Аллаһқа ғана лайық... Мен де оған мақтау айта отырып шүкіршілік етемін.
Содан ғана медет тілеп, соған ғана сенім артамын. Құдіреті күшті сүйеніш
108
сол ғана. Өз білгендерімді сіздерге де айтқым келді. Аллаһтан басқа Тәңірдің
жоқтығына шәк келтірмеймін. Сіздерді де ортағы жоқ бір Аллаһқа сенуге
шақырамын. Аллаһ - жалғыз, оның серігі, жұбы жоқ, болмайды да...
Қандай адам болса да өз отбасын алдамайды емес пе? Егер осыған
сенсеңіздер, менің айтқандарымды да растаңыздар. Өйткені мен бүкіл
адамдарды алдасам да сіздерді, яки өз туғандарымды адастыруым мүмкін
емес.
Күллі жұртты жалған айтып сендірсем де, сіздерге бар шынымды
ақтарамын.
Сіздерді өзінен басқа иләһ жоқ Аллаһқа иман келтіруге шақырамын.
Мен Аллаһ тарапынан сіздерге және бүкіл жер жүзіне жіберілген елшімін.
Өлім - хақ. Барлықтарыңыз да ұйқыға жатқан кісіше өлім төсегіне
байланасыздар. Сонан соң тәтті ұйқыдан тұрғандай қайта тірілесіздер, сол
кезде мына дүниедегі барлық істеріңізге жауап беріп, есептесетін
боласыздар. Жақсылықтың қайтарымы - жақсылық, жамандықтың нәтижесі
жаза болмақ, яғни не жұмақтың төрінен, не болмаса тозақтың түбінен
мәңгілік орын алатын боласыздар.
Ақырет азабын ең алдымен өзге жұртқа емес, сіздерге-жақындарыма
баяндап тұрмын", - деп сөзін бітірді.
Әбу Тәліп орнынан тұрып:
"Сені жақсы көретініміз рас. Қолымыздан келгенше қолдаймыз да.
Айтқан насихатың көкейімізге қонды. Сенің соңыңнан бірінші болып мен
еруім керек...
Бірақ...
Сен Аллаһтан түскен әмірлерді орындай бер. Мен мойынсұнбасам да
сенің қолдаушың, қорғаушың болайын. Амал не, атам Әбдімүттәліптің
дінінен безуге нәпсімді көндіре алмай-ақ қойдым. Осы кеткенім кеткен
шығар... өле-өлгенше...", - деді күмілжіп...
Өзге ағалары да Әбу Тәліпті қоштады. Қарсылық та білдірген жоқ,
иман да айтпады. Тек Әбу Ләһаб қана баяғы дұшпандығына басып:
"Ей, ағайындар!
Бәрің неге мүләйімсіп тұрсыңдар? Мұның шаруасының түбі
жақсылыққа апармайды. Шикілік аңқып тұрған жоқ па, сөздерінен?!
Менің тілімді алсаңдар, бөтен біреулер басып тастамай тұрғанда,
бұзығымызды өзіміз тыйып алайық. Оны тыңдап қорғаймын деп бастарыңа
бәле тілеп аласыңдар, ажалдарың жетпей, о дүниелік болғыларың келмесе,
бүлікшіге басу айтыңдар. Мұхаммедтікі өлетін бала молаға қарай жүгіредінің
кері", - деді.
Оған батыл жауап қайтарған пайғамбарымыздың тәтесі Хазіреті Сафия
болды:
"Бауырым-ау, о не дегенің? Қырық жыл қырғын болса да туысқан
туғандығын жасар болар, біз қолдамасақ өзгеден не үміт, не қайыр?
Жақынымызды жаттай сыйлап жұртты түңілдірмесек, иттің бауырын жеген
біз боп шықпаймыз ба? Істегенің үлкен басыңа жараспайды-ақ.
109
Әрі-беріден соң айналаңа құлақ түрсең етті, көзі тірі мықты
оқымыстылардың қай-қайсысы да Әбдімүттәліптің тұқымынан пайғамбар
шығады дегенді жарыса айтуда. Сол - осы Мұхаммед екеніне дау айтар кім
бар, қане?"
Әбу Ләһаб өжет қарындасына тыжырына қарап:
"Айтып отырғаныңның бәрі суға кеткен тал қармайдыдан басқа ештеңе
емес. Бекерге әуре болмаңдар, мұның бәрі бос үміт. Әйелмісің деген, сендер
ерлердің аяғын орап, аннан-мыннан естіген жаңсақ әңгімелеріңмен жолдан
тайдырғаннан басқа не білемін дейсіңдер?! Құрайыштар, оған қоса бүкіл
арабтар бізге қарсы шықса, қай күшімізге сенгендейміз? Үрім-бұтағымызбен
жойып жібермей ме?" - деді.
Әбу Тәліп шыдамай сөзге араласты:
"Ей, қорқақ, көлеңкеңнен үркіп, не сандырақтап тұрсың? Уаллаһи,
кеудемізде жанымыз тұрғанда Мұхаммедті қорғауға, оған көмектесуге
дайынбыз", - деп, Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) қарап:
"Бауырым, Мұхаммед (с.а.у.)! Халықтың арасына шығатын уақытыңды
алдын ала біліп отырайық, қажет болса, қаруланып сенімен бірге шығайық", -
деді.
Манадан бері үнсіз отырған Пайғамбарымыз орнынан тұрып, сөз
бастады:
"Уа, ағайын-туыстарым! Уаллаһи, арабтардың ішінде менің сіздерге
ұсынған ақырет пен дүниені қамтитын дінімнен қайырлы нәрсе әкелген
ешкімді естіген емеспін.
Мен тілге жеңіл болғанмен, салмағы ауыр екі ауыз сөзді қайталауға
шақырамын:
"Әшһәду әл-лә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдәр-
Расулуллаһ (Аллаһтан басқа иләһ жоқ және Мұхаммед оның елшісі екеніне
куәмін)" Мұнан соң "Осы жолда маған кім көмекші бола алады?" - деп
көпшілікке қарады. Бұл сұраққа ешкім жауап қатпады. Бастары салбыраған
күйі пайғамбарға қарауға бата алмай бәрі үнсіз қалған. Тек он екі жасар
Хазіреті Әли ғана Расулаллаһка тайсалмай тура қарап, орнынан тұрды. Бірақ
пайғамбарымыз: "Сен отыр", - деді оған. Ардақты Пайғамбарымыз (са.у.)
сауалын үш мәрте қайталады. Үш ретінде де жауап берген Хазіреті Әли
болды:
"Уа, Расулаллаһ! Мен осы жерде жиналғандардың ең кішісі болсам да,
саған көмектесуге әзірмін", - деді.
Оның бұл сөзіне біреулер таңданып, енді біреулері миығынан күлсе,
үшіншілері өздерін кінәлідей сезінді.
Кіп-кішкентай Әлидің батылдығы пайғамбарды қатты сүйсіндірді.
Ойлаған нәтижеге қол жеткізе алмағанына Ол пәлендей қайғырған жоқ.
Себебі, Ол өз міндетінің ақиқатты түсіндіру екенін, ал тура жолға салу тек
Аллаһтың қалауындағы іс екенін толық ұғынған.