48.Ғылым – рационалды басқару факторы және шарты.
Ғылыми таным – танымның ең жоғарғы пішімі. Ғылыми таным рационалдық сипатының басымдылығымен сипатталатын өте күрделі құбылыс. Ол негізінен ұғымдар жүйесі, теориялар, заңдар сияқты басқа да ойлау процестерінің түрлері арқылы айқындалады. Әрине, мұнда сезімдік танымның рөлі де жоққа шығарылмайды, алайда ол ғылыми танымның теория ауқымында жанама, екінші рөл атқарады. Ғылыми таным құбылыстар мен процестердің ішкі әмбебаптық байланыстары мен заңдылықтарын эмпирикалық білім мен ақыл-ойға табан тіреп, рационалды түрде сараптау арқылы бейнелейді. Мұндай сараптау ұғымдар жүйесі, ой қорытындысы, заңдар, категориялар мен принциптер сияқты жоғары дәрежедегі абстракциялар жүйесі арқылы іске асады. Ғылыми танымның ең маңызды міндеті – мейлінше ақиқатқа жету, оның мазмұнын жан-жақты ашу. Осы міндетті іске асыру үшін ғылыми танымның көптеген тәсілдері кеңінен пайдаланылады, оларға: абстракциялау, идеализациялау, синтез, дедукция, асбстрактіліктен нақтылыққа өрлеу, тарихилық және логикалық әдістер жатады. Ғылыми танымның маңызды ерекшелігі – оның өзіне бағытталғандығы немесе ішкі ғылыми рефлексия ретінде калыптасуы; яғни, ол тек таным процесінің өзін, оның пішімдері мен әдіс-тәсілдерін, ұғымдар жүйесін зерттейді;
49.Ғылымның қызметтерін классификациялау мәселесі.
Тұтас ғылым жүйесін құрайтын ғылыми пәндерді шартты түрде жаратылыстану, әлеуметтік және техникалық ғылым деп үлкен үш топқа бөлуге болады. Бұлардың арасында қатаң шекара жоқ, бірқатар ғылыми пәндер аралық жағдайда қалыптасқан. Мысалы, техникалық ғылым мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде – техникалық эстетика, жаратылыстану ғылымы мен техникалық ғылымының түйіскен жерінде – астроботаника, ал жаратылыстану ғылымы мен әлеуметтік ғылымның түйіскен жерінде экономикалық ғылымдар қалыптасқан. Ғылымның ерекше маңызды рөл атқаратын салалары – математика, ақпараттану және басқару теориясы болып табылады. Ғылымның белгілі бір саласында дәстүрлі зерттеулер жүргізілуімен қатар, пәнаралық, кешенді зерттеулер жүргізу қазіргі ғылымның ерекше даму бағыты болып табылады. Мысалы, табиғатты қорғау мәселелерін зерттеуде осы бағыттың маңызы айқын болып отыр. Мұнда биология мен техникалық ғылымдар, жер туралы ғылым мен медицина, экономика мен социология түйісіп, мәселені бірге зерттеуде. Өзінің алған бағыты, тікелей өмірге қатынасына байланысты ғылымды іргелі және қолданбалы деп бөлу дәстүрі қалыптасқан. Іргелі ғылым саласының міндеті қоғамды, дүниені, табиғатты түсіндіретін заңдарды тану. Бұл заңдар мен құрылымдар «таза күйінде» зерттеледі, оларды тікелей пайдалану мүмкіншілігі шартты емес. Қолданбалы ғылымның тікелей мақсаты – іргелі ғылымның ашқан жаңалықтарын танымдық, әлеуметтік-практикалық мәселелерді шешуге қолдану болып табылады. Яғни оның міндеті – ақиқатты тану ғана емес, әлеуметтік сұранысты қанағаттандыру. Қолданбалы ғылым теориялық та, практикалық та бағытта дамуы мүмкін. Мысалы, қазіргі физикада электрдинамика мен кванттық механика іргелі ғылым саласы, ал осыған қосымша нақтылы пәндік саланы тану үшін теориялық қолданбалы физиканың түрлі салалары (металл физикасы, шалаөткізгіштер физикасы, т.б.) қалыптасқан. Ал олардың нәтижесін одан әрі практикада қолдану үшін, әр түрлі практикалық қолданбалы ғылым (металтану, шалаөткізгіш технологиясы, т.б.) пайда болды, бұлар тікелей өндіріспен байланысты қалыптасқан. Барлық техникалық ғылымдар қолданбалы ғылым саласына жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |