Жабық бас-ми жарақаты.
Бас сүйегінің және мидың жарақаттары бас тіндерінің жарақатынсыз немесе бас сүйегінің сынған жерінен тыс жердегі тіннің зақымдануымен жүрсе, ол жабық бас-ми жарақаты деп аталады.
Бас миының шайқалуы жеңiл және жиi кездесетiн бас-ми жарақатының түрі, бас-ми жарақаттарының 70-80%-н құрайды.
Клиникасы және диагностикасы. Бас миының шайқалуы кезінде жарақат алған сәттен бастап бірнеше секундтан бірнеше минутқа дейін баланың есін жоғалтуы, есіңгіреуі, өне-бойының бозарып, суық тер жауып, құсу байқалады. Есін жиғаннан соң жарақаттанушы басының ауырсынуына, айналуына, әлсіздікке, ұйқы басып тұрғанына, құлағында шу тұрғанына, көзі шаншитындығына, жүрегінің айынып тұратындығына шағым жасайды. Сұрастырған кезде балаларда ретроградтық немесе антеградтық амнезия анықталады.
Неврологиялық көрінісінде, көзге түскен жарыққа қарашықтың кішіреюі, көз дірілі (нистагм), рефлекстерінде асимметрия бар екендігі байқалады.
Тыныс алу жиілігі аздап өзгеріп, жылдам қалпына келеді. Тамыр соғысы жиіленеді, немесе сирегірек болуы мүмкін. Қан қысымы бірінші күндері көтеріледі, немесе асимметрия байқалады. Дене қызуы қалыпты болады, бірақ 3 жасқа дейінгі балаларда ыстығы кейде 38-38,50С-қа дейін көтерілуі мүмкін. Міндетті түрде бас сүйегінің рентгенографиясы жасалып, көзін окулист көруі қажет.
Жарақаттан кейін 4-6 сағат өткен соң, анықталатын жұлын сұйығының қысымы көбінесе қалыпты (100-120 мм су бағ.) болады, бала қайталама құсқанда, немесе мазасызданғанда жоғарылауы (200-250 мм с.б.) мүмкін. Егерде балада әлсіздік, қоршаған ортаға немқұрайдылық, терісінің бозғылттығы, шектен тыс тершеңділік пайда болса, ол жұлын сұйық қысымының төмен екендігін көрсетеді.
Аталған бас миының шайқалу көрінісін анықтау, баланың жасы неғұрлым кіші болса, соғұрлым қиынға түседі.
Емі. Науқасты бақылау және емдеу мақсатында, ол міндетті түрде ауруханаға жатқызу керек. Аталған шағымдар қайтпай, тамыр соғысы мен қан қысымы қалпына келмей, неврологиялық өзгерістер жойылмай, баланы төсектен тұрғызуға болмайды. Балаларға төсектен 4-5 күннен кейін барлық шағымдары басылып, қан қысымы және тамыр соғысының жиілігі қалпына келісімен тұруға рұқсат етіледі.
Бала ауруханаға түскен кезде, басына, бір күнге дейін суық басылып, анальгин, люминал, димедрол, С1, В1, В6 витаминдері, Павлов микстурасы тағайындалады. Бас сүйек қуысының қысымының төмендеуіне не жоғарылауына байланысты қосымша ем қоолданылады. Бас сүйек қуысының қысымы өте жоғары болған жағдайда глюкоза (40%), натрий хлориді (10%), магний сульфаты (25%),фуросемид, лазекс тағайындалады.
Емделу мерзімі 8-10 күннен кем болмауы тиіс. Ауруханадан шығарда балада еш шағымы болмай, вегетативтік сынамалар көрсеткіштері сау баланың көрсеткіштеріне сәйкес келуі қажет. Мектепке, немесе балалар бақшасына баруға невропатологтың кеңесінсіз рұқсат етілмейді. Денешынықтыру сабағынан 1-1,5 айға босатылады. Кейбір балаларда мидың шайқалуынан 2-3 ай өткеннен кейін астеникалық-невротикалық синдром пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайларды неврологтар емдейді.
Бас миының соққысы (ушиб).Мидың соққысын алған жарақаттанушылардың жағдайы, клиникалық көрінісі, әсер етуші күшке, оның тиген жеріне, жылдамдылығына, мидың және бас сүйегінің анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты болады. Ми соққысының ми шайқалуынан айырмашылығы мидың тінінің езіліуі, жұмсаруы, оған қан құйылуы.
Клиникасы мен диагностикасы. Ми соққысы, ми шайқалуымен бірге жүреді, сондықтан клиникасында шайқалу және ми соққысының ошақтық неврологиялық белгілері (парез, паралич, сезімталдықтың бұзылуы) анықталады.
Ми соққысы үш дәрежеге бөлінеді: жеңіл, орташа және ауыр.
Жеңіл дәрежелі ми соққысына мынадай клиникалық көрініс тән: естен айрылу уақыты 30 минуттан аспайды, жеңіл ошақты неврологиялық белгілер жарақаттан кейінгі 8-10 күнге дейін сақталады, кейде торлы ми қабатының (araсһnoidae) астына қан құйылуы, бас сүйектерінің сынуы мүмкін.
Орташа дәрежелі бас миының соғылуы кезінде есін жоғалту мерзімі 1 сағаттан ұзағырақ, ошақтық неврологиялық белгілер (парез, паралич, сезімталдықтың жоғалуы) айқын және 2-3 аптадан ұзақ сақталуы, жарақаттанушының өміріне қауіп төндіретін өзгерістер туындауы мүмкін
Ми соққысының ауыр дәрежесінде сопор-кома бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке созылып, ауыр, ошақтық неврологиялық өзгерістер мен өмір сүруге қауіп төндіретін бұзылыстары (тыныс алу, жүрек қағысы, жұтыну) туындайды. Мидың орта немесе ауыр дәрежелі соққысында көбінесе III-VII жұп нервтердің зақымдануы, парез, паралич, афазия, эпилепсия және естің ауысуы анықталады.
Жарақаттан кейінгі алғашқы сағаттарда гипорефлексияның орнына гиперрефлексия, бұлшық ет тонусының жоғарылауы, патологиялық рефлекстер пайда болады. Неврологиялық сипаттама мидың зақымдалған орнына байланысты болады. Сол жақ ми сыңарларының самай бөлігі зақымдалғанда афазия, аграфия, галлюцинация (шу, гүріл, ызың), бас айналуы туындайды.
Төбе бөлігі жарақаттанғанда сезімталдық бұзылып, науқас ұстаған затын көзін жұмып анықтай алмай (астереогнозия), бағытталған қозғалыс жасау қабілетін жоғалтып (апраксия), жазуды түсінбейтіндей (алеския) жағдайға душар болады.
Желке бөлігі зақымдалғанда көру қабілеті бұзылып, заттарды танымау (зрительная агнозиясы), жоқ нәрсенің көзіне елестеуі (зрительная галлюцинациясы) пайда болады.
Варолиев көпірі, сопақша мидың зақымдалуының салдарынан альтернирующий деп аталатын неврологиялық белгілер пайда болады. Зақымданған жақта ми- жүйке тамырларының парезі, параличі, ал қарама қарсы жақта аяқ-қолдың спастикалық парезі мен -параличі анықталады.
Сопақша мидың зақымдалуының салдарынан ІХ, Х, ХП жүйке тамырларының парезі: тілдің зақымдалған жаққа қарай қисаюы, жұмсақ таңдайдың, дауыс байламының салдануы, жұтыну, жөтелу рефлекстерінің төмендеуі туындайды. Аталған ошақты неврологиялық көріністерді бульбарлық белгілер деп атайды.
Емі. Ең бірінші, ауруға тыныштық жағдайын жасап, басқа суық басу керек. Мидың зақымдануының ауыр дәрежесiнде, ең бiрiншi тыныс алу жетiспеушiлiгiн, мидың гипоксиясы мен ісіну-қабынуды болдырмау, гипертензияның, гипертермияның алдын алу, гиповолемия және шокпен күресу, метаболизм бұзылыстарын қалпына келтiруге бағытталған ем-шаралары жүргiзiледi.
Тыныс алу жетіспеушілігін болдырмау мақсатында, тыныс алу жолдарын шырыштан тазартып, оксигенотерапия жүргізіледі, ал ауыр жағдайларда, трахеостомия немесе интубация жасалып, жасанды тыныс алдыруға (ИВЛ) көшіріледі де, оның көмегі клиникалық көріністері және қышқыл-сілтілік (рН, СО2, рО2) көрсеткіштері арқылы бағаланады. Тыныс алу және жүрек-тамыр қызметін жақсарту мақсатында строфантин берілуге тиісті.
Ауруханадағы емдеу мерзiмi жарақаттың ауырлығына байланысты 3-6 аптаға дейiн созылады. Ауыр жарақаттан соң эпилепсия, гидроцефалия, астениялық-вегетативтік синдромдар туындауы мүмкін.
Мидың жаншылуы. Мидың жаншылу себептерi: бас сүйегінің қуысында, немесе ми ішіне қанның жиналуы (гематома), миды сынған бас сүйек сынықтарының жаншуы, немесе ішіне кіруі, бас сүйегінің ішіне ауаның кіруі, ісіну-қабыну үрдістері. Ең жиі себептердің бірі - гематомалар. Гематоманың, ми қабықтарының қай жерінде орналасуына байланысты төмендегі түрлерін ажыратады:
эпидуральдық
субдуральдық
ми iшiлік,
қарынша ішілік.
Даму қарқынына байланысты төмендегі гематомаларды ажыратады:
жедел (клиникалық көріністері жарақаттан кейiнгі алғашқы тәулiк iшiнде пайда болады);
жеделдеу (жарақаттан кейiнгі 14 тәулiк iшiнде клиникалық көрінісі анықталады);
созылмалы (клиникалық көріністері жарақаттан соң 3 жұмадан кейін білінеді)
Жаншылу синдромы ми шайқалуымен, мидың соққысымен немесе бас сүйектерінің сынуымен бірге жүреді. Бас миының жаншылуының клиникасында диагностикалық маңызы бар белгілерге ошақтық неврологиялық белгілердің үдеуі, қайталап есінен айрылып қалу (светлый промежуток) көріністері жатады. Сондықтан бас миының жабық жарақаты бар балалар алғашқы сағаттарда, тәулікте үнемі бақылауда болуы қажет. Балаларда, гематомамен қатар, мидың реактивті ісінуінің дамуы мүмкін. Бұл жағдайларда, қайталап есін жоғалту (синдром светлого промежутка) синдромы байқалмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |