармен бірге Жетісуды, Нарынның түскейін мекендейтін. Кейінірек, ХІ ғ. ягмалар қиян теріскейде, Іле алқабында да тұрады. Ыстық көлдің Солтүстік жағынан көшіп келген шігілдер де осы алқапқа тарап кеткен еді. Карахан мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ Бограхан (915-955жж), қарлұқ қағаны Білге Қадыр ханның немересі. Сатұқ Бограхан саманилердің қолдауына сүйеніп, өз ағасы Оғылшаққа қарсы шығады да, Қашғар мен Таразды өзіне қаратады. 942 ж Сатұқ Баласағұн билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қағанмын деп жариялайды. Осы кезден бастап, Қарахандар мемлекетінің тарихы басталады.
Қарахан сөзі Х ғ. аяғынан бастап, олардың Орта Азияны жаулап ала бастаған кезінен мұсылман деректерінде пайда болған. Ал, Қарахан мемлекеті деген атау Х –ХІ ғасырда тарихшылардың зерттеулерінде шартты түрде қабылданған.
Сатұқ өлгеннен соң билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы қағанаттың мемлекеттік діні ислам деп жариялады. Қарахан мемлекетінің астанасы – Қашғар қаласы болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен – ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның баласы Хасан Боғра хан мұра етіп алды. Мұса өлгенннен соң жоғары қаған атағы оның баласы Әли Арсылан ханға көшті. Оның енші жерінің орталығы Қашғар болды, сонымен қатар, ол Тараз бен Баласағұнның да билеушісі болып есептелді.
Қарахан мемлекетінің саяси тарихы ол өмір сүрген алғашқы ондаған жылдың өзінде – ақ ықпалды әрі күшті екі әулеттің - Әли Арсылан хан мен Хасан Боғра ханның ұрпақтары арасындағы өзара қырқысқан күреске толы болды. Алғашқы кезде Әли (Әлилер) ұрпағының ықпалы күштірек болды, ал кейін бұл ықпал Хасан ұрпақтарына (Хасанилерге) көшті.
Х ғ. 80-ші жылдарында Орта Азиядағы күшті мемлекет Саманилер өз ішіндегі әлеуметтік қайшылықтармен, феодалдық талас – тартыстар мен қырқыстардан әлсіреп құлдырады. Осыны Қарахан мемлекетінің билеушілері пайдаланып, Хасан Бограхан 990 жылы Исфиджабты, 992 жылы Бұхараны жаулап алады. Осы жылы оның баласы Жүсіп Қадыр хан Қотан қаласын басып алған. Ал Хасанның немере інісі Қарахан билеушісі Әли Арсыланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилерге қарсы жорыққа шығып, ойсырата соққы берген. Қарахан хандығы қиян кескі ұзақ соғыстардан кейін 1004-1005 жылдары Мәуренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті ХІ ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс Қағанат болып бөлініп, екі иеліктен тұрды:
1. Шығыс хандық: оның жері Оңтүстік Шығыс Қазақстан мен Шығыс Түркістан, астанасы – Баласағұн, кейде Қашқар қаласы болып тұрған.
2. Батыс хандық: Мәуеренахр жерлері. Оның орталығы Самарқан қаласы болды.
Шығыс хандық Қарахандықтардың негізгі бөлігі болып саналған. Сондықтан оның ханы дәстүр бойынша жоғарғы Ұлы қаған болып есептелген. Бірақ екі хандықтың арасында онша бірлік болмай, олар жиі жеке – жеке бөлініп кетіп отырған. 1056 жылы Қадырханның ұлы Йинал - тегін өкімет мұралығы жолындағы күресте інісі Сүлейменнің иелігін басып алады, бірақ ол көп ұзамай у беріліп өлтіріледі. Тәж – таққа Йинал – тегінің баласы Ибраһим ие болады, алайда ол да біраздан кейін Барысхан әміршімен болған соғыста қаза табады. Осыдан кейін Шығыс қағанатты 15 жыл бойы (1059-1074 жж.) Қадырханның балалары Юсуф Тоғрұл мен Бограхан Харун басқарады. Олардың тұсында Ферғана Шығыс қағанатқа күшпен қосылады, ал екі қағанат арасындағы шекара Сырдарияны бойлай өтеді. Тоғрұл қайтыс болғаннан кейін оның еншілігі Бограхан Харунның (1075-1102 жж.) – Қашғар, Баласағұн мен Хотан қожалығының қол астына көшеді. Қарахан мемлекетінің әлсіреуін пайдаланып 1089 жылы селжұқ сұлтаны Мәлік шах Самарқанды басып алады, сөйтіп Бограхан Мәлік шахтың кіріптар вассалына айналады. 1102 ж. Бограхан өлген соң көп ұзамай Мәуеренахрға Баласағұн мен Таластың иесі Қадырхан Жабырайыл шабуыл жасап, Әмударияға дейінгі жерлердің бәрін басып алды, бірақ Термез қаласының түбінде жеңіліс тауып, өзі тұтқынға түсіп жазаланады. Құдіретті сұлтан Санжардың басқаруы кезінде (1118-1157 жж.) селжұқтар Мәуераннахрға шексіз билігін жүргізеді, бірақ бұл кезде Қарахан әулетінің саяси құлдырауының белгісі біліне бастаған еді. ХІІ ғасырдың ортасында қаптаған Қарақытай (Қидандар) Жетісу мен Баласағұнды, сосын Шығыс Қарахандықтардың қалған иеліктерін түгел басып алады. Сөйтіп, құдіретті Қарахан мемлекеті ХІІ ғасырдың ортасында өзінің өмір сүруін тоқтатады.
Қарахан мемлекетінің жоғарғы өкімет билігі – хақанның қолында болды, оған ең жақын кеңесші, көмекші – уәзірі болды. Бұдан басқа күзет бастығы, есік қорғаушылары, қазынашылар және елшілер қызмет істеді.
Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік саяси институт әскери мұралық жүйе болды. Хандар елді өзіне жақын адамдармен және уәзірлермен бірігіп басқарды. Мемлекет бірнеше ұлыстарға бөлінді. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта деп аталады, ал оны берушілерді немесе иесін иктадар деп атаған. Тұтас алғанда Қарахандар дәуірі сапалық жағынан жаңа, яғни Қазақстан аумағында феодалдық құрылыстың нығаюының тарихындағы маңызды кезең болып табылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   71




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет