Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті


Лекция 3-4. Оқу мотивациясын қалыптастырудың педагогикалық жүйені жетілдірудегі ролі



бет10/33
Дата23.08.2020
өлшемі324,27 Kb.
#76615
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   33
Байланысты:
УМК ПРОЕКТИРОВАНИЕ

Лекция 3-4. Оқу мотивациясын қалыптастырудың педагогикалық жүйені жетілдірудегі ролі
Психология мен педагогика ғылымында ынта, түрткі (мотив) белгілі бір сұранысты қанағаттандыру мақсатындағы іс-әрекетке ұмтылыс, адамды қарекетіне шақырушы, бастаушы ішкі психологиялық шарттардың жиынтығы түрінде сиппатталады. Мұндағы іс-әрекет немесе қызмет, танымдық бағыттағы іс-әрекет болса, онда сол әрекетке шақырушы, бастаушы болатын түрткілердің жиынтығы оқу ынтасы (учебный мотив) деп аталатыны белгілі. Танымдық қызметтегі оқу ынтасы немесе танымдық ынта ойлау процесімен тығыз байланысты. “Бұл жерде алдымен ойлау процесіне кірісу мотивы, одан кейін танымдық мотивтер іске кіріседі, яғни тағы да белгісізді, беймәлім ақпаратты білуге деген пиғыл пайда болады”, - дейді С.Л.Рубинштейн.

Педагогикалық технологияларды оқу процесіне пайдалану мұғалімнің де, оқушының да шығармашылықпен жұмыс істеуін талап етеді. Осы тәрізді жеке тұлғалық = қызметтік парадигма да оқу-тәрбие процесін оқушылардың белсенді танымдық қызметіне арнап құруды қажет етеді. Танымдық қызмет Тқ= Әбн+Оә+Бә+Тә (Б.П.Беспалько) формуласымен анықталатыны белгілі. Мұнда Тқ-танымдық қызмет, Әбн-әрекеттердің бағдарлық негізі, Оә-орындау әрекеті, Бә-бақылау әрекеті, Тә-түзету, коррекциялық әрекет. Сонда жаңа парадигмалық тұрғыдағы оқыту процесі мына формуламен сипатталады: мақсат - ынта (мотив) - танымдық қызмет - рефлексия - теориялық білім.

Ендеше білім беру саласын модернизациялау педагогикалық жүйенің басты элементтерінің бірі - ынта, түрткі қалыптастырудың әдістерін жетілдіруді талап етеді.

Ю.К.Бабанский оқу мотивациясын қалыптастырудың мынадай әдістерін ұсынады: танымдық пікір - сайыс (дебаты), қызғылықты (занимательная) жағдаяттар туғызу, танымдық ойындар, танымдық жаңалық туғызу, пікір-талас (дискуссия), өмірлік жағдаяттарды талдау, табысқа жету жағдаятын жасау, компьютерді және басқа техникалық құралдарды пайдалану т.б.

Оқуға деген қызығушылықты туғызу үшін В.Б.Бондаревский мынадай тәсілдерді пайдалануды ұсынады: танымдық жарыстар, конкурстар ұйымдастыру; шығармашылық мазмұндағы тапсырмаларды құрастырып, оқу процесіне пайдалану; оқулыққа қосымша әдебиеттермен, оның ішінде ғылми-көпшілік әдебиеттерді пайдалануды ұйымдастыру; қызғылықты фактілер мен басқада мәліметтерді жинап, пайдалану; құбылыстарды оқушылардың жеке бақылауын ұйымдастырып, талдау.

Г.И.Щукина аталған әдіс-тәсілдермен қоса, мұғалімнің көрнекі құралдарды және оқытудың техникалық құралдарын пайдалануы, оқушының өз бетімен жасайтын танымдық қызметінің көп түрлілігін ұйымдастыру, оқытудың жеке және ұжымдық формаларын үйлесімді пайдалану т.б. оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру жолдарын ұсынады.

М.Н.Махмутов, А.М.Матюшкин оқушылардың белсенді ізденіс-зерттеу, шығармашылық қызметтерін қалыптастыруға бағытталған проблемалық оқытудың тұтас теориясын жасады.

Проблемалық оқытуды практикаға енгізу, сабақты эвристикалық әңгімелер, іскерлік ойындар т.б. инновациялық белсенді әдістерді пайдалану - арнаулы тапсырмалармен сұрақтар жүйесін құрып, пайдалануды талап етеді.

Біздің тәжірбиеміз төмендегідей сұрақтар мен сол сұрақтарды туғызатын тапсырмалардың тиімді екенін көрсетті.


  1. Пікірлер қарама-қайшылығын туғызатын сұрақтар. Қайшылықты жоюға ұмтылу - ой-ізденісін туғызатын өте күшті түрткі. Мысалы, физика сабағында Я.И.Перельманның “Қызықты физика” кітабынан алынған “Жұмыртқаны жару жеңіл ме?”, “Қайнап тұрған су барлық уақытта ыстық па?” т.б. сұрақтарды пайдаландық.

  2. Ұқсастық пен айырмашылықты таба білуге арналған сұрақтар.

  3. Қойылған мәселені шешудің әртүрлі жолдарын салмақтап, тиімділігін салыстыруға арналған сұрақтар танымдық қызметтік белсенділігін туғызады;

  4. Себеп-салдарлық байланыстарды табуға арналған сұрақтар.

  5. Салыстыруға арналған есептер, аяғына дейін шығарылмаған есепті аяқтауға арналған тапсырмалар;

  6. Басқа бір оқушының жіберген қатесін тауып, түзетуде оқушының танымдық белсенділігін арттырады.

Біздің зерттеулеріміз оқу мотивициясын туғызатын бұл тәсілдер әрі қарай ақыл-ой қызметінің тәсілдерімен ұштасқан (анализ, синтез, бақылау, сипаттау, бастыны бөліп шығару, салыстыру т.б.) жағдайда ғана ынта ойлау процесінің бастау алатын көзі болып қана қоймай, нәтиже беретін танымдық қызметтің жүзеге асырылуына ықпал жасайтынын көрсетті.

Ғылыми зерттеулерде оқу мотивациясын кез-келген инновациялық әдістерді сабаққа пайдалану туғызатынын дәлелденген. Бұл әдістер оқу процесіне мұғалімнің ұйымдастыруымен берілсе де, оқушының пікір-сайысқа, оқу процесіне белсене араласуына әсер етіп, ішкі мотивациясының қалыптасуына үлкен әсер етеді.

Бұл ретте, әсіресе, танымдық ойындардың, рольдік ойындардың, ықпалы зор. Біз өз сабақтарымызда бұл ойындарды кеңінен пайдаланудың, соның ішінде физика сабағы үшін ролі зор компьютерлік имитациялық модельдеу тәсілін ерекше атап өткізгіміз келеді. Өйткені жоғарыда аталып өткендей сабаққа компьютерді пайдалану, танымдық ойындар әдістері оқу мотивициясын қалыптастырудың өз алдына жеке әдістері ретінде көрсетілсе, компьютерлік имитациялық модельдеуде бұл екі әдіс бірігіп, қойылған мақсатты шешуге зор ықпал етеді. Берілген құбылыстың өту заңдылығын математикалық модельдеу арқылы, компьютердің конфункциональдық дидактикалық мүмкіндіктерін пайдаланудан туған компьютерлік имитациялық модельдер тек ынта туғызып қана қоймай, оқушының ізденіс-зерттеу жұмыстарын жасауына қолайлы жағдай жасайды.

Осындай мультимедиялық үйретуші бағдарламаларды пайдалану арқылы физика сабағының көптеген материалдарындағы заңдылықтарды дайын ереже, формула түрінде емес, ойын түріндегі ізденістің нәтижесі ретінде қорытып шығаруға қол жеткізуге болады. Мысалы, горизонтқа бұрыш жасай лақтырылған дененің заңдылығын сипаттайтын формуланы оқушылар “зеңбірік пен нысана” атты ойын түріндегі имитициялық модельмен жұмыс істеу нәтижесінде қорытып шығады.

Жоғарғы сыныптардағы физика курсы сабақтарында виртуальды лабораторияларды пайдаланудың да орасан зор дидактикалық, ынта туғызушылық әсері бар. Мұндай лабораториялық жұмыстарды пайдаланып кәдуілгі мектептің лабораториялық жағдайында жүзеге асыру мүмкін емес, адам денсаулығына зиян құбылыстардың, өте шапшаң немесе өте баяу (ұзақ жылдарға созылатын) құбылыстардың заңдылықтарын зерттеуге толық мүмкіншілік бар. Бұл, әсіресе, жоғарғы сынып физика курсында оқытылатын молекулалық, атомдық физика элементтерін оқытуда өте пайдалы.

Біздің зерттеу жұмысымыз оқу мотивациясын қалыптастыруда оқыту әдістерімен бірге білім мазмұнының да үлкен әсері бар екенін көрсетті. Тек дайын нәтижені баяндауға арналған, орта дәрежедегі қабілеті бар оқушыға арналған оқулықтар, оқу материалының мазмұны ынта қалыптастыру былай тұрсын, керісінше оқушыны жалықтырып, оның оқуға ұмтылысын басады.

Бұл проблеманы оқу материалы мазмұнын іріктеу, құрастыруға қойылатын талаптарды толықтыру, жетілдіру арқылы шешуге болады. Мұнда біз негізінен профессор Ж.А.Қараевтың білім мазмұнының ізгілендіру принциптері тұрғысынан іріктеуге арналған тәсілдерін пайдаландық. Эксперименттік зерттеу жұмыстары біз пайдаланған деңгейлік саралап оқыту технологиясын жобалауға қажет:

а) мазмұнды меңгеру деңгейлері үшін төрт деңгейлі етіп анықтаудың;

ә) мазмұн анықтауда компьютерлік техниканың дидактикалық мүмкіндіктерін ескерудің;

б) ұлттық және аймақтық ерекшеліктерді ескерудің;

в) оқу материалына қатынасты тарихи фактілердің келтірілуінің оқушылардың физика сабағына деген қызығушылығын арттыратынын көрсетті. Жүргізілген теориялық және практикалық зерттеулер, сондай-ақ бұл талаптарға қосымша оқу материалын іріктеуге қажет төмендегі талаптардың тиімділігін көрсетті.


  1. Оқу материалына қолданбалы мазмұндағы тапсырмалар мен есептердің кіруі.

  2. Білім мазмұнына қызғылықты (занимательная) мазмұндағы оқу материалдарының кіруі.

Оқушылардың мұндай мазмұндағы тапсырмаларды орындағанда жаттығулар мен есептерді шығарғанда, мәтінді оқығанда сабаққа деген ерекше құлшыныс танытатынын сабақ барысын бақылау нәтижелері көрсетті. Бұл ретте біз Я.И.Перельманның “Қызықты физика”, “Квант”, “Физика в школе”, “Зерде” т.б. оқулыққа қосымша кітаптар мен әдістемелік және ғылми-көпшілік журналдарды пайдаландық.

Қызғылықты мазмұндағы тапсырмалар біз пайдаланған педагогикалық технологияның барлық меңгеру деңгейлері үшін қолданылды. Бұған қосымша тапсырмалар кейде ойын түрінде: кроссворд (сөзтізбек), чайнворд, криптограмма т.б. түрлерде берілді.

Мұнда біз оқушы берілген оқу материалын оқи отыра, өзіндік тапсырмаларды орындай отырып, мазмұн арқылы “іштей формада” оқу мотивациясын өзі қалыптастыратынын байқадық.

Оқушылардың танымдық қызығушылығын, шығармашылық қабілетін дамытуға арналған және осы мәселеге қатысты шараларды кешенді шешетінін басты дидактикалық құрал - оқытудың педагогикалық технологиялары. Біз осы бөлімнің 1.1-ші параграфында академик В.П.Беспалько тұжырымдаған анықтама мен педагогикалық технологияларға қойылатын психологиялық, педагогикалық талаптар негізінде жасалған профессор Ж.А.Қараевтың деңгейлік саралап оқыту технологиясының мағынасын қысқаша келтіргенбіз. Бұл технология өз мәнінде жұмыс істеуі үшін педагогикалық жүйенің кейбір компоненттерін: мақсат қою, мотивация қалыптастыру, оқу іс-әрекетін басқару мәселелерін тереңірек қарастыруды қажет болды, сондықтан диссертациялық зерттеу осы проблемаларды шешуге арналды.

Аталған педагогикалық технология біріншіден, оқушының өз бетімен белсенді танымдық қызмет істеуіне және соған қажет дағдыларды қалыптастыруына бағытталып құрылған (технологияға қойылатын басты 4 шартты қараңыз).

Екіншіден, оқу материалының қойылған мақсаттар таксономиясына байланысты қарапайымнан күрделіге қарай арнаулы алгоритмге сәйкес жүйеленіп берілуі даралап (индивидуализация) оқытуды саралап (дифференциация) оқытумен үйлестіріп, әр оқушының қабілетіне сай білім алуына қамтамасыз етеді.

Үшіншіден, жоғарыда аталып өткендей оқу материалы мазмұнын іріктеп, пайдалану - оқу мотивациясын қалыптастыруға қолайлы жағдай жасайды.

Қарастырылып отырылған педагогикалық технологияның басты ерекшелігі - педагогикалық квалиметрияның жетілген түрін пайдалануды қажет етеді. Өкінішке орай қазіргі дидактикадағы оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау бір жағынан объективті емес, екінші жағынан дискретті, яғни мониторинг құру мүмкін емес, үшіншіден бағалау - жіберілген қателігі үшін сәйкесті жазалау түрінде болып отыр (Ж.А.Қараев, Ж.У.Кобдикованы қараңыз .

Өз мағынасы жағынан оқушылардың танымдық қызметінің нәтижесін бағалау - оқушыны жаңа табыстарға жетелейтін, ынталандыратын құрал болуға тиісті. Педагогикалық жүйені технологиялық негізде жобалау бағалаудың объективті, табысқа жетелеуші, итермелеуші түрін енгізуді талап ететінін жоғарыда айттық. Алайда бұл мәселені шешу оқу мақсатын диагностикалық түрде қойғанда ғана мүмкін. Ал бұл мақсаттардың иерархиялық тізбегін құруды, соған сәйкес оқу материалын меңгеру деңгейлерін анықтауды талап етеді. Сонда ғана білім сапасын қойылған мақсаттың алынған нәтижеге сәйкестілі түрінде дәл, объективті сипаттауға болады (1.2 қараңыз).

Бағалаудың айқын болуын сынып бөлмесінде ілулі тұратын оқушылардың оқу жетістігін белгілеп отыратын (әр деңгейдің тапсырмасын орындаған сайын) “айқын журналды” пайдалану қамтамасыз етеді. Өздік жұмыс сабағы үстінде әр оқушының тапсырманы орындау қарқынына сай оның жетістігін бүкіл сынып оқушылары алдында “айқын журналға” белгілеп отыру - жарыс ойыны тәрізді жағдай туғызады. Оның үстіне бірінші деңгей тапсырмаларын орындай алмаған оқушыларға баға қойылмайды, оның өз бетімен қатесін түзетіп, орындауына, болмаса (берілген уақыт таусылар сәтте) басқа лидер оқушының көмегі ұсынылады. Біздің тәжірбиеміз көрсеткендей, көбіне оқушылар көмектен бас тартып, өздері берілген “білу” деңгейі тапсырмаларын орындайды, өйткені оған бұл кезде дәстүрлі жағдайдағыдай түзетуге келмейтін “екілік” бағасы емес “сыналды”, “сыналынбады” белгісі қойылады. Біздің бағалауға және оқушыны табысқа жетелеуге пайдаланатын “айқын журнал” мен “сыналды”, “сыналмады” белгісін қолдануымыз жаңашыл - педагог В.Ф.Шаталовтың бағалаудағы “ашық парақ”, “автомат - баға” тәсілдерін пайдалаумен үндес. В.Ф.Шаталовтың “ашық парағын” ата-аналар да қадағалап отыратыны тәрізді “айқын журнал” және сол арқылы жасалған оқушының тоқсандық даму мониторингісмен ата-аналар таныстырылып отырылады.

Біздіңше педагогикалық технологияны енгізудің педагогикалық квалиметрияны бұлайша жаңартуды талап етуі және жаңа квалиметриялық тәсілдерді нәтижелі практикаға енгізуі - дидактикаға, жалпы алғанда білім сапасын көтеруге арналған үлкен бетбұрыс деп санауға болады.

Бұл “табысқа жетпеушілік” синдромынан, оқушылардың сабаққа деген ынтасыздығынан әр түрлі стресстерден құтылудың басты жолдарының бірі.

Оқу мотивациясын қалыптастыруда оқу процесін жүргізу үшін мектеп оқушыларына қолайлы жағдай жасаудың мәні өте зор. Алайда бұл қолайлы жағдай жасау көп факторларға байланысты: мектеп ғимаратының санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуы, сәйкесті материалдық-техникалық база: спорт зал, шеберхана, кітапхана, кабинеттер және олардың құралдары т.б. болуы шарт. Бұған қосымша қазір педагогика ғылымында оқушы мен мұғалімнің “субъект-субъект” тұрғыдағы қарым-қатынасына қолайлы жағдай жасайтын (“комфорт” В.М.Монаховты қараңыз, “денсаулық қорғаушы” (здоровьесберегающая) педагоикалық технологиялары ұғымы қалыптасты.

Жүргізілген зерттеулер біз пайдаланған деңгейлік саралап оқыту технологиясы - “денсаулық қорғаушы” технологиялардың талаптарына толық жауап беретіндігін дәлелдеді. Зерттеу міндетіне кірмегендіктен біз бұл мәселеге тоқталмаймыз. Деңгейлік саралап оқыту технологиясында оқушылардың өз бетімен орындауына берілген тапсырмалардың мақсаттар деңгейлеріне сәйкес бірте - бірте күрделене түсуіне байланысты 1 - деңгей жұмысын бастауға түрткі болған ынта (мотив) кейінгі деңгейлерде тапсырмалардың күрделенуіне байланысты ойлау қызметінің тәсілдерін қалыптастырады, әлі оларды пайдалана білуге үйретеді. Сөйтіп, психолог С.Л.Рубинштейн тұжырымдағандай ойлау қызметіне кірісу мотиві танымдық мотивтерге ұласады. Біз (1.2 - де) оқу мақсаттары таксономиясының меңгеру, білім сапасы, белсенділік, білім және ынталар деңгейлерімен байланысы заңдылығын қарастырдық. Мысалы, “білу” мақсатына “үйренушілік” меңгеру деңгейі сәйкес келеді, оқушының білігі үлгі бойынша тапсырма орындау, қайталап айта білу, яғни стандартты жағдаяттарда танымдық қызмет жасай білуімен сипатталады. Бұл деңгейдегі білім сапасын - “дұрыстылықты”, яғни берілген тапсырманы үлгі бойынша дұрыс орындауы анықтайды. Оқу мақсатының бұл деңгейіне сәйкес келетін ынтаның деңгейін психологтар құлықсыздық (индифферентность) түрде сипаттайды. Бұл ойлау қызметіне кіріспе сәт болғандықтан құлықсыздықты талпынысқа айналдыратын себеп, яғни педагогикалық жағдятқа сай түрткілер қажет. Жоғарыда біз мұндай түрткі болар тапсырмалар мен сұрақтардың кейбіреулерін келтірдік. Мақсатттармен оған сәйкес меңгерудің екінші - “алгоритмдік” деңгейінен ынтаның “жағдаяттық қызығушылық (ситуативный интерес)” деңгейі сәйкес келеді. Мұнда танымдық қызмет оқушының алған білімін кейбір өзгерген жағдайда пайдалана білуімен, үлгіге ұқсас есептер шығара білуімен сипатталады. Жағдаяттық қызығушылық оқу процесінің кейбір елең еткізер жағдаяттарына сәйкес пайда болатын мотивтер.

Жағдаяттық қызығушылық меңгерудің эвристикалық деңгейінен бастап тұрақты қызығушылыққа ұласады. Бұған білім сапасының “жүйелілік”, “саналылық” көрсеткіштері сәйкес келеді. Ендеше, оқушыларда тұрақты, орныққан қызығушылық қалыптастыру үшін оларды меңгерудің үшінші, эвристикалық деңгейіне жеткізуіне талпынуымыз қажет. Эвристикалық деңгейден оқушыларға ішінара ізденіс, зерттеушілікті қажет ететін тапсырмалар жүйесі беріледі.

Қойылған мақсат пен меңгерудің шығармашылық деңгейіне танымдық қызметке деген сұраныс, қажеттілік қалыптасқан ынта деңгейі сәйкес келеді. Мұнда білім сапасының беріктігі қалыптасады, оқушының танымдық қызметі іздену, зерттеу, өз бетімен нақты шешім қабылдай білуімен сипатталады.



Сөйтіп, педагогикалық технологияны оқу процесіне пайдалану - оқу мотивациясын қалыптастырып, оқушылардың танымдық белсенділігін арттырып, олардың ізденіс - зерттеу деңгейіндегі шығармашылдық қызметін жасауға басты себепші екен. Алайда педагогикалық технологияның құру - дәстүрлі жағдайдағы педагогикалық жүйені жетілдіруді қажет етеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   33




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет