4-лекция. Тақырыбы: Матаса байланысқан есімді сөз тіркестері Жоспар: 1.Матаса байланысқан есімді сөз тіркестері 2.Матаса байланысқан тіркестердің мағынасы 3.Матаса байланысқан есімді күрделі сөз тіркестері Байланысу формаларының лингвистикалық жағынан кенже қалыптасқан түрі-матаса байланысу формасы. Түркі тілдерінде қалыптасқан изафеттің үш түрі барлығы айқын. Олар: темір қасық, дала қосы, оқушының дәптері. Осы үш түрлі сөз тіркестерінің біріншісі қазір сөз тіркесінің байланысу формалары бойынша қабысуға, ал дала қосы орын тәртібі бойынша қабысуға, оқушының дәптері матасуға жатқызылады. Матасудың өзіндік ерекшелігі: 1) Матасуда бағыныңқы сөз басыңқы сөзге қарай айқаса байланысады; 2) Матасуда басыңқы сөз өзіне бағынатын сөздің жақтық мағынасымен үйлесіп, тиісті грамматикалық тұлғада жұмсалады және ол бағыныңқы сөздің тиісті жалғауда айтылуын керек етеді.
Матасу дегеніміз-ілік жалғаулы сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздердің арасындағы байланыс. І,ІІ,ІІІ жақтың тәуелдік жалғауындағы сөздері жекеше, көпше түрде тұрып та ілік жалғаулы сөзбен байланыса береді. Ілік жалғаулы сөз қай жақтың жіктік есімдігі болса, сол жақтың тәуелдік жалғаулы болуын талап етеді. Ілік септігі мен тәуелдік жалғаулы сөздердің өзара байланысу тәсілі бірдей емес. Мысалы:
1.Менің анам
2.Ай нұры
3.анам
1- топта екеуінде де жалғау бар, 2-топта тек бір жалғау ғана жалғанған, 3-топта жалғаулы сыңар сөз, бірақ менің, сенің оның деген сөздерді қажет етеді. 1-топта ілік жалғаулы сөз болмай, тәуелдік тәуелдік жалғаулы сөз бір өзі тұрса да, сөйлемнің мағынасына ешбір олқылық келмейтіндігін көруге болады. Сондықтан тәуелдік жалғаулы сөз ілік жалғаулы сөзсіз жиі қолданылады. Матаса байланысатын сөздер көбінесе зат есімдер.
Матаса байланысқан сөз тіркестері басыңқы сыңарындағы сөз таптарының қатысына қарай есімді және ортақ басыңқылы матаса байланысқан сөз тіркестері болып екіге бөлінеді. Сонда есімді матаса байланысқан сөз тіркестерінің басыңқы сыңарлары тәуелдік жалғаулы есімдер болса, ортақ басыңқылы матасудың басыңқы сыңарлары тәуелдік жалғаулы есімдерге түйдектелген көмекші етістіктер болады.
Матаса байланысқан сөз тіркестері сөз таптарының қатысына қарай әртүрлі сөз таптарының және бір сөздің қайталануы арқылы жасалады. Әр түрлі сөз таптары негізінде құралған матаса байланысқан сөз тіркестерінің бірінші сыңары ретінде ілік жалғаулы мына сөз таптары қолданылады.
Зат есім: жаздың желі, үйдің есігі, бидайдың үны; Сын есім: жақсының шарапаты, жаманның кесапаты; Сан есім: біріншінің келуі, екеудің кітабы; Есімдік: біздің кітабымыз, оның баласы, сенің еңбегің; Етістік: оқығанның еңбегі, оқудың табысы, оқымастың себебі, білмейтіннің кесірі; Үстеу: бүгіннің тіршілігі, ертеңнің ісі, қазірдің мәселесі; Тұрақты тіркес: бір сырлы, сегіз қырлының өзі; Қысқарған сөз:ТМД-ның отырысы; Негізгі сөз бен көмекші сөздер:
көмекші есім: үйдің алдының қары;
модаль сөз: Хасен сияқтылардың ісі;
шылау: өзенге дейінгінің өзі;
көмекші етістік: Асан дегеннің ісі.
Бар, жоқ сөздері: жоқтың ісі, бардың табысы, бардың бағасы, жоқтың белгісі.
Осы көрсетілген бағыныңқы сыңарлардың зат есім, кейбір есімдіктерден басқасы ілік жалғауында заттану арқылы анықтауыштық қатынаста жұмсалады.
Матасудың басыңқы сыңары ретінде тәуелденетін мына сөз таптары қатысады: зат есім, сын еесім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, тұрақты тіркес. Сонда сөз таптары тәуелдік жалғауында жеке тұрып та, кейде күрделі түрде де басыңқы сыңарда жұмсалады.Мысалы: Ол өзінің жалғыз емесін де білген (Мағауин). Матаса байланысқан сөз тіркестері құрамы жағынан дара да, күрделі де болып келеді. Дара матаса байланысқан сөз тіркестері кемінде дербес мағынасы бар екі әр түрлі, бір түрлі сөз таптарының және бір сөздің қайталануы арқылы жасалса (оқушының дәптері, жақсының жақсысы), күрделі матаса байланысқан сөз тіркестерінің не бағыныңқы, не басыңқы немесе екі сыңары да күрделі болып келеді.
Матаса байланысқан сөз тіркестерінің құрамындағы ілік септігінде тұрған сөз сөйлем мүшесі болуы жағынан анықтауыш болады. Олар әр түрлі мағынаны білдіреді:
1.Ілік жалғаулы анықтауыш меншіктік қатынасты көрсетеді. Мысалы, Ұлықбектің көйлегі
2.Табиғи қатынасты білдіреді:Түстіктің көктемі
3.Сапалық қатынасты білдіреді: Адамның қайраттысы
4.Жақындық қатынасты білдіреді: Өзіміздің балалардың бірі
Ілік септік жалғаулы анықтауыш көбінесе меншікті көрсетеді, ал ілік септігінің жалғауынсыз айтылған анықтауыш заттың сапасы ретінде қолданылады.
Күрделі матасудың бағыныңқы сыңарлары: күрделі зат есім, күрделі сын есім, күрделі сан есім, негізгі сөздер мен көмекші сөздердің түйдекті тобы, тұрақты тіркестер, сол сияқты аралас құрамды жолдар арқылы да жасалады. Мысалы: заманның ғашықтарының көбі, ұзақ жортуылдың аты, бір-бір үйдің жалғызы, өз елінің тұмағы, артығымен орындаудың әсері. Матаса байланысқан есімді күрделі сөз тіркестері мынадай тәсілдер арқылы жасалады:
а) бағыныңқы сыңары зат есімді матасу: Асқардың көйлегі, мұны ілік жалғаулы зат есімді және аралас зат есімді деп бөліп қарастырамыз.
ә) аты мен фамилиясының бірге келіп ілік жалғауында тұруы арқылы жасалады: Боранбаев Мараттың көлігі.
б) адам аты мен ілік жалғаулы сөздің қабысуы арқылы жасалады: Ербол ағайдың баласы.
в) күрделі мекеме аттарының ілік жалғауында келуі арқылы: Тәуелсіз мемлекеттер достастығының отырысы.
г) ілік жалғауы жасырын зат есім мен ілік жалғаулы зат есімнің қабаттасуы арқылы: күн сәулесінің жылуы.
д) қысқарған сөз бен ілік жалғаулы сөздің келуі арқылы: ОҚМПИ студенттерінің табысы.