Әож 316. 477 (574): 351. 85 (574) Қазақ МӘдениетіндегі т. ЖҮргеновтің орны



бет1/2
Дата20.06.2018
өлшемі65,87 Kb.
#43481
  1   2
ӘОЖ

316.477 (574):351.85 (574)
ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІНДЕГІ Т.ЖҮРГЕНОВТІҢ ОРНЫ.

Б.ОСПАНОВ

ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА

МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ

«МУЗЫКАЛЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКА ӨНЕРІ» КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ, ӨНЕРТАНУ КАНДИДАТЫ,

Ж.СҰРАҒАНҚЫЗЫ

ӨНЕРТАНУ МАГИСТРІ
Жүргенов Темірбек Қараұлы  (1898-1938) - Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.

Темірбек Қараұлы Жүргенов есімі тек қана қазаққа ғана емес, иісі түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, қаламы қарымды сыншы-көсемсөз иесі саналады.

1933-1937 жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Жүргеновтің тікелей ат салысуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланды. Т.Жүргенов Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналдырды. Ол 1934 жылы Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі болды [1, 186 б.].

Қазақ мәдениетіндегі ең елеулі оқиға - 1936 жылдың мамыр айында Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы он күндігі болды.

Декада қарсаңында басты көңіл – концерттік бағдарламаларды дайындауға бөлінді. Т.Жүргенов декаданың ең белсенді ұйымдастырушысы, әрі қатысушысы болды. Жүргеновтің декаданы ұйымдастыру мен өткізудегі орны туралы Қ.Байсейітов былай деп жазады: «...Алғашқы декадаға дайындық күндерінде Темкең біздің бас қолбасшымыз және рух берушіміз болды. Ең зәру, ең жедел шешім қажет мәселелерді тікелей Теммкеңнің араласуымен қолма-қол шешіп жүрдік...»

Т.Жүргенов декаданы ұйымдастыру арнайы комиссиясының төрағасы ретінде шығармашылық, қаржылық жағдай, репертуар таңдау, декаданы тақырыптық жарықтандыру жоспары, декорация эскиздері мен музыкалық қойылымдардың киімдері, делегация құрамы, шығыс сметасы және т.б. мәселелерді талқылау үшін күн сайын комиссия мәжілісін өткізіп тұрды. Оның басшылығындағы көркемдік кеңес көрсетілімге таңдалған қойылымдардың, концерттердің сапасын көрді. Қазақ халқының шығармашылығы мен музыкалық өнерінің барлық түрін көрсететін екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарлама әзірленді.

Декада қазақтың еркін даласында қалыптасқан халық дарындары үшін жаңа өмірге, өркендеуге кең кеңістік ашқан ерекше оқиға болды. Декада туралы күн сайын Кеңес Одағының Телеграфтық агенттіктері, «Правда», «Известия» және «Әдеби газет» пен шетел басылымдары, сонымен қатар Бүкілодақтық радио да жариялады.

Белгілі музыкатанушы, композитор Б.Асафьевтің қазақтың халық музыкасының құрылымын мазмұны мен ерекшеліктеріне қарап терең сипаттаған мақалалары, сондай-ақ, қазақ өнері үшін жаңа кәсіби жанрларды қалыптастырудың маңызын баяндағаны да айқын мағынаға ие екені сөзсіз.

Осы он күндік жөнінде Т.Жүргенов өз сөзінде былай деген: «...Қазақ өнері декадасының спектакльдері мен концерттеріне келгендердің барлығы осынша еңбектің аз уақыт ішінде жасалғанына таң қалады. Таңданатын түгі жоқ, халық шығармашылығының сарқылмас бұлақтары ашылды. Театр жұмысы халық шығармашылығымен рухтанған. Театр сахнасынан шыққан күйлер мен ариялардың жазық дала мен Қазақстанның шеткейдегі ауылдарына таралуы кездейсоқтық емес».

Ұлттық өнер декадасы жас республиканың музыка өнерінің өркендеуіне ғана емес, республиканың әдебиет, өнер, ғылым және білім беру қайраткерлеріне де мектеп болды.

Қазақ музыкасының, әдебиетінің, әндері мен билерінің және опера өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Т.Жүргенов те «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды [1, 270 б.].

Т.Жүргенов - ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орталық қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. қайраткерлердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Т.Жүргенов  Қазақстанда алғашқы музыка театрын (қазіргі Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты.

Т.Жүргеновтің ана тілге деген сүйіспеншілігі мен қамқор көзқарасын белгілі композитор Е.Брусиловский өзінің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабында төмендегідей сүйсіне еске алады: «Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізбек болды. Шамамен алғанда отыз шақты кісі жиналды, ішінде тек екі адам - қарағандылық Б.Н.Орлов және мен - орыс жұртынан едік. Наркомның өзі де, басқа сөйлеушілер де тек қазақ тілінде сөйлеп отыр. Бір кезде Борис Николаевич орнынан тұрды да Жүргеновтен қазақша сөйлемеуін өтінді, мұнда не жайында әңгіме болып жатқанын өзі ұқпай отырғанын, сөйлеушілерді ол түсінетіндей болуы үшін орысша сөйлеу жөн екенін айтты. Бір кезде Жүргеновтің қара көздері ұшқындап кетті... Жұрттың бәрі бүкшие түсіп, тым-тырс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Ашу найзағайы үрейлене бүгжиген қайраткерлердің үстінен ойқастай шапшыды. «Сіз қайда жүрсіз, өзіңіз!» - деп Жүргенов дауысын бұрынғыдан бетер қатайта сөйледі: «Сіз Қазақстанға келдіңіз екен, егерде мұнда жұмыс істегіңіз келсе, сіз республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! ...Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» - деп өзге ұлттан қазақ тілін құрметтеуді талап етті». Апырым-ай, ұлт намысы дегенде жанып кетер сондай батылдық бүгінгі қандас шенеуніктердің бойында болса ғой деп ойлайсың. Өкініштісі, басқа ұлттың бірлі-жарым өкілі отырса болды-ақ: «Бәрімізге түсінікті тілде сөйлейін», - деп, орысша сайрай жөнелетін дерттен біз әлі де арыла алмай жүрміз-ау. Жүргеновтің қылышы жалаңдап тұрған сол 30-жылдардағы мәрттігі осы ұрпаққа зор тағылым. «Бүкіл дүниежүзілік мәдениетке өз ана тілімізді жақсы білгенде, соны үйренгенде ғана жетуге болады», - деген Темірбек Қараұлының сөзі бүгін өз көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.

Темірбек Жүргенов - ойы ұшқыр, қаламы қарымды публицист. Оның көсемсөз мұрасы бастауын үш нәрседен: жеке басының бұйдагерлік (лидерлік), саясаткерлік және ұйымдастырушылық үздік қабілетінен алады. Бұған оның «Қазақстандағы мәдениет революциясы», «Қазақстандағы сауатсыздықты жою» кітаптары, «Саяси экономия» оқулығы, «Орта Азиядағы қазақ халқының күйлері», «Қазақ педагогикалық институтын құру», «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары», тағы басқа очерктер мен мақалалары жатады. Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, республиканың көрнекті мемлекет қайраткері Темірбек Қараұлы Жүргенов өмірінің соңғы күндеріне дейін қазақ халқына, еліне адал қызмет етті, қалың жұртшылық арасында үлкен құрметке, зор беделге ие болды [2, 103 б.].

Ол туралы А.Затаевич: «Сырдария өлкесінің өлеңдерін өте көп білетін интеллигент, байсалды жас қазақ – Темірбек Жүргенов маған Хиуадан шыққан Қоңырат руының өлеңдерінен ерекше бағалы хабар берді. Амал нешік, өзінің туған Отанының ескі өлеңдерінен көп білетін – өзінен көп нәрсе алуға болатын адамды, қаншама тырысқанына қарамастан, пайдалана алмадым» деген өкінішін білдірген. Дегенменде, А.Затаевич өзінің «Қазақ халқының 100 әні» жинағында №877-882 аралығында алты ән-жыр, жоқтау сияқты жанрлардан мәлімет берген.

Бірде А.Затаевич «Т.Жүргенов мен естімеген көне сарындағы әуенді орындап берген», – деп айтқан. Сол көне сарындардың бірі №877 «Жыршы әні» болып табылады. Бұл мақамның құрылымы жыраулық дәстүрге тән қайырмасын еске түсіреді. Жыраулық дәстүрдегі мақамның басталуы мен аяқталуы еш уақытта жоғарғы дыбыста тұрақтамайды. Бұндағы динамикалық, интонациялық құрылымның өзгеріп, түрленіп отыруы лидиялық ладпен дориялық ладтың үндесуінде. Осындай үндесулер қазіргі кезеңдегі жыраулық үрдісте де кездеседі. Мысалы: №877 «Жыршы әнінің» басталуы мен аяқталу кезеңдері:



1 мысал.

2 мысал.



№879 «Ешнияз әнінің» құрылымы бізді қызықтырады. Бұнда да біз дориялық ладта орындалғанын байқаймыз. Мұндағы әннің құрылымындағы кездесетін хроматикалық элементтер, кең тынысты лирикалық әндерге мүлде ұқсамайды. Бұндағы интонациялық құрылымның жыраулық дәстүрге тән орындалатын мақам екені даусыз.

3 мысал.


4 мысал.


5 мысал.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет