Ғылыми конференциясының материалдары



бет21/131
Дата28.03.2024
өлшемі5,96 Mb.
#200351
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   131
Байланысты:
treatise40297

Әдебиеттер

1. Момынова Б., Бейсембаева С. Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2003.


2. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, 2012.
3. Мағжан С. Қазақ тіліндегі бейвербалды элементтердің көпмағыналылығы //Канд.дисс.автореф. – Алматы, 2007.
4. Аллан Пиз. Язык телодвижений. Как читать мысли окружающих по их жестам. – М., 2003.
5. Кенжеахметұлы С. Ұлттық әдет-ғұрыптың беймәлім 220 түрі. – Алматы: Санат, 1998.
6. Зекенова Ш. Омоним және синоним мағыналы бейвербалды амалдардың эмотивті-коммуникативтік қызметі. Фил. ғыл. канд. дисс. қолжазбасы. – Алматы, 2010.


ДУЛАТ ИСАБЕКОВТІҢ ҚАЛАМГЕРЛІК ШЕБЕРЛІГІ


Мұстахимова Фариза(Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., аға оқытушы Мәтбек Н.Қ.

Жалпы, жер бетіндегі мәдениетті халықтардың бәрінде театр өнері болып, әдебиетте драматургия жанры ерте дамыған. Ал қазақ драматургиясы әлі жас. Солай бола тұра қазақ театрларының сахнасын көрген пьесалар саны әжептәуір екені көңіл сергітеді.


Қазақ әдебиетіне драматургия XX ғасырдың басында, әлеуметтік-қоғамдық факторлардың ықпалымен, ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған жаңа жанрлық түр. Драматургияның тез өсіп, жедел жетілуіне әсер еткен негізгі фактордың бірі – халықтың ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған бай факторлары. Алғашқы драматург эпостық материалдарды арқау ете отырып, Еуропа, орыс, татар әдебиетіндегі драмалық формаларды пайдаланып, жаңа жанрдың үлгісін жасаған. Сюжеті, образдары эпостан, ауыз әдебиетінен алынған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесалары осыған мысал бола алады. Сонымен қатар фольклор материалына сүйеніп, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды қазақтың жазушылары өз қаламынан көптеген пьесалар туғызған.
Қазан төңкерісінен кейінгі кеңестік өмірді бейнелейтін пьесалар өзінің тақырыптық аясын кеңейтті. Астар, символ, шарттылық, фантастика, эпика элементтерін кірістіру секілді қазақ драматургиясына тұңғыш рет қолданылған формалық жаңа сипаттар да көрінді. М.Әуезов «Айман - Шолпан» пьесасының соңғы вариантында фольклорды пайдалана отырып, реалистік комедия жасаудың үлгісін көрсеткен. Қазақ комедиясының атасы аталған Б.Майлин өз пьесаларына күлкі тудыруда ситуация, психология ерекшеліктері, характерлер тартысы, шарттылық амалдары, затты, детальді ойнату тілдік сипаттамалар секілді неше түрлі көркемдік құралдарды еркін қолдана білген. Әлеуметтік мәнді мәселелерге құрылған, әр түрлі мінез-құлықтары бар, сан алуан күлкіге негізделген, жанр шарттарына түгел жауап беретін Б.Майлиннің реалистік комедиялары қазақ драматургиясының кейінгі дамуына үлкен әсер етті. Қазіргі қазақ комедиясына тіршіліктегі жат құбылыстар, адам мінезіндегі олқылықтар, махаббат тұрақсыздығы, жағымпаздық, парақорлық, зиянкестік, дүниеқоңыздық астарлы сынмен күлкі етілуде.
Өмірлік шындық пен көркемдік арасындағы диалектикалық байланыстың қырлары қазақ драматургиясында тарихи-революциялық, ғұмырнама-өмірбаяндық тақырыпты игеруден де көрінеді. Творчество адамдары, Абай, Шоқан, Ақан сері, Жаяу Мұса тағы басқа ақын-жазушылар туралы пьесалар бұған дәлел бола алады.
Қазіргі қазақ драматургиясында қызықты творчестволық процестер жүріп жатуы мүмкін деп айтсам қателеспеген болар едім. Өйткені ескі дәстүрлер жаңғырып, оның орнына жаңа тенденциялар көріне бастады. Яғни қазақ ұлтының бүгінгі өмірін бейнелейтін драматургиядағы негізгі, орталық қаһарман-күрескер жаңа дүниетанымның, жаңа моральдың, жаңа психологияның адамы.
Қазақ драматургиясының дамып өсуіне классикалық туындыларды аудару тәжірибесі үлкен әсер еткенін атап кеткен жөн. Бұл тұста алғашқы аудармашылардың бірі М.Дәулетбаев, Н.В.Гогольдің «Үйленуін», У.Шекспирдің «Гамлетін» қазақшаласа, М.Әуезов «Ревизор», «Отелло», «Асауға тұсау», «Любовь Яровая» тағы басқа пьесаларды аудару арқылы аударманың драматургиядағы классикалық үлгілерін тудырды.
Иә, әдебиетіміз бен өнеріміздің осы жаңалығын реалистік әдістің идеялық, эстетикалық, көркемдік құралы ретінде М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Б.Майлин, Ж.Аймауытов, Ж.Шанин, С.Мұқанов, Ә.Әбішев, Ш.Құсайынов,Ә.Тәжібаев тағы басқалардың шығармаларынан танып білсек, қазіргі таңда аттары ауызға ілігіп, алдыңғы ағалар салған дәстүрді жалғастырып келе жатқан Д.Исабеков, Б.Мұқаев, М.Оразалин, Р.Сейсенбаев, Т.Әбдіков, С.Сматаев сияқты драматургтерді атауға болады. Солардың ішінде осы кезеңнің біздің әдебиеттегі ерекше көзге түсер бір төлі – Дулат Исабеков. Бүгінгі таңда кемел қаламгер болып әбден қалыптасқан Д.Исабековтың аты көпке танымал.
Дулат Исабековтің қазақ драматургиясы тарихындағы қазынасын сөз етуден бұрын өмірі туралы бірер сөз айтып өтейін.
Дулат Исабеков 1942 жылы желтоқсанның 20-сында Шымкент облысы, Сайрам ауданына қарасты Монтайтас ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік универсиететінің журналистика факультетін бітіреді. Университетті бітіргеннен бастап, қызметке араласады. Ол Қазақ радиосында редакторлық, Қазақ Совет энциклопедиясының ғылыми редакторы, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі, Қазақ ССР мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегиясының бас редакторы, Қазақ телевидениясында директорлық қызметтер атқарған.
Дулат Исабековтің қаламынан осы бүгінге дейін оннан астам повесть, бір роман, көптеген әңгімелер, драмалық шығармалар туған екен.
1966 жылы Д.Исабековтің «Бекет» атты әңгімелер жинағы жарыққа шыққан. Бұл кітаптың шығуына арқау болған оқиғалар өзегі, шығармаларында шертілген сырлар мен толғанған ойлар жазушының өзіндік ойнақы нақышы бар сөз өрнегі, жеңіл юморы мол шұрайлы тілі әдеби жұртшылықтың назарын бірден аудара аларлықтай.
Осы кітаптан кейін жарық көрген- «Мазасыз күндер» (1970 ж.), «Қара шаңырақ» (1973 ж.), «Тіршілік» (1973 ж), «Ай-Петри ақиқаты» (1990 ж.) атты әңгіме-повестерінің жинақтарынан ауыл өмірінен үлкен сыр толғаған, «Қарғын» (1986 ж.) романында биік адамгершілік күйін шерткен.
1992 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ұсынылған Д.Исабековтің «Ай-Петри ақиқаты» кітабы – қазақ әдебиетінің озық үлгілері қатарына жатқызуға тұрарлықтай туынды. Бұл соңғы жинаққа жазушының үш повесі мен бірнеше әңгімелері енген. Әр шығарманың атауы әр түрлі болғанымен, бәрінің құяр арнасы біреу. Жан-дүниенің мөлдір күйі шертіледі, адамшылықтың, рухани тазалықтың аса маңызды мәселелері көтеріледі. Осы тұрғыдан қарағанда, жинақтағы әңгімелер мен повестер, бәрі тұтасып, көлемді бір шығарма сияқтанып, кім-кімнің де көз алдына жан-жақты бейнеленген үлкен өмірдің алуан суреттерін әкеледі.
Д.Исабековтің қай-қай шығармасы да оқырмандарына ары, жаны таза асыл адамдардың сұлу сырын шертеді. Осы сұлулықты ол тек прозада емес, сонымен қоса 1970 жылдан бастап драматургия жанрында жалғастырды.
Көрнекті жазушы Д.Исабековтің творчестволық сапарында бойына беріліп, әрі жемісті еңбек етіп келе жатқан жанрдың бірі – драматургия.
Д.Исабеков драмаларында күнделікті тұрмыстың әр түрлі құбылыстарын жан-жақты, шынайы шеберлікпен айқын бере білген. Сан алуан тартыстарды суреттеп, драма қаһарманын ауыр шайқастарға салып, оның рухани-адамгершілік қуатын көрсетіп, алға қойған мақсат, белгілі нысана үшін күресу үстінде адамдар мінезінің неше түрлі қырларын ашқан. Сонымен қоса тұрмыстың, жанұяның жеке бастың сан қилы қақтығыстары нақты сюжеттермен шебер берілгендігі байқалады.
Достық пен дұшпандық, өсек-өтірік, қиянат-зұлымдық, жалғыздық-махаббат, жеке адамның жүрегін сыздатқан қайғы, маңдайына тиген тас – бәрі-бәрі Д.Исабеков драмаларында буы бұрқыраған қалпында суреттеледі.
Дулаттың көркемдік әлемі мұхиттай терең: мұнда адам басындағы психологиялық күйлердің, рухани тіршіліктің, сезім иірімінің, ой толғағының барлық құбылыстары және адам тағдыры тартымды беріледі. Өмір шындығын тайға таңба басқандай ап-айқын жазған. Драмаларының тақырып ауқымы да кең. Оның шығармаларына өзек болып жүрген бүгінгі замандастарымыздың моральдық-эстетикалық келбеті. Осы тұста жазушының тырнақ алды дүниесі «Ректордың қабылдау күндері» пьесасын атап кеткен жөн Осы пьесаны оқи отырып, біз оның өміртанығыш адам екенін байқаймыз. Саяси-әлеуметтік, соның ішінде азаматтық тақырыбында жазылған бұл екі бөлімді драмада автор қоғамдағы орындары бірдей бір маман иесі екі адам арасындағы тартысты көрсеткен. Яғни екеуі де жоғары оқу орнының ректорлары. Пьесаның мазмұны өмірде кездесе берер оқиғаларға құрылған. Бір жағынан, қазіргі жоғары оқу орындарындағы бұрмаланып жүрген ортақ ережелердің дұрыс-бұрыстығына көз жеткізер проблемалық дүние деп тануға да болады. Яғни шығарма өмірге қажет талаптардан туған.
Жазушы бұл пьесада өмірде, қоғамда болатын жақсы адам мен жаман адам арасындағы күресті асқан көркемдікпен шынайы бейнелеп көрсеткен және оқиғасы шын мағынасында күшті тартысқа құрылып, нанымды да ұтымды берілген.
Шығармадағы екі адамның бірі – адамгершілігі мол, ақылды, сабырлы, қарапайым, кішіпейіл, адал, жан да. Бірі – қатал,адамшылық қадір-қасиеті жоқ,ар-ұяттан безген адам. Міне,автор осы екі бейнені көрсете отырып, жалпы адамзатқа тән тәрбиенің биік шоғыры адамгершілік, ар-ұят иесі мен ақылсыз, қара ой иесін қатар қойып күрестіру арқылы бұл өмірде қайсысы жеңіліп, қайсысы жеңіп финалға шығатынын оқырманның көз алдына ап-айқын көрсетеді. Пьесада екінші ректор деген атпен берілген адамның жаман пиғылын оқи отырып таңғаласың. Себебі ол өз жолдасы секілді жоғары білімді, оқыған адам,ақ-қараны тани алатындай дәрежеде. Оның ойы неге қара? Оның жоғары дәрежеге жетіп, үлкен маман иесі болып қоғамға, халыққа қандай еңбек еткісі келіп жүр? Оған кім кінәлі? Міне, осы сұрақтарды оқырман ойына салып, соған жауап ретінде осы екі бейнені салыстыра отырып, бір-біріне қарама-қарсы күрестіреді. Осы екі кейіпкердің сан-қилы бейнесін ашатын диалогтер пьесаның өң-бойында тұнып тұр. Мысалы:
Ректор. Маған дейін қалыптасып қалған оқу орны ғой, тек бір кафедраның оқытушылары арасында келіспеушілік бар екен, жақында ректоратта қарап тәртіпке шақырдық.
2-ректор. Не шара қолдандың?
Ректор. Кафедра меңгерушісіне ескерту бердік.
2-ректор. Жұмсақтық жасағансың, әуелгі кезде қатал болу керек.
Міне, осы әңгімеден-ақ қай адамның қандай екенін, кімнің ойы, ішкі жаны таза, кімдікі қара екенін байқайсың. Осы жерден-ақ, іштей ойға шомыласың: «Ой,сұмдық-ай адам баласының ішінде де осындай аласы болады екен-ау» деп те таңғаласың.Себебі одан әрі:
Ректор. Жаратылысым солай шығар.
2-ректор. Жағдайға қарай жаратылыс сыйлаған мінезді де өзгертуге тура келеді. Кей жағдайда түсініп тұрған нәрсеңді түсінбеген, жаның ашыған біреуге жан ашымастық таныту да қажет.
Биік эстетикалық идеалы бар жазушы, сол идеяға жат құбылыстардың қай қайсысын болса да көзге шұқи көрсетіп, кейде ирония, кейде сатираның өртімен өртеп отырған. Мақтаншақтар, жағымпаздар, арызқойлар, өсекшілер, мансапқорлар, әкімқорлар, әлдекімге шоқпар болғыштардың бәрі де Д.Исабеков назарынан тыс қалмағандығы байқалады. Сөйтіп, ол комедия жазған. Өйткені комедия – жағымсыз болмыстарға қарсы күрестің мықты құралдарының бірі.
Өмірде комедияға негіз болатын күлкілі құбылыстар аз емес. Әр қоғамның даму жолындағы жалпы озық эстетикалық, этикалық құбылыстарға қайшы келетін көрініс, әрекеттердің барлығы да күлкінің қаруына кезігуі тиіс. Оның ең негізгілерін саралап, сахнаға шығарып әжуалау, мазақ етіп масқаралау драматургтың шеберлігін талап етеді. Комедиялық құбылыстардың бәрі де күлкі тудыратыны сөзсіз. Бірақ күлкінің бәрі комедия бола бермейтіні тағы бар. Комедия, ең алдымен, құбылыстың әлеуметтік маңызына мән береді. Өмірде арзан бет-күлкі де аз кездеспейді. Біреудің нашар бет-пішіні, мүсіні, не біреудің жүріс-тұрысы, ырмың-тырмыңы да күлкі тудырады. Бірақ мұндай ешқандай әлеуметтік мағына жоқ. Ұлы Абай атамыз «қашық бол» деген бес нәрсеге заманына қарай тағы кемшілік қосып алған қазақ халқының мінез-құлқындағы бүгінгі келеңсіздіктерді сынай қамшылап, мақтамен бауыздай отырып, әжуа ету, сөйтіп қазіргі кездің өмірден ойып-ойып алынған шыншыл суреттерін жасауды Д.Исабеков өз драмаларынан тыс қалдырмаған.
Автордың өзі атап көрсеткендей, ауыл өмірінен алынған екі көріністі пьесасы –«Мінездер». Бірінші көрініс – «Қараспан процесі» де, екіншісі – «Есепшот,түйетауық және домино» атты бір актілі комедиясы. Бұнда үлкен әлеуметтік мәні бар күрделі оқиғалар суреттелінбегенмен, ауыл аймағындағы кейбір өрескел қылықтар, надандықтар мен сатқыншылықтар жеңіл күлкіге, ұлы сатираға іліккен.
Дулат драматургиясына тән жақсы қасиет – оның халықтық, ұлттық мінез-құлық ерекшеліктеріне молынан көңіл бөлетіндігі. Диалогтерінің оралымдылығымен, юморға жомарт, тапқыр тілімен дараланып жатады. Ол ұлттық сахнамызда әйелдер бейнесінің жарқырай көрінуіне де атсалысып жүр. Мұны алдыңғы жақта сөз еткен «Мұрагерлер» пьесасынан және «Әпке» атты драмасына көз салған кісі сөзіне алады.
Драматург «Әпке» драмасы арқылы өмірге бақыт, махаббат, мұрат дегеннің неше алуан қыры бар екенін айтады, оқушыны өмір сырына тереңірек бойлауға үйретеді, ойланарлық сауалдар қояды. Бұл шығарманың нәрі осында деп айтуымызға болады. «Әпке» – өмірбаяндық мағлұматтарды негізге ала отырып жазылған шығарма. Драманың тартымды тілі, арагідік кездесетін юмор, бас қаһарманның өзін аямайтын турашылдығы, мінездеулер шеберлігі оқушыны жалықтырмайды. Пьесаның жетістігі деп алдымен осындағы басты кейіпкерлер: Қамажай, Тимур, Нәзила, Омар, Гауһар, Кәмила тұлғаларын атар едік. Бұлардың әрқайсысы дара мінез иесі. Осы тұлғалардың шындығына көз жеткізу үшін, автор характер диалектикасын ашарлық амалдар тапқандығы байқалады. Пьесада Әакенің драмасынан бөлек тағы да бір трагедия желі бар, ол – ананың өмірдегі орны, ешкім де ананы алмастыра алмайды. Пьесаның соңында осы сөздің түп төркіні ашылды деп айта аламыз. Дей тұрғанмен Қамажай іні-сіңлі алдында апа емес, ана болды. Ана төгетін шуақты әлі жеткенше жеткізе алды, анаың беретін қамқорлығын, мейірімін, ақылын берді. Осы бауырлары үшін сүйгені Қабенмен де қосылуға бас тартты.
Қаһармандар диалогтеріндегі ишараттар, астарлау, мезгеулер ойдың жүйріктігін танытса, күйіну, өкіну, өкпелеулер көңілдің жыртықтығын сездірді. «Мінез тілдің қуатымен барынша күшті және дәл, тапқыр сөздердің айтылуымен ашылатынын» М.Горький ерекше ескерткен. Ал Ә.Тәжібаев: «Мақал-мәтелдер, әсіресе диалогтар үшін бірден-бір өткір құрал. Кейде сөзбен тырысып отырған персонаждардың аузына орнымен түскен мақал-мәтелдер атылған мылтық, шабылған семсердей әсер етеді. Сондай-ақ терең ишаратпен пәлсапалық түйіндер айтатаын мақалдармен қатар, әзіл-қалжың ұтыстарын әсемдеп жіберетін, естушіге ләззат таптырып, көңіліне күлкі толтыратын ұшқыр, тапқыр сөздер де болады»,- деген. Осыны жақсы түсінген Д.Исабеков халық аузында жүрген мақал-мәтелге, афоризмге айналатын, жаңа сөздік тіркестерді көп тудырған: «Бала-асау тай, әке-атбегі, тәрбие-жүген», «Істің адамы аз сөйлер», «Ақымақ басқа әумесер сөз қонады», «Денсаулықтың қадірін білу үшін сырқатпен сырлас», «Қиындықты көп көрген адам өзгенің жанын түсінгіш келеді», «Жылай білу де жаны таңғышықтай әрі таза, әрі мейірбан адамға бітетін қасиет», «Сағыныш біреуге арнаған сыбағаны ешқашан шірітпейді», «Арамдық жасаған адам қауіпті емес, арамдығын ішіне сақтап келген адам қауіпті», «Ағаштың бұтағы қураса – тамырында кесел бар!». Міне, осы сияқты айшықты ойлардың санын бұдан гөрі соза беруге болар еді, пікір түюге осы да жеткілікті ғой деп ойлаймын.
Бұнымен қоса драматург пьесаларынан өмір туралы, болмыс туралы ой-толғаныстарын да көптеп кездестіруге болады: «Өмірдің өз заңы бар. Ол еш жерде жазылмаған. Адам адам боп жаралған соң сүттен - ақ, судан таза» бола алмайды. Әр қадам аттаған сайын: «Бұл неге олай емес», – деп әділдік іздей берсең, өз ғұмырың адыра қалады. Орынсыз ой қуған қияли боп кетесің. Қасқыр неге қойды, қой неге балбырап өсіп келе жатқан шөпті жейді, тағы тағылар. Ойдың шегі жоқ. Бәріне жауапты табиғаттың өзі дайындап қойған. Өмір заңы, тіршілік маңы».
«Бақыт деген – азап. Иә, азап. Бірақ ол бос сергелдең, күйбең тіршіліктің азабы емес, үлкен мақсатқа барар жолдағы азап, Циалковский, Достаевский, Королев... Қалай ойлайсыңдар, солардың бәрі рақат тұрмыс кешті дейсіңдер ме? Олардың бүкіл ғұмыры азаппен өтті. Адамзат үшін, ғылым үшін азап шекті. Міне, бақыт деген сол».
«Ол жұлдыздар мәңгілік! Олар мәңгі жасайды. Бұдан сан миллиард жылдар бұрын тап осылай жымыңдап тұрған, әлі тұр. Бұдан кейін де тұра бермек. Олар сан жетпес ұлы оқиғалардың көрінісі. Олар қандай бақытты еді, Шіркін. Ал, біз ше? Елу жыл, мейлі, жүз жыл бола-ақ қойсын, тіпті, кісі күлерлік үлес емес пе? Елу жыл! Бұл не? Міне, мына жапырақтар төбемізден төгіліп тұр. Елу жылда осындай жапырақтарды елу-ақ рет көресің, елу-ақ рет қар басасың. Сол да үлес пе? Адамға келген де жомарт, табиғат қандай сараңдық жасаған еді! Ал, жұлдыздар. Олар бақытты! ... Әне, анау темір шатырдың үстінде өсіп тұрған қара ағашты көрдіңіз бе? Әне, өмір деген сол! Табиғат саған мүмкіндік берді ме, тіршілік ет, өмір сүр! Анау қылтиған қара ағаш ұиналса ұиналып, тіршіліктен тапшылық көріп тұрған шығар, бірақ өмір сүруін тоқтатуды ойламайды. Менің тұрған жерім құнарсыз, болшағым жоқ, басқа жерге ауыстыр деп те мұң шақпайды, наразылық та білдірмейді. Шамасының келгенінше басқа түскен қиындықтармен арпалысып жапырақ жайып тұр. Ең соңғы сәтке дейін осылай көгеріп тұра бермек. Сіз де сол қылтиған қара ағаштан үйреніңіз. Өмірден жоқты тосып елікпей, асқақтай бермей, табиғат заңына бағыныңыз».
«Өмір деген не деген қызық! Мен өмірге ешқашан да өкпелемеймін. Не деп өкпелемекпін? Ол маған ғұмыр берді, сөйле деп тіл берді, көр деп көз берді, ойла деп ақыл берді, сезсін деп парасат берді. Мұның үстіне қосып: «Бақыт бер»,- деп айтуға қалай ұятым барады? Бір адам үшін мұның бәрі тым көп емес пе?
«Мен қазір өлім мен өмір жайлы көп ойлайтын болдым. Дүниеге келген екенсің, оның қызығына кенеліп, өмірден ляззат ала білу керек, бірақ сенің Бақытың өзге біреудің бақытсыздығы, соры боп келетін болса, оның несі әділет? Бізге, адамға тән парасат, ар-ұждан, ұят, мейірім, түйсік қайда? Бұларды аттап өтетін болсаң, неменесіне адамбыз деп мақтанамыз».
Иә, ірі суреткер қай жанрда, қай тақырыпта жазса да соның бәрінде ол негізгі бір өзекті идеяны, идеалды нысанаға алады, сол үшін күреседі. Жақсылықты айтсын мақтап, жамандықты айтсын даттап, соның бәріне ол сол өзі мезгеген нысана тұрғысынан айтады. Д.Исабеков адам жанын түсінеді. Олардың біреуі ұятты, адал, парасатты, екіншісі ұятсыз, арам, парасатсыз. Біріншісін сүйеді, екіншісін жек көреді. Міне, осы адамдардың ойларына іс-әрекеттеріне қарап қуанады, ренжиді, өкінеді, налып нысанасынан айнымайды. Сол адамдардың іс-әрекеттерін драма үлгісінде жазады. Өзі көтерген нысанаға беріктік, табандылық драматургтың осы бітімін, тұтас тұлғасын көрсетеді. Ірі суреткерде ғана болатын осы мінезді біз Д.Исабеков бойынан да оның сәтті монологтері мен ұтымды диалогтерінен де табамыз.
Дулат драмаларынан байқалатын бір ерекшелік – ол адам – табиғат – қоғам аталатын көркемөнердегі ажыратылмас ұғымдардың соңғысына көп мән бермейтіндей көрінеді. Оны қызықтыратын, алдымен, Адам. Осы құдіреттің қазынасын игерсем, ол өмір сүрген орта, қоғам өз-өзінен танылады деп есептейтіндей. Жазушы тіпті кейіпкерлерінің қоғамдарғы орнын, нақты жағдайын әдейі елеусіз қалдыратындай, яғни ол әуел бастан-ақ елеусіздеу жағдайдағы кейіпкерлерді таңдап алады. Өмірдің Ащысы мен тұщысын бірдей татқандардың тағдырын суреттейді.
Салима кемпір. Семьясы да, баласы да болды. Сұм соғыс ерлерінен түгелдей айырып, жалғыз қызымен қалдырды. Қызы өмірге араласып, оттасып, қалған өмірінде солардың қызығын көремін деп отырған Салиханың ойы бір күнде быт-шыт болды да кетті. Бір үйдегі жандардың бәрінің қазасын алдынан жіберген Салиха енді өмірден не күтеді, нені қызықтайды? Тағдыры қауіп пен қатерге толы Демесін өмірде не қызық көрді? Оның ішінде айтылмаған сыр, орындалмаған қаншама арман кетті? Ал Қамажай ше? Ол не көрді? Бауырларын адам өтемін деп ыссыға күйіп, суыққа тоңды. Айналып келгенде жалғыз қалатын түрі бар емес пе? Қамажай сияқтыларды қазір де кездестіруге болады. Жақсы, бұлардың «маңдайына жазылғаны» осы шығар дейік. Сонда Радик пен Ректордың тағдыры кімнің қолында. Осыларға кездескен сәттер кім-кімге де кездеседі. Ақты қара қылып, отқа жаққан кездер болды емес пе? Соның құрбандары Ахмет, Шәкәрім, Мағжан тағы да басқа арыстарымыз болғаны белгілі. Осы тұста Д.Исабеков әр адамның әр қилы қайталанбас тағдыры бар, «Кеудесі жақсылар алтын сандық» демекші, сол сыр сандықтар кенішіне ықтияр болайық дегендей. Осыны көріп білгендіктен болса керек, көпке танымалы халық артисі Ә.Мәмбетов: «Дулат өз драматургиясында науқаншылықтан мүлдем аулақ, адам тағдырын сөз етеді»,- деген. «Адам тағдыры,- дейді академик З.Қабдолов, – жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі». Расында да, Дулат әр адамның әр қилы тағдырын бере отырып өмірді танудағы басқаларға ұқсамайтын зеректігін айқын таныта алды.
Шығармаларында қарапайым өмірді, қарапайым адамдар тағдырын қапысыз суреттеп, оқушыларын тағылымды тағдырмен табыстырып, оларға тартымды ой сыйлаған көрнекті қаламгер Д.Исабеков бүгінде жетпіс үш жасқа шығып отыр. Өмірде бұл жасқа келіп жатқандар да көп. Бірақ өзінің талантымен қалың елге танылып, шығармалары арқылы халқын алыс-жақын шет елдерге танытқан талантты қанатты азаматтар көп емес. Дулат – сондай аз, аяулы, асыл драматургтардың бірі.
Д.Исабековтің есімі көптеген елдер оқырмандарына кеңінен таныс. Шығармаларында өзіне тән ерекше қасиеттер бар. Ол ауыл өмірін, өзі өскен қоғам ортасын жақсы білген. Сондықтан болса керек драматургтың шығармаларында ойдан шығарған, ұйқаспай жатқан сюжет елестері кездеспейді. Оқырманның алдына жайып тастағанның бәрі нанымды келеді. Жазып отырғанына оқырманын сендіру, нандыру – бұл жазушыға өте керек қасиет қой.
Д.Исабеков адамзат тіршілігі тереңіне бойлау үшін алапат құштарлықтар, сергелдең сезімдер, өліспей-беріспес тайталастар, шеннен шыққан шетін оқиғалар тауып жатпайды. Адами мүмкіндіктер аясындағы оқиғалар мен құбылыстарға адами таным мөлшері ауқымында сөз салып, қарапайым сана қаныға алатындай қарабайыр кеңістікте желі тартқан жайларды сөз етуге бейім тұрады. Текше тіл, оралымды өткір ойлар, тұтас та жүйелі проблемалық мәселелер мен қоғам қажетіне ауадай керекті өміршең материалдарды түп етектен қалай ұстауды жақсы білетін драматург еңбегінің қай-қайсысы болмасын оқырман, көрермен көңілін селт еткізбей қоймайды. Автор қаламынан туған онға жуық сахналық шығармалардың көркемдік деңгейі жағынан солғын шыққандарын кем десек артық айтпаған болар едік. Драматургке 1985 жылы «Мұрагерлер» драмасы үшін Қазақстан Жазушылар Одағының М.Әуезов атындағы сыйлығы берілген. Басқа дүниелері де Қазақстанның профессионал театрларының сахналарын түгел аралап шыққан.
Қорыта айтқанда, М.Әуезов құрған керегесін көрген қазақ драматургиясының қазір белді бір уығы Д.Исабеков деп бағалаған дұрыс.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   17   18   19   20   21   22   23   24   ...   131




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет