ӘОЖ 821.512.122:82-96
МҰХАМЕД ХАЙДАР ДУЛАТИДЫҢ ӘДЕБИ КӨРКЕМДІЛІГІ
Утепова А.Қ.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті,Тараз
Ақындық мәдениеті жоғары Мырза Мұхаммед Хайдар Дулати көрнекті мемлекеттік қайраткері, әскері қолбасшы, тарихшы, әдебиетші, ақын нені сөз етсе де , нендей жайтты суреттесе де барлығы азаматтық көзқараста беріліп, шындық бейнесіне мән берілгендігін байқаймыз. Ұлы тұлға Ташкентте дүниеге келіп, Үндістандағы Кашмир уалаятында қайтыс болған, ақын шығармашылығының әдеби әлемін шымыр, динамикалы түрде көрсеткен Орталық Азия халықтарының тарихы, этнографиясы мен географиясы, тілі мен әдебиеті, мәдениеті жайын сөз ететін «Тарих- и Рашиди» және «Жаһан наме» атты классикалық шығармалары. «Жаһан наме» негізгі тақырыбы адал махаббат, онда сүйген жарға, махаббатына деген адалдық ту боп желбірейді. Сол себепті поэманы махаббатқа арналған әнұран десе де болады. Сондай –ақ, өмірдің өткіншілігі, тағдырдың бейопалығы мен әділетсіздігі де мен мұндалайды. Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» шығармасы тұңғыш рет тарихи дерек ретінде ирандық ғалым Әмин Ахмет Рази 1593 жылы жазған «Һәфт ықлым» еңбегінің Кашмир, Қашғар және Хотанның жағдайы, билеушілері мен тарихы туралы тарауларында пайдаланды [5].
Әкбар шахтың (1556-1605) тапсыруы бойынша, пайғамбардың қайтыс болған жылынан бастау алатын ислам әлемінің жалпы мың жылдық тарихын баяндаған «Әлфи тарихы» (Мың жылдық тарих) атты тарихнамасында пайдаланды. Осыдан бастап Үндістан тарихына қатысты зерттеулерде Мырза Хайдардың еңбегі негізгі әдебиеттер қатарында ғылыми айналымға түсті. Солардың бірі – Мұхаммед Қасым Үндішах Истерабади Феріштенің Үндістанның жалпы тарихына арнаған «Тарих-и періште» (Гүлшән Ибраһими) атты еңбегі еді.[1]
Еуропада «Тарих-и Рашидиді» аударуды алғаш қолға алушылардың бірі – ағылшын ғалымы Вилиям Ерскин болды. Сондай-ақ, француз зерттеушісі Рене Гроссе, орыс ғалымдары В.В.Вельяминов-Зернов, В.В.Бартольд еңбектерінде Мырза Хайдар Дулат шығармалары жөнінде бірқатар бағалы пікірлер жазылды.
Қазақ ғалымдары арасында «Тарих-и Рашиди» мен оның авторы туралы тұңғыш ғылыми көзқарас білдірген Шоқан Уалиханов екені мәлім. Бұдан соңғы уақытта С.Аспандияров, Ә.Марғұлан сынды ғалымдардың зерттеулерінде Мырза Хайдар қазақ халқының төл тарихшысы ретінде бағаланды.[2]
ХХ ғасырдың 60-жылдары Кеңес одағындағы – «Қызыл кезеңнің» идеологиялық қиын жағдайына қарамастан халқымыздың тарихын зерттеуде Қазақстан шығыстанушылары С.Ибрагимов, В.П.Юдин, М.Минегулов, Т.Султанов, К.А.Пищулиналар өздерінің еңбектерінде Мырза Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасының қазақ халқының тарихы үшін аса құнды еңбек екендігін көрсетті. Кеңес дәуірінде өзбек оқымыстыларынан Р.Г.Мукминов, С.Ә.Әзімжанова, Х.Хасанованың және тағы басқалардың үлкенді-кішілі зерттеулері жарияланды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегін өзбек ғалымдары А.Урунбаев, Р.П.Джалилов, Л.М.Епифанова парсы тілінен орыс тіліне аударды.
Мырза Хайдар Дулаттың өмірі мен шығармашылығы жайында жазылған еңбектердің анықтамасы «Өмірбаяндық-библиографиялық, анықтамалық» атты құнды жинақта топтастырылып жарық көрді. Онда негізінен 1829-1999 жылдар аралығында қазақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, түрік, парсы, орыс тілдерімен қатар ағылшын, неміс, француз тілдерінде жарық көрген әдебиеттерді қамтыған бұл кітап Қазақстанда шығыстану ғылымының негізін қалаушы ғалым Ә.Дербісәлінің еңбегінің арқасында баспадан шыққан-ды [3].
Сонымен қатар, Б.Қожабекұлы, Т.Омарбеков, Б.Көмеков, Б.Кәрібай, Н.Келімбетов сияқты ғалымдар мен жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде Мырза Хайдар шығармашылығы тарихи-әдеби тұрғыдан сараланғанын көреміз. Қазақ фольклортанушылары С.Қасқабасаов, Р.Бердібайдың ғылыми-зерттеу мақалаларында осы тақырыпқа қатысты түйінді ойлар ұшырайды.
Дулати ерен еңбегі және игі қызметімен де түркі халқына тұлға болған осындай ойшылды бәзбір жұрт зиялылары «Мырза Хайдар түрік» деп жазып, оның түркі текті екеніне мән берсе, кейбір ел ғалымдары дарабоз дарынды Мырза Хайдар Дұғлат яғни Әмірзада Кашмири деп те көрсетеді.
1541-1546 жылдары Кашмирде ол "Тарихи Рашиди" атты еңбегін жазды. Бұл еңбекті Мұхаммед Хайдар Дулати ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған дулаттардың өткені туралы әңгімелерге, моғолдардың аңызына, моғол хандарының сарайларында сақталып қалған құпия құжаттарға, куәгерлердің мәліметіне және өз бақылауларына сүйене отырып, парсы тілінде жазды.
Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі «Тарих-и Рашидидің» әдеби-көркемдік жағы әлі де болса толық зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Еңбекті зерттеген ғалымдардың көпшілігі оған әдеби шығарма ретінде емес, тарихи еңбек ретінде қарап, бағалады.[4]
Фольклортанушы, академик С.Қасқабасов: «Жыраулар өз шығармаларында идеалды әміршінің бейнесін жасады, -дей келіп, – өздерінің монолог түріндегі айтылатын толғауларында жырлаулар маңызды мемлекеттік мәселелермен қатар заман мен қоғам, адам мен заман, тұлға мен тобыр, сондай-ақ имандылық пен қайрымдылық, өмірдің өткіншілігі мен адамның опасыздығы, өлім мен өмірдің қайшылығы сияқты моральдық, этикалық, фәлсафалық проблемаларды көтеріп, қоғаммен байланыстыра жырлап отырады» деп жазған болатын . Осы айтылған ғұлама пікірдің Мырза Хайдар шығармашылығына түгелдей қатысы бар. Өйткені, ХVІ ғасырда өмір сүрген Асан Қайғы да, Қазтұған да, Шалгез де Мырза Хайдардың замандасы, ұлысы басқа болғанымен ұлты бір қандастары. Олар да Мырза Хайдар Дулат секілді Әз Жәнібек хан, Битемір, Ораз-Мұхаммед сынды қазақ хандары мен Ноғай әмірлерінің сарайы маңында тіршілік етіп, әміршісі мен заманының күрделі де келелі мемлекеттік маңызды тақырыптарын сөз етті.
Мырза Хайдар «Тарих-и Рашиди» еңбегінде 1346-1546 жылдар аралығындағы Орталық Азия, Тибет, Ауғанстан, Кашмир, Иран, тіпті Иракқа да қатысты көптеген тарихи оқиғаларды, сондай-ақ автор өзі өкілі болып табылатын қазақ өмірінің де бірқатар деректерін сол дәуір шындығына сай баяндайды. Ғұмырнамалық әдеби еңбегін жазу барысында Мұхаммед Хайдар қоғамдық шындықты басты принцип ретінде ұстайды, сонымен бірге өз шығармасының көркемдік-әдеби жағына мұқият назар аударады. Ислам дінін дәріптеуде мадақ, мінәжат сынды әдеби тақырыптарды молынан пайдаланады. Оқиғалардың, адамдардың психологиялық мінез-құлқын ашуда Құран-кәрімнің қағидаларын, әдеби детальдарды пайдалана отырып, психологиялық талдау жасайды. Рубаи, мүфрәд, ғазал, қита, суырып салу (фи бәдаиһ) сынды шығыстық жанрларды да тиімді пайдаланады. Еңбектің тағы бір ерекшелігі: парсы тілінде жазылғанымен араб және түркі өлеңдерін әңгімесіне арқау еткен. Бір ғажабы шығармада қазіргі уақытқа дейін сол қалпында, сол мағынада қолданылып келе жатқан көптеген қазақ сөздері де кездеседі.
Еңбек шығыс әдебиетінің тәзмин және тәлмиһ сынды тәсілдерін пайдаланғанымен де ерекшеленеді. Сонымен қатар біз еңбекте жоғарыда аталған әдеби ерекшеліктерімен қатар шығыс әдебиетінің жұлдыздарымен де таныса аламыз. Өйткені, «Тарихи-и Рашидиде» сопылық әдебиеттің өкілдері Қожа Ахмет Иасауи, Нәжмеддин Кобра, Нәқшбәнд және қазақ топырағының перзенті Атаи және түрік халықтарының рухани өкілдері Сәккаки, Лүтпі, Әлішер Науаи, парсы тілді ақындар Әбдіраман Жәми, Фердауси, Сағди, Әнвари сынды ақындардың шығармаларын пайдаланады. Біздің аталған еңбекке әдеби шығарма тұрғысынан қарап, ғұмырнамалық-әдеби шығарма ретінде бағалауымыз да осыдан. [6]
Ғұмырнамалық шығармалар әлем әдебиетінде өзіндік орын алады. Мәселен, француз жазушысы Сен-Симонның (1675-1755) «Естеліктері», американдық саясаткер ғалым Б.Франклинның (1706-1790) «Менің күй-жайым», германиялық жазушы-ақын И.В.Гетенің (1742-1832) «Поэзия және ақиқат», Мырза Әлихан Әмин-әд-дауленің (қайтыс болған жылы 1909) «Саяси естеліктері», Абдолла Мостуфидің (1876-1950) қажарлар билік еткен кезеңнің қоғамдық және басқару тарихына арналған «Менің өмірбаяным», орыс жазушысы А.И. Герценнің (1812-1870) «Былое и думы», С.Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», С.Мұқановтың (1908-1973) «Менің мектептерім», Д.Қонаевтың (1912-1993) «Өтті дәурен осылай» атты еңбектері ғұмырнамалық әдеби шығармалар қатарына жатады.
Иран ғалымы доктор Хұсейін Рәзмжу мемуарлық әдебиетке идеологиялық, саяси және қоғамдық құны бар шығарма ретінде қарай келіп, «егер парасатты автор естеліктерінің қыр-сырын көркемдеп бере алса, ол айрықша тартымды болары анық. Сондай-ақ басқа деректерде табылмайтын тақырыптар қарапайым шынайы түрде жазылса, оның артықшылығы одан әрі арта түсері де шындық» деп жазды.
Мырза Хайдардың «Тарих-и Рашиди» еңбегінде өзі өмір сүрген тұстағы тарихи-саяси ахуал, ислам дінінің сол дәуірде түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне жасаған ықпалы анық көрінеді. Әдебиет – заманның көркем шежіресі десек, әр дәуірдің әдебиеті өз кезіндегі тарихи оқиғалар мен сол қоғамның саяси-идеологиялық өрісінен оқшау қала алмайды.
XV–ХVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар поэзиясындағы дидактикалық, саяси-әлеуметтік сарынды, сондай-ақ, ХІХ-ХХ ғасыр басындағы діни-ағартушылық ағымды әдеби дәстүр жалғастығы тұрғысынан қарастыру да бүгінгі күннің қажеттілігі.
Заман өзгерген сайын көзқарас өзгереді. Әйтсе де, әдебиет адамзат баласы үшін басты рухани құндылықтардың бірі болып қалары сөзсіз. Тарих пен әдебиет егіздің сыңарындай жақын пәндер. Сондықтан Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан мәдениеті үшін өткен замандардан мұра болып қалған ұлы оқымыстыларымыздың шығармаларын зерттеп, олардың шынайы мазмұны мен маңызын келер ұрпақтың санасына жеткізу – кезек күттірмейтін шара.
Әдебиет
Елеукенов Ш., Шалғынбаева Ж. Қазақ кітабының тарихы. – Алматы: Санат, 1999. – 192 б.
Келімбетов Н. Ежелгі әдеби жәдігерліктер.– Алматы: Алатау, 2005. – 332 б.Қасқабасов С. ХV-ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиеті (Компендиум). – Алматы: Әдебиет және өнер институты, 2005. – 64 б.
Дербісәлі Ә. Мұхаммед Хайдар Дулат. Өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалық. – Алматы: 1999. – 160 б.
Дулат М.Х. Жаһаннаме. Аударып, түсініктеме жазған Ә.Дербісәлі. – Алматы, 2007. Қазақ халық әдебиеті. Көп томдық. М Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты. – Алматы: Жазушы, 1990. – 304 б.
Мұхамед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. – Алматы: Тұран, 2003. – 614 бет.
Қоңыратбаев Ә. Қазақ эпосы және Түркология. – Алматы: Ғылым, 1987. – 368 б.
Достарыңызбен бөлісу: |