Байланысты: Balalar khirurgiasy kaz medical students
Бүйрек дистопиясы Бүйрек дистопиясы - бүйректің орналасуы мен пішіндерінің ауытқуы.
Эмбриогенезінде, бүйректердің жамбас қуысынан жоғары, өзінің қалыпты орнына жылжу үрдісінің бұзылуынан олардың қалыпты орнына ауытқуы дистопия деп аталады. Бүйрек дистопиясын орналасқан орнына байланысты: көкірек қуысына, белге, мықынға және жамбас қуысына орналасқан бүйрек деп бөлуге болады. Бүйрек симфизден төмен орналасса – жамбас қуысында, жамбас сүйектің қырынан төмен орналасса – мықын аймағында, ІІ бел омыртқасы мен жамбас сүйегінің қырында болса, белге тоқтап қалған бүйрек болып есептеледі. Бірақ, қалыпты жағдайдың өзінде де бүйректердің орналасуы өзгеріп отыруы мүмкін. Сондықтан бүйрек дистопиясына диагноз қоярда осыны естен шығармау керек.
Егер дистопияланған бүйрек өзінің қалыпты орнына жақынырақ орналасса, мұны қарапайым немесе гомолатеральдық дистопия, ал бір жақтағы бүйрек екінші жаққа өтіп кетсе ол гетеролатеральдық дистопия деп аталады. Бүйректердің зәраққыштары қуыққа өз жағынан тиісті орнына ашылады.
Клиникасы. Бүйректері дистопияға ұшыраған балалардың ауырған бүйрек жағында іші, бүйірі, белі, сегізкөзі мезгіл-мезгіл қатты ауырып тұрады. Кейде басылып, содан кейін қайта шаншып ауыра бастайды. Егер бүйрек қабынатын болса, баланың дене қызуы көтеріледі, поллакиурия, дизурия анықталады. Кейде аппендикулярлық инфильтрат пен гинекологиялық аурулармен, құрсақ ісігімен шатастыру мүмкін.
Сырқатттарды жан жақты урологиялық тексерулерден өткізу қажет. Урограммада, кейде ісіктен ажырату қиынға түседі. Пальпациялық альбуминурия тәсілімен тексеру жүргізу қажет (зәрін жинап жалпы талдамадан өткізіп, содан соң құрсақ қуысындағы күдікті «ісікті» алақанмен уқалап әбден қысады да, тағы да зәрін жинап талдамад жасалады. Егер зәрде акуыз және эритроциттер болса, «ісіктің» дистопияланған бүйрек екендігіне күмән жоқ. Инфузиялық урография, радиоизотоптық зерттеу мен компьютерлік томография, ретроградтық уретеропиелография және ең тиімді тәсіл ангиография диагноз қоюға көмектеседі.
Ажырату диагнозы нефроптозбен (бүйрек жоғары-төмен қозғалып тұрады, зәраққыштар ирелеңдеп жатады) жүргізіледі.
Көкірек қуысына дистопия өте сирек кездеседі. Көбінесе көкет жарығы құрамында болады және сау бүйрек клиникалық белгілермен білінбейді. Қабыну үрдісі болғанда, тас байланса, гидронефрозға ұшыраса, осы ауруларға тән белгілер пайда болады. Кеудені рентгенграфияға түсіргенде кездейсоқ анықталады.
Бүйректің белге дистопиясы – астауы сәл алдыға айналыңқырап, ІУ бел омыртқа тұсында орналасады. Қозғалысы шектеулі.
Бүйректің мықын аймағына дистопиясында, ол бүйректің астаушасы алдыға айналып жатады, бүйрек V бел омыртқа мен ІІІ сегізкөз омыртқасы арасында орналасады. Негізгі белгісі – баланың ішінің, қоныс аударған бүйректің сол маңайдағы ағзалар мен нерв тарамдарын жаншуына, бүйректен зәрдің дұрыс ақпауына байланысты немесе рефлекторлық ауыруы.
Бүйректің жамбас қуысына қоныс аударуы. Бүйрек орта сызықтың бойында, сегізкөздің ойпаңдау жерінде жатады. Пішіні әр түрлі болады. Клиникалық белгісі, ығыстырған не қысып қалған ағзалардың қызметінің бұзылуымен білінеді. Бала қозғалған кезде ішінің төменгі жағы мен жамбас қуысында ауырсыну анықталады.
Бүйректердің айқасып қоныс аударуы- эмбриогенез үрдісінде өз бағытынан ауытқып қарама-қарсы жаққа өтіп орналасуы. Орналасуына қарай олар S,L,J әріптеріне ұқсас болады.
Айқасқан бүйректерде өз жағындағы бүйректің пішіні мен көлемі қалыптағыдай, ал дистопияланған бүйрек көлемі кішілеу, сәл төмендеу орналады. Зәраққыштары өз жақтарына барып ашылады.
Клиникасы ауытқу дәрежесіне байланысты. Ең негізгі белгілерінің бірі - ауыр жұмыс істегенде, іші кепкенде, жүріп-тұрғанда баланың іші қатты ауырады. Мықын аймағындағы ауырсыну шап аймағына беріледі. Диагноз экскреторлық урография, ретроградтық уретеропиелография арқылы қойылады. Мүмкіндігінше консервативтік емдеген жөн. Операция, негізінен гидронефрозда, не тас байланса жасалады.
Нефроптоз – бүйректің шектен тыс қозғалғыштығына байланысты. Бүйректі орнында ұстап тұратын тіндердің әлсіздігі мен сырттан әсер еткен күш салдарынан дамиды. Нефроптоздың қозғалғыш (науқас жатқан кезде бүйрек қалыпты орнында) және бекіген (төмен түскен бүйрек жабысқақтармен сол жерге бекіп қалады) түрлері болады.
Нефроптозда құрсақ қуысы ісігі деген диагноз қойылуы мүмкін. Балада іші жиі ауырсынуы, диспепсиялық құбылыстар байқалады. Қабыну үрдісі басталса, бүйрек гипертониясы болса, баланың басы ауырады, тез шаршайды, дене қызуы көтеріледі, қан қысымы жоғарылайды.
Науқасты жатқызып-тұрғызып тексергенде бүйрек жоғары-төмен қозғалып тұрады. Экскреторлық урография жасалады.
Нефроптозды балаларды көбінесе консервативтік емдейді. Бандаж кигізіледі, арнайы жаттығулар жасалады. Қабыну болса, оған қарсы ем жүргізіледі. Егер нәтиже болсама, операция жасалып, бүйрек өз орнына бекітіледі.