Оқулық Астана, 2012 Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі



бет73/97
Дата07.02.2022
өлшемі0,54 Mb.
#95538
түріОқулық
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   97
Байланысты:
umkdfile(78615) (1)



Очерк
Баспасөздегі очерк. Очерктің көркемдік сипаты. Очерк – көркем әдебиет пен публицистиканың күрделі, әрі көп қырлы жанры. Очерктің көркемдігі - оның публицистикалық әсерлілігінің қажетті шарты деген пікір бүгінгі таңда қисындық тұрғыдан негізінен мойындалған. Алайда, мерзімді басылымдардағы очерк жанрының қалпы бұл қағиданың орнығуына әлі де болса жеткіліксіз тұстардың бар екендігін байқалады. Очерктің анық публицистикалық белгілері және публицистикалық бағытымен қоса, ол көркем әдебиеттің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Түптеп келгенде, очерк - шындықты саяси-әлеуметтік зерделеу тұрғысынан қорытатын жанр. “Очерк – көркем әдебиеттің бір саласы. Онда шығарма негізі – күнделікті деректі материал, нақты адамдардың әрекеті” [4,368-б],- дейді профессор Т.Нұртазин. Оқырман очеркті оқып отырып, одан адамдардың аты-жөнін, лауазымын емес, деректің “психологиясын”, ішкі жан-дүниесін ашатын қызықты әңгімені іздейтіні тағы талассыз. Осы очерктердің негізгі түрлеріне талдау жасау міндетті де маңызды мәселе.
Очеркшілердің шығармашылық әдісі туралы орыс очерктанушы ғалымы Евгения Журбина былай дейді: «Өз жанрының заңдылығына сергектеу қарайтын очеркшілер, шығармашылық әдістерінің әр алуандығына қарамастан, мынадай ақиқатты бірауыздан мойын-дайды: ол – очерк жанрының публицистикашыл қасиетінің, жанрлық төл сипатының, сондай-ақ, «көркемдіктің шыңына» бастайтын өзіндік жолы мен құралының болатыны» [5,195-б]. Баршаға белгілі, қандай да бір құбылыс суреткердің көркемдік қиялы арқылы бейнеленбесе, ол өзінің өнерге қатысты талғам-талабын солғындатып алады. Өмір шындығы мен өнер шындығы арасындағы айырмашылық туралы ғалым Ж.Дәдебаев: «Әдеби шығарма негізінде дерек, факт жатуы, тарихи дәуір шындығын көрсету үшін жазушының шығарма желісін бастан-аяқ тек қана тарихи болған оқиғаға құруы шарт емес. Алайда, шығарманың материалдық болмысын, өзегін тарихи белгілі, ақиқат оқиғалар құрмайынша, белгілі тарихи дәуірдің шындығын шынайы суреттеу тағы да қиын» [6,12-б],- дейді. Яғни, очерк жанрының көркемдік жүйесінде, тақырыптық болмысында тарихи өмір шындығының атқаратын рөлі зор. Очерк әдебиет жанрларының ішінде ерекше орынға ие болғанымен, оның көркемдік сапасы, жанрлық табиғаты, тарихи қалыптасқан ерекшелігі ғылыми тұрғыда толық сараланды деп тұжырым жасауға болмайды.
Қазақтың классик жазушыларының шығармашылығында әр түрлі жанрда жазылған ең жақсы деген туындылар қатарында очеркті де атауға болады. Б.Майлиннің «Алыптарды аралағанда», І.Жансүгіровтің «Жол аузында» очерктер жинағының, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, Ғ.Сланов, С.Шарипов, М.Иманжанов, Ә.Нұршайықов, Б.Момышұлы, О.Бөкей, Ә.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Р.Нұрғали, А.Сейдімбек, Т.Жұртбай сияқты көрнекті жазушылардың очерктік шығармаларының қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар. Қазақ әдебиетіндегі очерк ішкі тегеуріні орасан зор жанр ретінде қалыптасты. Жоғарыдағы жазушылар көркемдігі жоғары очерктері арқылы өздері ғұмыр кешкен қоғамға, уақытқа тікелей ықпал етуге талпынғандығы талассыз.
Тәрбиелік мәні бар очерктер өмірден алынған деректерге негізделіп жазылады. Қоғам дамыған сайын очерктер де дамып, тақырыптары ауқымданып, пәрменділігі арта түседі. Очерктің ең үздік үлгілері өмірде болып жатқан өзгерістерге, жаңа құбылыстарға қолма-қол жауап беріп, көкейкесті мәселелерді дер кезінде көтере білуімен құнды. Очерк жанрының көркемдік, танымдық және әлеуметтік маңызы қай кезде де зор. Бұл үрдістің тоқтап қалмай, әрі қарай дамуы үшін, адам қоғамының рухани және материалдық мәдениетінің байып, үздіксіз өсуінің мысалдарын өмірден іздеу қажет, сонымен бірге, очеркші өмірде болып жатқан өзгерістерге жаңаша көзқараспен қарап, өзіндік баға беруге тырысады. Кеңестік очерктің қалыптасу тарихында түрлі қайшылықтардан туған жағымсыз құбылыстарды жуып-шаюшылық, жалған идеализацияға берілушіліктің бел алғаны да бар. Дегенмен, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді насихаттауды төл міндеті деп білген қазақ очеркшілері тамаша дәстүр қалыптастыра алды. Қазақ қаламгерлері өмірді бақылау, халық мүддесіне барынша жақын болу, әлеуметтік мәселелерді батыл түрде алға қою сияқты дәстүрді орнықтырды.
Көркемдік жағынан очерк журналистиканың басқа жанрларымен үзеңгілес болса да, оның өзіндік ерекшеліктерін жоққа шығаруға болмайды. Оны көркем жанрлардың қатарында да, одан тыс та қарастыруға болады. Очерктің негізінде нақты өмірдің ақиқат деректері жатуы ғылыми зерттеуге ұқсатса, шындықтың бейнелі суреттелуі, көркем жинақталуы әдеби шығармамен ұласып жатады. Көркем әдебиеттегі жаңа үлгілердің очерктерден бастау алатын кездері де бар. Көп жағдайда очерк өзінен кейін дүниеге келетін көркем шығарманың негізгі «азығы» болып отырады.
Очерк - жанр ретінде көркемдік-идеялық сипаттарын айғақтау барысында қалыптасқан және белгілі бір әлеуметтік құбылысты әрі ғылыми зерттеу, әрі публицистика, әрі көркем өнер тұрғысынан өзгеше бедерлей алатын аралық жанр. Көркем өнер мен ғылым арасында айырмашылық бар. Ғалым мен ақынды салыстыра отырып, Б.Г.Белинский: «Бірі дәлелдейді, бірі көрсетеді, екеуі де иландырады, бірі логикалық қорытындыларымен, бірі суретпен» [7,311-б],- дейді. Сонымен, белгілі бір әдеби деректің көркем өнерге қатыстылығын дәлелдеу үшін, оның бейнелі құрылысын анықтау керек. Көркем очерктің мақсаты - дүниені тұтас танып, оның келбетін әсерлі суреттер арқылы бейнелеп көрсету. Очеркте суреттелетін шындық - өмірде болған, не бар ақиқат, сондықтан да очерк өз кезеңінің шындығынан ғана тұрады. Бұл, әрине, очеркті көркем өнерден тыс қалдыруға себеп бола алмайды. Мысалы, шебердің қолымен жасалған әдемі құмыраны күнделікті мақсатта қолдансақ та, оны өнер шығармасы дейміз.
Қазақ әдебиетінде бұрыннан қалыптасқан, бір жүйеге түскен очерк түрлері мен пішіндері бар. Алайда, журналистиканың басқа жанрлары сияқты очерк те өзгеріп, жаңадан туып, дамып отыратыны тағы бар. Кейбір бұрыннан бар очерк түрлері жойылып, тыңнан уақыт, заман талабына сай туындаған очерк түрлері өмірге келіп жатады. Кей жағдайларда очерктің көтерген тақырыбына орайластырып, «ауыл шаруашылық очеркі», «тұрмыстық очерк», «саяси очерк», «әлеуметтік очерк», «экономикалық очерк» деп, түрге бөле салуды үрдіске айналдыру қате сияқты. Бұл жөнінде очерк жанрын зерттеушілердің өздері бір пікірге келе алмай, әр қилы ой-тұжырымдар айтып келген. А.Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқышында» очеркті «әуезе» деп атап, оны шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме, тарих, тарихи әңгіме» [8,398-399-б],- деген түрлерге бөледі. 1920-1930 жылдарда көркем очерк түрлерін тақырыбына қарай жүйелеу орын алып келді. Сол жылдардағы газет-журнал беттерінде «ауылшаруашылық очеркі», «социологиялық очерк», «лирикалық очерк», «экономикалық очерк», «саяси очерк», «колхоз очеркі», «өндірістік очерк», «мінез-құлық очеркі» деген очерк түрлері белең алған. Бұл тұста очерктің көтерген тақырыбына сәйкес бөлу ескерілгені байқалады. Очерктанушы Төлеубай Ыдырысов: «Жол-сапар, портрет-очерк, оқиғалы очерк, публицистикалық очерк, проблемалық очерк» [9,77-б] ,-деген түрлерге бөледі.
Орыс әдебиетіндегі очерк түрлерінің жіктелуі 1930 жылдардан бастау алып, «Наши достижения», «Литературная учеба», «Литературный критик» басылымдарында «шетелдік», «экзотика-лық», «беллетристикалық», «техникалық», «мемуарлық», «зерттеу-шілік», «өлкетанушылық» деген түрлерге жіктеліп, жүздеген очерктерді басып отырған. Ал, соғыстан кейінгі очерк түрлерін жүйелеген Г.Поспелов өзінің «Әдебиет теориясында» екі-ақ түрге: «суреттеу» және «фактографиялық» [10,142-б],- деп бөледі.
Шын мәнінде, очерк түрлерін жүйелеуде зерттеушілер бір тоқтамға әлі күнге дейін келген жоқ. Қазақ журналистикасындағы очеркті түрлерге бөліп қарастырғанда, біздің ескерген жағдай, шығармашылық мақсатты, көркемдік ерекшеліктері мен публицистикалық құралдардың қандай қызмет атқарып тұрғанын, құрылымы мен сипатын есте ұстадық. Қазіргі қазақ журналистикасында публицистикалық, оқиғалы, мемуарлық, лирика-философиялық, жол-сапар, портреттік, этнографиялық, циклдық очерктердің түрлері бар. Біз, негізінен, очерктің көп тараған, қазақ журналистикасы мен әдебиетінен берік орын алған түрлеріне кеңінен сипаттама жасап, ғылыми тұрғыдан дәйектеуге талпындық.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   97




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет