Л. С. Динашева ОҢТҮстік қазақстандағЫ Қоныс аударушылар тарихы мәселелері: жаңа көЗҚарас



бет7/13
Дата26.08.2020
өлшемі0,87 Mb.
#76999
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13
Байланысты:
Monografia

1.3 Қоныс аудару мәселесі
Ресей империясы құрамына ертеректе қаратылған және халқы сирек қоныстанған Сібірге қарағанда, әлі де болса жергілікті тұрғындардың тұтанып кетуге дайын тұрған қарсылықтарын басып отыруды талап ететін, көп ұлтты,халқы тығыз орналасқан Түркістан өлкесі метрополия әкімшілігіне сақтықпен қарауды, ерте заманнан өңдеуге қолайлы жерлерге орналасқан, отырықшы егіншілермен санасуды талап етті.

XІX ғасырда 60-90 - жылдары патша үкіметінің Оңтүстік Қазақстандағы саяси билігін арттыру мақсатында жүргізген барлық саясаты, оның Орта Азиядағы әскери-стратегиялық жоспарына бағындырылды. Дүнгендердің көтерілісі, Құлжа мәселесі, ағылшын-орыс бақталастығы - мұның барлығы осы аудандарда өзінің позициясын нығайту қажет екендігін көрсетті.

Мұны жақсы түсінген патша үкіметі Қазақстанды отарлаудағы ең сенімді жол - Орталық Ресейден орыс шаруаларын қазақ жеріне қоныс аударту саясатына көшті. Мұндай жоспарды бастай отырып, ол өзара байланысты екі түрлі мақсатты көздеді. Ол, біріншіден, 1861 жылғы Ресейде крепостниктік құқты жою туралы Ереже жариялануынан кейінгі уақыттарда империяның өз ішінде қалыптасқан әлеуметтік шиеленісті бәсеңдету үшін орыс мұжықтарын отырлық тәуелділіктегі аймқтарға қоныс аударту болды. Себебі ірі латифундиялардың помещиктер қоластына шоғырлануы салдарынан миллиондаған шаруалардың отбасын асырап отырған жерлері азайып, ондай шаруалар көп жағдайда жерсізденіп қалған болатын. Екіншіден, қоныс аударушы орыс және басқа да еуропалық нәсілдегі шаруаларды жаңадан жаулап алған Түркістан аймағына орналастыру арқылы оларды бұл өлкеде өзінің әлеуметтік-саяси тірегіне айналдыру еді.

Оңтүстік Қазақстан территориясына орыс мұжықтарының алғашқы легі келгенге дейін патша әкімшілігі қазақ даласын әскери-казак-орыстардың отарлауымен шектеді. Түркістан өлкесінде казак-орыстардың тұрақтары Жетісу облысында ғана пайда болып, оның тұрғындарының саны уақыт өткен сайын өсіп отырды. Ал басқа облыстарда казактар өлкені патша әскерлері толық жаулап алған 1865 жылға дейін салынған қамалдарда ғана тұрды.

Жетісу казак әскері 1867 жылы Сібір казактық әскери базасы негізінде пайда болды. Қазан революциясына дейінгі 50 жыл ішінде казак әскерлері өлкені отарлауда метрополяның екпінді күші ролін атқарды.

Жетісу казачествосының тарихшысы Н.В.Леденев қазақ даласы мен Орта Азияны отарлауда әскери қызметке жарамсыз шаруалар арқылы ғана отарлау мүмкін емес еді деп жазды. “Мұнда,- деді ол,- кез-келген уақытта тойтарыс бере алатын әскер-егінші қажет” және де бұл талапқа Сібір казагы жауап бере алды. Жат өлкеде “...тек қана өнегелі және физикалық еңбекпен шыныққан қатқыл, жаңа жерлерде жарқын болашақ туралы тынымсыз арманмен еліккен өз еркімен келгендер ғана оларға артылған міндетті орындап шыға алады” /76/.

Облысқа орыстардың енуі 1831 жылы Жетісуға таяу жерде Сібір гарнизоны орналасқан Аягөз приказдығының құрылыуымен басталған еді. Казак отрядтары өздері орналасқан маңдағы аймақтарды барлауға, мұндағы қазақтарды патшаға ант беруге шақыруға, және олармен жан-жақты қатынас орнату үшін үнемі жіберіліп отырылды.

1847 жылы жүз басы Абакумов 200 казакпен бірге Қапал өзені бойында жаңа қамал - Қапалдың негізін қалады. Аягөз бен Қапал қамалдары аралығында жолды күзету мақсатында 12 бекет салынды. Осы кезден бастап, Қапалға 9-Сібір полкі казактары келіп, қамал маңындағы станицаны негіздеді. Патша әскерлерінің Жетісудағы жылжуының келесі нысанасы Іле өзені бойы болды. Орыс әскерлері ілгері жылжи отырып, мұндағы өздеріне қарсы шыққан қазақ ауылдарын қатыгездікпен талқандап отырды. 1853 жылы Қапалдан бүкіл Іле өлкесін жаулап алу мақсатымен арнайы экспедиция шығып, маусым-тамыз айларында өлкеде тірек орталығын салуға қолайлы жер іздестірілді. Қамал тұрғызу үшін суы мол, жері құнарлы, құрылыс жүргізуге қажетті қалың орманды Үлкен және Кіші Алматы өзендері аралығындағы кең дала таңдалып, мұнда 1854 жылы Заилийское деп аталған бекініс салынды. Ал келесі жылы бұл елді мекен Верный форты деген атпен өзгертілді. Қамалға таяу жерге Іле өлкесіндегі алғашқы орыс поселкесі болып табылатын Алматы казак станицасының негізі де осы жылы қаланды. 1856 жылы мұнда тағы да 139 казак және 200 шаруа отбасы Томбы және Тобыл губернияларынан, Воронеж губерниясынан 242 шаруа отбасы келіп қоныстанды. Талғар, Есік, Қаскелен және Шамалған өзендері бойында да жаңа казак және шаруа поселкелері пайда бола бастады.

1855 - 1860 жылдар аралығы жаңа Іле өлкесін игеру кезеңі болды. Бұл уақыт аралығында жаңа бекіністер, поселкелер, байланыс жолдары салынды. Бұл патшалық Ресейдің, казактар мен олардың соңынан ерген шаруаларға сүйене отырып, бүкіл қазақтың жер жаннаты болып табылатын Жетісуға аяғын нық басып тіреген кезеңі еді.

Империя шекарасы оңтүстікке: Лепсіден Ілеге, одан соң Шу өзеніне қарай жылжи берді. 1855 жылы Үржар және Лепсі станицалары, көктемге қарай Талғар өзені бойында Софийская станицасы құрылды. 1858-1860 жылдары Наджинская, Любавинская, Көксу, Сарқан, Қаскелен, Арасан, Қарабұлақ және тағы басқа да станицалар салынды /77/.

Осылайша, арнайы бұйрықпен және жеребе бойынша Жетісу облысының Солтүстік бөлігіне келіп орналасқан Сібір казактары өлкенің алғашқы отарлаушылары болды. Казактар мұнда басқа да өлкедегілер сияқты, 1861 жылы азамат Евдокимовтың атына берілген Император ІІ-Александрдың рескриптында (өкімінде) көрсетілгендей өздерінің “тарихи миссиясын” орындады. Онда: “Казак сословиесі, мемлекеттік өмірде, дұшпандық пиғылда және жайсыз орналасқан тайпалардан империяның шекараларын қорғауға, сондай-ақ олардың жерлерін тартып алып орналасу мақсатында тағайындалған. Әрине, біздің шептеріміздің алдында қоныс аудару қиындықсыз мүмкін емес. Алайда, бұл қоныс аудару Отан игілігіне адал берілген азаматтардың өз жанын құрбандыққа шалуы болып табылады” /78/ - делінген еді. Дегенмен, бұйрықпен келген отарлаушы-казактар азшылық болғандықтан, жоғарыда баяндағанымыздай, 1854 жылдан Жетісуға Сібірден жер аударып барған қоныстанушылардың “жақсы тәртібімен” көзге түскендері және әртүрлі феодалдық салықтарды өтей алмаған “жөнге келмейтін” шаруалар қоныс аударып келе бастады. 50-жылдардың соңына қарай келімсектердің қатарын Еуропалық Ресейден келіп казактық сословиеге тіркелген орыс шаруалары толықтырып отырды. Бұл жөнінде Телжан Шонанұлы былай дейді: “Үкімет әуелі, қылмысты болып, жазаға бұйрылып, Ресейге зияннан басқа пайда тигізбейді деп түсінген шіріген жұмыртқаға есептелген адамдарды қазақ даласына орнықтыруға ұмтылды. Өлім жазасына кесілген және саяси өлімге арналғандарды жіберді. Екінші, тіпті салық төлемей шаруашылық күші үзіліп, Ресейге пайда келтіруден қалған мұжықтарды көшірді. Бұларды атты казак қылып жазды. Үшіншіден, бұрыннан басы бос жауынгер атты казактарды орналастырды, жауынгерлігінің үстіне казак-орыс бұрыннан қазақпен соғысып үйренген” /79/.

Жаңа жерлерде орнығу үшін үкімет оларға бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар берді. Мысалыға, 1859 жылы Томбы губерниясынан келген 300 отбасына 55 сомдық күміс ақша бөлді, азық-түлік үлесін тағайындады, әр түрлі салықтардан босатып, 30 десятинадан жер бөліп берді /80/. Мұндай жағдайлар өлкеге әртүрлі дұшпандық пиғылдағы элементтердің көңіл аударуына мүмкіндік туғызды. Нәтижесінде 1867 жылға дейін Жетісуда құрылған 14 казак поселкелері мен станицаларында 14648 адам өмір сүрді. Келімсектер мұндағы қазақтардың өңделген ең құнарлы егіс алқаптарын, су жүйелерін, мал жайлымдарын тартып алып, халқымыздың дәстүрлі мал және егін шаруашылығының дамуына орасан зор нұқсан келтірді. Бұл жағдайды тіпті патша шенеуніктерінің өздері сол кездің өзінде-ақ мойындауға мәжбүр болды. Жетісу казак әскерінің басшысы, генерал майор Г.А.Колпаковский Түркістан генерал-губернаторына жазған ресми хатында: “Жетісу облысында орналасқан алғашқы қоныстанушылар арнайы шақырумен және жеребемен келгендер еді. Мұнда, үйсіз-күйсіздер, күдік тудыратын саяси сенімсіз, өз еңбегінің жемісіне емес, үкімет тарапынан берілетін жәрдем ақшаға, қырғыздардың (қазақтардың - Л.Д.) егістік жерлері мен дайын су жүйелеріне сенген адамдар келді” /81/ - деп жазды. Хатта казактардың жеке бастарына да мінездеме беріп, оларды “зерек және түсінігі бар”, сонымен бірге олардың “азғындық, араққорлық, дөрекілік, жалқаулық, шаруашылыққа селқостықпен қарау” сияқты жаман әдеттеріне ерекше тоқталып өткен. Осы хатта көрсетілгендей, казак-орыстар қазақтардың шаруашылығының дамуын тежеп қана қоймай, сонымен бірге үкімет тарапынан берген түрлі артықшылықтарға сүйеніп, қазақ жұртына зорлық-зомбылықтар жасап отырған /82/. Ресейдің Орта Азиядағы отарлау саясаты бойынша белгілі маман М.А.Терентьевтің дәл атап көрсеткеніндей, казактар қазақ жері табиғатына немқұрайлы қарап, ормандарды ысырапсыз пайдаланып, біразын жоқ етті, жергілікті халықтан тартып алған егіншілікке жарамды жерлерді аз уақыт пайдаланып, тастап, жаңа жерлерге кетіп жатты /83/. Сол кездегі баспа беттерінде де казактардың барлық жеңілдіктерді қолдана отырып, өздеріне берілген жерлерді өңдеудің орнына, жерлер тартып алынған, шаруашылығы күйзелген қазақтарға жалға жер беріп, пайда тауып жатқандығы жайлы мақалалар жарық көрді /84/.

Сонымен қатар архивтік құжаттар мұнда ертеден мекендеген тұрғындарды ығыстыру нәтижесінде иеленген үлкен құнарлы аудандарды игеруге келгенде казактар көп жағдайда жоғары егіншілік мәдениетін таныта алмағандығын дәлелдейді. XІX ғасырдың 70-жылдары Жетісудағы патша әкімшілігі облыста тұратын казак-орыстардың шектен тыс жер иеленіп отырғандығын, ал ол жерлердің игерусіз екендігіне алаңдаушылық білдірді. Сондықтан да 1875-жылы казак-орыстарының иелігіндегі 214511 десятина жерді алып, оның 7529 десятинасын қалаларға және 260983 десятинасын қазақтарға қайтарған, мұнымен бірге, қазақтар бұрын өз еріктерінен казактар пайдасына тартып алынған жайылым жерлердің бір қатарында малдарын жаюға рұқсат алған /85/. Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы К.П. Кауфман бұдан кейінгі уақытта Жетісуда қазақтық отарлау процесін тежеу қажет деп санады. Ол егін егуге, шаруашылықты дамытуға барлық жағдайлар жасалынған казактардың 22376 десятина өңделген жерді меншіктей отырып, 8 жылдан соң осы жердің тек 1526 десятинасында ғана егін еккендіктерін өзінің қызметі жөніндегі есебінде баяндады /86/.

Генералдың бұл ойын Жетісу облысы әкімшілігі қолдап, өз кезегінде, өлкенің ауыл шаруашылығын, сауда қызметін, өндірісін дамыту үшін казак-орыстарға қарағанда жерді аз мөлшерде талап ететін, егін егуде тәжірибелі орыс шаруаларын бұл аймаққа қоныстандыру тиімдірек деп санады /87/.

Осындай қалыптасқан жағдайда патша үкіметі, өлкеде өздерінің үстемдігін нығайту мақсатында, Батыс Сібір генерал-губернаторы Дюгамельдің әскери министрлікке жазған пікіріндегідей, ең баянды және тіпті нағыз жол - орыстардың егінші мұжықтарын жаңа жаулап алынған жерлерге қоныс аударту болып табылатынын жақсы түсінді /88/.

Жалпы патша үкіметінің XІX ғ. соңы - ХХ ғ.басында Оңтүстік Қазақстанда жүргізген қоныс аудару саясатын әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаты жағынан өзгешелінетін 4 кезеңге бөліп қарауға болады.

Бірінші кезең (1867-1897 ж.) - бұл уақытта үкімет қоныс аударудың кең өріс алуына жан-жақты қолдау көрсеткен жоқ. Осы кезеңдегі патша әкімшілігінің басты міндеті, жаңа жаулап алынған территорияларды, өлкеге келген қоныс аударушы шаруаларға әр түрлі жеңілдіктер беріп орналастыру арқылы бекіту еді.

Екінші кезеңде (1897-1905 ж.) Қазақстанға өз еркімен келген шаруалардың отарлауы күшейді. Ресейдің Орталық аудандарында шаруалар қозғалысы өрістеуі себебінен үкімет қоныс аудару қозғалысын қолдауға мәжбүр болды.

Үшінші кезең (1906-1911 ж.) елде 1905 -1907 жылдардағы революция мен Столыпиннің аграрлық реформасынан кейін қалыптасқан жағдайға байланысты, “мазасыз” шаруаларды Еуропалық Ресейден шет аймақтарға жоспарлы түрде көшіруімен сипатталады. Үкіметтің ойы бойынша қоныс аудару Орталық Ресейдегі жерге деген мұқтаждықты жойып, соның нәтижесінде революциялық қозғалысты әлсіретуге ықпал жасауға тиіс еді.

Төртінші кезең 1910 жылғы 19 желтоқсанда қабылданған заңнан соң басталды. Онда Түркістанды генерал-губернаторлығын басқару туралы ереженің 270-бабына енгізілген қосымшада: “көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер мемлекеттік мүлік министрлігінің басқаруына өтеді” делінген еді. Яғни, қазақтар иелігіндегі жерлерді қоныс аудару мекемелерінің ашық түрде тонауы заң жүзінде бекітілді. Бұл “жаңа бағыт” деп аталынатын, Түркістанда “мықты” шаруашылықтарды құру кезеңі болды. Осы кезең қазақ жерлерін күшпен тартып алудың күшейуімен, шаруалар қобалжуларының көбейуімен сипатталады.

Қоныс аудару қозғалысының алғашқы кезеңінде помещиктер арзан жұмыс күшінен айырылып қалудан қауіптеніп, шаруалардың шет аймақтарға көшуіне әр түрлі кедергілер қоюмен болды. Қоныс аударуға тек қана арнайы рұқсат қағазы барлар және үкімет тарапынан жеңілдіктер мен көмек ақша алғандар ғана бара алатын болды.

Патша әкімшілігі қоныс аударылып келген шаруалар өлкеде орыстандыру саясатын жүргізіп, отарлаушы әскерлерді толықтырудың негізі болады деп сенді.

Бұл пікірді Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы фон Кауфман қолдай отырып: “Өлкеде орналастырылатын орыс қоныстары кең тарап, өзара тікелей байланыс орнатқан жағдайда ғана олар нағыз маңызға ие болып, үлкен күшке айнала алады. Осы негізге сүйеніп, облыста жаңадан құрылып жатқан орыс селоларын қазақ қоныстарымен және қалалармен біріктіріп, мүмкіндігінше отырықшы селолардың біртұтас жүйесі бола алатындай етіп орналастыру қажет,” /89/ - деп жазды.

XІX ғасырдың 60-жылдары соңына қарай келген орыс, украин, белорус шаруаларын Оңтүстік Қазақстанға қоныстандыру Жетісу облысынан басталып, кейінірек одан өзгеше түрде Сырдария облысына тарады.

Генерал-губернатор фон Кауфманның нұсқауымен Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковский облысты орыс шаруалары арқылы отарлаудың жоспарын жасап шықты. Онда Жетісудың 5 уезінде жалпы саны 1345 отбасы болатын 33 поселке, бұдан бөлек 47 жол бекетінің әрқайсысында 10 отбасынан тұратын поселкелерде 470 отбасын орналастыру көзделді /90/.

Г.А.Колпаковский бұл ойын баяндай отырып: “Жоспарда көрсетілген поселкелер орналасу тиіс жерлерде, қазіргі уақытта казактардың егістік алқабы немесе қыстаулары, кең көлемде жайылып орналасқан суландыру жүйелері бар. Егер осы жерлердің барлығы мемлекет меншігінде болғанда өкімет ешқандай кедергісіз-ақ казактардың пайдалануынан алып қоя алатын еді” /91/ - дейді. Шындығында, жоғарыда баяндағанымыздай, бұл уақытта Жетісу облысы әкімшілігі басшылыққа алатын 1861 жылғы “Уақытша Ережеде” жерге мемлекеттік көзқарас анықталмаған болатын /92/. Сондықтанда Г.А.Колпаковский қазақтардың жерін тәркілеу үшін заңдық негізді қазақ жерлері мемлекет меншігі деп жариялаған 1861 жылғы “Орал, торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі уақытша ережені” басшылыққа алды /93/. Алайда генерал Колпаковский жерінен айырылған қазақтардың наразылығының өсуі Орта Азия шекараларында саяси қиындық туғызады деп қауіптенді. Сондықтан өзі жазған “Жетісу облысында шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша ережеде” бұл мәселеге сақтықпен қарап, жері орыс шаруаларына тартып алынған қазақтарға сондай көлемде басқа территориядан “сыйға” жер берілсін” /94/ деді. Бірақ Колпаковскийдің бұл ойына Ташкенттегі штаб бастығы қарсы шығып, ескерту хат жазып, онда былай дейді: “Күндердің күнінде, өзімізге, біздің ісіміз-бірінші кезекте орыстық, ұлттық орыс-мүддесі, қазақтар мекендеген жерлер олардың меншігі емес мемлекеттік екендігін мойындауымыз керек. Отырықшы орыстар қазақтарды өлкеден ығыстырып шығаруы немесе түгел көшіріп жіберулері қажет. Ашығын айтқанда, отырықшы тұрмыс салтына және егін шаруашылығына қолайлы жерлерден олар, жарамсыз жерлерге ығыстырылады. Бұл біздің орыс шаруаларын қоныс аудару саясатын дамыту үшін өте қажет” /95/.

Хатта империя шенеунігі патшалық Ресейдің Түркістандағы “тарихи миссиясының” шын мәнін, яғни отарлаудың нағыз өзі екендігін ешқандай бүкпесіз баяндаған. Өлкеде өздеріне саяси -әлеуметтік тірек жасау мақсатында қазақтардың ата-мекен жерінен таулы-тасты, тұзды, шөл жерлерге көшіруде қолданған шаралар шектен шыққан сорақы, терең шовинистік саясат болды. Бұл жолға өздерінің барлық іс-шараларын бағыттады.

1869-жылы генерал Колпаковский жасап, генерал-губернатор Кауфман бекіткен ережеде орыс мұжықтарының жағдайын жеңілдетуді көздеген бірсыпыра шаралар белгіленді: әрбір ер адам басына 30 десятинадан жер берілді, қоныстанушылар 15 жыл мерзімге салықтардан және рекурдтық (әскери) міндеткерліктен босатылды; мұқтаж отбасыларына 100 сомға дейін қарыз ақша берілді /96/.

Кауфман-Колпаковский жоспары 1882-жылы асыра орындалды. Сол жылғы “Жетісу облысына шолу” жинағында жоспарланған 1375 отбасының орнына 1718 отбасы қоныс тепкендігін, олардың мүшелерінің 7398-і ерлер, 6219-ы әйелдер екендігі жазылған /97/. Бұл есепке демалысқа шыққан төменгі шендегі қоныс аударушылардың 152 отбасы мен 2041 казактар саны кірмегеннің өзінде облысқа келген келімсектердің аз ғана уақытта осындай көлемде келуі патша әкімшілігінің Жетісу өңірін отарлауды аса күшті қарқынмен жүргізгендігін көрсетеді.

Бұдан кейінгі жылдары да Жетісу облысына орыс шаруаларының келіп қоныстануы толастамады. Ресей помещиктерінің арзан жұмыс күшінен айырылып қалу қаупінен қорқып, жаппай қоныс аударуға қарсы болғанына қарамастан көшіп келе берді. Ресей шаруалары тұрмыс жағдайының ауырлығы соншалық, қоныс аудару қозғалысындағы мұндай екпінді тоқтату мүмкін болмады.

“Әрбір көктем сайын Орал жоталарынан асып, - деп жазды елдегі қоныс аудару қозалысының тарихын революцияға дейін зерттеген И.Гейер, - бірде ат, бірде өгіз жеккен арбалар ұзыннан ұзақ шұбырып жататын. Мұндай арбалы керуендерді жан-жағынан шаршап-шалдыққан, шаңға бөгіп, күнге күйген қалың топ қоршап келе жатады, ал кенеп пен жөке жабылған жаппалардың тесіктерінен толып жатқан “көгілдір”, “көкшіл”, “тұз” көздер сығалайды, бұл келе жатқандар - қоныс аударушылардың қырық қырау армиясы. Оларды алыста өгей ана болып қалған туған жерлерінен әлде бір жерде, сонау алыста орыс деревнясының тұрғыны білетін тар көкжиектен әрі жатқан беймағлұм елде ұшы қиырсыз кең дала, ертегілерде ғана айтылатын мол астық туралы сыбыстар еліктіре, ентелетіп келе жатыр. Туған жердің күннен күнге асқына түскен қатал экологиялық жағдайы мен дәрменсіз күресте қалжырап, өз семьясының бүкіл қажетіне жететіндей астықты әйтеуір бір алу жөніндегі үмітін үзіп, асыраушы жердің іске жарайтын қыртысын табандары тозғанша қопарып, олар ет жүрегі елжірей қоймаса да, ескі күл - қоқыс орындарын тастап, еркін жер, арзан нан іздеп жолға шықты” /98/.

Азып тозған шаруалар жол-жөнекей адам айтқысыз қиыншылықтарды бастан кешірсе де, бұл оларға бөгет бола алмады. Қоныс аудару дегеніміз “шыныдығында байырғы Ресейден Орал тауы жотасынан әрі қарай ағылған әлдебір орасан зор адам өзені. Суық түсісімен топ-топ болып тізбектеліп, теңіздердің арғы жағындағы жылы жаққа іркілмей, бет алатын жыл құстары сияқты, туған жерлерінде ашығып, қайыршыланған шаруалар да беймәлім өлкеде кеңшілік пен молшылық іздеуде” /99/, - деп суреттейді орыс, украин, белорус шаруаларының қоныс аударуы мәселесін зерттеген А.Глебов.

Жетісу облысы 1882-1895 - жылдар аралығында Дала генерал-губернаторлығы қарамағына қараған болатын. Сондықтан облыс 1891-жылғы “Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару туралы ереже” бойынша басқарылды. Ереженің 120-бабындағы 1-қосымшада: “Көшпелілер үшін артық болуы мүмкін жерлер мемлекеттік мүлік министрлігі қарамағына өтеді” - делінген еді. Яғни, бұл қазақтардың мекендеген, ата-бабасынан мұралыққа алған жерлерін, қажет болса тартып алып қоюға болады деген заң еді. Мұндай қосымша Сырдария облысын басқаруда басшылыққа алынатын 1886 жылы 12-маусымда қабылданған “Түркістан өлкесін басқару Ережесінде” болмады. Сондықтан да Сырдария облысына қарағанда Жетісуды ресейлік шаруалар арқылы отарлау әлде қайда нәтижелі болды.

XІX ғасырдың соңына қарай үкіметтің арнайы шақыруымен салыстырғанда өз еркімен қоныстанушылар саны көп еді. Профессор А.А.Кауфманның дерегіне қарағанда, олар, жалпы қоныс аударушылардың 60 - 85%-тін құраған /100/.

Генерал Кауфман өзінің жасаған жоспарының асыра орындалғанын, яғни өлкені казактық отарлаудан славян шаруалары арқылы отарлау мен алмастырып, олардың санының күннен күнге артуын үлкен жетістік деп санады. “Әрбір орыс адамы өлкеде Ресей империясының мықты тірегі болады” /101/ - деп сенді.

Кауфман-Колпаковский жоспары орындалғаннан кейін де қоныс аудару үлкен қарқынмен жүрді.

Патша әкімшілігінің XІХ ғасыр соңында Жетісу облысында жүргізген қоныс аудару саясатын қорыта айтатын болсақ, 1900 жылы облыста казак-орыстардың 11 станицасы мен 17 поселкесінде 30223 тұрғын өмір сүрді. Ал қоныс аударушы шаруалардың бірінші поселкесі 1867 жылы құрылып, 1869 ж. 2 поселке, 1870 ж.- 6, 1871 ж.-8, 1872 ж. - 4, 1874 ж.-3, 1877 - 1878 ж. және 1883 жылы бір-бір поселкеден, 1893 ж. 2 поселке құрылды. Осылайша, 1900 жыл 30 шаруа поселкесінде 39750 адам өмір сүрді /102/.

Қоныс аударушыларға арналған учаскелердің тапшылығынан 1897-жылы Жетісу облысы келімесектер үшін жабық деп жарияланғанымен бұдан кейінгі жылдары да өз еркімен қоныстанушылар легі толастамады.

Ал Түркістан өлкесіне қарасты Сырдария облысында қоныс аудару қозғалысы, жоғарыда айтқанымыздай, Жетісу облысына қарағанда кешірек басталды және одан әлде қайда баяу жүрді. Мұнда, бекіністердегі тұрақты армия солдаттарын есептемегенде казак-орыстардың поселкелері болмады /103/. 1866-жылы 16-маусымда Сырдария облысына орыс шаруаларын орналастыру мәселесі алғашқы рет күн тәртібіне қойылды. Ташкенттен нұсқау алған Түркістан облысы (бұл уақытта әлі облыс) оң жақ флангасының бастығы облысқа қарайтын әскери бекіністердің коменданттарына орыс шаруаларын өздерінің қарамағындағы жерлерге қоныстандыруға қалай қарайтындығын сұрап, теллеграмма жіберген еді. Бұл сұраққа тек қана Жүлек бекінісінің бастығы: “Қоныс аударушылардың 100 отбасына Жүлектің маңында бос жерлер жеткілікті” /104/- деп жауап берді. Ал басқа бекініс коменданттары бұл саясатқа қарсы екендігін білдірді. Мысалы, Перовск қамалының комендаты былай деп мәлімдеді: “Орыс шаруаларын орналастыру арқылы бұл жерлерді отарлаудың тіптен қажеті жоқ. Себебі бұл жерлердегі қазақтардың мал шаруашылығы да, егін шаруашылығы да жақсы дамыған. Олардың өнімдері жергілікті әскерлерді қамтамасыз етуге де, тамақтарын асырауға да жеткілікті. Егер бұл жерге орыс шаруаларын орналастырар болсақ, олар егін егудің орнына тиесілі жерлері мен ұрықтық дәндерін қазақтарға беріп, өнім жинағанда оның жартысын иеленетін болады. Барлық еңбекті қазақтар істеп, олар орыстардың қызметшісіне айналады” /105/. Осындай мазмұндағы жауап хат Әулиеата мен Шымкенттен де жіберілді. Мұндай мазмұндағы хаттардан біз тұрақты армия офицерлері Жетісудағы жағдай бұл аймақта қайталануынан қауіптеніп, үкіметтің қоныс аудару саясатына теріс көз қараста екендігін, жергілікті халықты өз жайлауларынан ығыстыру империя үшін де, жергілікті тұрғындар мүддесі үшін де зиян екендігін түсінгендігін көреміз. Олар егерде орыс шаруаларын қоныстандыру қажет болса, онда тек бос жатқан жерлерде ғана орналастыру мүмкін” /106/ - деп жазды.

Бірақ бекініс комендаттарының бұл ойын патшалық Ресей әкімшілігі қолдамады. 1867-жылы генерал Кауфманның Түркістан генерал-губернаторлығы қызметіне келуімен өлкені отарлау тіптен басқа бағытта жүргізілді. Осы жылдың шілде айында поручик Маев Кауфманға өзінің әскери-саяси мақсатта жазылған Сырдария облысын Ресей шаруалары арқылы отарлау жоспарын ұсынды. Маев, отставкадағы солдаттарды шаруалармен араластырып, Ор мен Ташкент қалалары арасында, одан соң Шымкент және басқа қалалар аралығында бір-бірімен жалғасып жатқан, Жетісу облысындағы казак-орыс поселкелері сияқты, орналастыру қажет деді. Ол, басым көпшілігі отырықшы тұрмыста өмір сүріп, Орта Азия мемлекеттерімен шектесіп жатқан көп ұлтты Түркістан өлкесінде саяси жағдайдың шиеленісіп кетуінен қауіптенді. Сондықтан Жетісуда патша үкіметінің әскери тірегі болып отырған казактар сияқты, мұнда қаруланған солдаттар мен шаруаларды араластырып, бір-бірімен байланысып тұратындай жол бойында орналастырған жағдайда ғана поселкелер империяның күшті саяси тірегі бола алады деп баяндады /107/.

Маевтың бұл стратегиялық жоспары Түркістан әкімшілігінің қоныс аудару мәселесіндегі бағдарламаға айналды.

Дәл осы уақытта, нәтижесі бізге белгілі Түркістан өлкесін басқару туралы Ереже жасалынып жатқан еді. Бұл туралы 1910 жылы Түркістанда тексеру жүргізген Н.Гаврилов былай дейді: “Көшпенділер орналасқан болыстарда ереже бойынша (270-бапта) барлық жерлер көшпенді қазақтардың пайдалануына берілген еді және заңда олар қолданбайтын, мал жаюға қажеті жоқ бос жерлерді алу туралы ештеңе айтылмады” /108/. Патша шенеунігі баяндаған қазақ шаруаларына “қажет емес” жерлер шындығына келгенде жоқ еді. Ал, егер де бар болса, ол жерлерді көшпенділер тұрмысына зиянын тигізбей алу мүмкін емес еді /109/. Ол үшін, яғни егіншілікке қолайлы жерлерде қоныс аударушыларды орналастыру үшін, мемлекетке өте қымбатқа түсетін суландыру жүйелерін жүргізу қажет болды” /110/. Бірақ бұл жұмыстарды жүзеге асыруға патша үкіметі ешқандай қаржы бөлмеді. Осылайша, екі жол - Сырдария облысында мекендеген қазақ жерлерін күшпен тартып алу немесе жергілікті халықтан жерді жалға алу ғана қалды. Бұл облыста орналасқан өзбек, татар және т.б. ұлт өкілдері отырықшы егіншілер деп саналды. 1873 ж. генерал Кауфман ұсынып, 1877 ж. бекітілген заң бойынша отырықшы егіншілер мекендеген жерлер олардың жеке меншігіне берілген болатын /111/. Сондықтан да патша үкіметінің қоныс аудару саясатының бірден-бір құрбаны, көшіп қонып отырған жерлері мемлекет меншігі деп саналатын көшпенді қазақтар болды /112/.

1910 ж. 19 желтоқсанда “Түркістан өлкесін басқару туралы Ереженің” 270-бабына көшпенділердің жерін мемлекет меншігіне алу туралы қосымша енгізілгенге дейін Сырдария облысын отарлау Жетісуға қарағанда өзгеше түрде жүргізілді. Қоныс аударушыларға жерлер қазақ тұрғындарымен, ауылдарда үстемдік ететін әлеуметтік топтармен келісім жүргізу арқылы жалға алынды. Бұл жөнінде Н.Гаврилов: “Әр бір поселкені құру үшін орыстар көшпенділермен келісімге келулері қажет болды. Ал кейбір жағдайда алатын жерін ақшаға сатып алды” /113/- деді. Сол үшін жергілікті әкімшілік орыс шаруаларына мемлекеттік қазынадан арнайы ссуда бөлді /114/. Мұнда, жердің құнына, тек арықтардың бағасы және осында орналасқан құрылыстарды бұзуға жұмсалған шығын ғана кірді. Заң жүзінде жерді сатуға немесе сатып алуға тыйым салынғанмен, іс жүзінде бұл процесті Түркістан әкімшілігі қолдады. Мұнымен бірге, қоныс аударушылардың өздері де қазақ байларына жасырын пара беру арқылы өз дегендеріне көндіріп отырды. Бұл жөнінде 1912 жылы Түркістанда болған жерге орналастыру және егіншілік Басқармасының Бастығы Кривашеин былай дейді: “Алғашқы құрылған поселкелердің басқасының барлығы өз бетімен келген шаруалардың қолдарымен жасалды. Олар Сырдария облысының солтүстік уездеріне келіп, қазақтармен жерлерін жалға немесе сатып алу туралы “заңсыз” шарттар жасады” /115/.

Патша әкімшілігінің қоныс аударуға деген қатынасы елдегі нақты жағдайларға байланысты өзгеріп отырды. Алғашқыда 1861 жылғы реформадан кейін помещиктер арзан жұмыс күшінен айырылып қалудан қорқып, қоныс аудару қозғалысына әр түрлі кедергілер жасап отырды. Деревняларда әлеуметтік жіктелу күшейіп, жерсіз шаруалардың көбеюі үкіметті еркін қоныс аудару туралы заңды шығаруды талап етті.

Сырдария облысында орыс шаруаларын қоныстандыру Маевтың жоспарында көрсетілгендей Орынбор-Ташкент даңғыл жолы бойында орналасуы тиіс болған поселкелер бұл аудандарда аз мөлшерде ғана салынды. Осы жол бойында орналасқан Сырдария облысына қарасты Перовск уезінде 1882 жылы 2 поселке, 90-жылдары тағы 2 поселке құрылса, Қазалы уезінде орыс селолары мүлдем болмады. Себебі, бұл уездерде егін шаруашылығына қолайлы құнарлы жерлер аз еді /116/. Қоныс аударып келген Еуропалық Ресей шаруалары су жүйелері жүргізілген, суы мол, жері құнарлы Шымкент және Әулиеата уездеріне - Талас Алатауына қарай ағылды.

Бұл жерде бір айта кететін нәрсе, облысқа келген қоныс аударушылардың саны 1891 жылдан кейін артты - оған дейін 20 поселке құрылып, онда не бәрі 7702 адам ғана өмір сүрді. Ал 1891 жылдан бастап бұл көрсеткіш бүтіндей өзгерді. 1891-1892 жылдардағы Ресейде орын алған ашаршылық салдарынан бұған дейін де өлкеге келе бастаған өз еркімен қоныстанушылардың стихиялы қоныс аударуы үдей түсті. Осы жылдары 22 жаңа село пайда болды. Жаңадан келушілердің көпшілігі бүрынғы поселкелерде орын тепті. 1895 жылы облыста 45 орыс поселкесінде 15330 адам өмір сүрді /117/, ал 1900 жылы - 48 поселкеде 20 мың тұрғын болды.

Сырдария облысында ең бірінші орыс поселкесі Әулиеата уезінде Верный-Ташкент даңғыл жолы бойында Қара Балта деген атпен құрылды. 1875-1876 жылдары Михайловка, Чалдовар, 1877 ж. Дмитриевка поселкелері пайда болды. 80-жылдары бұл жерде 8 поселке, 90-жылдары 9 поселке құрылып, 1901 жылы барлығы 1586 қожалық орналасқан 23 поселке салынды /118/.

Шымкент уезінде негізінен 1887-1897 жылдар аралығында құрылған 18 поселкеде 1901-жылы 1007 қожалық өмір сүрді /119/. Бұл уезде орыс селолары көп жағдайда почта даңғыл жолы бойында- Шымкент-Верный және Шымкент-Орынбор бағытында орналасты /120/.

1886-1896 жылдар аралығында облыстағы орыс поселкелерінің саны 8-ден 45-ке дейін жетіп, орыс шаруаларының жалпы саны 10 жыл ішінде 1255-тен 1600-ге дейін өсті.

Сырдария облысына қарасты, негізінен қазақ болыстарынан тұратын Ташкент уезінде XІX ғ. соңында пайда болған 10 поселке суландыру жүйелерімен байланысты болды. Алғашқы поселке 1881 жылы Ташкентке таяу жерде Никольск деген атпен пайда болды. Бұдан соң Троиск селосы 1886 жылы құрылып, 4140 десятина суландыру жүйелері бар жердің 1340 десятинасы поселкелер қарамағына беріліп, қалған бөлігі канал құрылысына қатысқан жергілікті тұрғындар иелігінде қалдырылды.

1892 жылы Ташкент уезінде 6 поселке құрылып, оның үшеуі (Черняев, Кауфман және Саратов губерниясының немістері орналасқан Константиновское) Орынбор даңғыл жолы бойына салынды.

Қоныс аудару мәселесімен тек жергілікті әкімшілік қана айналысты. Облыс басшысы жоғарғы бақылаушы билігін алып, жергілікті жерлерді - уезд бастықтары басқарды. Олар өздеріне берілген билікті пайдаланып, заң бойынша ешқандай рұқсат қағазынсыз өлкеге көшіп келген қоныс аударушыларды өз еліне қайтарып жіберудің орнына, оларды өз мақсаттары үшін пайдалана білді. Өз еркімен келушілерге жергілікті халықтың жерін тартып алып беруден тайынбады. Жерінен айырылған қазақ шаруаларының қайда барып күн көретіндігі оларды алаңдатпады да /121/. 1891-1892 жылдары Ресейдегі ашаршылық салдарынан орын алған стихиялы қоныс аудару кезінде, орыс шаруаларына көмек көрсету үшін Шымкент, Түркістан, Қазалы, Перовск, Әулиеата қалаларында уақытша комитеттер құрылды. Әскери министр арқылы қазынадан мұжықтарға қырық бір мың сом жәрдем ақша алынды. Бұл қаражат үй жайларды жалға алуға, азық-түлік және дәрі-дәрмекке, еңбек малдары мен тұқымдық дәндерді, ауыл шаруашылығына қажетті құрал саймандарды сатып алуға жұмсалды.

Қоныстандырудың алғашқы кезеңінен 90-жылдарға дейін қоныс аударушылардың көпшілігі орта шаруалар болды. 1891-1892 жылдардағы Орталық Ресейде орын алған ашаршылықтан соң қоныстанушылардың басым бөлігін кедей шаруалар құрды.

Түркістан генерал-губернаторы кеңсесінен әскери министрлікке 1891 жылығы 8-қарашада жолданған хабарламада: “Биылғы империяның ішкі губернияларында егіннің шықпай қалуына байланысты Түркістан өлкесіне 1000 отбасы келді (5000 жан) және 1300 отбасы келеді деп күтілуде. Бұл қоныс аударушылардың көпшілігінің жағдайы өте нашар. Олардың тіпті тұратын қоныс алуға және егін егуге де шамалары келмейді” /122/- делінді.

90-жылдары Түркістан өлкесінің әкімшілігі артық жердің жоқтығына байланысты жылдан жылға артып жатқан шаруалардың көшіп келу ағынын тоқтатуын сұрап, үкіметке хаттар жолдаумен болды /123/.

XІX ғасырдың соңғы ширегінде Орта Азияға қоныс аударушылар негізінен Ресейдің Астрахань, Харьков, Воронеж, Самара, Орынбор, Саратов, Тобыл, Ставрополь, Курск, Пенза, Симбирск губернияларынан келді.

Қоныстанушылардың негізгі бөлігі жері өте құнарлы болып келген Ташкент-Верный даңғыл жолы бойында орналасты. Пайда болған поселкелер, Маев-Кауфман жоспарына сәйкес, әскери-полициялық тірек пункттері есебінде бағаланды. Сырдария облысы әскери губернаторы 1891 жылғы есебінде: “Жергілікті тұрғындар қыстауларының ортасында пайда болған орыс селолары әскери жағдай туа қалғанда үлкен маңызға ие болады. Жалпы алғанда поселкелерді маңызды жергілікті қыстауларды қоршай орналастыру пайдалырақ болар еді. Бұл мәселеде бірінші кезекте Ташкент қаласы тұруы қажет” /124/ - деп баяндады.

Осылайша, стихиялы жүрген қоныс аудару қозғалысын патша әкімшілігі өздерінің әскери агрессиялық мақсатына бағындыруға тырысты.

Патша үкіметінің XІX ғасырдың соңында жүгізген қоныс аудару саясатына қорытынды жасайтын болсақ, бірінші кезекте, орыс шаруалары арқылы өлкені отарлаудың негізінде әскери-стратегиялық, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық мақсат мүдде жатқандығын, және осының нәтижесінде жаулап алынған территорияларда қоныстанушылар арқылы империя әкімшілігі мықты сүйеніш жасағандығын айту қажет.

Самодержавиенің қоныс аудару саясатын бос жатқан кең байтақ жерлерді игеру мақсатында емес, оған қарама-қарсы, жергілікті халықты игерген, өңдеген жерлерінен ығыстыру негізінде жүргізілді. Орта Азияны жаулап алған уақыттың алғашқы кезеңінде өлкеге қоныс аударушылар аз мөлшерде тек шақырумен келген болса, 1886 жылдан бастап, мұнда өз бетімен қоныстанушылардың стихиялы көшіп келуі үдей түсті. Олардың көпшілігі ауқатты, тұрмысты шаруалар емес, керісінше өз елінде әбден азып-тозғандар болатын. Қоныстанушылардың басым көпшілігі Түркістан генерал-губернатор-лығының далалы облыстарына (Жетісу және Сырдария), яғни көшпенділер орналасқан жерлерге - олардың жерлерін жалға немесе тартып алып орнықты. XІX ғасырдың ортасынан 1906 жылға дейін қоныс аударушылар қорына Жетісу облысынан 752197 десятина, ал Сырдария облысынан 159561 десятина жер алынды /125/.

Осылайша, Еуропалық Ресей мен Сібірден келген славян шаруаларының қоныс аударуынан Түркістан өлкесінің байырғы облыстары саналатын Самарқан, Ферғана, Закаспий облыстарында орналасқан отырықшы егіншілерге қарағанда, қазақ халқы көбірек зиян шекті. Мұндағы егін шаруашылығына жарамды жерлердің барлығы дерлік игеріліп, XІX ғасырдың соңында өлке қоныс аударушылардың келуі үшін жабық деп жарияланды. Бірақ бұл нұсқауға қарамастан, өз еркімен қоныс аударушылардың үлкен толқыны ағыны толастамады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет