Публицистикалық шығармашылық негіздері


Соғыстан кейінгі жылдардағы публицистика



бет18/25
Дата31.12.2019
өлшемі2,01 Mb.
#53907
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   25

Соғыстан кейінгі жылдардағы публицистика
Соғыстан кейінгі жылдары бүкіл ел халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру ісіне жұмылдырылды. “…Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер біздің елімізде 1700 қала мен поселкені, 70 мың село мен деревняны жойып, 31 мың өнеркәсіп орнын, 98 мың колхоз бен 2 мыңға жуық совхозды қиратты, 65 мың километр темір жолды талқандады. 25 миллион адам баспанасыз қалды…” [228, 18 б.]. 1945 жылы “Республикалық, өлкелік және облыстық газеттердің сапасын арттыру және көлемін ұлғайту туралы” қаулы қабылдануының баспасөзді, публицистиканы дамытуға әсер, ықпалы зор болды. “Соғыстан кейінгі жылдары республика газеттерінің мазмұны өзгерді, олар жергілікті өмірді жан-жақты жазатын болды, экономика мен мәдениет мәселелеріне баса назар аударылды. Газет беттерінде очерк пен фельетон, баспасөзге шолу жанрлары жиі көрінді. Сөйтіп баспасөз өзінің жұмысын бейбіт дәуірге бейімдеп қайта құра бастады”[229,49]. Сөз жоқ баспа-сөздің бейбіт өмірге бейімделуімен бірге, қазақ публицис-тикасы да күнделікті еңбек ырғағының айнасына айналды.

50-ші жылдардағы Қазақстандағы айтулы оқиға – тың және тыңайған жерлерді игеру болды. Дәл осыған байланысты 1954 жылдың ақпан айынан бастап республикалық басылым-дарда “Тың және тыңайған жерлерді игеру бүкілхалықтық іс”, “Тың және тыңайған жерлерді егіндікке пайдаланайық!”, “Тың және тыңайған жерлерді агрономиялық талаптарға сай өң-дейік!” сияқты ұраншыл айдарларға топтастырылған жарияла-нымдар шоғыры көптеп өріле бастады. 1954 жылдың 2 науры-зында “Елімізде астық өндіруді одан әрі арттыру туралы, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы” Орталық комитет қаулысы жария етілді. Бұл істі жүзеге асыруды ұйымдастыруға көрнекті қаламгерлер де тартылды. 1958 жылы “Қазақ әдебиетінің” 1-қаңтардағы нөмірінде сыншы Мұхаметжан Қаратаев өз мақаласында:

“…Ал сонымен бірге жазушылардың соңғы бір жарым жыл ішінде өмірден алған азды-көпті материалдардың ұсақ жанрларда (публицистикалық жанрларда – Б.Ж.) өнім бере бастағанын айта кету жөн. Бұған тың туралы С.Мұқановтың, М.Әуезовтің, М.Иманжановтың, Ә.Нұршайықовтың очерктері мен әңгімелері айғақ бола алады”[230], – деп жазыпты.

Қазақтың қалам қайраткерлері елдің түкпір-түкпіріндегі тың игеру барысынан көлемді көркем очерктер циклын жазуға кірісті. Бұған әрине үкіметтің алға қойған міндеттері түрткі болды.

Қазақ әдебиетіне “Сұлушаш”, “Ақ аю”, “Өмір мектебі”, “Ботакөз”, “Сырдария” сияқты шоқтығы биік көркем шығар-малар берген біртуар тұлға Сәбит Мұқанов тың игеру тақырыбына ең көп қалам тербеген жазушылардың бірі болды. Өзінің шығармашылық жолында әдебиет пен журналистиканы қатар алып жүрген С.Мұқанов көптеген газет-журналдарға басшылық етті, әдеби дүниелермен бірге публицистика жанрларында да еркін жазды. Әсіресе оның тың тақырыбына жазған очерктерінің өзі бірнеше кітапқа жүк боларлықтай.

Публицистикада тақырыпты таңдау шығармашылық жемісіне тікелей әсер етеді. Шығарманың сәтті немесе сәтсіз болуы, оны оқырманның оқу, оқымауы да сол тақырыпты таңдаудан бастау алады. “…Публицист болашақ шығарма-сының тақырыбын таңдай білуі керек, оны дамытып және өңдей білуге тиіс. Публицистиканың қандай жанрында шығарма жазғанда да журналист осы үш заңдылыққа сүйенеді. Шығарманың тақырыбы ұнамды, мазмұны тартымды болуы публицистиканың негізгі міндеті” [31, 129 б.]. Сәбит Мұқанов тың тақырыбына мол жазды, өндіре жазды. Тың игеру тақырыбының ішкі қатпарларын ашып, қопара жазды. Бұл тақырып – қаламгерді бұрыннан толғандырып жүрген, ішкі ой қазанында қайнап, әбден пісіп-жетілген мәселе болатын. Сәбит Мұқановтың туған, өскен жерінің өзі – Қазақстанның Солтүстік өңірі. 50-ші жылдары тыңға түрен салынғандағы бар жаңалық сол Солтүстік өлкеде ерекше қарқынмен өріс алды. Сәбиттің өз тақырыптарын халық ішінде жүріп табатындығы, елге етене жақындығы ғалым С.Қирабаевтың мына ойларынан көрініс табады: “Сәбит шын мағынасындағы халықтық жазушы. Халықтың қайнаған тіршілігінің жуан ортасынан шыққан ол кейін де өзі туған ортадан, халық өмірінен алыстап кеткен жоқ. Оның халықпен байланысы – кездейсоқ кезде-сулер емес, табиғи туыстық .

…Ел өміріндегі жаңалықтарға да дер кезінде үн қосып отырады. Жазушының қоғамдық актуальды мәселелерді көтерген әдеби очерктері – оның халық өмірі мен байланы-сының деректі куәлары сияқты. Қазақ жерінде тың игеріле бастаған кезде… жазушы тың даланы талай кезіп, аралап шықты. “Туған жердің тыңында” атты очерктер кітабын жариялады. Туған өлкенің бүгінгі тіршілігі оның “Саяхаттар” атты кітабына материал берді. Шетелдік сапарлар негізінде ол “Алыптың адымдары”, “Адам атаның шоқысында” атты очерктер кітабын жазды [231, 188 б.]. С.Мұқанов – публи-цистің “Туған жердің тыңында” атты очерктер жинағын парақтағанда, жоғарыдағы ойларымызға тірек боларлық көп дәлел таптық. Пролог орнына жазылған өлеңінің өзін Сәбит:

“Алыста ауылым бар еді,// Облысы Қостанай.// Жері құт, суы бал еді,// Мәпелеп мені өсірген.// Туған жерді есімнен// Жүретін едім тастамай…// Жоқ шыдамым! Қаламды// Өткірлеп мен де қайрармын.// Аралап туған даламды,// Ерік беріп жырыма,// Поэзия тыңына// Мен де соқа айдармын” [232, 3-6 бб.], – деп бастап, қолға қалам алады. “Бұл жердің тарихынан” деген очерк ерекше әсерлі әңгімеден құралған. Сәбит – публицист өзі туған, өзі өскен Жаманшұбар ауылының өткеніне ой жүгіртеді. Бала кездегі көрген-білгендері, туған жерінің өзен-көлі, тау-тасы, аң-құсы, онда тұрған адамдар хақында, олардың мал өсірген тұрмыс-тіршілігі жайлы тебірене толғанады. Атамекендегі қыстаулар мен жайлаулар, қыс пен жаздың көрік-көрінісі түгел суреттеледі. Бұл тақырып, тың тақырыбы Сәбит жүрегіне сонау 20-шы жылдары ұя салыпты. Сол кезде ауыл адамдары Жаманшұбарды, ондағы ата-баба зиратын тастап орманды өлкелерге қарай көшіп, қоныстанған екен. Сонда бала Сәбит те әке-шешесінің томпиған қабіріне ел қатарлы белгі салып, қош айтысып, қимай-қимай аттанып кеткен екен. Иесіз қалған жерді игеру туралы ой Сәбит ойына алғаш сол кезде-ақ келген.

Кейіннен араға жылдар салып 1937 жылы туған жерге екі ұлын алып барған Сәбит иесіз жатқан, белуардан жоңышқа басып кеткен иен даланы көріп тағы ойланады. “Сонда маған келген ой, “осынша топырағы асыл жерге, неге ел орна-майды?!” [232, 24 б.] – деп тебіренеді. Сол пікірін 1949 жылы Алматыда өткен бір жиналыста да айтады. Ешкім құлақ аспайды.

Кейін 1952 жылдың жазында атамекеніне тағы бір оралғанда: “Тағы да мен ескі жұртқа бардым… Тағы да, әке-шешемнің жерге айналып бара жатқан зиратының қасында біраз тұрдым… Маған олардың және оларды айнала жатқан өзге туыстардың аруақтары; – мұншама кең, мұншама құнарлы өлке неге пайдаға аспай жатыр?.. Қашанға шейін жатады ол бұл қалпында?” деп сұрау бергендей болады…

Азабы ауыр болғанмен балалық шағымды өткізген, әке-шешемнің, туысқандарымның қабыры орнаған Жаманшұбар-дың, ширек ғасырдан артық адам көрмей құлазып бос жатуы көңілімді жүдетті” [232, 25-26 бб.], – деп, иесіз даланың игерілуі туралы тақырып жазушы көкейіне мықтап орнайды, арманына айналады.

Келесі “Тыңға шабуыл”, “Алғашқы жеміс”, “Бірінші ұялар”, “Мәдениет ошақтары”, “Болашақтың жолдары” атты очерктерінде сол даланың қалай игерілгені, қандай нәтижеге қол жеткізілгені, қаламгер арманының орындалғаны соншалықты әсерлі, қарапайым елге түсінікті тілмен тәптіштеп көрсетіледі. Сондағы иен далада ұйымдасқан совхоздар, жоқ жерге салынған жаңа үйлер, ағылып келген еңбексүйгіш жандар, соқамен, трактормен жыртылған жер, жан біткен егістік алқаптары, қазылған құдықтар, бір елді мекен мен екінші ауыл арасын жалғаған тас жолдар, тартылған телефон желісі, кең даланы нұрландырған электр жарығы, ағылған автомобильдер, жаңа ашылған дәрігерлік пункттер, концерт, пьеса қоюға лайықталған сахнасы бар, кино көрсететін клубтар, далалық бригадалардағы радиоприемник, патефон, пластинка, шахмат, дойбы, домино, екі этажды мектеп, дүкен, аурухана үйлері, элеваторлар мен тартылып жатқан темір жолдар, ұшқан самолеттер – міне осының бәрі тың игерудің арқасында жеткен жетістіктер екенін автор шырайын шығарып жеткізе білген. Автор өз атынан ғана баяндай бермейді, өмірде қалай болды, кіммен кездесті, ол қандай әңгіме айтты – сол арқылы таңдаған тақырыбын жан-жақты ашады. Қаламгерге кезіккен бригадир Елтунов Мұхаметжан, іскер директор Илья Григорьянц, екеуі де әңгіменің майын тамызатын өкіл Құлжан Өтеғалиев пен бухгалтер Макин Қадыр, Сәбиттің бала кезден бірге өскен досы Сұратай, 102-ге келген Алдаберген қарт, тракторист Степан Шолома, тың игерушіі Владимир Иванченко, дәрігер Клара Янка – бәрі-бәрі очерк кейіпкерлеріне айналған. Және де С.Мұқанов – публицистің жазуында иненің жасуындай жасандылық, қоспа әңгіме жоқ. Өмірдің өз көркемдігін өз бояуымен, өз айшығымен әрлей біледі. Қаламгердің үлкен дайындықпен тақырып таңдауы, сол тақырып төңірегінде жинақталған материалдарды өңдеп, дамыта білуіне – С.Мұқанов – публицист шеберлігі тұтас өнеге мектебі бола алады.

Жазушы Ә.Нұрпейісов Сәбит алпысқа толғанда: “…Кейде, тіпті публицист Сәкең суретші Сәкеңнің алдына түсіп алып, өмірден жиған-тергендерін кесе көлденең тартып жол бермей қоятын да кезі болады. Бір жақсысы, оқушы көңілін сергек сезіп отыратын тәжірибелі жазушы өзінің публицистикасына қызық оқиғаларды көп-көп кіргізеді. Сонымен бірге оқушысын бұрын-соңды көрмеген соны жолға салып, дәл бір халық тарихын ақтарған ғұламаларша ой шиырына алып кетеді. Ұмытылып бара жатқан ұлттық салт-сана мен әдет-ғұрыптардың не бір тамашаларының бетін ашып, оқушысының қолына бір кез ескі дүниенің кілтін ұстатып та қояды. Мұның бәрі сайып келгенде, оқушының ойын байытып, үлкен санаға бейімдейді” [233, 18 б.], – деп жазыпты. Тың игеру тақырыбы – бізге соншалықты ескі тақырып сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ С.Мұқановтың асқан шеберлікпен жазылған тың туралы очерктерін қайыра оқыған адам 50-ші жылдардағы шынайы өмірдің куәгері болады, тіпті оймен болса да тарихтың сол бір дәуіріне қайта оралғандай болады. Бәрі де тақырып таңдаудан басталған. Тақырыпты дұрыс таңдаудың публицист үшін берері мол.

Қазақ публицистикасындағы очерк жанрының дамуына өз қалам қайратымен өлшеусіз үлес қосқан сол Сәбит Мұқанов жазушы Мұхтар Әуезовтің 60 жылдығына арналған баяндамасында: “…Мұқтар очерктер де жазды. Солардың ішінде көпшіліктен жақсы баға алғаны – тың және тыңайған жерлерді игеру тақырыбына арналып 1955 жылы жазылған, баспасөз бетінде жарияланған “Түркістан солай туған” деген очеркі” [234, 14 б.], – деп атап көрсетіпті.

Әуезов – публицист тың совхозының тыныс-тіршілігін ұтымды сюжет желісін тауып, бір-бірімен жалғасып жатқан оқиғалармен әдемі өрбітеді. Сабақтас алты тарауда бірнеше адамның бейнесі сомдалады. Сол адамдардың кескін-келбетін табиғат көріністерімен астастырып суреттеу де қаламгер шеберлігін көрсетеді.

Очеркте келелі проблемалар, көкейкесті мәселелер қозғалып, әлеуметтік мәні бар қорытындылар жасалған. Бұның бәрі шығармада кейіпкерлер характері, лирикалық шегіністер арқылы ашылып, пейзаж, диалог, психологиялық детальдардың шебер қиыстырылуынан туындайды. Публицистика жанрларын зерттеуші ғалымдар Ш.Елеукенов, Г.Колосовтар очерктегі шеберлік қырларына былай баға беріпті:

“…Мұқтар Әуезовтің “Түркістан солай туған” очеркінде тың игерушілердің еңбек ерлігі қалай жасалғаны, адам характерінің шыңдалуы – міне осы пейзаж арқылы, сұрапыл қыс пен ауыр көктемнің қиыншылықтарын жеңу арқылы бейнеленеді… Табиғат суреті жазушының өмірге көзқарасын, оның философиясын, әдемілікті сезінуін көрсетеді. Пейзаж адамның көңіл-күйімен әуендес керіқалаң жасалады…”[235].

Шындығында да Әуезов пейзажы – оның қай шығарма-сының да шырайын енгізетін көркемдік компонент. М.Әуезов табиғат көріністерін суреттеуге келгенде көсіліп сала береді. Және жай ғана суреттеп қоймайды, табиғаттың келбеті, реңі, бояуы арқылы адам бейнесін аша түседі. Мысалы:

“Аспан ылаңы әлі айықпаған. Жақын заманда айығардай түрі де жоқ. Жұмырланған қою сұр бұлт қана қаптаған. Жотадан айналаға көз жіберсе, көз тоқтатарлық бірде-бір қарауытқан бұдыр жоқ. Тек қана ақ көрпесін қалың жамылған, дүңкиген қалың-қалың жоталар жатыр. Кей жақта көкжиекке шейін созылып жатқан үшан-теңіз ақсұр дала, суық дала, жүргіншілерге соншалық жат, жұмбақ дала. Бірде-бір жерде адам жайы білінбейтін..” [236, 8-9 бб.]. Осы эпизодтан қақаған қыста иесіз далада келе жатқан жолаушылардың кейпін, ойын, көңіл-күйін, іс-әрекетін аңғарғандай боласыз. Публицист табиғат суреттері арқылы адам тұлғасын сомдауға көшеді.

Боранда адасып кеткен Сақыш кемпірдің “Садаға кетейін!” – деген бір ауыз сөзінен-ақ, өзін ажалдан арашалап қалған жандарға шексіз ризашылық сезімі көрінеді. Ал Строговтың кемпірді “Садаға” атап кетуін де автор қиюын тауып, келісті штрих ретінде пайдаланған.

“Түпсіз кең, мөлдір аспанда шырқау бір биікте салқар-салқар топтарымен ақ қанаттары күнге шағылыса соншалық мол аққулар өтіп жатты. Сұңқыл-сұңқыл әдемі бір үндері кейде тына қалып, тыңдаған жанға ақ қанаттардың сытырлаған үндерімен ілесіп жетеді” [236, 37 б.], – деген сөйлемдердегі табиғат суреттері арқылы егіс даласында жүрген Нина Петровнаның жайдары көңіл-күйі әдемі астастырылады. Бұл психологиялық параллелизм де – очеркистің шеберлігін айғақтайтын бір мысал.

Академик З.Қабдоловтың: “Осының бәрі жан тебірентер ғажап, мың құбылған түрі бар, сан иірім сыры бар тұтас бір образ, адам мекені, халық мекені – дала образы.

Және, Әуезов пейзажы – бай палитраның түрлі-түсті бояуларымен келістіре салынған сурет қана емес, шынында да құдды жанды адам: дем алады, қозғалады, жадырайды, күледі, жылайды – дәл адамша әрекет етеді” [237, 92 б.], – деген тұжырым осындайда айтылса керек.

Очерктің басынан аяғына шейін бірнеше оқиғалардың куәгері боласыз. Ол оқиғалар кейіпкерлердің бір-бірімен қарым-қатынасы, әңгімелесуі, еңбек етуі негізінде қалыпта-сады. Бұл оның жанрлық жағын айқындайды. Сондықтан да болар, профессор Т.Қожакеев “Түркістан солай туған” очеркін – оқиғалы очерк санатына қосыпты [32, 176 б.].

Өз заманының кескін-келбетін көрсететін шығарма жазу мақсаты – Әуезовті Оңтүстік өлкесіне сапарға жетеледі. Осы дәуір тақырыбына шығарма жазам деп 1959 жылдың көктеміндегі Қазақстан Жазушыларының съезінде де уәде етеді. Кейін 1961 жылдың мамыр айында “Литературная газетада” жарияланып, “Қазақ әдебиетінде” аударылып басылған “Қазіргі роман және оның геройы” деген мақаласында сол пікірін нық қайталайды: “…Аяулы Абайыммен қош айтысқаныма міне екі жыл; содан бері бүгінгі шындықтан шығарма жазсам деген ойдан бір күн ажырап көрген емеспін” [238].

Сөйтіп 1959 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Шаян, Созақ, Түркістан, Шәуілдір аудандарына сапарға шығады. Олардың шаруашылығымен, мәдени жағдайымен, әлеуметтік ахуалмен танысады. Көптеген еңбек адамдарымен жүздесіп, әңгімелеседі. Соның нәтижесінде “Оңтүстік сапарынан” атты көлемді жолсапар очеркін жазып қайтады.

Профессор Р.Бердібаев өзінің ертеректегі бір мақаласында: “Суреткердің “Қадімнен мәлім Қаратауды” зор шабытпен суреттегені, “Қаратау тәжі – Кентауды” үлкен сүйіспенші-лікпен таныстырғаны, Сарыағаштың шипалы суының иеліксіз жатқандығына қатты наразылық айтқаны есімізде. Сол кезден-ақ Мұқаңның Оңтүстікке кездейсоқ жолаушы болмай, іздеуші, зерттеуші қаламгер ретінде барғаны аңғарылып еді”[239], – деп жазыпты.

Мұхтар Әуезов көрген-білгендерін жай баяндап қана қоймайды, Оңтүстік өлкесінің тарихы жөнінен тың деректер де келтіреді. Мәселен, очерктің бір тұсында Мәделі қожа мен Ақпамбеттің айтысынан, Дулат Майкөт ақын мен Құлмамбеттің айтысынан үзінділерді пайдаланады.

Очерктің түйінінде: “Сарыағашқа келгенде сол қазыналық байлығы ретінде бар сипатымен толып, болып тұрса да, соны барарына толық барғыза алмай жатқан шабан-шардақ күйлерді өкінішпен еске аламыз” /СҚ. 1959, 23 октябрь/, – деп Сарыағаштың шипалы суын тиімді пайдалану керектігі жөнінде проблемалық ой қозғайды.

М.Әуезовтің 50-ші жылдардағы публицистік шығармала-рынан ең алдымен байқағанымыз – проблема қоя білу және оны талдап жеткізу шеберлігі. Оның көптеген мақалаларында мәселенің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени астары күн тәртібіндегі маңыздылығымен астасып жатыр. Қазіргі қазақ публицистикасындағы жанрлық, композициялық, архитекто-никалық, стилистикалық сан алуандылық бірден пайда бола қойған жоқ. Ол түр мазмұнға сай болуы керектігін түсінген қазақ публицистерінің көп жылғы түрлік (формалық) ізденіс-терінің нәтижесі болып табылады.

Тың игеру тақырыбына арналған көркем-публицистикалық шығармалардың ішінде Сафуан Шаймерденовтің “Алғашқы сәлем”, Сейтжан Омаровтың “Атбасар даласында”, “Қорғалжын алқабында”, “Тың түлектері”, Өтебай Қанахиннің “Құтты қоныс” очерктеріне қазақ халқының қонақжай мінезі, достық, ынтымақ, бірлік тақырыбы өзек болады.

Қазақ публицистикасына соғыс жылдарында-ақ араласа бастаған Мұқан Иманжанов өз қолтаңбасын қалдырып кетті. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы майдандағы досы Баубек Бұлқышевпен көп хат жазысып тұрған. Баубек дүниеден өткенде жазған “Қош бол, Шығысұлы” деген қаралы хат арқылы көпшілікке “Тауұлы” деген атпен танылған да осы қаламгер. Бұл туралы: “Иманжановтың “Социалистік Қазақстан” мен “Лениншіл жас” газеттерінде жарияланған лепті, асқақ романтикашыл өр туындыларының әрқайсысы әдеби елеулі құбылыс болатын. Баубекке арналған “Қош бол, Шығысұлы” деген әңгімесі “СҚ”-да басылған күні оқырмандар құттықтап, редакцияға бірінің соңынан бірі телефон соққанын қызметтес жолдастары сүйсіне еске алысады. “Тауұлы” деген әдеби аттың кімдікі екенін білмеген кейбіреулер:

– Мұны жазған Ғабит емес пе? – деп сұрағандары да болыпты” [225, 232 б.], – деп жазады өз естелігінде Мұзафар Әлімбаев.

Мұқан публицистиканың очерк жанрында көп қалам тербеді. Әрі очерк жазуға үлкен дайындықпен келу керектігін жастарға түсіндіріп кетті. “Газет очеркі дегенімізді қарапайым тілмен айтсақ – қызықты материал, өмірді салқын қанмен, шаблонмен үстірт баяндау емес, қызыға жанын сала жазған, адамның ішкі дүниесін, еңбегінің романтикасын, сырын айтатын материал” [225, 18 б.], – деп жазды ол.

М.Иманжановтың 50-ші жылдары жазған “Тыңдағылар” очеркі сондай талап пен талғам үдесінен шыққан шығарма болды. Мұқан өз очеркінде адам характерін ашуға күш салады. Оның комсомол хатшысы Подольский, механизатор Баев, парторг Каленич сияқты кейіпкерлерінің жан-дүниесі ішкі психологиялық иірімдермен жан-жақты ашылады. Бұл қазақ публицистикасында адамның мінез-құлқы арқылы бейнесін жасаудағы талпыныстар еді.

Зерттеуші Т.Ыдырысов: “Соғыстан кейінгі жылдарда өңкей очерктерден құрастырылған жинақтар, жеке авторлар-дың кітаптары шығарыла бастады. Мысалы, елуінші жылдардың басында С.Мұқановтың “Саяхаттар”, Ғ.Слановтың “Бесжылдықтың өрендері”, Ә.Нұршайықовтың “Алыстағы ауданда”, М.Иманжановтың “Азамат мақтанышы” деген кітаптары шықты” [240, 136 б.], – деп жазды. Шын мәнінде соғыстан кейін еңсесі түскен елдің рухын көтеру мақсатында оптимистік тұрғыдағы шығармалар жазу – сол кездегі кеңестік идеология жемісі болатын. Көптеген орыс публицистерінің жаппай мадаққа құрылған очерктері шықты. Оның әсер, ықпалы қазақ публицистикасына тимей қойған жоқ. Бірақ өмірдің өзінен туындаған, шынайы шығармалар да мол жазылды. Сондай-ақ ел-елдегі, жер-жердегі шешімін таппаған мәселелердің бетін ашқан өткір проблемалық-аналитикалық очерктер де көрініс тапты. Соның бірі Әзілхан Нұршайықовтың “Алыстағы ауданда” циклды очерктері еді. “Әзілхан Нұршайықовтың “Алыстағы ауданда” очерктер жинағы негізінен алыстағы ауданның өмірін қамтиды. Жинаққа енген жеті очерктің бәріне ортақ тақырып бар. Ол – егін егіп, мал баққан ауыл адамдарының еңбегі мен тұрмысы, қуанышы мен реніші. Журналистің жіті көзі бүгінгі өміріміздің қырқасына да, қалтарысына да түскен. Егжей-тегжейлі зерттелген фактілер екшеле келе әлеуметтік түйін тапқан. Очеркистің аяқ алысынан, көркемдік бояуынан орыс жазушыларының ең алдымен – Валентин Овечкиннің әсерін байқау қиын емес” [240, 137 б.]. Жеті очерктен тұратын “Районные будни” кітабы Валентин Овечкин есімін қалай кең танытса, жеті очерктен түзілген “Алыстағы ауданда” жинағы Әзілхан Нұршайықов шығармашылығы төңірегінде сондай резонанс туғызды. Публицист Нұршайықовтың “Тың астығы” атты кітабында да бірнеше очерктер топтастырылған. “Село коммунистері” очеркінің бүкіл оқиғасы кнференция үстінде өрбиді. Сонда қозғалған мәселелер, сөйлеген сөздер, кейіпкерлердің мінез-құлқы арқылы елуінші жылдардағы еңбек адамдарының бейнесі сомдалады.

Тағы бірде ол Павлодарда облыстық “Қызыл Ту” газетінің редакторы болып жүргенде Баянауыл ауданына іссапармен барады. Қыс қатты болып, жұт болады. Соның себебін тексеріп барған журналист Нұршайықов ауданда өтіп жатқан конференцияның үстінен түседі. Жиналысқа түгел қатысып, сонда айтылған сөздерден аудандағы негізгі проблемаларды аңғарады. Павлодарға оралған соң “Конференция” (кейін “Талқы” деген атпен) 1955 жылы январьда “Лениншіл жастың” үш нөмірінде проблемалық-аналитикалық очерк жазады. Кейіннен осы тәсілді пайдалана отырып, “Алыстағы ауданда” атты ұзақ очеркін жариялайды. “Астық” атты очеркі тың игерудің алғашқы жеңістеріне арналған. Очерктің басындағы теміржол станциясындағы сұрақ пен жауап арқылы тың игерудің қалай басталғандығын шынайы көрсетеді.

“Теміржолшылардың “қайдан келесіңдер?” деген сұрақта-рына эшелондағылар:

– Ленинградтан келеміз.

– Москвадан.

– Вологдадан.

– Туладан.

– Львовтан.

– Днепропетровскіден.

– Горькийден.

– Татарстаннан.

– Мордва АССР-інен,- деп одақтың ондаған қалаларын атаумен болды. Ал “қайда барасыңдар” деген сұраққа:

– Қазақстанға барамыз.

– Көкшетауға.

– Ақмолаға

– Павлодарға, - деп Қазақстанның тың игеруші облыс-тарының аттарын жарыса атап, алға қарай қолдарын серместі.” [241, 37 б.]. Міне қазіргі көп ұлтты Қазақстанның негізінің бір ұшығы сол 50-ші жылдарда жатқандығының көрінісі бұл.

Публицистика – дәуір үні, заман шындығының шежіресі екендігін дәлелдейтін Ә.Нұршайықов шығармалары көп. Ол өзі өмір сүрген кезеңнің қайшылығын да, жеткен жетістігін де шырайын шығарып шынайы суреттеуге қалам тартты. Оның “Жауын”, “Мотоцикл”, “Жеңгей”, “Машина” – 50-ші жылдардағы ел тіршілігінің хатқа түсірілген көшірмесі іспеттес. Жалпы Ә.Нұршайықов қазақ очеркінің диалогқа құрылған түрін қалыптастырды. Оның “Коммунист туралы сөз”, “Партиялық тапсырма” очерктерінен бастап “Ақиқат пен Аңызға” дейінгі шығармашылық жолы – соның дәлелі.

Сонымен, 50-ші жылдардағы қазақ публицистикасы негізі-нен очерк түрінде дамыды. Және ол очерктердің көпшілігі тың игеру тақырыбына арналды.

Қазақ баспасөзіндегі жолсапар очеркінің қарлығашы Ш.Уәлихановтың “Жоңғария очерктері” (1860). Онан кейін жазылған С.Шариповтың “Рузи Ираны” (1935). Сабыр Шариповтың “Иран күні” атты осы очеркінен кейін шетел тақырыбына арналған шығармалар көпке дейін жазылмады.

Тек 50-ші жылдардың екінші жартысынан бастап Кеңес елінің шет мемлекеттермен байланысы қауырт нығайды. Кеңес елі делегациясының құрмында біздің белгілі қалам қайрат-керлеріміз шет елдерге шығып, соның нәтижесінде баспасөз бетінде көптеген жолсапар очерктері дүниеге келді. Олар: М.Әуезовтің “Индия очерктері”, “Америка әсерлері”, С.Мұқановтың “Адам ата шоқысында”, “Халықтық Германияда”, Ғ.Мүсіреповтің “Кездесулер”, Х.Есенжановтың “Париж көріністері”, Б.Момышұлының “Куба әсерлері”, М.Қаратаевтың “Мысыр сапары”, С.Қирабаевтың “Италия әсерлері”, С.Шәріповтің “Мынау тұрған Монғолия”, Ж.Молдағалиевтің “Ежелгі елдің жігіт шағы”, Ә.Әлімжановтың “Елу миль сумен, құрлықпен” т.б. очерктері. Сөйтіп 50-ші жылдардағы публицистиканың тағы бір ерекшелігі – қазақ көсемсөзінде жолсапар очерктері шоғырының жарқырап туғандығы. Жалпы сапарнама оқырманның жан-дүниесін байытатын, ой-өрісін өсіретін, дүниеге көзқарасын кеңейтетін, шет елдердің тұрмыс-тіршілігі, салт-сана, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен егжей-тегжейлі таныстыратын ерекше жанр. Шет елдің көрікті жерлерін жазушымен бірге оқушы да қоса аралағандай күй кешеді. Зерттеуші Т.Ыдырысов 50-ші жылдардағы жолсапар очерктерінің тақырыбы мен сипаты туралы: “Мұқтар Әуезов Индияға, Америка Құрама Штат-тарына барған сапарының жайын әңгімелейді. Сәбит Мұқанов Цейлоннан, Герман Демократиялық Республикасынан көрген-білгендерін ортаға салады. Ғабит Мүсірепов Италиядағы мәдениет өкілдерімен кездесулерінің сырын ашса, Серік Қирабаев Италияның қазіргі өмір тіршілігінен кең мағлұмат береді. Бауыржан Момышұлы қаһарман Кубадан алған әсерлерін баяндаса, Хамза Есенжанов Францияның тұрмыс-салтымен, мәдени ескерткіштерімен таныстырады. Жұбан Молдағалиев пен Қасым Шәріпов саяхатнамаларының арқауы – туысқан Монғолияның жаңа өмірі, Әнуар Әлімжанов кітабы – Европа мен Азияның, Американың көптеген мемлекеттерін аралаудан туған жол шежіресі. Мүхамеджан Қаратаев араб елдерінің, ең алдымен Біріккен Араб Республикасының бүгінгі шындығына сүңгиді” [240, 42-43 бб.], – деп толғаныпты.

Мұхтар Әуезовтің “Индия очерктері” – 50-ші жылдардағы қазақ публицистикасындағы алғашқы сапарнама болатын. Ол туралы ғалым Айқын Нұрқатов: “Дәл осындай ділгір күйде, яғни оқырмандар өз жазушыларымыздың шет жұрт өмірін бейнелейтін шығармаларына мейлінше зәру болып отырған жағдайда аса көрнекті суреткеріміз Мұхтар Әуезовтің “Индия очерктері” атты кітабының жарықа шығуы – әдебиетіміздегі елеулі құбылыс” [242, 215 б.], – деп лайықты баға берген еді.

М.Әуезовтің әйгілі “Индия очерктері” – оның 1955 жылғы Үндістанға сапарының жемісі. “Индия очерктерінің” алғашқы жолдарында саяхаттың басталуы туралы сөз болады. Бұдан әрі дәстүрлі түрде сапарнамадағы баяндау бір жүйелілікпен жалғасады. Кез-келген сапарнама сияқты “Индия очеркте-рінде” де бейтаныс елдің белгісіз келбетімен таныстыру процесі оқырманды қызықтыра түседі. Автор жаңа деректер, тың оқиғаларды баян етеді. Шығармадағы жаңалық, сонылық атаулының бәрі де жазушының дүниетанымынан, оның шығар-машылық даралығынан, қалыптасқан шеберлігінен туындайды. Мысалы, әлемнің жеті кереметінің бірі – “Тәжмахал” сарайын таныстырғанда, автордың аса бай дүниетаным шеңбері бірден байқалады:

“Сиқыр сарай – мазар Тәжмахал 18 жыл бойына 20 мың жұмысшының қолымен Шахжиһан патшаның бұйрығы бойынша 1632 жылдан басталып, 1650 жылға дейін салынған. Бұл ғажайып жайды салушы ұста Иса деп аталады.

“Тәжмахал” тек аппақ мрамордан ғана салынған. Іші ою нақыстармен көп безелген, тас кестелі кейбір әсем бөлімдерін безендіруге ақ мрамордан басқа 18 түрлі тастар қолданылған. Астыңғы платформасымен санағанда ең жоғарғы ұшпа басына шейін 78 метр деп мөлшерленеді. “Тәжмахал” дүние жүзіндегі адам қолымен тұрғызылған жеті ғажайып архитектура ескерткішінің біреуі саналады деседі” [243, 344-345 бб.].

Автордың осы баяндауынан оқырман қаншалықты кең мағлұмат алатындығы көрініп тұр. Очерктің енді бір тұсында сол ғимаратты ұлы моғолдар патшасы Шахжиһан салдырған-дығы, оның Ақсақ Темірдің ұрпағы екендігі, түркі тектес халықтарға ортақ рухани қазына “Бабырнама” жайында деректер келтіреді. Қай оқиғаны баян етсе де М.Әуезов – публицист оқырманға Үндістанның тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы жайынан тосын жаңалық жеткізуге тырысады. Әсіресе Үндістан жайын қазақ өмірімен байланыстыра, қабыстыра жеткізетін тұстары ерекше әсерлі. Мәселен, “Соңғы жаңалықтар” деген очеркте “урду” тілінде жазатын ақындардың “мүшайрасы” туралы қызықты әңгімелеу бар. Автор үнді еліндегі мүшайраны біздің ақындарымыздың мүшайрасымен салыстыра отырып сөз қозғайды.

Шығармада М.Әуезов – публицистің тіл байлығының молдығына көз жеткізесіз. Тілші ғалымдардың зерттеуі бойынша, бір ғана “Индия очерктерінің” өзінде 38 мың сөз қолданысы бар екен. Бұл Мұхаң шығармашылығының аса бай сөздік қорын көрсетеді [244, 292 б.].

“Автордың парасатты “мені” көзбен көргенін философия-лық және публицистикалық жағынан жинақтап, оған лирикалық әр береді де, айтылмыш құбылыс атаулыны бір-бірімен байланыстырып тұратын кіндік темір қызметін атқарады” [245], – деген сыншы Мұхаметжан Қаратаев аңғартқан сапарнамаға тән басты белгі 50-ші жылдар бедерінде жазылып, жарияланған көрнекті қаламгерлеріміз очерктерінің қай-қасысының да бойынан табылады. Жинақтап айтқанда, шет жұрттар өмірінен жазылған жолсапар очерктері қазақ публицистикасының кеңістігін ұлғайтып қана қоймай, сол кездегі қазақ оқырманының да барар жағалау, көрер көкжиегін кеңейте түсті.

Қазақ публицистикасы өзінің даму жолында талай кезең-дерден өтті. Өзгерген заман келбетіне қарай публицистиканың түрлік кескіні де өзгеріп отырды. Соғыстан кейінгі жылдар-дағы ел өміріндегі келеңсіз жайттарды сынап, тезге салып отыру үшін публицистиканың фельетон жанры баспасөзде едәуір орын алып отырды. Фельетонның публицистика жанры екендігі туралы қалыптасқан теориялық тұжырымдар бар. 1958 жылы шыққан “Русский фельетон” деген жинақта белгілі ғалымдар А.В.Западов пен Е.П.Прохоров “Газет пен журнал-дың жанры ретінде фельетон оқырмандардың жүрегіне әсерлі жол табады, осыдан келіп фельетонның көркемдік пен публицистиканы кіріктіру құндылығының сыры шығады” [246,3], – деген пікірге тоқтады.

Кейіннен Е.П.Прохоров сол ойды:

“Фельетон публицистикалық шығарма болғандықтан, өз міндетінің ерекшеліктеріне байланысты, ең алдымен образ арқылы толыға түседі. Сонымен қатар фельетон әлеуметтік құбылыстарға социологиялық формада да талдау жасайды” [247], – деп дамыта түсті.

Фельетон туралы екіұдай пікірлер де айтылып жүрді. Олардың бірі – “фельетон – сатираның газет-журналдық жанры” десе, енді бірінде “фельетон – публицистиканың сатиралық жанры” делінді [248, 14 б.]. Қазақ зерттеушілері де фельетон туралы тұжырымдарға барды. Профессор Т.Қожакеев те “фельетон – публицистикалық, насихаттық жанр”, “…фельетон дегеніміз шағын көлемді, публицистикалық үнді, әсерлі тілді, сын-сықаққа бай күлкілі жайлары бар әдеби көркем шығарма” [249, 1 б.], – деп фельетонды әрі публицис-тикалық жанр және көркем-әдеби шығарма ретінде айқын-дады.

Профессор Т.Амандосов Михаил Кольцовтың: “Фельетон очерк түрінде де, жол-жөнекей корреспонденция түрінде де берілуі мүмкін (Д.Бедный). Бірақ бұл – ең алдымен, публицис-тикалық жанр” – деген пікіріне сүйене отырып, “Фельетон – көркем публицистикалық жанр” деген тұжырымға тоқтады. Т.Амандосовтың: “Публицистиканың жанры болғандықтан фельетон да көбіне-көп нақты объектіге, нақты фактілерге сүйенеді, мұнда документализм заңдылығы жетекші роль атқарады. Сөйтіп, фельетонды жанрлық жағынан анықтасақ, бұл публицистикаға тән барлық сипаттарға толық жауап береді. Біз осы дәлелдерге сүйене келіп, фельетон – көркем публицистикалық жанр деген пікірді қуаттаймыз” [31, 268 б.], – деген ойы құптарлық. Өйткені көп жылдар публицистика теориясын зерттеген ғалымдар Е.П.Прохоров, М.С.Черепахов, В.Ученова, В.И.Здоровега ойлары да осыған саяды. Олардың тұжырымының да тоқетері – фельетон – көркем-публицис-тикалық жанр. Кейінгі кездері орыс ғалымдары Я.Засурский, В.Богдановтар да “фельетон – көркем-публицистикалық жанр” деген тоқтамға келді [250, 187 б.].

Сонымен біз де көркемдік және публицистикалық эле-менттері астасып жатқан фельетонды көркем-публицис-тикалық жанрға жатқызамыз. 20-шы, 30-шы жылдарда Б.Майлин, Ж.Аймауытов, І.Жансүгіровтер жан-жақты дамытқан фельетон жанрының нық орнығуына А.Сегізбаев, Е.Алдоңғаров, Қ.Тайшықов, Қ.Қуанышбаев, Ж.Тілепбергенов, А.Тоқмағамбетов, Ж.Алтайбаев сияқты сатирик қаламгерлер көп үлес қосты. Соғысқа дейін және соғыстан кейін қазақ фельетонының түрлік, композициялық жағынан жетілуіне үлес қосқандардың бірі Сейділдә Төлешов болды.

1973 жылдан бастап баспасөз бетінде жиі көрінген С.Төлешов өзінің 15 жылдай творчестволық жолында 200-ден астам фельетондар жазып қалдырды. Республиканың орталық басылымдарында оның ел ішіндегі өмір мәселелерін қамтитын фельетондары “С.Шынаров”, “Т.Күреңше”, “С.Атуаров” деген бүркеншік аттармен жарияланып тұрды [218, 292 б.].

“Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланатын оның қызықты фельетондарын оқырмандар іздеп оқитын болды. Мәселен, “Алматы облысы Жамбыл ауданы Таран атындағы ауылшаруашылық артелінің бір топ колхозшылары “Социалис-тік Қазақстан” газетінің редакциясына былай деп хат жазды: “С.Шынаров деген фамилиямен жазылатын фельетондарды үзбей, сүйіп оқып отырмыз. Осы Шынаров фельетондары бізге нағыз шындықты айтатын фельетон…”

Міне, халық С.Төлешовтің фельетондарын осылай бағалады. Бұл – оның фельетондарының өмірлі болатынын, тәрбиелік маңызы жойылмайтынын, халықа ұнағандығын көрсетеді [251, 5 б.].

Өмірден ерте озған фельетонист С.Төлешов шын мәнінде кеңестік кезеңдегі келеңсіз жайттарды қалам қармағына ілді. Ол аз жазса да, саз жазды. Күнделікті өмірдегі кемшіліктерге нағыз фельетонист көзімен қарап, әжуалады, жеңіл әзілмен жеріне жеткізе сынап-мінеді. Өзі дүниеден өткеннен кейін 1957 жылы С.Төлешевтің “Түрлі-түрлі бастар бар” деген, атының өзі езу тарттырып, күлкі шақыратын фельетондар жинағы жарыққа шықты.

С.Төлешев фельетондарының тақырыбын тауып қояды. Мәселен, “2 кубометр, 20 сантиметр”, “Тұрпайы мен сыпайы”, “Алпыс апа, жетпіс жезде”, “Кеудесі Кегенде, басы Шелекте”, “Қылмыстың құны 102 сом 52 тиын”, “Сырдың сырдаңдары”, “Алакөлдегі алаяқтар” сияқты тақырыптардың өзі-ақ оқырман-ды оқуға тартып тұр. Фельетонға – тауып тақырып қоюдың өзі шеберлік белгісі. “Кейде шығармаларының бас тақырыптарын мақал-мәтелдерден, нақыл сөздерден қояды. Мысалы, “Бөрі азығы жолда”, “Тоқсанымыз жиылып, тоқты жыққан батырмыз”, “Қолынан келеді, қонышынан басады”, “Аңқау елге – арамза молда”, “Түймедейден түйедей”, “Сырты – бүтін, іші – түтін”, “Берсе қолынан, бермесе жолынан”, “Жыртық ерінге кетік тостаған” деген сияқты” [252, 170 б.]. Бұл болашақта да фельетон жанрында қалам тербейтін жас буын, жаңа ұрпаққа өнеге боларлық үлгі.

Төлешевтің кейбір фельетондарында ертеректе сыналған келеңсіз жайттар тіпті бүгінгі күндері де өмірімізден кездесіп жатса, таңданбау керек. Мәселен “Жазады-ақ емес пе!” деген фельетонында көрнекі жердегі қазақ тілінде жазылатын жазулардағы қателерді жіпке тізіп шыққанның өзінде күлкілі ситуация туындайды.

“Көшелердің адрестері әр қалада әртүрлі болып жазыла-тыны несі?

Семейде: “көшесі Гоголь”, “көшесі Потанин”, “көшесі Абай” болушы еді, яғни керісінше.

Алматыда: “Пушкин көш”, “Абай көш”, “М.Горький көш”, “Гоголь көш”.

Қостанайда ше? Онда “Гология”, “Толстова” деген көшелер бар” [251, 22 б.], – деп басталатын шығарма фактілері әрі қарай дами түседі. Автор Алматыдағы “Пушкин көш”ке түсіп жоғары өрлей отырып талай жазуларды көреді. Олар: “ЖӨКҚ Қазөндіріс құрылыс тресінің құрылысшылар клубы” “Жетісу” артель еркек, әйел сұртқы киімдерін тыкуқе алады”, “Қызыл қарып-касер” артелі дүкені”, “Горторг”, “Нарком тамақ пром”, т.б. Автор трамвайға мінеді, онда “Қазақ жұны”, “Қазақ терісі”, “Қазақ еті”, “Бас өсімдік және тоңмай мен сарымай” сияқты мекемелердің өкілдерін көреді. Трамвай ішінде: – “Оринге отырмас бұрін, кондоктірдің колин байламай өшек ақша төле” деп жазылып тұр. Міне фельетон оқиғасы осылай өрби береді. Оқиғаның шарықтау шегі – автордың қалалық кеңеске баруы. Осы қателіктердің бәріне жауап беретін әкімшілік үйіне барса, оның да маңдайшасында: “Қалалық кеңесі. ЖҚКӨҚ” деп жазылып тұрады.

Бұл нақты деректерге құрылған, нақты адреске бағыт-талған фельетон. С.Төлешев өзінің әр фельетонын сюжетке құрады, оны алыстан іздемейді өмірдің өзінен алады. Тағы бір ерекшелігі – оның фельетондарының жазылу әдісі өзгеше болып келеді.

Мәселен, “Операция” деген фельетонының жазылу стилі мүлдем бөлекше. Оқиғасы былай: “Операция столының үстінде Қарақастектегі аудандық емхананың шаруашылық бөлімін басқарған азамат Мусин жатыр. Операцияны жасаушылар: бас дәрігер Садықов, облыстық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Омарова. Дәрігерлер операцияны ішті жарудан бастағанда, “Жарылған іштен жалған актілер, солақпандай фактілер, қой-ешкінің, өгізше, тайыншаның, аттың қазы-қарталары, бас сирақ құйқалары, тоғышек, ұлтабарлары ақтарылып шыға бастапты” [251, 110 б.], – дейді де жемқор шаруашылық басшысын ғана емес, операция жасаушы облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің ауыз жаласқан жемқорлығын қоса сынап кетеді. 1951 жылы жазылған осы фельетон жазудың түрлік үлгісін бүгінгі өмірімізден де кездестіруге болар еді.

“Демалыс күні” фельетонының да өміршеңдігін айта кету керек. Бас кейіпкер автодың өзі мен әйелі Күміскүл. Демалыс күні бір поэзиялық кітаптар оқып тыныққысы келген кейіпкер ойының күл-талқаны шығады. “Бүгін демалыс болған соң соға кетелік”, – деп күні бойы 6 рет топ-топ шақырусыз қонақтар келеді. Ең соңғы 7-ші топ қонақ ертесіне таңертең соғып, ерлі-зайыпты екеудің есін шығарып-ақ кетеді” [251, 76-79 бб.]. Тақырып – қазақтың қонақжайлығы, қалада тұратындардың демалыс күні де демала алмайтын қым-қуыт тіршілігі.

С.Төлешев кейбір фельетондарын түрлендіріп, құлпыртып әр түрлі формада жазады. Мәселен, бір фельетондарын фельетон-скетч түрінде (“Қыз ойнақ”, “Бұл кім өзі?”), енді біреулерін фельетон-хат түрінде (“Ескірген мақал”, “Қарабұ-тақтан хат”, “Қорғалжындық құрбыларға”), фельетон-рапорт (“Облысқа рапорт”), фельетон-баяндама (“Бастығымыз туралы баяндама”), фельетон-бұйрық (“Шарбастықтың бұйрықтары”) түрінде жазған. С.Төлешев өз фельетондарының пәрменді-лігіне мән беріп, онда сыналған жайттың сөзсіз түзетілуін талап етіп отырады. Фельетонның түйінінде бұл іске кім жауапты екенін, кім шешім қабылдау керектігін анық, айқын көрсетіп береді. “Қарабұтақтың помпадуры” фельетонында Қыстаубаев атты, күнде бұйрық жазатын бастық сыналады. Ол қол астында істейтін отыз екі қызметшіні жұмысқа алып, отыз екі бұйрық береді, оларды жұмыстан шығаруға отыз екі бұйрық береді. Шығарма түйінінде:

“Қыстаубаев алпыс төрт бұйрық жазды. Алпыс бесінші бұйрықты облыстық банк жазуға тиіс” [251, 82 б.], – деп нақты шешімді көрсетіп береді. Бұл да – фельетонист тапқырлығы.

С.Төлешев – өз шығармашылығымен қазақ фельетонының композициялық құрылымын жетілдірді, ойды жүйелі жеткізу-дің, әрі шынайы күлкі тудырудың өмірдің өзінен алынған түрлі әдіс-тәсілдермен, тілдік, стильдік бояулармен байытты. Сол арқылы қазақ публицистикасының дамуындағы фельетон жанрының алатын орнын айқындап берді.

50-ші жылдардан бастап фельетон жанрының баспасөзде нық орын алуына көп күш қосқан қаламгерлердің бірі – Балғабек Қыдырбекұлы. Ол өз фельетондарын барынша нақтылыққа құрды. Қоғам өміріндегі көзге көрінеу кеселдер-мен сөз сыйқыры арқылы күресті. Ел назарын сол кемшілік-терге аудара отырып, шаруашылықтағы, өнеркәсіптегі, білім мен мәдени саладағы дерттер туралы қоғамдық пікір қалыптастыра білді.

Б.Қыдырбекұлының “Көнек байлана барыңыз” деген фельетонында Аққала атты қаладағы су тапшылығы сыналады. Тіпті қала қасынан Есіл өзені ағып жатқанда ел-жұрттың су сатып жүруіне кінәлі атқару комитетінің төрағасы Жакурин екенін жақауратпай нақ айтады.

“Аққалада су қымбат. Айтып айтпай не керек қала ортасында судың шелегі он тиын болса, ауданға келгенде суырылып озып, он бес тиынға шығады. Одан әрі үңіле көрмеңіз, онда су қымбаттай береді. Теміржол бойындағылар оның шелегін жиырма тиыннан алады. Ал енді қаланың көп жерлерінде судың бағасы сусып отыз үш тиынға да барады екен…

…Сөйтіп Аққалада саудагердің жаңа бір түрі – су сататын саудагер пайда болды. Шынын айтқанда бұл бір сауда тарихындағы жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді білем” [253, 219 б.], – деп бірден проблема қойылады. Ал соған кім кінәлі екенін де нақты көрсетеді. “Су мәселесі Аққалада жыл сайын сөз болады. Мұндай кеңестерде Жакурин ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей, суды Есілдей көлкітіп, Нұрадай ағызады… Істелген іс жоқ. Мемлекет берген қаржы жұмсалмай жайына қалды” [253, 220 б.]. Міне мәселе қайда жатыр. Қаланы суландыруға бөлінген қаржы басшының көмейіне құйылып жатыр, ал қарапайым халық біреуі қара суды сатып, екіншісі сатып алып, біреуі қуанып, екіншісі қиналып күн кешіп жатқанын фельетонист сипай қамшылап сынға алады.

Қазақи қалжың, өткір тілмен жазылған “Шойын құлақ” фельетонында жазықсыз жанды жұмыстан қудалап халық сотының да, аудандық прокурордың да, облыстық, респуб-ликалық, тіпті одақтық құқықтық құзырлы органдардың шешіміне құлақ аспайтын Дәрім Күзгенбаев атты теміржол мекемесі директорын шенейді. Ондағы: “Осы заманға дейін шойынқұлақ болады дегенге өзіміз сеніп көргеніміз жоқ-ты. Тіпті жұмыр бастың сәнін келтіретін құлақты шойын деп атауға қалай аузың барсын. Шойын құлақты білмегенмен біз де құлақтың біразын көз алдымыздан өткізіп көріп едік. Сақ құлақ, қамыс құлақ, қуыс құлақ, ұзын құлақ, салпаң құлақ, шұнақ құлақ, жарғақ құлақ, киіз құлақ, ақпа құлақ, құйма құлақ, саңырау құлақ, керең құлақ, қала берсе қалқан құлақ. Сақ құлақ итте, қамыс құлақ атта, болады. Ұзын құлақ есекте, салпаң құлақ шошқада, шұнақ құлақ ешкіде, қуыс құлақ қоян-да, жарғақ құлақ жарқанатта, қалқан құлақ бұзауда. Ал ақпа құлақ, құйма құлақ, тас құлақ, киіз құлақтар адамда деседі.

Осындай қилы құлақтармен бірге шойын құлақ та болады екен. Шойын құлақ дегенге, бұл халық ертегісі “Ертөстіктегі” Шойынқұлақ екен деп ойлап қалып жүрмеңіздер, кәдімгі өзіміз сияқты екі аяқты, жұмыр басты пенде…” [253, 233 б.], – деген сөйлемдер арқылы жағымсыз кейіпкердің кескін-келбетін, мінез-құлқын, іс-әрекетін мысқалдап ашады. Жалпы Б.Қыдырбекұлы – фельетонист типтік образдар жасаудың шебері. Оның 50-ші, 60-шы жылдарда сомдаған мәдениет институтының директоры, Балқияның көңілдесі Өкеш (“Өзіміздің Өкең”), шәкірттер есебінен той ұйымдастыруға шебер, жастарға жүйелі білім беруге олақ мектеп директоры Жолақов (“Той салығы”), мазасыз да ұрлықшы көрші Желкілдек (“Әйелден шыққан бүйі”), жалған жаламен еңбек демалысында жүрген, жазықсыз жанды қызметтен қуа салатын, басбұзар бастық Бозабай (“Бір күнде үш бұйрық”), жемірлер Жұтқанов пен Картинский (“Бәлекетті бастаған қара тана”), т.б. типтік кейіпкерлерді уақыт өтіп, заман аққанмен қазіргі кезде төңірегімізден көрсек – бұл фельетонистің адам жанын терең зерттеп жазған шығармаларының құндылығының, өміршеңдігінің дәлелі болса керек. Б.Қыдырбекұлының сатиралық публицистикасындағы Тырнабай Пысықбаев, Өрке-шев, Ердембай, Жұтқанов, Бандаев, Желкілдек, Шоқпаров, Келгенбаев сияқты шартты фельетон кейіпкерлерінің есімдерінің өзі олардың жағымсыз бейнесін ашуға қызмет етеді. Бұл да – қаламгердің ұтқыр тәсілінің бірі.

50-60-70-жылдарда қазақ публицистикасының дамуында қоғамның кемшіліктерін сынға алатын сатиралық бағыт кең өріс алды. Фельетон жанрының түрлі пішіндері пайда болып, қалыптасты. Бұл мерзімдегі сатиралық, юморлық бағытта қалам тербеудің басында аса көрнекті жазушымыз Ғ.Мүсірепов тұрды. Ал дәстүрді жаңашылдықпен байытуға Ж.Алтайбаев, С.Төлешев, С.Адамбеков, Ш.Смаханұлы, О.Әубәкіров, Б.Қы-дырбекұлы, Ү.Уайдин, Ғ.Қабышев, О.Иманәлиев, С.Әлжіков-тер ат салысты [254, 82-83 бб.]. Сөйтіп публицистиканың үлкен бір түрі – қазақ сатиралық публицистикасы толық қалыптасты деуге толық негіз бар. Ол өз алдына бөлек зерттеу объектісі болуға лайық. Қазақ сатиралық публицистикасын зерделеп, тиісті теориялық қорытындылар жасау – келер күндердің еншісінде.

Соғыстан кейінгі жылдардағы публицистиканың өрістеуі-не ірі қалам қайраткерлері мол үлес қосты. Қазақ әдебиетіне “Қан мен тер” сияқты трилогияны берген, көркем сөздің аса көрнекті өкілі, жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов те өзінің кейбір ой, толғаныстарын публицистикалық стильмен жазды. Оның “Солдат”, “Алыптар –халықтан”, “Туған жер”, “Ақ бидай туралы аңыз” публицистикалық мақалалары мен очерктерінің орны бөлек. Жалпы көсемсөзді ел білетін, көпшілік танитын қаламгер жазса, оның жазған шығармасының әсер, ықпалының ауқымы да кең болатынын өмір көрсетіп отыр. Сонымен бірге танымал тұлғаның ой, тебіреністері, толғаныстарының ғұмыры да соншалықты ұзақ болады. Тіпті кейде белгілі бір кезең мен уақыт шеңберіне сыймайтын құнды ой жалпыадамзаттық мұраттарға жетелейтін мұралар санатына қосылып кете барады. Ә.Нұрпейісовтің “Солдат” атты шағын публицис-тикасы – дәл сондай шығарма. Өзі де кескілескен майданнан оралған кешегі солдат – бағасы шексіз бейбіт өмірдің мән-маңызын ашып береді. Соғыс бітті. Жаңа өмір басталды. Қаламгер дәл осы бір кезеңдегі жүрекжарды ойын былай төгеді. “Бұл соғыста менің әкем, үш бірдей ағам қаза тапты. Қанша қатар-құрбы жас жолдастарым қаза тапты. Ішінде ақын да, әншісі де бар еді. Қауызын ашпай көктей қырқылған сол жастардың ішінде, әттең дариға-ай, қанша Абай, қанша Шоқан кетті екен деп қиналасың…”[233,70]. Қаламгер Нұркен Әбдіровтің самолетімен бірге жау үстіне кек болып жарылғанын, Сұлтан Баймағамбетовтің жау оғына кеудесін тосқанын айта келіп: “Ол кезде майданда бір ерліктен бір ерлік асып түсіп жатты. Ол жылдары бүкіл Отан солдат боп кетті. Сұр шинель кимеген кісі қалмады. Ерліктер майданда ғана болған жоқ. Ұлан қайыр Отанның бар түкпірінде де ерлер көбейіп, екінің бірі ерлік жасап жатты…

Ол күнде екінің бірі станок жанында кірпік ілместен бір күн, бір түн істеді… Ол жылдары жалғыз баласынан келген қаралы қағазды қасындағы келінінен жасырып, қойнына тығып жүріп, қой баққан, балық аулаған, егін еккен ананы… Ана-солдатты да білеміз…” [233, 71 б.] – деп “Солдат” бейнесін жан-жақты сомдайды. Шын мәнінде майданда қолына қару алып шайқасқандарды ғана емес, баласынан айырылған ананы, тылда еңбек еткендерді де, майданда оқ атқандарды ғана емес, оқ дайындап бергендерді де, қолғап тоқыған аналарды да, “киімін берген қарттарды да сол “Солдат” ұғымына сыйғызады.

“Бір жолы бір сыйлы қарттың майдандағы үш баласынан қаралы қағаз кепті. Ауыр қазаны есіттіргенде, әлгі қарт: “Апырмай, тым болмаса кіші балам қалмады ма екен”, – деген көрінеді. Атан түйе мертіккендей ауыр қазаны көтеріп алған қарт әке ерлігі, қандай солдат ерлігінен кем” [233, 71 б.], – деген сияқты детальдар шығарманың қуатын арттырып, жүрек қозғайды, бейбіт күннің бағасын білдіреді. Публицистика теориясында “Публицистикадағы уақыт пен кеңістік” деген ұғым бар. Ә.Нұрпейісов сомдаған “Солдат” бейнесіне енген алып Отан образын көргенде сол ұғым ойға оралды. Публицистиканың бейнелеуші құралдарын зерттеген ғалым М.И.Стюфляева: “– Газета сиюминутна и предлагает оперативно сделанную панораму актуальных событий и проблем. Но публицситическое время, т.е. время, отраженное в публицистике, не ограничено днем выхода газеты. Оно точно сверено с историческим временем. Поэтому газета является важнейшим историческим источником и в этом качестве может быть использована и 20, и 100 лет спустя после ее выхода в свет” [255, с.7], – деп жазыпты. Осы тұжырымның Ә.Нұрпейісовтің “Солдат” шығармасына да қатысы бар. Публицистикалық шығарманың уақыттық шегі тек өткен соғыс жылдарымен ғана емес, соғыстан кейінгі – шығарма жазылған мерзіммен де есептелмейді, ол “Солдат” бейнесін болашақ ұрпақ санасына жеткізеді. Сондай-ақ бұл шығарманың қамтитын кеңістігі де ауқымды,бір ғана ұрыс даласы емес, майданға үлес қосқан тыл ғана емес, бүкіл алып елдің жер көлемін түгел қамтиды. Өйткені “Солдат” бейнесі сол ұланғайыр кеңістіктің бәрін де қамтиды, бәрінде де елін қорғаған ерлер жүр. Біздің байтақ қазақ даласының өзінде соғыс өрті шалмаған шаңырақ жоқтығы да соның дәлелі.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өзінің “Абай” роман-эпопеясын, “Өскен өркен” романын туғызардан бұрын әлденеше публицистикалық очерктер жазғаны белгілі. Әбдіжәміл Нұрпейісов те сол соқпақпен жүреді. Өзінің қазақ өмірін әлемге әйгілеген “Қан мен тер” романын жазар алдында бірнеше рет елге барады. Сол 1958 жылы Арал теңізі жағалауына барғанда “Алыптар – халықтан”, 1960 жылы барған сапарынан кейін “Туған жер” публицистикалық шығармаларын жазып қайтады. “Өткен қысты мен Арал теңізінің алыс бір түкпірінде өткіздім. Онда мен колхоз орталығына екі сағаттай жерде, он тоғыз үй балықшы семьясы тұратын Шығанақ деген шағын учаскеде жатып, кейінгі кезде қолға алған бір шығарманы айналдырып жатқам-ды. Жұмыс қызығына түсіп кетіп, биылғы жылдың қалай аяқталып қалғанын байқамаппын” [233, 72 б.], – деген сөйлемдерден жазушының өзінің үлкен романын ел ішінде жазғандығын да аңғару қиын емес. “Алыптар – халықтан” шығармасында балықшылардың ауыр тіршілігін: “Байқасам жаңа жылды күтіп алу бір балықшының ойында жоқ; жел қағып, суық қарып, өңі қалыңдап алған кіл қайратты, жылтыр қара кісілер күні бойы көк теңіздің үстінде толқындармен арпалысып, балық аулап жүреді де, кешке қарай үсті-басы су-су боп сақал-мұртына мұз қатып шаршап келеді” [233, 72 б.], – деп көрсетеді. Балықшылар Жаңа жылды күтіп алуды ойламайды, қара жұмысқа жегіліп, отбасын асырауға көп көңіл бөледі. Сонда жаңа жыл таяғанда колхоз орталығынан келген оқушылар балық сақтайтын ескі лабаздың біріне халықты жинап ойын қояды. Ауыр еңбектен қолы босамайтын қарапайым балықшылар ауылы дүр сілкініп, серпіліп, еңсе көтеріп қалады. Соны көрген автор: “Жасыратыны жоқ, әдепкі кезде жас балалар ойынының шалағайлығына мәз болсам, біраздан кейін алған әсерім тарқап осынша неге мәз болғаныма таңырқап, ойланып қарасам: халық бойындағы үлкен таланттар алғаш-қыда, сірә да дәл осылай аяқтанады екен-ау деген ой келді” [233, 75 б.], – деп түйіндейді өз толғауын. Публицистиканың өне-бойында екі образ аңғарылады. Оның бірі – автордың өз бейнесі де, екіншісі – алыптарды туғызатын халық тұлғасы.

Енді бірде публицист өзінің туған жері туралы толғанады. Толғаныс болғанда да, шын жүректен төгіліп түскен, атамекенге деген іңкәрліктің шексіз ынтызар моншағы.

“…Дәм тұз айдап кең дүниенің қай қиырында жүрсем де, Арал теңізі мен Арал даласы бір сәт есімнен шығып көрген емес…

…Жаз ортасы ауып, Арал маңындағы сары дала жүдеу тартқан кезде, салт атпен жолға шығып көрдің бе, өзің? Аузыңды орамалмен тартып байлап алғансың. Атың мықты. Тақтайдай жазық далада көзіңді қиядағы қарайған бір ноқатқа тігіп алып, сылқытып тартып келесің. Қарайған нәрсе жуық арада жеткізбейді. Шөлдеп, шаршаған кезінде, кенет алдыңнан бір терең сай – Үкілі сай, не әлде Тораңқұл сайы кездеседі. Сай бойының көгі әлі ыстыққа шалдықпаған. Ала-бөле ат қапталынан келетін қара көк жусан сай бойына симай, қақалып тұнып тұр. Ық жағынан келген жолаушыға жақындар-жақындамастан-ақ осынау ақырған көк майқара жусан исі бұрқырап, мұрныңды жарып қоя беретінін айт!” [233, 80 б.] – бұл туған жерді аңсап келе жатқан жанның ішкі ой иірімдері мен сезім бұрылыстары. Асылы, Ә.Нұрпейісов – публицистің басты ерекшелігі сол – ол өмірдегі көрген-білгендерін, түйген-тоқығандарын рет-ретімен төгілте әңгімелеудің шебері. Өмірдің шынайы көріністерін өзінің жүрек қалауымен қағазға түсіре салады. Жоқ нәрсені, басы бөтен деталь, эпизодты, артық әңгімені, штрихты күшпен иіп әкеліп шығармаға кіріктіру атымен жоқ.Мұның өзі – қалам ұстаған жас қауымның есте тұтар, жадына сіңірер асыл қасиетінің бірі болса керек.

Қазақ публицистикасының сол кездегі озық үлгілері бүкілодақтық оқырманға да таныла бастады. “Көлемді нұсқалар кейінгі жылдары Одақ көлеміне танылып, орталық баспасөзде жарық көре бастады. Мәселен, “Правда” газетінде Жұбан Молдағалиевтің “Күй-толғауы”, “Известия” газеті Мұхаметжан Қаратаевтың “Көзі ашылған бұлақтар”, “Литературная газета” Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Ақ бидай туралы аңыз”, “Астық – халық ризығы”, “Коммунист” журналы Сырбай Мәуленовтің “Жұмысшы – ардақты ат” деген публицистикалық мақалаларын басты… Отанға мол астық… берген жылдың жемісі – Әбдіжәміл Нұрпейісов публицистикасының арқауы. Мұнда жазушының егін жинау науқанынан байқағандары, көкейіне түйгендері, ақ бидай жайындағы толғаулары, нан қадіріне байланысты пікірлері ескертпелері бар. Публицист – сырттай бақылаушы емес, оқиғаға тікелей араласушы…” [252, 150 б.] – деп жазыпты зерттеуші Т.Ыдырысов. Мұнан байқайтынымыз – Ә.Нұрпейісов қазақ публицистикасының көкжиегін кеңейтіп, сан миллиондаған аудиторияға қазақ көсемсөзінің үнін естірткен санаулы қаламгердің бірі екендігі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   25




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет