282
әдейі таңып отырғанымыз жоқ. Бұл жерде құндылықтар сабақтастығы
туралы айтуға болады. Мәселе тек терминде емес, ол осы терминмен
белгіленетін ұғымның мағынасында. Қазіргі философияда “дискурс”
деген термин бар. Түсініктемелері көп. Біз оны қысқаша
“мәдениеттердің мағыналық деңгейінің сұхбаттық табиғаты” деп
аударар едік. Егер төзімділікке келсек, онда С. Айдарбаев оған
мынадай түсіндірме береді: “саяси төзімділік (толеранттық) деп
өзгеше көзқарасқа жол беруден тайынбайтын белгілі бір саяси
күштердің тұрғысын (позициясын) түсіну керек. Егер бұл күштер
билік басында болса, саяси төзімділік барынша кең түсінілетін
конституциялық шеңберде оппозицияның қызметіне жол беру
саясатынан көрініс табады. Жеке тұлғаға келетін болсақ, саяси
төзімділік терминін саяси қарсыластар пікіріне құлақ асуға дайын
болуды, оларды логикалық дәлелдеу арқылы өз жағына тартуға
тырысуды білдіреді”
1
.
Төзімділік тек саяси ұстаным ғана емес, оның діни, этикалық,
мәдениеттанулық және тағы басқа қырлары бар. Қазіргі кезде кейбір
саясаткерсымақтар ислам төзімділікке қарсы дін деп пікір айтады.
Қазақ ақын-жырауларының исламдық дүниетаным шеңберінде
болғаны белгілі. Көп талқылауға бармай-ақ қасиетті құрандағы 109-
шы сүреден бір үзінді келтірейік: “Мен сіздердің табынатындарыңа
табынбаймын ғой, сіздерде менің табынатыныма табынбайсыздар.
Сіздерге – өзіңіздің дініңіз, маған болса – өз дінім”. Бұл жолдарда
төзімділіктің негізгі қағидасы анық әрі дәл тұжырымдалған.
Оған қоса төзімділік адамгершіліктің “алтын ережесімен” де
(өзіне не тілемесең, басқаға да оны тілеме!) тығыз байланысты. Қазақ
халқына төзімділік ерекше тән болған. Оның негіздері ретінде қатал
далада тіршілік етуге қажетті жоғары табиғи және моральдық
төзімділік, меймандостық, іштесу мен сұхбатшылдық (Қ. Нұрланова)
және тағы басқаларын атап өтуге болады.
Қазақ халқына тән төзімділіктің көрінісін “таспен ұрғанды аспен
ұр” деген мақал береді. Халық даналығының мағынасы төзімділік
танытып, мәселелерді зорлық-зомбылықсыз шешуге шақыруда.
Осыған ұқсас мағынаны “сабыр түбі – сары алтын” деген мақал
береді. Бұл жерде де қиын істің бәрін сабырлылықтың, төзімділіктің
негізінде асығыстық жасамай, күйгелектікке, ашуға берілмей шешу
қажеттілігі көрсетіледі. Атап өткен және басқа да қазақтың мақал-
мәтелдері қазақтың халық философиясы негізінде төзімділік пен
зорлық-зомбылықты болдырмау идеяларының жатқанын жарқын
көрсетеді
2
.
1
Бейбіт мәдениет жолында / редактор Нұржанов Б.Ғ. – Алматы: ҚазҰУ — ЮНЕСКО, 2000.
Достарыңызбен бөлісу: