5-тарау. Қашықтан оқыту кезінде білім алушылардың оқу тапсырмаларының көлемін оңтайландыру
56. Қашықтан оқыту кезінде «үй тапсырмасы» дәстүрлі түсінігі өзгереді, себебі білім алушылардың үй жағдайында өздігінен орындауы тиіс оқу жоспарына сәйкес пән бойынша оқу тапсырмалары ғана қалады.
Қашықтан оқыту кезіндегі оқу тапсырмасы – мұғалімнің білім алушыға берген тапсырмасының бір түрі, мұндайда әртүрлі электрондық білім беру материалдарын пайдалану негізінде қандай да бір оқу іс-әрекетін орындау талабы түсініледі.
Оқу тапсырмаларының мазмұны мен көлемі сабақ мақсаттарымен немесе сабақ жүйесімен, оқу бағдарламасы тақырыптарына сәйкес жұмыс барысымен және білімді игерудің қосалқы құралдарын тарту қажеттілігімен анықталады. Қашықтан оқыту әрбір сынып үшін икемді сабақ кестесі негізінде қамтамасыз етіледі, мұндай жағдайда білім алушылар әр күн сайын қандай оқу пәндері бойынша сабақ жүргізілетінін біледі.
Оқу тапсырмалары оқу пәні бойынша сабақ кестеге сәйкес жүргізілген күні бір рет беріледі. Педагогтің оқу тапсырмасын мобильдік байланыс арқылы дауыстық хабарламамен жіберуіне рұқсат берілмейді.
Педагогтер мен білім алушылардың интернет-платформалар, стримингтік алаңдар және өзге де мессенджерлердің көмегімен білім беру процесі қатысушыларының (педагог, білім алушы, ата-ана (заңды өкіл) интернет тәртібі, кибермәдениет, кибергигиена дағдыларын қалыптастыруға, білім алушы тұлғасын тәрбиелеуге бағытталған этикалық және педагогикалық нормаларды ескере отырып дұрыс коммуникациясы қамтамасыз етіледі.
2019-2020 оқу жылының 4-тоқсанында қашықтан оқытуда еліміздің мұғалімдері тәжірибесін ескере отырып әзірленген білім беру деңгейлері бойынша, пән бойынша оқу тапсырмалары көлемінің болжалды тізімін ұсынамыз.
Ескерту: саралау және жекелендіру принциптерін жүзеге асыру үшін кейбір білім алушылар үшін бір сабаққа немесе бір бөлімге 1 шығармашылық тапсырма (жеке немесе топтық) беруге рұқсат беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |