7.3 ХVІІ-ХІХ ғ. қазақ ақын-жырауларының философиясының өзіндік ерекшеліктері. Синкретистік ойлауды ежелгі қазақтардаң өмір болмысынан көруге болады. Дүниенің жаратылысы туралы, космос пен адам туралы, олардың ара-қатынасы туралы, адамның дүниедегі орны, өмір сүру мақсаты жазылмаған кітап болса да, заттар мен тіршілік әрекеттерінен айқын аңғарылып тұр.
Өмірдің бастауын ғарыштан, табиғаттан іздейді және тарихи-мәдени даму барысында өмір сүру тәсілі арқылы тылсым дүние мен табиғат үйлесімділігін дәріптейді. Тылсым дүние мен әлемдік үйлесімділік арасындағы мәңгілік байланысты қазақ мифологиясының мазмұн-сарынынан анық байқаймыз. Барлық әлемдік мәдениет дүние жаратылуын Хаостан (Ретсіздік) Үйлесімділік туған деп түсіндіреді. Қазақ аңыздарында, наным-сенімдерінде де осы көзқарас көптеп орын алған. Мысалы, Қорқыт туралы аңыз, Батырлар жыры дүниеде қарама-қарсылық бірлігін, даму заңдылықтарын, өмір мен өлімнің ерекшелігін Ғарыштық тұтастық арқылы бейнелейді.
Қазақ мәдениетінде Басқа дүние де, осы дүние де шындық және құндылықтар бар деп санайды. О дүние өкілдерінің әрекеті мен істері, осы дүние адамдарына жақын, әрі түсінуге мүмкіндік бар. Тотемдік, бақсылық жоралардан екі дүние арасындағы байланысты көреміз.