Сабақтың көрнекілігі: көркем әдебиеттер, бейнелі суреттер, рефераттар, бүктемелер.
Сабақтың формалары: жеке баламен, топпен, сынып ұжымымен жұмыс жүргізу..
Сабақтың типтері: ұйымдастыру кезеңі, үй тапсырмасын сұрау, жаңа сабақты түсіндіру, бекіту, бағалау, қорытындылау,
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі:
1. Оқушылармен амандасу, түгелдеу;
2. Оқу құралдарын, сабаққа дайындығын тексеру;
3. Сыныптың тазалығына көңіл бөлу;
4. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару;
5. Cабақтың мақсатымен таныстыру.
ІІ Үй тапсырмасын тексеру:
Ақынның халық даналығын тануы туралы түсінік.
Реферат жазу.
ІІІ Жаңа сабақты түсіндіру:
АБАЙ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ШЫҒЫСТЫҚ САРЫНДАР
Қазақ әдебиетінің классигі – Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасының рухани нәр алған үш қайнар көзінің бірі – Шығыс мәдениеті, Шығыс әдебиеті екендігі зерттеушілердің еңбектерінен белгілі.
Абай Шығыс ақындарының шығармаларын өзінің ақындық ой-көрігінен өткізіп, ағартушылық ой-пікірлерімен ұштастырды. Сондықтан олар бастапқы түпнұсқасын өзгертіп, қазақы бір реңк алып кеткен. Абай ақындық кемеліне келіп, таланты әбден толысқан кезде Шығыстың классикалық араб, парсы поэзиясы үлгісінде бірнеше өлеңдері мен «Ескендір» поэмасын, «Мың бір түн» желісі негізінде «Әзім әңгімесі» мен «Масғұтты» жазды.
Шын мәнісінде, Абай Шығыстың үлгілі ақындарынан тікелей аударма жасамаған. Ал, парсы ақындарына келгенде оларға тура еліктемей, өзіндік ақындық бет-бейнесін сақтап, өзінше жырлаған. Абайда еліктеу жоқтың қасы, тек ақын мұрасынан парсы ақындары шығармаларымен үндестік сарыны менмұндалап тұрғаны анық.
Абай Шығыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен Ахмет Риза медресесінде танысады. 13-14 жасар бала ақын Шығыс шайырларының рухына табынып, өзі құрмет еткен ақындардың есімін санамалап өтіп, солардан медет тілейді. Абай аты аталған ирандық ақындардың еңбектерімен түпнұсқа арқылы да таныс болуы әбден мүмкін. Абайдың парсы тілін бір кісідей жақсы білгеніне өзінің шығармаларында көптеп кездесетін парсы сөздері, парсы тілдес ақындар шығармаларымен ой үндестігі, тақырып, идея ұқсастықтары айғақ бола алады. Оның үстіне шет тілін меңгеру зерек те алғыр Абай үшін көп қиындық тудырмаса керек-ті. Мәселен «Әлифби» өлеңіндегі қолданылған кірме сөздер қазіргі парсы тілінде өз мәнін жоймаған. Парсы тілінен бұл сөздер төмендегідей аударылады: «ғибрат», ебрат – үлгі; «дард» – дерт, ауру, сырқат; «несбат» – қатысты, қатынас, «абиат» – бейт сөзінің көпше түрі; «бейт» – екі мысрадан тұратын өлең өлшемі; «сана» – мадақ; «хормат» – құрмет, абырой; «ентезар» – күту, тосу; «дариға» – қап, әттең-ай, өкінішті; «лаб» – ерін; «йар» – дос, жар, тілектес; «руз» – күн т.б. Ал осы сөздердің кейбіреуінің парсы тіліне араб тілінен енгенін ескермеске тағы болмайды.
Абай Шығыс ақындары есімдерін санамалап өтетін өлеңінде парсы поэзиясының негізін қалаушы Рудакидің есімін атамаса да екі ақынның табиғат тақырыбын жырлаудағы өлеңдерінің сарындас, мазмұндас екенін байқаймыз.
Рудаки «Түрлі түсті, жұпар иісті, жасыл көктем келіп жетті», «Қатпар-қатпар жапырақты, аппақ мирта, жасыл бақ», «Мулиан арығының исі бұрқырап», «Желтоқсанның түніне бір бейне сәуір құлағандай айналып» сынды өлеңдерінде табиғаттың әртүрлі құбылыстары мен көріністерін поэтикалық тұтастықпен тамаша сипаттап жырлағанындай, қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай шығармаларынан да табиғаттың қайталанбас сәттерін, оның бір күйден екінші күйге ауысатын мезгілдерін сипаттаған өлеңдеріне қарап, тақырып ұқсастығын, Рудаки мен Абайдың эстетикалық танымдарының жақындығын байқаймыз.
Қазақтың байтақ жері мен өзінің туған жері Шыңғыс тауы баурайының тамаша көрінісі сыршыл жүректі Абайдың төрт мезгілді сипаттаған «Жазғытұры», «Жаз», «Күз», «Қыс», сонымен қатар «Желсіз түнде жарық ай», «Көк ала бұлт сөгіліп» сияқты өлеңдерінен көрініс тапқан. «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңін де Абайдың жыл мезгілдері топтамасына қосқан жөн. «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңі де, тақырыбы жағынан өзгешелеу болғанына қарамастан, ақынның табиғат лирикасына жазылған өлеңдер санатына кіреді.
Абай көктемнің қарттарға да әсер ететінін қалыс қалдырмай, олардың алты ай қыс бойы бір-бірін көрмей, арқа-басты кеңітетін осы бір әдемі кезеңде күн шуақтап тысқа шығып, шүйіркелесіп, құрдастардың қуаныштан арқа-жарқа болысып қалатынын, олардың сыртқы жүдеу кейіптерін сәл мысқыл аралас жеткізеді:
Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен [6, 160].
Рудаки де қариялардың көктемде бір сәт болсын көңілдерінің жасарып қалатынын өзіндік өрнекпен бейнелеген:
Қария да мүмкін жасарып қалар бұл кезде,
Өзгеріс болып, құлпырғанда бұл дүние [8, 68].
Жаз көркінің жыл құсымен енетіні белгілі. Табиғат – Ананың перзенттерін құшағына алып, бар мейірімін төгетін, «күннің көзінің ата-анадай елжірер» осынау бір ғажап кезі – көктемде жыл құстарының туған өлкеге оралып, ұя жасап, жұмыртқа салып, жер дүниені азан-қазан күйге ендіріп, ал әнші құстардың құлақтың құрышын қандырып сайрайтынын Абай жанды, қимыл-қозғалыста суреттейді:
Қырда торғай сайраса, сайда бұлбұл,
Тастағы үнін қосар байғыз, көкек... [6, 160].
Парсы ақыны Рудаки де әнші құстардың көктемде әсем дауыстарымен әнге басатынын тамаша сипаттайды:
Бұтағынан сәмбінің бұлбұл әнін шырқайды,
Қара торғай кипарис ағашынан үнін қосады.
Ескі әуенмен көкек қайта сайраса,
Гүл бұтағынан бұлбұл бөтен әуенге басады [8, 69].
Қорыта айтқанда, Абай мен Рудакидің табиғат лирикасындағы өлеңдерінің пейзаждық бейнелеулер мен адам болмысын егіздей, өзара сабақтастыра жырлаудағы лирикалық-психологиялық, романтикалық-философиялық сипаты ақындардың әлемдік деңгейдегі биіктігін көрсетеді. Лирикалық өлеңдерінде табиғат құбылыстарынан, көріністерінен адам болмысына тән сабақтастық түйіндеулерін, поэтикалық мегзеулерін жасауы – Абайдың өзінің даралығын да, парсы ақыны Рудакимен үндестігін де дәлелдейді.
Абайдың балаң кезінде пір тұтып, медет сұраған ақындарының ішінде шираздық Мошрафед-дин Мослеһ ибн Абдоллаһ Сағди (1210-1292) есімі де құрметпен аталады. Сағди алғаш рет парсы поэзиясында «адамгершілік», «адамшылық» ұғымын қалыптастырып былайша жеткізген:
Басқалардың қайғысын бөліспеген сенің,
Атыңды адам деп айтуға болмайды [12, 27].
Абайдың да адамгершілік тақырыбына жазылған өлеңдері арқылы әлемдік адамгершілік, адамтану іліміне қомақты үлес қосқаны анық. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде ақын: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөздер арқылы Адам баласын ұлтына, түр-түсіне, тегіне, жүзіне бөле-жармай, барлығына бірдей сүйіспеншілікпен, мейіріммен қарау керек екендігін, олардың барлығының тең екендігін адамгершілік тұрғыдан байыптайды. Енді бірде Абай «Әкесінің баласы – адамның дұшпаны. Адамның баласы – бауырың» деп, тағы да адамгершіліктің ақ байрағын жоғары көтереді.
Абай сол дәуірдегі қазақ қоғамында белең алған келеңсіз құбылыстарды «Сегіз аяқ», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Болыс болдым, мінеки» т.б өлеңдерінде асқан шыншылдықпен жырға қосып, жағымсыз құбылыстарды бірде сынай, енді бірде мысқылдай отырып, оқырманға өз ойын, өз сөзін жеткізеді.
Қорыта айтқанда, Абай мен Сағдидің әдеби мұрасынан көрініс беретін ұқсастықтардың төмендегі белгілерден байқалатынын анықтадық: біріншіден, екі ақынның шығармашылығынан дүние жүзілік классик ақын-жазушылардың шығармаларына тән әлемдік көзқарастың көрініс тебуі; екіншіден, олардың әдеби мұраларының өміршеңдігі, тіпті мәңгіліктілігі, олардың қай ғасырда болмасын әр ұрпаққа түсінікті болуы; үшіншіден, шығармаларының өн бойының насихат пен өнеге-нақылға толы болуы; төртіншіден, екі ақынның шығармаларының да адамгершілік рухта жазылуы, сол себепті екеуінің де әдебиет әлемінде ақылман Ұстаз ретінде танымал болуы.
Рудаки, Фердоуси ақылды дәріптесе, Низами, Хафиз, Руми, Жәми сынды ақындар жүректі шешуші орынға қойып, оның қадір-қасиетін асқақтатып, мәртебесін жоғары көтеріп, өз жырларында жеріне жеткізе жырлаған. Қазақтың біртуар ақыны Абай да өз шығармашылығында жүрекке екпін түсіріп, оны әр қырынан сипаттап, өрнектеген.
Абай шығармашылығын зерделеу барысында ақынның жүрек тақырыбын адамгершілік, махаббат сияқты адам баласына Жаратушы тарапынан сыйға берілген биік сезімдер тұрғысынан жырлағандығын байқаймыз.
Абай балаң кезінде Шығыс ақындарына еліктеп, сұлу қыздың жамалын «Иүзі – рәушан, көзі – гауһар» өлеңінде суреттеп бастап, «Әлиф дек ай иүзіңе ғибрат еттім» өлеңінде араб әліппесінің әріптік ретімен жалғастырып, кейін есейген кезінде ғашықтық, іңкәрлік тақырыбын «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?», «Айттым сәлем, қалам қас» өлеңдерімен қорытындылайды. Ақын «Иүзі – рәушан, көзі – гауһар» өлеңінде араб-парсы өлең үлгісі – арузды пайдаланып, жас сұлудың ай жүзін араб-парсы сөздерін қосып, парсы әдебиетінде жиі кездесетін «маһ сурат», «роушан рохсар», «чешман-е гауһар» сияқты теңеулерге ұқсас сипаттайды. Сонымен қатар осы өлеңде Абайдың парсы әдебиетімен жақсы таныс болғандығын растайтын Сүлеймен, Жәмшид, Ескендір сияқты әдеби кейіпкерлер есімдері де кездеседі.
Академик С.Қасқабасов: «...Зерттелуге тиісті нәрсенің бірі – Абайдың Ескендір бейнесін Шығыс классиктерінен басқаша бейнелеуі» деген пікір білдіреді. Абай поэмасының кейіпкері Ескендір бейнесін парсы ақындарының кейіпкерлерімен салыстыра зерттеу абайтану ғылымының өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Абай ең алдымен оқырманынан Ескендірді біле ме екен деп сұрап алып, оның жайын өзі баяндауға кіріседі. Бұл Абайдың жұртқа олар білетін, халық арасында ауыз әдебиеті үлгілері арқылы «Қос мүйізді Зұлқарнайын» деген атаумен кең тараған Ескендірден басқа кейіпкер жайын жыр ететінін аңғарту үшін ұстанған әдісі болса керек. Абай заманындағы туындаған шығарманың оқырманынан тыңдарманы көп болғаны белгілі. Сол себепті кейіпкерінің атын сол кездегі тыңдаушы құлағына ауырлау тиетін Александр деп алғаннан гөрі құлақ естіп, ауыз айтып үйренген Ескендір деп таңдауы да түсінікті жағдай. Абай тарихи шындыққа сай Ескендірдің Филипп патшаның перзенті екенін, оның Македонияны мекен еткенін, қызғаншақ адам болғанын жазады.
Шығыс ақындарының ішінде Ескендір тақырыбына алғашқылардың бірі болып қалам тартқан ақын – хакім Әбілқасым Фердоуси (936-1027). Ол араб халифатының езгісіне душар болған иран халқының ұлттық намысын ту етіп көтерген «Шаһнаме» (شاهنامه) еңбегінде Ескендірдің бет-бейнесін сомдауға үлкен бір тарау арнаған. Ескендір жайлы үлгі боларлық дәрежеде жыр жазған, кейін ол жырлаған шығарма басқа ақындардың еліктеу үрдісіне айналған Низамидің «Ескендір-намесі» (اسکندرنامه) – «Хамсеге» енген соңғы бесінші поэма. А.Македонский жайлы парсы тілінде шығарма жазған үнді-иран ақындарының бірі – Амир Хосроу Деһлеви (1253-1320). Амир Хосроу Деһлевидің «Хамсесіне» енген төртінші поэмасы «Ескендірдің айнасы» (آینه اسکندری) деп аталады. Парсы әдебиеті тарихын зерттеушілердің әрқилы пікірлеріне қарамастан, қалыптасқан үрдіс бойынша, «парсы әдебиетінің классикалық кезеңінің аяқтаушысы» деген құрметті атаққа Әбдіррахман Жәми ие болған. «Һафт ауранг» деген жеті шығармадан тұратын мәснауилерінің соңғысы «Хераднаме-йе Ескандари» – «Ескендірдің даналық кітабы» деп аталады.
Абай поэмасында Ескендірдің мөлдір бұлаққа кез болу сюжеті парсы ақындары шығармаларының бас кейіпкерлерінің мәңгілік түнек аймағы – Зұлматқа барып, хаят суын іздеу сюжеттерімен үндеседі. Абай поэмасындағы Ескендір патшаның кепкен балықты дәмі тіл үйіретін суға салып, қайтып алып шыққанында дәмі, исі өзгеріп шыға келетін тұсы Низамидің Ескендірнамесіндегі Қызыр мен Ілияс пайғамбардың қолындағы кепкен балықтың бұлаққа түскеннен кейін тіріліп кететінімен ұқсас.
Абайдың «Ескендір» поэмасы біршама тарихи, әдеби деректер негізінде жазылған, бірақ тектес шығармалардың ешқайсысына ұқсамайтын, олардың барлығынан өзгеше, дара туынды.
Қорыта айтқанда, шығыстық фольклор үлгілері туындыларына қанық болған Абай бұл дастанына әр түрлі сюжеттер мен өзі өмір сүрген қоғамның ахуалын қатыстырып, насихаттық мақсатта жазып шыққан. Нәтижесінде, үлгі-ғибраттық рухтағы шығарма дүниеге келген.
Достарыңызбен бөлісу: |