Ажырату диагностикасы. Одонтогенді теріасты гранулемасының диагностикасы қиын еместігіне қарамастан, кейде диагноз қоюда дәрігерлер қателеседі. Осыған байланысты оны төменгі ұқсас дерттерден ажырату керек болады.
Актиномикоз. Қоздырғышы — сәулелі саңырауқұлақ. Бұл дерт те ұзаққа созылады, мұнда да жыланкөздер, инфильтрат болып, тері жұқарады. Бірақ одонтогенді теріасты гранулемасына қарағанда актиномикоз кезінде инфильтрат қатты, тығыз, ағаш сияқты, жыланкөздер тұрақты, ауыз шектеліп ашылады, кейде жақ сүйектері тырысып қалады соңғы құбылыс беттің одонтогенді гранулемасында ешқашан болмайды. Қорыта келе бөлінген іріңнен сәулелі саңырауқұлақты табу талассыз актиномикоз екенін дәлелдейді.