Педагогика тарихы


Қазақстандағы Қазан төңкерісіне дейінгі оқу-ағарту ісінің жайы



бет83/113
Дата18.11.2022
өлшемі2,03 Mb.
#158802
түріОқулық
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   113
Байланысты:
Педагогика тарихы Оқулық. - Алматы 2013. – 494 бет. (3)
өзіндік жұмыс, ОНАТИЛИ
19. Қазақстандағы Қазан төңкерісіне дейінгі оқу-ағарту ісінің жайы

Қазақстанның Ресейге қосылғанға дейінгі оқу-ағарту ісінің жайын сөз етсек, бұл дәуірде көбінесе конфессионалдық діни мектептер мен медреселер, кейін орыс-қазақ мектептері қатар өмір сүріп келді. Діни мектеп, медреселердің Қазақстанның оңтүстік өңіріне тарауы көбінесе қазақтардың ислам дінін қабылдауымен байланысты болды. Араб жазуы бұл далада VІІ–VІІІ ғ.. пайда бола бастады. Әсіресе ауыл мектептері мен медреселердің көптеп ашылуы ІХ–ХІІ ғ.ғ. аралығын қамтиды. Отырар қаласында екінші Аристотель атанған шығыстың көрнекті ойшылы әл-Фараби (870-960), суфизмнің өкілі Ахмет Иасауи алғаш осы өңірде медреседен оқып білім алды.


Қазақстан даласындағы оқу-ағарту ісінің дамуына ХІІ ғ. Шыңғыс хан бастаған моңғол шапқыншылығы бірталай кедергі келтірді. Моңғол шапқыншылары Отырар, Тараз, Сайрам қалаларын талқандап, ондағы мәдени орталықтар мектеп, медреселерді, кітапханаларды, сауда дүкендерін қиратып өртей бастады.
Ислам мектептерінің қазақ даласында кеңірек дамуы ХІV–ХVІІ ғ.ғ. қазақ хандықтарының құрылуымен байланысты болды. Бұл кезде Волга, Орал бойлары мен Қырымда ислам діні еркін өркен жайып, татар, башқұрт кейін қазақтар арасында діни мектеп, медреселер ашылды. Діни кітаптар (әптиек, құран, нақу, т.б.) Қазан, Уфа қалаларында басылып шығып, қазақ даласына тарады. Қазан, Уфа қалаларында діни жоғары мектептер (Ғалия, Құсни) ашылып, одан татар, башқұрт жастары көптеп оқып білім алды. Жоғары діни мектептерде оқып білім алғандар қатарында бірлі-жарым қазақ жастары да болды. Орал, Ақмола, Семей, Қызылжар қалаларына татарлар көшіп келіп, сауда-саттықпен айналысты. Осы қалаларда татар балаларын оқытатын мешіт, медреселер көптеп ашыла бастады. Қазақ балалары татар балаларымен бірге арабша оқып, білім алды. Қалалардағы мешіт, медреселерде балаларды көбінесе татар молдалары оқытты. Оқу құралдарының бәрі дерлік негізінен, Қазан, Уфа, кейін Орынбор қалаларындағы баспаханаларда басылып шықты. Бұл баспаханаларды ағайынды Құсайыновтар сияқты татар оқығандары басқарғандықтан, қазақша шыққан әдеби кітаптарда татар тілінің ықпалы басым болды. Көптеген термин сөздер татарша беріліп таралды. Осы кезде татар мектептерінен оқып білім алған бірлі-жарым қазақ жастарының өзі қазақ сөздеріне татар тілінің сөздерін араластырып сөйлеуді әдетке айналдырды. Қазақтың ХІХ ғ. оқыған зиялы ағартушы ғалымдары (Шоқан, Ыбырай, Абайлар) тіл тазалығы үшін күресіп бақты.
Қазақ даласында ашылған мектеп-медреселерде оқытушы мұғалімдер көбінесе жоғарыда аталған қалалардағы діни оқу орындарын оқып бітіруші татар жастары болды. Мешіт бар жерде солардың жанынан немесе жалдамалы үйлерде ашылған ауыл мектептеріне, негізінен, ұл балаларды 6-7 жастан бастап оқуға беретін еді. Қыз балалар оқыса бұзылып кетеді деген кертартпа түсінік қазақ арасына кең жайылып, қыз балалар онша көп оқытылмады. Оқушылар жасына қарай оқу топтарына бөлінбеді, 6 жастағылармен бірге 12-13 жасар ересек балалар да бірге оқыды. Оқу тапсырмасы әр балаға жеке-жеке берілді. Балаларды араб әріптерін буындап қосып жаттату арқылы әндетіп оқытатын еді. Ол хат тануға кері әсерін тигізді. Балалар 7-8 айда, кей жерлерде бір жарым – екі жылда әзер хат танитын еді.
Оқушылар әріптерді танығаннан кейін құран сүрелерінен үзінділер берілетін. Әптиекті 1-2 жыл жаттап оқитын, 3-4 жылда оқуға әрең жаттыққан шәкірттерге арабша жазуға және араб грамматикасына үйрету басталатын.
Араб тілінің грамматикасын оқыту “наху” деп аталды. Шәкірттер оны да түсінбей жаттайтын болды.
Арабша бір кітаптан екінші кітапқа көшу балаларға үлкен қиындық келтірді, ол оқу сатысының көрсеткіші болып саналды. Yлкендердің балалардан “Не оқып жүрсің?” деп сұрағанда шәкірттердің “Әптиек, немесе наху оқып жүрмін” деген жауаптарына қарай олардың білім көлемін анықтайтын.
Шәкірттердің білімі молдалардың сұрағы арқылы анықталды. Оқудың бір басқышынан екіншісіне көшіру шартты түрде іске асырылды.
Мұғалімге еңбекақыны ата-аналары жеті сайын беріп отыратын болды. Әр жұма күні – әр бала мұғалімге үйінен тағам, зат әкеліп беретін. Оны “жұмалық ақы” деп атады.
Медреселер мен мектептерде негізінен араб тілін оқу, жазуға, есепке үйретумен бірге Құран кәрімді жаттатып (дін заңын) оқытты. Астрономия бойынша жалпылай түсінік берілді, дін заңдары оқытылды. Ауылдық мектептер тек арабша оқи-жаза білуге, құран сүрелерін жаттауға үйретумен шектелді. Сабақ кестесі, күн режімі, сабақтың уақыт мөлшері деген болмады. Әр мұғалім өзінше таңертеңгі сағат 9-дан бастап, сәскеге дейін (сағат 12-13-ке дейін) оқытты. Кластан-класқа көшу жөнінде куәлік қағаз да болмады. Шәкірттер оқитын әңгімелерде географиямен, тарихпен байланысты материалдар жиі кездесіп отырды. Соларды түсіндіру арқылы табиғат құбылыстары, тарихи оқиғалар туралы мәлімет жасалатын. Кейбір медреселерде шәкірттерге шығыс медицинасынан аздап мәлімет берілді. Жаратылыстанудан Ислам тарихымен байланысты діни-философиялық түсініктер ұсынылды. Мектеп бітірушілерден де, медресе шәкірттерінен де мұсылман дінінің заңдарын, шариғат заңдарын жақсы білу талап етілді. Мектеп, медреселерде діни мейрамдар (құрбан айт, наурыз) аталып отырды. Шәкірттерден әдеп заңын берік сақтау, үлкенді, ата-ананы, ұстазды сыйлау талап етілді. Ауылдық мектептерді бітіргендер қала медреселерінде оқуды жалғастыратын. Қалаларда шәкірттер қай мұғалімнен оқимын десе ерікті еді. Ол мұғалімдер арасында білім беруге деген ынталылықты – өзара жарысты туғызды. Қала медреселерінде штатқа заңды түрде енген мұғалімдерге қазынадан айлық еңбекақы тағайындалып отырылды. Ал конкурстан өте алмаған мұғалімге еңбекақыны шәкірттердің ата-аналары төлейтін еді. Сондықтан мұғалімнің білімді болуын ата-аналар да, шәкірттер де талап ете алатын.
Ауыл мектебі мен медресесін оқып бітірушілер қалаға барып, төрт немесе жеті кластық қала мектептерінде оқуға құқылы болды.
1868 ж. патша реформасы ақшалы-тауарлы қарым-қатынастың туып, капитализмнің өркен жаюымен байланысты Ресей өзінің отарлы шет аймақтарындағы ықпалын күшейтуді көздеді. Орталық Ресейдегі жерсіз орыс шаруаларын Қазақстан сияқты кең аймаққа көшіріп, оларға қазақтардың қара топырақты, суармалы құнарлы жерлері тартып әперілді. ХІХ ғ. алғашқы жартысынан бастап бекіністердің салынуы, кейін біртіндеп орыс переселендерінің көбеюі, орыс-қазақ мектептерін ашудың қажеттігін туғызды. Тұңғыш орыс-қазақ мектебі Жәңгір ханның бастауымен 1841 ж. Бөкей ордасында ашылды.
Жәңгір мектебіне алғаш 35-40 баланың орнына небәрі 12-ақ бала қабылданды. Олар хан сарайы маңындағы ақсүйектердің балалары еді. Көпшілік ата-аналар баламыз орыс болып шоқынып кетеді деп Жәңгір мектебіне беруге қорықты. Жәңгір жаңа ашылған мектептің келешегі туралы жергілікті сұлтандарға арнап хат жазды. Ол хатта мектептің келешегі туралы, еуропаша білім алып шыққан шәкірттердің ел билейтін кіші чиновник болып шығатыны айтылды.
Жәңгір ордасында ашылған орыс-қазақ училищесінде ислам шариғаты және православиелік заңдармен қоса орыс тілі, есеп, Ресей тарихы, географиясы, еңбекке, қолөнерге баулу, дене тәрбиесі өтіліп, білім берудің сабақтық-кластық жүйесі ендірілді.
Жәңгір ашқан орыс-қазақ мектептері кейін училищелерге айналдырылып, оны бітірушілерге орта дәрежелі білім беретін болды. Мектеп бітірушілер емтихан тапсырды. Оқу бітірушілерді Жәңгір ханның қатынасуымен салтанатты түрде шығарып салатын болды. Жәңгір мектепті үздік бітірушілерді Ресейдің орталық қалаларына арнаулы оқу орындарына (көбінесе әскери училищелерге) жіберіп олардың білімін жалғастыруына қамқорлық жасап отырды.
Училище 1891 ж. желтоқсанда өзінің 50 жылдық мүшел тойын атап өтті. Осы жылдарда (1841-1891) училищеде 2000 бала орысша сауат ашса, 250 бала оны толық бітіріп шықты. Училищеде, негізінен, ақсүйек сұлтандардың балалары оқыды.
Жәңгір хан мектепке мұқият көңіл бөліп, мұғалімдерді Орынбор, Уфа, Қазан, Петербор қалаларынан алдырған. Училище жанынан бай кітапхана ашты. Оған сол кездегі “Северная пчела”, “Отечественные записки”, “Современник”, “Москвитянин” журналдары Москва, Петербург, Астрахан, Саратов, Орынбор губерниялық ведомствосы газеттері жаздырылып алдырылды.
Бірақ Жәңгір өлгеннен кейін (1845 ж.) мектеп үйі қараусыз қалып, шәкірттері тарай бастады. 1852 ж. ол мектепте небәрі 14 бала, ал 1865 ж. 19 бала оқыған (И.Кенжалиев “Ақиқаттан алшақтамайық” “Жас алаш” 1993 ж. 18 ақпан).
Жәңгір мектебінен ХІХ ғ. екінші жартысында қазақтың көрнекті ғалымдары, ағартушылар, қоғам қайраткерлері тәрбиеленіп шықты. Мысалы, бұл мектепте оқыған Мұхамед Салық Бабажанов (ғалым), Мұхаметжан Бекмұхамбетов (ақын, тарихшы-ғалым), Ғұбайдолла Жәңгіров, Бақтыгерей Құлманов, Сәлімгерей Жантөрин, ағайынды Батырқайыр, Әбділкәрім Ниязовтар, Сәлімгерей Нұрлыханов, Шәңгерей Бөкеевтер өз заманының озық ойлы зиялылары болды. Мәселен, генерал-лейтенат Ғұбайдолла Жәңгіров патшалық Ресейдің көрнекті әскери басшыларының бірі болған, қазақтан тұңғыш генерал атағын алған, 1877-1878 жылдары орыс-түрік соғысына қатысып Георгиев орденімен марапатталған, кейін Александр ІІ бұйрығымен Ресей мемлекеттік телеграф департаментін басқарған.
Жәңгір мектебінің ықпалымен XІX ғ. 50-60 жылдарында Батыс Қазақстан өлкесінде бірнеше жаңа мектептер ашылды. Мысалы, Қазан мен Қамыс-Самарда, Нарында, Тал мен Тоғұнда, кейінірек Қазалы мен Перовскийде (Ақмешітте), т.б. жерлерде.
Батыс Қазақстан өлкесіндегі алғашқы мектептердің бірі 1844 ж. Орынбор шекара комиссиясы жанынан қырғыз балаларына арналып ашылған жетіжылдық орыс-қазақ мектебі болатын. Бұл мектепті алғашқылардың бірі болып, қазақтың көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсарин оқып бітірген. Ол мектепте 30 бала оқыған. Мектеп жанында интернат, бай кітапхана болған. Мектепте орыс тілі, есеп, таза жазу, гимнастика, іс қағаздарын жүргізу, дін тарихы пәндері жүргізілген.
1859 ж. жаңа оқу міндеттемесі қабылданып, оқушылардың саны 40 дейін көтерілген. Орыс тарихы, әлемдік және Ресей географиясы, орыс және батыс әдебиеті қосымша оқытылатын болды. Шекара комиссиясы жанындағы мектеп өзінің 25 жылдық өмірінде (1869 ж. жабылған) Орталық және Батыс Қазақстан әкімшілік өлкелеріне мұғалім, тілмаш, хатшы, т.б. ондаған кіші кеңсе қызметкерлерін даярлады.
1868 ж. патша өкіметінің далалық облыстарды басқару жөніндегі уақытша Ережесі бойынша әр уезд бен облыс орталықтарында халықтан жиналған қаржы есебінен мектеп-интернаттарын ашу туралы заң қабылданып, діни мектеп-медреселерді де, дүнияуи пәндерді оқытатын орыс-қазақ мектептерін де облыстық басқармалар жанынан ашылған халық училищелерінің инспекторлары басқаратын болды. 1879 ж. Ы.Алтынсарин Торғай облысында ашылған халық училищесінің тұңғыш мектеп инспекторы болып тағайындалды. (Ол осы қызметті 1889 ж. дейін атқарып келді).
Ол инспекторлық қызметке кіріскеннен кейін дүнияуи мектептерді ашуды мықтап қолға алды. Елек, Николаевск (Қостанай), Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық қазақ-орыс училищелерін ашып, олардың жанынан кітапхана, жатақхана ұйымдастырды. Бұдан соң Алтынсарин болыстық бастауыш мектептер ашу ісін қолға алды. Әр болыс, старшин сайын бірінші басқыш бастауыш орыс-қазақ мектептерін ашты. Ырғызда қыздар пансионатын, Қостанайда ауылшаруашылық училищесін, Торғайда қолөнер училищесін ашты. Оның ұсынысы бойынша 1888 ж. көкек айында Орск қаласында тұңғыш мұғалімдер мектебі ашылды. Ыбырай өзінің досы Н.И.Ильминскийге 1882 ж. шілдеде жазған хатында: “Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы. Тамаша, жақсы педагогика құралы да, ең жақсы өкімет бұйрықтары да, мұқият жүргізілген инспекторлық бақылау да оқытушыға тең келе алмайды”,– деп мұғалімнің білім берудегі рөлін аса жоғары бағалады.
Ы.Алтынсарин мұғалім даярлау ісімен бірге оларға керекті оқу-әдістемелік құралдар жазу ісімен де шұғылданды. Ол орыстың ұлы педагогтері К.Д.Ушинскийдің, Л.Н.Толстойдың, Б.Ф.Бунаковтың бастауыш мектептерге арналған оқу құралдарын басшылыққа ала отырып, өзінің “Мұсылмандық тұтқасы” (1884 ж.), “Қазақ хрестоматиясы” (1879 ж). мен “Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы” (1879 ж.) атты үш оқулығын жазып ұсынды. Бұл оқулықтарды құрастыруда тілінің жеңіл, түсінікті, күнделікті өмірмен байланысты болуына, тәрбиелік мәніне баса көңіл бөлді.
Өзінің А.А.Мазахин, Ф.Д.Соколов, Ғ.Балғымбаев т.б. мұғалімдерге жазған хатында балаларға тиянақты білім беру, оқуды өмірмен байланыстыру, оқу әдістерін жетілдіріп отыру жайында көптеген ақыл-кеңестер берді.
Қазақ қыздарын оқытып білім берудегі Ыбырай салған ағартушылық идея Батыс Қазақстанда 1894 жылы Хұснижамал Нұрлыханова арқылы жалғасын тапты. Қазан қаласындағы Земская мектебін үздік бітірген, өз үйінде ақсүйек ағаларынан тәлім алған, орысша да, арабша да, парсыша да аса сауатты Хұснижамал алты қанат киіз үй тіктіріп қазақ қыздарын оқытып білім алуға, онымен қоса қолөнеріне, ән салуға, еуропаша би билеуге баулыған. Хұснижамалдың шәкірттерінің бірі, филология ғылымдарының кандидаты Әмина Мәметова (Кеңестер Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың анасы) өзінің естелігінде ұстазының өнері мен білімі, адами жоғары қасиеттері жөнінде тебірене сөз етеді.
Ы.Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін 1889-1894 ж.ж. аралығында Қазан университетінің түлегі А.В.Васильев Торғай облыстық басқармасындағы мектептердің инспекторы қызметін атқарды. Ол Ыбырай бастаған ағартушылық жолды дамытушы болды. Әсіресе ол көшіп-қонып жүретін ауыл мектебін көбейтуге күш салды. Өзіне дейінгі Ыбырай ашқан ауыл мектебіне жаңадан 28 мектеп қосып, 2 бір кластық болыстық училищелер ашты. Қостанай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ училищесі жанынан екі жылдық педагогикалық класс ашты. Қазан, Орынбордағы мұғалімдер мектебінен, Қазан гимназиясының стипендиат студенттерінен мұғалімдік жұмысқа адамдар тартты. 1891 ж. Торғайда қыздар мектебін ашты. 1891 ж. Қостанай мен Ақтөбеде қыздар мектебін салғызуға күш жұмсады. А.Васильев мектепті халыққа жақындатуда Ыбырай салған жолды жалғастырып, қолынан келгеннің бәрін істеп бақты.
1893 ж. облыстық әскери губернатор Барабаш орнынан босап, оның орнына реакциялық бағыттағы генерал Лобачевскийдің тағайындалуы Васильевтің инспекторлық қызметін біршама қиындатты. Жаңа болған генерал орысшыл адам еді. Ол жергілікті қазақтар мен орыстар арасындағы жер және оқу-ағарту мәселелеріндегі даулы істерді шешуге келгенде үнемі орыстардың пайдасын көздеп отырды. Мектеп мәселесін шешу күннен күнге қиындай түсті. Мәселен, 1894 ж. В.Васильев ата-аналардан қаржы жинап, Қостанайда екі кластық орыс-қазақ училищесі жанынан ауыл мектептеріне арнап екі жылдық мұғалімдер курсын ашу жөніндегі жасаған ұсынысы сөзбұйдаға салынып ашылмай қалды.
Мұндай кедергілер Васильевтің алдынан жиі кездесе берді. Өлкедегі ашылған 40-қа тарта ауыл мектептері мен 4 уездік екі кластық училищелері мен бес орыс-қазақ қыздар училищелерін жиі аралап басшылық жасау жалғыз инспекторға қиындық келтірді. Көмекші инспектор сұраған Васильевтың хаты губернатор тарапынан қолдау таппады. Тауы шағылған Васильев отставкаға кетуге мәжбүр болып, арыз берді. Васильевті Торғай облыстық басқармасына аға кеңесші қызметіне ауыстырып, оның орнына бұрынғы Бөкей ордасының мектеп инспекторы Александр Ефимович Алекторов тағайындалды. Қырғыздардың хал-ахуалын және мектептер жайын жақсы білетін шынайы демократтық идеядағы Васильевке қарағанда Алекторов қазақ мектептеріне ұлы орысшылдық көзқарас танытып, салқын қарады. Ауыл мектептерінің әсіресе қазақ мектептерінің жағдайы күрт төмендеп кетті. Ол ауыл мұғалімдеріне өктемдікпен кемсіте қарайтын болды. Осының салдарынан тәжірибелі мұғалімдер жұмысты тастап кете бастады. 1906 ж. Торғай, Орынбор облыстары бірігіп, мектеп инспекторы болып М.П.Рогинский тағайындалды.
1889/90 оқу жылында Торғай облысында 14 училище жұмыс істеді. Оның 2-уі орыс тілді, 12-сі орыс-қазақ аралас тілді мектептер еді. Мұның бәрі Ыбырай инспектор болып тұрған соңғы 10 жыл (1879-1889) арасында ашылған мектептер болатын. Орыс тілді мектепте – 242 ер бала, 55 қыз оқыса, ал орыс-қазақ мектептерінде 265 қазақтың ер баласы, 20 қыз баласы оқыды. Ол өлкедегі орыс тұрғындарына шаққанда 69 адамға бір оқушыдан келсе, ал қазақтардың 1168 тұрғындарына бір оқушыдан келді. Көптеген мектеп үйлері жөндеуден өтпеген ескі еді. Мектептерді жөндеуге жергілікті үкімет қаржы бөлмеді. Ауылдық мектептердің көпшілігі ата-аналардың қаржысымен ұсталып келді.
Ыбырайдың ағартушылық идеясы бүкіл қазақ елінен кең қолдау тапты.
Халықтың келешегі оқу ағарту ісімен тығыз байланысты екенін терең түсінген ағасұлтан Құнанбай (Семей – Қарқаралы өңірінде), Шорманның Мұсасы (Кереку – Баянауыл аймағында), Маман – Тұрысбек балалары (Жетісу өңірінде) өз өлкелерінде өз қаржыларына немесе халықтан қаржы жинап мектеп-медресе салдырып, жастардың білім алуына жағдай жасады.
Осылардың ішінде еуропалық жаңа бағытта ашылған Мамания мектебіне ерекше тоқталуға тура келеді. Мамания мектебі 1880 жылдардың аяқ кезінде Қапал уезіне қарасты Қарағаш деген жерде Маман байдың балалары Тұрысбек пен Сейітбатталдар өз қаржысына салдырған еді. Олардың мектеп ауласына орман-тоғай егу, мұғалімдерді Уфа, Орынбор, Каир қалаларынан алдыру, үздік бітіруші талапкерлерді стипендия беріп, Уфа, Троицк, Семей, Верный қалаларына оқуға жіберу, қала берді қазақша роман жазғандарға бәйге жариялауы туралы қазақтың зиялы қайраткерлері: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, М.Сералиндер “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналына тебірене мақала жазды. Маман балалары татар купецтері мен казак-орыс офицерлерімен қарым-қатынаста болып, солардың үлгісімен Қарағаш қалашығын тұрғызды, бірнеше көктөбел үйлер мен монша, мектеп-медресе және магазин салды. Мешітке Зайсан қаласынан Хасен деген татар молдасын имам етіп тағайындап, қосымша жаңа ашылған мектепте дін-шариғат заңдарынан сабақ бергізді. Мамания мектебінде Захар Назаров деген казак-орыс орыс тілінен, ал Мүстахим Малдыбаев деген мұғалім есеп, жағрафия, ана тілінен, ал Фатима Есенгелдина қыздарға қолөнері пәнінен сабақ береді. Мамания балалары 1909 ж. Қарағашта жаңа мектеп үйін салып бітіріп, мектептің ашылуының 20 жылдығын атап өтпек болып, Семей, Сергиополь, Қапал, Верный, Қарқаралы уездері мен Шығыс Түркістаннан көп зиялы қауымды тойға шақырады. Осы тойға сырқатты болып келе алмай қалған атақты сазгер-ақын Әсет Найманбаев Шәуешек қаласынан өлеңмен хат жолдап құттықтайды.
Мамания мектебінің түлектері атақты ақын, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіров, ағартушы-қайраткерлер: Біләл Сүлеев, Әбубәкір Жойшыбаев, Мейрам Ермектасов, Бейсенбай Күдесов т.б.
ХІХ ғ. аяқ кезіндегі ауылдық жерлерде ашылған бастауыш мектептерде мұғалім кадрлары жоқтың қасы еді.
Ауылдық бастауыш мектептерге уездік училищенің түлектерін 6 айлық курсқа жіберіп оқыту арқылы мұғалімдер даярланды.
Сондай-ақ, 1870-1910 ж.ж. аралығында Орынбор, Орал, Ақтөбе, Гурьев, Қостанай, Семей, Петропавл, Алматы (Верный) қалаларында мұғалімдер даярлайтын семинариялар мен гимназиялар ашылды. Семинарияларға екінші басқышты халықтық училищелердің түлектері жергілікті басқару орындарының жолдамасымен алынатын болды.
Мұғалімдер даярлайтын семинариялар мен гимназияларға қаржы елден жиналды. Мысалы, Орынбордағы ер және қыз балаларға гимназия салуға халықтан ондаған мың теңге 6 жылда әзер жиналды. Оған оқуға түскен 50 қазақ балаларының 6-уы ғана толық бітіріп шықты. Оның себебі, біріншіден, оқу орысша жүргендіктен, ауылдық училищелерді қазақша оқып бітіріп келгендерді үлгермейді деген сылтаумен әр курстан шығара берді. Осындай жағдай Троицк гимназиясында да қайталанды.
Қазақ балаларын оқытуға деген теріс көзқарас салдарынан Орынбор, Троицк гимназияларында халықтан студенттерге арнайы жиналған ақшаның 2000 сомы жыл сайын пайдаланылмай қалып отырды.
Кесте 3 - ХІХ ғ. аяғында Қазақстанның әр облысы бойынша ашылған мектептер туралы статистикалық мәлімет мынадай:




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   79   80   81   82   83   84   85   86   ...   113




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет