10-СЕКЦИЯ
КАСПИЙ ТЕҢІЗІНІҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАЙ–КҮЙІ
Абдулла Әсел (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекшісі: аға оқытушы Нусупбаева С.Н.
Каспий теңізі Еуропа мен Азияның түйісуінде орналасқан, жер бетіндегі ең үлкен ағынсыз көл. Географиялық тұрғыдан алсақ, яғни мұхиттан алшақ жатқандықтан, Каспийді көл деген атауға лайық. Ал оның көлемінің үлкендігіне байланысты теңіз деп аталады. Ол солтүстіктен оңтүстікке 1200 километрге, ал батыстан шығысқа 400-500 километрге созылып жатыр. Қазіргі таңда Каспий теңізінің аумағы 400 мың шаршы километрге жуық, ал тереңдігі – 1025 м.
Каспий теңізіне 130 өзен құяды, олардың ең ірілері: Еділ (Волга), Орал, Терек, Сулак, Самур (Ресей), Атрек (Түркіменстан), Сефидруд (Иран) және т.б.
Зерттеушілердің пайымдауынша, Каспий теңізі шамамен 10 миллион жыл бұрын, жабық Сормат теңізі әлемдік мұхитпен байланысын жоғалтқан соң, Каспий теңізі және Қара теңіз болып екіге бөлінген.
Каспий теңізі өз тарихында 50-ден астам, кейбір деректер бойынша 70-тен астам атауға ие болған. Кейбір болжамдар бойынша Каспий теңізі өз атауын біздің эрамызға дейін теңіздің оңтүстік-батыс жағалауын мекендеген ежелгі каспий тайпасының атымен аталған. «Ежелгі грек тарихшыларының жазбаларына қарағанда теңіздің оңтүстік жағаларында парсылармен шекаралас каспий деген жауынгер халық мекендеген. Жауынгер халықтың атымен олар жағасын жайлаған теңіз де Каспий деп аталған» [1,51].
Теңіздің жағалауын бес мемлекет қоршап жатыр. Батыс және солтүстік-батысында Ресеймен (695 км), солтүстік және солтүстік-шығысында Қазақстанмен (2320 км), оңтүстік-шығысында Түркіменстанмен (1200 км), оңтүстігінде Иранмен (724 км), оңтүстік-батысында Әзірбайжанмен (955 км) шектеседі.
Каспий теңізінің ерекшелігі көптеген жылдар бойы ғалымдардың назарын аударып келеді. Алайда әлемдік географияның Каспий теңізіне қызығушылығы осы табиғи нысанның жоғары маңыздылығымен ғана түсіндірілмейді, зерттеушілер үшін Каспий табиғи зертхана ретінде де маңызға ие. Каспий теңізін зерттеу Бірінші Пётрдің бұйрығы бойынша 1714-1715 жылдары А. Бекович-Черкасскийдің жетекшілігімен экспедиция ұйымдастырудан бастау алды. 1820-жылдары теңізді гидрографиялық зерттеу И.Ф. Сойомовпен, кейінірек И.В. Токмачевпен, И.Ф. Войнович және т.б. зертеушілермен өз жалғасын тапты. XIX ғасырдың басында И.Ф. Колодкин, XIX ғасырдың ортасында Н.А. Иващинцев теңіздің жағалауына географиялық зерттеулер жүргізді. 1866 жылдан бастап бірнеше жыл бойы Н.М. Книповичтің жетекшілігімен Каспийдің гидрологиясы мен гидробиологиясына экспедициялық зерттеулер жүргізілді. 1897 жылы Астрахань ғылыми-зерттеу бекетінің негізі қаланды. Кеңес Үкіметінің бірінші онжылдығында Каспий теңізінен мұнай іздеу бағытында, сондай-ақ теңіздегі су теңгерімі мен толқынының деңгейін зерттеу сияқты И.М. Губкиннің геологиялық зерттеулері белсенді түрде жүргізілді.
Соңғы жылдары ғажайып табиғи нысан болып табылатын Каспий теңізінің экологиялық ахуалын сақтау айрықша көкейтесті мәселеге айналды. Экономикалық ынтмақтастық және даму ұйымының пікірінше, Каспий теңізіндегі мұнай қоры әлемдік қордың 3%, табиға газ қоры әлемдік қордың 5% құрайды екен. Мұнай өндірісі еліміздің қазіргі дамуы үшін қажет екендігі сөзсіз. Өйткені ол Қазақстан экономикасының ең басты қайнар көзі болып табылады. Қазақстанда мұнай игеру жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді және ол ұзақ жылдарға жоспарланған. Алайда мұнай өндіру Каспий экологиясына қауіп төндіруде.
Біріккен Ұлттар Ұйымының қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы сарапшыларының бағалауы бойынша, мұнай өндіру мен тазалау жұмыстары, атомдық электростанциялардың радиоактивті қалдықтары мен Еділ өзені әкелетін көптеген тазартылмаған тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтар салдарынан Каспий суы ластанып, зардап шегуде. Каспий экологиясын зерттеу институтының басшысы Реза Поургхоламның ирандық «Фарс» ақпараттық агенттігіне берген сұқбатында Каспий теңізінің өнеркәсіптік және мұнай өндіру салдарынан ластануы ең жоғары деңгейге жетті [2]. Сондай-ақ ол Каспийдің жағалауындағы мұнайды өндіру бойынша алдыңғы орынға ие Ресей, Қазақстан және Әзірбайжан мемлекеттері судың ластануына 95% себепкер екендігін атап өтті. Мұнай өндіру бойынша көшбасшы – Қазақстан, ал екінші және үшінші орында Әзірбайжан мен Түркіменстан тұр. Оның айтуынша, мұнай кендерін өңдеу мен үлкен танкерлердің қозғалысы жыл сайын әлемдегі ең ірі тұйық су алабына денсаулыққа зиянды 122 мың тонна мұнай қалдықтарын құяды.
Теңіз суы ауыр металлдармен де ластанған. Ауыр металлдар қоршаған ортаға физикалық, химиялыық, биологиялық әсерін тигізуде. Судағы мыс пен мырыштың мөлшері 20 мкг/л (рұқсат етілген шектен 2 есе артық), ал барийдікі – 50 мкг/л (бүл – 5 есе артық). Аталмыш металлдардың суда шамадан тыс көп мөлшерде болуы тірі ағзаларға антибиотиктік әсерін тигізіп, олардың генетикалық өзгерісін тудырады екен. Каспий жағалауы аймағының ластануы онда тіршілік ететін тірі ағзаларға ғана емес, жергілікті тұрғындардың денсаулығына да үлкен қауіп төндіруде. Сондықтан Каспий теңізі жағалауындағы Әзірбайжан, Иран, Ресей, Түркіменстан және Қазақстан мемлекеттері Дүниежүзілік банкпен бірге БҰҰ-ның Адамды қоршаған орта жөніндегі бағдарламасымен бірлесе отырып, Каспий экологиялық бағдарламасын жасап, оны іске асыруда. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – экологиялық тұрақтылықты дамыту және Каспий аймағының табиғи қорларын тиімді басқаруды қамтамасыз ету.
Каспий суының ластануы теңіздегі тірі ағзалардың ауруына әкеледі. Каспий итбалығы – тек Каспий теңізінде тіршілік ететін сүтқоректі. Каспий теңізінің қазақстандық шекарасындағы Маңғышлақ түбегінде орын алған белгісіз індеттің салдарынан итбалықтар қырылып жатыр. Каспий итбалығының жаппай қырылуы Каспийдің солтүстік бөлігіндегі гидрометеорология және экологиялық жағдайлардың нашарлауынан теңіз жануарлары иммунитетінің төмендеуін көрсетеді. Алдымен итбалықтардың, соңынан құстардың жаппай қырғынға ұшырауы теңіздің қазақстандық бөлігінде дабыл қағылар жағдайдың қазір-ақ қалыптасып келе жатқанын аңғартады.
Каспий теңізі әлемде ерекше экожүйеге ие ең ірі тұйық су алабы, онда 400-ден астам эндемиялық биологиялық түрлер мекендейді. Соңғы уақытта Каспий бекіресі, сайғақтары, итбалықтары мен басқа да жануарларының популяциясы қысқарды. Теңіз деңгейінің көтерілуіне байланысты мұнай-газ және энергетикалық кешен нысандарын су басу Каспийдің ластануына әкеледі. Токсинді өнеркәсіптік қалдықтарды топырақтау нәтижесінде және ілеспе газды жағуда атмосфералық ауа ластанады. Мұнай-газ, химиялық және энергетикалық кешендердің қызметі нәтижесінде топырақ қабаты өзгеріске ұшырап, ластанады. Ауыз су мен техникалық қажеттілік үшін суды толассыз қолдану жерасты суларының азаюына әкеледі.
Каспий теңізінің экологиялық жағдайы соңғы жылдары су деңгейінің көтерілуімен де тікелей байланысты. Каспий тсңізінің көтерілуі оның маңындағы мемлекеттерге көптеген проблемалар туғызып отыр. Оның ең бастысы – экологиялық жағдайлар.
Біріншіден, су деңгейінің көтерілуі теңіз жағалауындағы табиғи жайылымдардың көлемін тарылтып, құстар мен жануарлардың мекенін басып қалды. Суға тосқауыл үшін соғылған бөгеттер жағалаудың фаунасы мен флорасына зор шығын келтірді. Балықтардың уылдырық шашу аясы мен құстардың ұя салу тығыздығы кеміп, биокөптүрліліктің азайып кету проблемасын туғызып отыр.
Екіншіден, теңіз деңгейінің көтерілуі судың, ауа мен топырақтың ластануына, яғни экологиялық апатқа әкеледі. Судың мұнай өнімдерімен ластануы 1980 жылдан бастап күшейе түсті. Соңғы мәліметтер бойынша бекіре балықтарын аулау 40 %-ға азайды.
Үшіншіден, су деңгейінің көтерілуі теңіз жағалауларындағы мұнай коймаларын, мұнай өңдейтін өнеркәсіп орындарын, балық комбинаттарын, елдімекендерді су басып, орасан зор шығын келтіре бастады.
Төртіншіден, мұнай игеруге шетелдік инвесторларды тарту Каспий теңізінің экологиясын одан әрі шиеленістіре түсуде. Мұнай өндірумен бірге ауаға шығатын ілеспе газдардың көтерілуі аймақтың ауа ағынында зиянды газдар үлесін көбейтіп отыр. Теңіз жағалауларының тозуы техногендік процестерді жылдамдатып, аумақтың шөлге айналуына себепші болып отыр [3].
Каспий теңізінің экологиялық жай-күйі бүгінгі таңда аймақтық экологиялық мәселеге айналды. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешкен жөн. Атап айтсақ, экологиялық мониторинг жүргізуді, яғни мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ сәйкес заңнамалар қабылдап, іске асыру қажет деп ойлаймыз. Мамандардың айтуынша, Каспий теңізінің қорықтық аумағында мұнай-газ өндіру жұмыстарын реттеуші заңнамалар қабылдау, Үкіметтің Каспий экожүйесін сақтау үшін халықаралық ынтымақтастық жөніндегі сәйкес құқықтық және нормативтік актілер қабылдау, ҚР-да жасалған Каспий экологиялық бағдарламаларына материалдық және қаржылай көмек көрсету сияқты нақты іс-шаралар жүргізу экологиялық апаттарға жол бермеуге және оны шешуге оң ықпалын тигізеді. Ал осы іс-шараларды жүзеге асыру үшін Каспий теңізі экожүйесінде туындап отырған проблемаларды саралап, баға беретін, Каспий теңізінің экологиялық проблемасын шешудің тиімді жолдарын қарастыратын арнайы ғылыми зерттеулер жүргізудің маңызы зор деп тұжырымдаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |