ЖОҒАРҒЫ САТЫДАҒЫ МОНОГЕНЕЙЛЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ -OLYGONCHOINEA Бұлар - балықтардың паразиттері. Ең негізгі ерекшелігі - арнайы бекіну мүшелері - қақпанның қозғалысындай жабылатын қақпақтарының болуы. Қақпақтарының болуы арқасында ілмешектері негізгі бекіну қызметін жоғалтады, ересектерінде кейде болмауы да мүмкін. Личинкаларында 10 шеткі ілмектері болады. Бұл класс тармағына жоғарыда қарастырылған - Diplozoon paradoxum жатады (62, Б-сурет).
ТАСПА ҚҰРТТАР КЛАСЫ - CESTODA Таспа құрттар класының өкілдері сорғыштар мен моногенетикалық құрттарға қарағанда паразиттік тіршілікке толығырақ бейімделген. Бұлар тек қана эндопаразиттік өмір сүреді, жұмыртқалары өте аз уақыт сыртқы ортада бола алады, ересек кезінде әр түрлі омыртқалы жануарлардың, адамның ішегінде тіршілік етсе, личинкалары омыртқасыз және омыртқалы жануарлардың ішкі мүшелерінде және дене қуысында тіршілік етеді. Түрлері 3000-нан астам. Таспа құрттар жұқтыратын ауруларды цестодоз деп атайды.