Дәрістің мақсаты: Әдеби ағым – тарихи категория жалпы қоғамдық дамудың белгілі бір кезеңіндегі саяси-әлеуметтік сипатына сәйкес туады да, сонымен бірге дамып, бірге жоғалып отыруын қарастырады.
Әдеби ағым және көркемдік әдіс сынды ауқымды мәселе әдеби-тарихи бағыттағы зерттеулерде үнемі ескеріліп келгенімен қатар, А. Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышынан» бастау алған Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» (1938), Е. Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940), З. Қабдоловтың «Әдебиет теориясының негіздері» (1970), Р. Нұрғалиевтің «Өнер алды – қызыл тіл» (1974), «Өнердің эстетикалық нысанасы. Көркемдік дамудағы дәстүр мен жалғастық» (1979) тәрізді теориялық еңбектерде арнайы қарастырылып, әдістің типологиялық табиғаты туралы тұжырымдар жасалды. М. Қаратаевтың «Әдебиет және эстетика» (1970) еңбегінде көркем әдебиеттің эстетикалық мәні мен қуаты сарапталса, «Социалистік реализмнің қазақ прозасында қалыптасуы» (1965) атты көлемді монографиясында социалистік реализмді әдістің жоғарғы даму сатысы сипатында алып қарады. Б. Кенжебаевтің «Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары» (1958), Ә. Дербісәлиннің «Қазақтың Октябрь алдындағы демократияшыл әдебиеті» (1966) еңбектерінде Қазан төңкерісіне дейінгі бір алуан қаламгерлерді белгілі бір бағыттың аясына топтастыра қарастыру таныла бастады. Д. Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» (2002) монографиясы ұлттық әдебиетті дәуірлерге бөлуде әдебиеттік дамудың өз заңдылықтары туғызған құбылыс – бағыттарға сүйенудегі, бағытты құрайтын әдеби ағымдарға баға берудегі аса маңызды қадам болды. Қ. Мәшһүр-Жүсіптің «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік» (1999) еңбегінде бейнелілікті көркемдік әдіспен тығыз байланыста алып қарауға назар аударылса, К. Ахметовтың «Әдебиеттану әліппесі» (2000) кітабында көркемдік әдіс пен әдеби ағым жалпы әдеби-теориялық категориялардың бірі ретінде қарастырылды, Е. Тілешев «Суреткер және көркемдік әдіс» (2005) монографиясында көркемдік әдіс ерекшеліктерін жеке қаламгер мысалында зерттеді. Ал ұлттық әдебиет тарихындағы жекелеген ағымды алып қарастыру У. Қалижанұлының «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» (1998), Б. Омарұлының «Зар заман поэзиясы» (2000) атты монографияларында көрініс тапты. Әлемдік әдебиеттегі ірі әдеби бағыттар, ағымдарды салыстырмалы-типологиялық тұрғыдан зерттеу тәжірибелеріміз де жоқ емес.
Тек қана әдебиет теориясына арналған ғылыми еңбектерде ғана емес, ұлттық сөз өнерінің даму жолдарын, тарихи белестері мен қазіргі уақыттағы ізденіс өрісін саралаған іргелі зерттеулерде реализмнің қалыптасуы мен жетілуі дейтін мәселе күн тәртібінен еш түскен жоқ. Әдебиеттегі әдістер мен ағымдар теориясына байланысты көзқарастар мен ұлттық сөз өнерінің белгілі салаларына, жекелеген күрделі мәселелеріне арналып жазылған еңбектерде, атап айтқанда, М. Әуезов, Е. Ысмайылов, Б. Кенжебаев, Т. Нұртазин, М. Қаратаев, С. Қирабаев, Т. Кәкішев, З. Ахметов, Р. Бердібаев, З. Қабдолов, М. Базарбаев, Ш. Елеукенов, Н. Ғабдуллин, Р. Нұрғали, С. Қасқабасов, М. Мырзахметов, А. Сейдімбек, Қ.П. Жүсіп, Т. Жұртбай, С. Негимов, Б. Әбілқасымов, М. Қараев, А. Еспенбетов, Б. Ыбырайым, Қ. Ергөбек, Б. Әбдіғазиұлы, Ж. Дәдебаев, Д. Ысқақұлы, Ж. Тілепов, К. Сыздықов, А. Жақсылықов, Б. Кәрібаева, Т. Тебегенов, С. Мақпыров, Д. Қамзабекұлы, Б. Омарұлы, А. Шәріп, Ө. Әбдіманұлы т.б. зерттеулерінде түрлі дәрежеде сөз етілді. Шығармашылықтың ортақ заңдылықтарының негізгі мәні әдебиетті тарихилық тұрғыдан алып қарағанда ғана ашылатындықтан, бұл еңбектердің әрқайсында түйілген ой-тұжырымдардың өз маңызы бар екеніне көз жеткіземіз.
Әрбір теориялық мәселенің пісіп-жетілуі, зерттелу тарихы бар екенін ескерсек, әдіс теориясына арналған қазақ әдебиеттанушыларының тұжырымдары да уақыт сайын жаңа фактілер мен пайымдаулар арқылы толығып отырды. Аталмыш еңбектердің ұлттық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірге, адамзаттың көркемдік дамуына ортақ, ауқымды теориялық категорияларды қазақ әдебиетінің мысалында, әдебиетіміздің өзіндік даму тенденцияларымен ұштастыра қарастыруда өлшеусіз табыстар болғаны аян. Бұл кітаптарда қамтылған теориялық мәселелер бүгінгі таңдағы әдебиет саласының мамандарына толығымен мәлім. Ал қазақ әдебиетіндегі проза поэтикасына тікелей қатысты немесе жекелеген прозашылардың шығармашылықтарын зерттеу барысында әдебиеттанушыларымыз өз нысандарына сай аталған ұғымдардың табиғатына біршама тоқталып отырды. Атап айтқанда, Т. Нұртазин, З. Ахметов, Р. Бердібаев, Ш. Елеукенов, Е. Лизунова, М. Атымов, Ә. Шәріпов, Б. Шалабаев, А. Тұрбеков, Б.Наурызбаев, З. Жұмағали, Ж. Дәдебаев, Б. Майтанов, А. Исмақова, З. Бисенғали, Қ. Алпысбаев, Р. Тұрысбек, Қ. Әбдезұлы, Қ. Рүстемова, Т. Рахымжанов, Т. Сыдықов, М. Хамзин, С. Тахан, Г. Пірәлиева т.б. ғалымдарымыздың проза жанрын ауқымды түрде бажайлаған жемісті еңбектері ұлттық әдебиетімізді зерттеу ісінде жаңа өрістер ашып, ғылым дамуының логикалық жаңа сатыларына аяқ басуына негіз берді.
Достарыңызбен бөлісу: |