ҚАРУЛАНҒАН НЕМЕРТИНДЕР КЛАСС ТАРМАҒЫ - ENOPLA
Тұмсығы бір немесе бірнеше стилеттерімен қаруланған. Ауыз тесігі денесінің алдыңғы ұшында терминальды орналасқан, церебральды ганглияның алдында.
Нерв жүйесі паренхима аралығында жатады.
Қаруланбаған немертиндерде болатын бұлшықеттер бұларда да бар, бірақ олардан ерекше тағы бір үзына бойы орналасқан және дорзо - вентральды (арқа -құрсақ) бүлшыкеттер будасы болады.
Бұл класс тармағының өкілдері ұсақ келеді және теңіздің жағалауларынан бастап оның ең терең түбіне дейін мекендейді.
Теңіздің түбінде тіршілік ететін Zygonemertes, Amphiporus туыстарының өкілдері тастардың астында, жағалаулық аймақта кездеседі, ұзындығы 10-12 см. Жерорта теңізінде Polystylifera, Арктика суларында кездесетін Uniporus-тың өкілдері жорғалап тіршілік етуге бейімделген. Тынық, Атлант, Үнді, Солтүстік Мұзды мұхитында, Жерорта және тағы басқа теңіздерде пелагиалық формаларының кездесетіні мәлім. Бұл құрттардың денесі жалпақтау, қысқа, әйнек тәрізді мөлдір болып келеді, денесінің артқы бөлігінде немесе бүйірінде орналасқан қанаттары арқылы жүзеді. Негізгі туыстары: Pelagonemertes, Nectonemertes, Planktonemertes, Protopelagonemertes, Dinonemertes, Phallonemertes. Pelagonemertes-тер 1800метрден аса тереңдіктерде кездеседі.
Солтүстік теңіздерінде мекен ететін Malacobdella туысының өкілдері паразиттік тіршілік етуге бейім. Бұлардың денесінің артқы ұшында өте күшті дамыған сорғышы болады. Моллюскалар мен шаянтәрізділердің (крабтардың) паразиттері (73, Г - сурет).
Сонымен қатар, тұщы суларда да кездесетін екі түрі белгілі, олар Stichostemma (Prostoma) туысынан Prostoma graecense және Pr.asensoriatum. Ұзындығы 1-2 см. Еуропа мен Солтүстік Американың өзендері мен көлдерінде, судағы өсімдіктердің, тастардың, мүктердің, шіріген жапырақтардың арасында мекен етеді. Қолайсыз жағдайларды сілекейлі цистаға оранған күйінде өткізеді. Prostoma graecense Арал теңізінен, Түркістан аймағынан табылғаны жөнінде Э. Рейзингер еңбегінде жазылған.
Тропикалық және субтропикалық аймақтардың топырақтарында Geonemertes туысының өкілдері кең тараған.
НЕМЕРТИНДЕР (NEMERTINI) ТИПІНІҢ ФИЛОГЕНИЯСЫ
Немертиндердің бірқатар құрылым белгілері жалпақ құрттармен, соның ішінде турбелляриялармен жақын екендігін көрсетеді. Немертиндер мен турбеллярияларда зәр шығару мүшесі протонефридиялы, нерв жүйесінің негізгі бөліктері мен көздерінің құрылысы ұқсас, дене қуысы жок, ішкі мүше-лер аралығын паренхима толтырып жатады, денелері кірпікшелі эпителимен жабылған.
Кірпікшелі құрттарға тән немертиндерде де жұмыртқалары спиральды түрде бөлінеді және пилидий мен Мюллер личинкалары белгілі ұқсастығымен жақын.
Сонымен, осындай ұқсастық белгілеріне байланысты немертиндер кірпікшелі құрттардан шықты деген болжам туады.
Эволюциялық даму жағынан немертиндер кірпікшелі құрттардан әлдеқайда жоғары, оған артқы ішек пен аналь тесігінің, қан айналу жүйесінің пайда болуы дәлел.
Достарыңызбен бөлісу: |